Әлия АҚТЫМБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы: «ЭКОЛОГИЯНЫ САҚТАУҒА ӘРКІМ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУЫ КЕРЕК»

– Әлия Сағындыққызы, су тапшылығын жою, суды үнемдеу бүгінде ғаламдық мәселеге айналды. Ал осы түйткілді реттеу үшін дайындалған жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі неде?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде География және су қауіпсіздігі институтымен бірлескен «Су дипломатиясы» мамандығы ашылды. Оның Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азияда енгізілген алғашқы әрі бірегей білім беру бағдарламасы су мәселелерін шешуде және тұрақты халықаралық қатынастарды құруда сарапшы болу мүмкіндігін береді. Бағдарлама су ресурстары мен экологиялық мәселелерді терең түсініп, суды пайдалану саласындағы келіссөздердің әдістері мен тәсілдерін меңгеруге, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нақты жобаларға қатысу тәжірибесін жетілдіруге ықпал етеді. Мұнда білім алушылар әлемнің жетекші сарапшылары мен білікті мамандарының дәрістерін тыңдап, АҚШ-тың Орегон университетінде бір семестр оқып, тағылымдамадан өте алады. Бағдарлама шеңберінде дайындалған бәсекеге қабілетті кадрлар жұмысы су дипломатиясы саласында даулы мәселелер, қақтығыстар немесе мемлекеттер арасындағы шиеленістің ықтимал себептері туындаған кезде су ресурстарын басқару мен пайдалануға қатысты елдер арасындағы бейбіт қатынастарды қолдауға бағытталатын болады. ХХІ ғасырда әлемдегі ең маңызды стратегиялық ресурсқа айналып отырған су саласы бойынша Орталық Азияда су дипломатиясын дамыту аймақтық қана емес, әлемде де ерекше маңызға ие. Заман талабына сай жаңа білім бағдарламасына болашақ дипломаттар мен мемлекеттік қызметкерлер, экология және қоршаған ортаны басқару саласындағы мамандар, халықаралық қатынастар саласындағы заңгерлер мен сарапшылар, жаһандық тұрақтылықты дамытуға өз үлесін қосқысы келетін кез келген маман құжат тапсыра алады. Оның бағыты – Ғылыми-педагогикалық магистратура. Оқу мерзімі – 2 жыл.

– Оның ҚазҰУ-да және өзіңіз жетекшілік етіп отырған География және табиғатты пайдалану факультетінде ашылуының құпиясы неде?

– «Су дипломатиясы» бағдарламасымен біз 2 жылдан бері айналысып келеміз. География және су қауіпсіздігі институтымен қатар, ЮСАИД, ЮНЕСКО, Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы сияқ ты түрлі халықаралық серіктестерімізбен бірлесіп әртүрлі іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Онда бұл оқу бағдарламасының қажеттілігін көптеген жиындарда айтып, өзіміз жасаған оқу жоспарын да көрсеттік. Орталық Азияның барлық жоғары оқу орындары да бұл жоспармен келісіп отыр. Бағдарлама қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болғанымен, келесі жылы Орталық Азияның ЖОО-да мамандарды бірге дайындау үшін оны халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарға сәйкес, бізге 5 мемлекеттен магистранттар келіп оқитын болады. Бірақ олардың модульдері әртүрлі болады. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген магистранттар біздегі су шаруашылығы жүйесінің жұмысымен танысады, ал біздің магистранттар аталған мемлекеттерде оқиды. Өйткені, Орталық Азия елдері су мәселесін бірігіп шешпесе, ешқандай нәтиже болмайды. Су мәселесі бойынша бізде гидрология, гидромелиорация, гидротехника сияқты көптеген мамандық бар. Су дипломатиясын магистратура деңгейінде ашудағы басты мақсатымыз – бакалавриатта бәрі негізгі білім алады. Бұдан бөлек су мәселесінде келісімшартпен көбірек жұмыс істейтін заңгерлер заң бойынша, халықаралық қатынаста оқығандар халықаралық арақатынастарды қарастырады. Біз түрлі мамандықта бітірген бакалаврларға су ресурсы және оны модельдеудің пайдасы мен зиянын және ондағы қабылданған шешімдердің ықпалы мен әсерін жеткізуіміз керек. Мысалы, текше метрді қытайлықтармен сөйлескен кезде, біз мөлшер ретінде қарастырамыз. Халықаралық сала мамандары оны келісімге келу деп қабылдап, келісімшартқа қол қоя салады. Ал, су ресурстары мамандары әрбір текше метр суға қатаң қарап, сол үшін кейде оған қол қоймай жатады. Болашақта олар су ресурстарындағы осындай нюанстарды түсіну үшін «Су дипломатиясы» бағдарламасы ашылып отыр. Оның 2 жылдық магистратурасынан бөлек, біздің қазіргі уақытта түрлі министрліктерде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге арналған курстық қысқа бағдарламамыз да бар.

