Жеріміз пайдалы қазбаларға толы деп мақтанамыз. Алайда, осы байлық толыққанды ел игілігіне айналмай отыр. Оның бір себебі пайдалы қазбаларды жер қойнынан алып шығудың қиындығында. Осының салдарынан құрамында минералды шикізат бар тау жыныстарының белгілі бір бөлігі басқа елдерден әкелінеді. Ал, мұның пайдасы мен зияны бірдей болып отыр. Өйткені, бұл тау жыныстарынан концентрат алынып, өңдеуден өтеді де, оның қалдықтары табиғатқа жосықсыз қайтарылады. Ауа мен топырақты ластайтын бұл үйінділер экологияға орасан зиян келтіреді.
Өйткені, жер бетіне шығарылған қышқылдық реакциясы бар тау жыныстарының беті өте ұзақ уақыт бойы өсімдіктермен жабылмайды. Бұл жөнінде жуырда Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасында геологиялық барлау жұмыстарын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткізген дөңгелек үстелде белгілі болды. Салаға қатысты мүдделі мемлекеттік ұйымдар, қауымдастықтар, тәуелсіз сарапшылар, ғылым өкілдері қатысқан алқалы бас қосуда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында басым рөл атқарып отырған минералды-шикізат кешенінің бүгіні, келешегіне қатысты біраз мәселені біліп зерделедік. Жалпы бұл сала Қазақстан экспортының 80 пайыздан астамын және жиынтық бюджет түсімдерінің (Мемлекеттік бюджет + Ұлттық қор) 50 пайыздан астамын құрайды.
Мұның бәрі геологиялық барлау ісіне жоғары маңыз беріп, тұтастай минералды-шикізат кешенін дамытудың өзектілігін көрсетеді. Жалпы, еліміздің жер қойнауында пайдалы қазбалардың 103 түрі сақталған. 2023 жылы жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 25 кен орны алғаш рет мемлекетке тіркелді, оның ішінде қатты пайдалы қазбалар бойынша 10, көмірсутектер бойынша 4 және жерасты пайдалы қазбалары бойынша 11 кен орны бар. Алтынның өсімі шамамен 77 тонна, күміс 107 мың тонна, мыс – 110 мың тонна, хром 1,9 миллион тонна, уран 44,2 мың тонна, фосфор 82,7 миллион тонна, мұнай 77 миллион тонна және газ 23 миллиард м³ болыпты. Ел үшін бұл стратегиялық көрсеткіш, өйткені Қазақстан энергетикалық шикізаттың, қара, түсті және бағалы металдардың негізгі экспорттаушысы, оның үлесі ЖІӨ-нің 70 пайызын құрайды. Бірақ өкінішке қарай, осы барымызды толықтай кәдемізге жаратып, базарлай алмай отырған жайымыз бар.
Сенаторлар дөңгелек үстелге дайындық барысында Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы ірі тау-кен және металлургиялық кәсіпорындардың қызметімен танысып, бұған әсер етіп отырған бірнеше факторды анықтапты. Геологиялық барлау саласының негізгі проблемасы қаржыландырудың, оның ішінде бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігінен деп отыр. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанның жер қойнауын зерттеуді негізінен инвесторлар қолға алғаны белгілі. Бұл орайда геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығы төмен және инвестициялық тәуекелдерді әрқашан ақтай бермейтінін ұмытпау керек. Өйткені, осының салдарынан инвесторлар геологиялық барлауға инвестиция салуға құлықсыз. Мәселен, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мәліметтері бойынша 2003–2023 жылдар аралығындағы жиырма жыл ішінде еліміздегі негізгі геологиялық барлау жұмыстарына 640 миллион доллар бюджет қаражаты бөлінген. Бұл қаржы әр 1 км2 -ге небәрі 8 доллардан келеді. Егер халықаралық тәжірибені салыстыратын болсақ, Австралия геологиялық барлауға 1 км2 үшін 167 доллар, Канада 1 км2 үшін 203 доллар. Осы жағдайды ескере отырып, геологиялық барлауға қандай да бір ірі инвестициялардың ағыны туралы айту орынсыз. Екінші мәселе жоғарыда айтылған жерімізді ластап жатқан өзге елдің пайдалы қазбаларына қатысты. Бұған жол бермеу үшін уәкілетті орган импорттық тау жынысының көлемін шектеу, үйінділерге іргелес аумақтың экологиялық көрсеткіштеріне тұрақты мониторинг жүргізу, оларды рекультивациялау бойынша шикізат өңдеушінің міндеттемелерін белгілеу, барып немесе қашықтан экологиялық бақылауды жүргізу секілді шараларды жүзеге асыруы керек. Бұл орайда сонымен қатар қазіргі ресурстық базаның сарқылуы, сондай-ақ игеруге дайындалған кен орындарындағы қорлардың аз болуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Геологиялық барлау жұмыстарының жеткіліксіздігі қорлардың толықтырылмай, санының азаюына ғана емес, сапасының нашарлауына да ықпал етуде. Тағы бір жүйелі мәселе – геологиялық ақпаратпен қамтамасыз етудің жетілдірілмегендігі. Бүгінде республикалық геологиялық қорларда кеңестік кезеңде жинақталған 58 мыңнан астам геологиялық есеп бар және олардың барлығы әртүрлі базада сақтаулы. Соның салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық ақпаратты алуға 3 айға дейін уақыт жұмсайды. Бұл ретте 2023 жылы іске қосылған жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы (minerals.gov. kz) жоғарыда аталған мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Өкінішке қарай бұл платформа қажетті талаптарға сай емес.
Тағы бір мәселе геологиялық инфрақұрылымға қатысты. Жиында айтылған әңгімеден түйгеніміз, геология мен жер қойнауын пайдаланудың барлық элементтерін яғни, білім беру, ғылым мен өндірісті, мемлекеттік органдар мен бизнесті бір шаңырақ астында біріктіру қажеттігі айқын көрініп тұр. Бүгінгі таңда геологиялық саланың бірыңғай инфрақұрылымы жоқ. Негізінде бұл жүйе озық технологияларды пайдалануға, білікті мамандарды тартуға жол ашар еді. Сонымен қатар Қазақстан геологиясының беделін арттырып, шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдай туғызары сөзсіз. Өзекті мәселенің бірі геологтар, инженерлер, ғалымдар сияқты білікті кадрлардың тапшылығы. Қазіргі уақытта тәжірибелі геологтың орташа жасы зейнеткерлік жасқа жетіп тұр. Сондықтан жоғары білікті кадрларды даярлауды, студенттердің практикалық сабақтарын ұйымдастыру және түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету, геологиялық туризмді дамыту бағытында шаралар кешенін қабылдау қажет. Геологиялық саланы дамыту үшін соңғы жылдары жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Дегенмен, бұл саланы дамытудың тиімділігі күмәнді күйінде қалып отыр. Шын мәнінде Үкіметке саланы одан әрі дамыту үшін анықталған мәселелерді шешудің маңызы зор. Өйткені, экономикалық өсу мен жалпы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі келіссек те, келіспесек те минералды шикізат саласына тікелей байланысты.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА «Заң газеті»