12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕКІ НОҚАТ

                                                  Бастау

«Ұлттық аспаптар музейінен көне домбыра ұрланыпты»,–деген хабарды естіген сәтте Раушан бүгінгі түсін ойлады. Тек неге екені белгісіз, түсінде өзінің ағасын да көрді.

Түсінде бір кемпір алақанына шағын етіп жасалған домбыраны салыпты. Сәлден кейін оның қаңқасы сыдырылып түсті де,  ішінде жұмсақ сым темір айқұш-ұйқыш болып шырматылғанын көреді… «Мынаның шетін тауып, тарқатшы», – дейді әлгі әже. Раушан бұл дауыстың иесін ажырата алмады. Өзі көрінбейді. Бірақ сәлден кейін  жымиып тұрған ағасын байқағандай болып еді, енді біраздан соң, ол ағасы бөтен адамға айналды ма, әйтеуір, екі  ер адамның бейнесі кезекпен көз алдынан өткендей болды. Айқұш-ұйқыш темірдің ішінде қызыл түсті сым бар екен, өзінің ағасы соның  шетін ұстағысы келетін сыңайлы… бір кезде көрінген адамдардың бәрі ғайып болды да,  Раушанның алақанында айқұш-ұйқыш сым темірлер дөңгеленген күйінде тұра қалды.

Сосын «Ұяттау болса да, тарқат» деген  жазуды көреді. Көзі жұмулы күйінде «Бұл не болды?» деп, басы әре-сәре болып жатты. Сосын   «Қызыл нәрсе сөзге көрінуші еді»,  «Ұят десе де, айқұш-ұйқыш сымдарды тарқатуым керек» деген ойлармен көзін ашты.

Сымдар айқұш-ұйқыш… яғни шым-шытырық бірдеңе… Не де болса, бұл тегін емес. Құлағына домбыраның үні талып жеткендей әсермен біраз жатты. Түсіне енген әженің дауысын ойлады. Бірақ кімнің дауысы екенін   таба алар емес.  Ал ағасының  көрінуі бекер болмауы керек. Осылай ойлап, көрген түсі ағасына қатысты болу деген тоқтамға келді.

«Ұят та болса, ағамның ізіне түсу керек», – деп шешті ол. Таңғы асты дайындап, жұмысына баруы үшін Раушан өз ауласынан шығып, үлкен көшеге түсті. Сол кезде көрші үйдегі Нәби әже: «Айналайын, жолың болсын», –деп айтып жатты. Тек сол сәтте «Түсімдегі дауыс  осы әженікі болуы мүмкін» деген  ой жылт етті. «Солай», –деді ішінен.

 

***

Басы бос, өзі қалада тұратын еркектің ізіне түсіп көр!

Бұрынырақта мұның үйіне келгеніне еркінсіп:  «Аға, қызметіңіз қалада, үйіңіз ауылда, Алматыда қайда қонып жүрсіз?» –деп сұрады.

–Достарымның үйі кезекпен барамын, –деді ағасы.

–Достарыңызды кезекке қойдыңыз ба? Қай күні қайсысына

баратыныңызды олар алдын ала біліп отыра ма? Қанша дегенмен, «Келгенше, қонақ ұялады, келген соң, үй иесі ұялады» дегендей…

–Жалғызбасты еркекке не қонақжайлылық керек дейсің, жұмыстан

шығатын кезде «Ауылдасың ба? Бүгін үйде боласың ба?» деймін. Осы сөз жеткілікті.

–Сонда аптаның бес күнінде бес досыңызға барасыз, солай ма?

–Не тәптішпеп отырсың? Не үшін керек менің қайда, кімнің үйіне

қонатыным? –деп, Рахат ағасы  дыз ете қалды.

Бұл дызылдау Раушанға «Айқұш-ұйқыш… Шым-шытырықтың бір шеті осында  болуы керек» деген ойды бекіте түсті.  «Солай ма? «Жер қозғалса да, Рахат қозғала қоймас» дейтін сабырлы адам еді.

Аға  өмірінің көбі қалада өтіп жатыр, жасы – қырық бесте. Екеуінің

жасының айырмасы – бес жас. Раушан – ауылдағы мектепте мұғалім, өз алдына  берекелі шаңырағы бар, балалы-шағалы, қолында ата-енесі бар.

Ағасы жасы елуге жақындаса да, әлі үйленбей жүргені бұрыннан ойландырады. Анасы: «Қашан келін әкелесің?» дегенді айтудан шаршамайды. Баласының қара шаңыраққа ие болғанын, әулеттің қадірін сақтағанын қалайды. Раушан осының бәрін біледі, ал енді ағасы түсіне кіргелі қызығушылығы, тіпті, үдей түсті.  «Іске сәт!» – деді ол өзіне.

