Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар Қылмыстық кодекстің 13-тарауымен бекітілген. Осы тараумен суды, атмосфераны, теңіз айдынын ластағандарға, сондай-ақ, жерді, оның қойнауын бүлдіргендерге, балық қорларын қорғау және пайдалану ережелерін бұзғандарға, орманды жойып, заңсыз аң аулағандарға, т.б. қылмыстық құқық бұзушылықтарға жауапкершілік қарастырылған.
Мысалы, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерінің бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз иемденіп, сақтағандар, сонымен қатар, оларды өткізгендер, әкеліп-әкеткендер, тасымалдағандар Қылмыстық кодекстің 339-1-бабының 1) тармағы бойынша жазаланады.
Атап айтсақ, осындай құқық бұзушылықтар жасағандар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айрылады немесе екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды, не осы мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айрылады.
Мұны айтып отырғанымыз, экологиялық қылмыстарға байланысты өткен жылы Маңғыстау облысында 10 айыптау үкімімен 11 адам сотталды. Солардың басым көпшілігі заңмен тыйым салынған сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлерін аулағандарға қатысты істер.
Мемлекет басшысының Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген бекіре тұқымдас балықтарды аулаудағы браконьерлік оның жойылуына әкеліп соқтыратынын айтуы бекер емес. Өйткені, мұндай құқық бұзушылықтар экологиялық заңнаманы бұзып қана қоймайды, сонымен бірге табиғатты, құнды табиғи нысандарды қорғауға және орнықты құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған «Заң мен Тәртіп» қағидатына қайшы келеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы міндетін атқарушысының «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» 24.07.2015 жылғы №190 бұйрығының 25-тармағына сәйкес, Жайық-Каспий балық шаруашылығы бассейнінен жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға, бекіре тұқымдас балықтарды және оның дериваттарын(уылдырығын) пайдалануға тыйым салынған.
Сондықтан, азаматтар осы заңдылықтарды қатаң сақтап, еліміздің «Қызыл кітабына» енген бекіре тұқымдас балықтарды рұқсат етілген арнайы дүкендерден ғана заңды фискалді чекпен сатып алғандары жөн.
Экологиялық, т.б. қылмыстық істерді қарау кезінде соттар экологияны қорғау заңнамасының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға байланысты мән-жайларды мұқият зерделейді. Сондай-ақ, мемлекеттiк органдардың, қоғамдық ұйымдардың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiндегi нақты кемшiлiктер мен олқылықтарды, жекелеген лауазымды адамдардың табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға мүмкiндiк туғызған заңсыз әрекеттерi туралы фактiлерді анықтап, қажет болған жағдайда нақты қаулылар шығарады.
Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін жағдай қалыптастыру біздің басты міндетіміз. Бұл ретте халыққа заң талаптарын түсіндіру, сол арқылы құқықтық мәдениетті көтеруге атсалысудың маңызы зор.
Айнұр Қызылбаева,
Ақтау қалалық сотының төрағасы