– Болашақта докторантура да ашыла ма?

– Иә. Бағдарламаны халықаралық нарыққа шығарудағы мақсат осы.

– Факультетте қазір дайындалатын мамандар нарықта қаншалықты сұранысқа ие?

– Бакалавр деңгейінде – 16, ал оған магистратура, докторантураны қосқанда білім беру бағдарламаларының саны 63-ті құрайды. Экология, табиғи-техногендік қауіп-қатерлер, гидрология, метеорология сияқты көптеген бағыттарда жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта, біздің білім беру бағдарламамыздың бітірушілері Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша түрлі елдерде әрқилы салада жұмыс істеуде. Яғни, мамандардың білімі жеткілікті деп айтуға болады. Біз теориялық біліммен бірге, практикалық дағдыларды қалыптастырамыз. Себебі, білім бағдарламалары жұмыс берушілермен бірігіп құрастырылған. Дәріс оқуға және тәжірибе беруге жұмыс берушілерді шақырамыз. Сондықтан 3-курстан бастап жұмыс берушілер өндірістік практикаға барған студенттерді жұмысқа шақырады. Соның нәтижесінде бітірушілердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші бізде 82 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болар еді, бірақ кейбір бітіруші қыздар тұрмысқа шығуына байланысты өндірістен қол үзіп қалса, енді біреулері өмірін әскери қызметпен байланыстырып жатады. Өйткені, әскери бағытта да, метеорология бойынша курстарды жүргізіп жатырмыз. Әскери және төтенше жағдайларға байланысты оларды бұл сала мамандары да қызмет барысында түсіну керек. Сол себепті олар жаздық мектеп ұйымдастырып, өз сабақтарын өткізуде.

– Соңғы кезде Алтай деген бір азамат жаңбыр суымен Аралды толтырамын деп жүр. Оның қаншалықты ғылыми негізі бар?

– Қазақстандағы ең ірі су бассейндері саналатын – Каспий, Арал, Алакөл, Балқаш көлдері бір-бірімен жер асты жолы арқылы байланысып жатыр. Сондықтан, Арал теңізінің суы азайған кезде, Каспий мен Алакөлдің суы көтеріледі. Қазір Каспий мен Алакөлдің суы тартылып, Арал қайтадан тола бастады. Өйткені, олардың бәрі бұрын бір су көзі болған. Сонымен қатар, өзіндік табиғи эволюциялық даму процесі және динамикасы бар. Аралда өткен ғасырда антропогендік әсер жоғары болды. Оған өзендер арқылы құйылатын көп суды есепсіз суармашылыққа бұруы әсер етті. Бұдан бөлек, оның табиғи динамикасының да әсері болды. Қазір БАҚ-та ғана емес, әлеуметтік желілерде де, жұртшылық тарапынан ғалымдар мемлекеттің қаржысын алады, нәтижесін көрсетпейді дегендер көп айтылып, жазылып жүр. Бізде «Күміс университет» деген бағдарлама бар. Онда қарт адамдарға курс өткізген кезде, олар да: «Ғалымдар не жасап жатыр? Неге біз оның нәтижесін көрмей жүрміз?» деген соң зертханаларымызда, оқытушы ғалымдарымыздың зерттеу жұмысының нәтижелерін көрсетіп, студенттердің жетістіктерін айтамыз. Кез келген саладағы зерттеуде 100 пайыздық нәтиже алу бір күнде болатын нәрсе емес. Жаңбырмен Аралды толтыру сияқты іс-әрекетті де қысқа уақытта жасауға болмайды. Неге десеңіз, су бірден азайғанда, не көбейгенде қоршаған ортаның геожүйелері өзгереді. Оны кезең-кезеңімен, ғылыми негізделген есеппен толтыру керек. Арал жаңбыр суынсыз-ақ, уақыты келгенде өзі толады. Өйткені оның динамикасы сондай. Әрбір аймақта судың тартылу, келу динамикасы бар. Бұрын антропегендік әсер көп болғандықтан, қазіргі таңда егінге су мөлшерлеп бөлінетін болды. Өйткені, Аралдың суын қалпына келтіру үшін, әр елде ғылыми есеп жүргізілді. Табиғаттың да өз динамикасының кезеңі келді. Тамыз айында Арал теңізі аймағында біз жастарға арналған практикалық семинар өткіземіз. Гидролог мамандары оларға мұндағы барлық процестерді түсіндіріп, көрсетеді. «Неге Арал мәселесі туындады?», «Қазір біз қандай процестерді күтеміз?» деген сұрақтарға жауап беріледі. Себебі, Аралға қазір табиғи жақтан да, ғылыми жақтан да көмек болып жатыр.

– Қазір жұрттың бәрі жаңа технология дегенді жиі айтады. Алайда оның бәрі бірдей жаңадан пайда болған дүние емес қой?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен өткенге сәл шегініс жасағым келіп отыр. Біз халықаралық қорлармен бірге жұмыс істеп отырмыз. Аралдың суы тартылған табанының астындағы тұз өзге аймақтарға таралмау үшін ұзақ уақыт онда түрлі өсімдіктер өсірілді. Оны кім жасады деп ойлайсыз? Әрине, ғалымдар. Біздің гидрологтар бірінші болып барып, ондағы жер бедерінің өзгеруін және қандай іс-әрекет жасау керектігінің жоспарын жасады. Кейін биологтар барып биоалуантүрлілікті сақтау және тұзды ұстау үшін сексеуіл және басқа да шөптерді қолдан егіп, отырғызды. Нәтижесінде, қазір Арал аймағының геожүйелері, жер бедері өзгеруде. Сондай-ақ, соңғы 10-15 жылда Маңғыстау жаққа барып құм көшуін тоқтату үшін, жасыл белдеулер жасады. Оның да нәтижесі енді ғана білініп келе жатыр. Қазір бәрі бізге жаңа деп қымбат технологияларды ұсынады. Су саласындағы қандай жаңа технология болмасын, бәрі үнемдеуге келіп тіреледі. «Ауыл шаруашылығындағы егістік қалай суарылады?» Бәрі әлі суды арықпен жіберіп қойып суғарады. Ондағы шығынды азайту үшін, ең бірінші тамшылатып суғаруға көшу керек. Өйткені, арықтарда қаншама су босқа кетеді. Себебі, бір жері бұзылған, бір жері ластанған, бір жері қалдыққа толып қалған. Кеңес дәуірінде болған суғарудағы арық жүйесін қайта қалпына келтірсе, бәріне су жетеді.

– Бізде су ресурстарының тапшылығы болуы мүмкін бе?

– Су ресустары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов География және су қауіпсіздігі институтына келгенде, ғалымдарға дәл осы сұрақты қойды. Олар біздің есеп бойынша мұздықтар еріп жатыр, дегенмен ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаларын сақтап, жасыл технологияларды дұрыс пайдалансақ, оның тапшылығын болдырмауға болады деп айтты. Яғни, антропогендік әсерді азайту үшін, барды үнемді пайдаланып, табиғатқа зиян келтірмеуіміз керек. Қазір мектепте де, жоғары оқу орнында да ол айтылып жатыр. Өндіріс орындарында барлық шығарынды қалдықтар көлемі мен мөлшері есептелген.

– Әйтсе де, кейбір кәсіпорындар зиянды қалдықты азайтатын жаңа технология сатып алғаннан, айыппұл төлегенді тиімді санайтын сияқты.

– Ондай бар. Жапонияда кәсіпорындар жаңа инновацияларды неге енгізеді? Бірінші – халықаралық стандартты сақтау үшін, екінші – қоршаған ортаға келтірілген залал үшін онда салық пен айыппұл көлемі өте жоғары. Егер шығарынды қалдықты азайтса, салық мөлшері азайтылады. Қазір бізде де тенденциялар өзгеруде және тұрақты даму мақсаттарының индикаторлары барлық кәсіпорынға берілді. Оны ең бірінші болып қонақ үйлер қолдануда. Өйткені, онда халықаралық стандарттарды сақтау маңызды болып отыр. Сондықтан олар бізге келіп, индикаторлардың қағидалары бойынша көрсеткішті есептеп беруімізді өтінуде. Яғни, олар ғалымдармен бірге жұмыс істеп отыр. Сол сияқты, көктемгі су тасқынынан кейін ғалымдарымыз батыс облыстарында: экономика, демография, әлеуметтік индикаторларды сақтау бойынша әкімшіліктермен бірге жұмыс істеп жүр. Ал айыппұлды көтеру мәселесін қазір Үкімет қарап жатыр ғой. Заңды қатайту, коэффицент, индикатор мәселелерінің бәрін қайта өзгертіп жатыр.

– Су тасқынының зардабын тоқтатудың және оны болдырмаудың жолы бар ма?

– Әрине бар. Жұмыс нәтижесі әр аймақтың әкімшілік органдарының өзіне байланысты. Жылда болжам жасалып, ақпарат беріледі. Батыс Қазақстанда 80 жыл су болмаған, өйткені сондай режим болды. Жалпы, су ресурстарының да өз динамикасы бар. 100 жылда бір осындай көтерілуі байқалады. Қазір оның қайталану процесін байқап отырмыз. Егер су арналарын уақытылы тазаласа, оның зардабының алдын алуға болады. Қазақстанда тамыз бен қыркүйек айларында судың көлемі азаяды. Өйткені, егістікті суғару ұлғаяды және температура жоғары болады. Сол уақытта, өзен арналарын бір тазалап шықса болды. Бізде соншалықты көп су жоқ. Қай өңір болмасын өздерінің барлық арықтарын тазалап, өз қалпында ұстап отырса болды.

– Зерттеу институттарының әлеуеті қаншалықты пайдаланылып отыр?

– Соңғы жылдары бұл бағытта үлкен өзгерістер бар. Өндірістен де қазір ғылымға деген сұраныстың әлдеқайда өскенін байқау қиын емес. Сол себепті, университет ректоры Жансейіт Түймебаев бізге үлкен қолдау білдіріп келеді. Мысалы, бізде қазір Шығыс Қазақстанға агротуризм түрлерін қалай дамытуға болады деп, туризм саласы бойынша көптеген бағдарлама жасалды. Түркістан облысында шөлейттену мәселесін шешу бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда. Оған 5 шаруа қожалығы тәжірибе нысаны ретінде алынған. Өйткені, нәтиже шығару үшін бізге табиғи жағдайда тәжірибе жүргізу керек және бұл 1-2 жыл уақытты қажет етеді. Яғни, бұл жобаның нәтижесі туралы тек келесі жылы ғана айта аламыз. Қазір барлық жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің түрткі болуымен ғылыми орталықтар мен зертханалар ашылуда. Нәтижесінде ғалымдардың жаңа технологиялар мен аспаптарға қолы жетіп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Көп жылдар бойы олар өте ескі құралдармен жұмыс жасап келді. Соңғы 2 жылда барлық ЖОО жаңаруда. Әсіресе аймақтық университеттерге көп көңіл бөлінгенін көпшілік те байқап отырған болар. Біз еліміздегі ұлттық мәртебесі бар көшбасшы университет болған соң, «сендер де жаңа дүние жасаңдар, ізденіңдер, көріңдер» деп аймақтық университеттерге барынша қолдау көрсетудеміз. Біз де олармен білім алмасамыз, тәжірибелерімізбен бөлісеміз.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Ерлік Ержанұлы, «Заң газеті»

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...

Almaty Half Marathon 

МАССОВЫЙ СПОРТ В АЛМАТЫ СТАНОВИТСЯ ХОРОШЕЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ И КРЕАТИВНОЙ...

Согласно миссии ООН

В АЛМАТИНСКИЙ ВОЕННЫЙ ГАРНИЗОН С РАБОЧЕЙ ПОЕЗДКОЙ ПРИБЫЛ ЗАМЕСТИТЕЛЬ...