Жазда мектепте сабақ жоқ десек те, білім жетілдіру деген мақсатпен  үш апталық дәріске қатысуы керек, «Іздегенге – сұраған» дегендей бұл жақсы болды.  Енесіне  осы дәріске баратынын айтты. Өзі дәрістердің арасында уақыт тауып немесе сабағынан шыққан соң, ағасының қалада тұратын үйін іздеуге бел байлады.  «Мама, кей күндері кештеу келетін сияқтымын», –деді. Енесі:

–Нан тауып жүрген жұмысың ғой, қалма, бар, –деп жатыр еді, теледидардан диктор:  «Алматыдағы ұлттық музыкалық аспаптар музейінен   домбыра ұрланды»,–  деп тағы хабарлады.

–Ойпырмай, музейдегі затты қалай алады екен? – деді де, сәлден кейін:

–Мына көрші үйдегі Нәби әжені «Атақты домбырашының қызы» дегенді бір  естіп едім, бірақ… басқа шығар,– деді енесі.  Раушан  «Осы әулетке келін болып келгеніме    жиырма жыл болады, соның өзінде енемнен мына хабарды алғаш естуім» деп, «Менің ойымда болады» дегендей қасын керді.

Бұл ауылдың адамдары Нәби әже туралы сөз қылмайды, тек «Бір қиын жағдайға ұшыраған, екі ұлынан айырылған екен, сол қиын шақта Қожан ата ертіп келген» дегенді ғана айтады. Раушанның да бала кезінен естігені – осы сөздер.  Ауылдастардың кейбірі: «Қожан атаның кемпірі» десе, кейбірі «Қожан атаға алыс болса да, туыстығы бар», –дейді. Ешкім оның арғы тарихына бармайды. Енді енесінің сөзі мынадай. Бір сәт ойланып қалған Раушан  әлдебір тылсым арқылы айналасында бір қапаның барын сезгендей болды. «Адам миы – космос әлемінің бір бөлшегі» деп білетін ол, санасын іске қосты. Тағы да қасын керіп, көздерінен сәуле байқатты.

Бірақ, қанша дегенмен, бір туған ағасы жақын, оның түсіне енуі бекер емес. «Әуелі жоспар құрайын. Ең алдымен, оның қалада қонатын үйлерін анықтауым керек» деп ойлады. Сосын:   «Ойбуй, қашанға дейін еріп жүрер екенсің, ағаң көріп қалса,  бір-ақ сөзбен ауылыңа қайтарып жібереді» деген ой миына қонақтады. Оны, әрине, Раушан біледі. Дегенмен ұсталмаудың амалын ойлайды. Қала мен ауылдың арасы – автобуспен екі сағаттық жер. Тым кешке қалып жатса, таксимен келеді. Таңертең ертерек шығып, қаладағы дәрісіне қатысады, әдіскерлермен таныс-біліс болғанша, сабақтан қашпаған дұрыс. Сондықтан  сабақтан шыққан соң,  із кесуді бастайтын болды.

Із кесу

Раушан ертесіне кешкі сағат алтыға жақын ағасының қызмет істейтін ғимаратына  жақындады. Ағасының көзіне түспеуді ойлап, таса жерлерді таңдап, зерттеу нысанына алынған адам  көзге көрінетіндей жерді белгілеп, отырғыштардың біріне жайғасты. Солайша ағасы  бақылау нысанына  алынады. «Қазір шығады, бұл еріп отырады. Сосын… Автобусқа бірге міну қауіпті» деп ойлады.

Бірақ  көзілдірік те қорғаныш бола алады және «Мені қаладан көремін деп ойламайтын шығар» дейді өз ойы. Кеше, тіпті, заманауи парик алуды ойлаған, бірақ оны  қажеттілік болса ғана  сатып алатын болып шешті. «Басты бүркеу қажет болса, орамал ыңғайлы, сөмкеме салып аламын, сол дұрыс»,– деген. Қандай тосын жағдай кездессе де, құтқару амалдары ойластырылды.

Сонымен ағасы автобустың алдыңғы есігінен кірді, Раушан артқы есікті таңдады. Ағасы өзіне жайлы орын тапты,  бұл автобустың  арт жағында тұр.

Жұрттың жұмыстан шығатын мезгілі болғандықтан, автобуста адам көп, ағасын көзден  таса қылмауы керек. Өзін де байқатпауы керек. Нысан бір көздің қырымен  бақылауға алынды. Қай аялдамадан шығар екен?

Әне, ағасы орнынан тұра бастады,  автобустан шығуға екеуі де дайын. Міне, екеуі де шықты. Ағасы автобустан түскен бойда артқы есіктен түсіп жатқан жолаушыларға қарап қалыпты. Ағалы-қарындасты қоңыр қаздың көздері түйісіп қала жаздады. Түйіскен де шығар-ау. Тек Раушан әр сәтте өзін қорғауға дайын болғандықтан, дереу көзілдірігінің үстінен маңдайын қолымен қалқалап, басын бұрып әкетті. Әйтеуір, бұл сынақтан аман өтті.   Енді сақтықты күшейту керек. Ағайынды қоңыр қаздар бірінің артынан бірі ілесіп, бір жолға түсті. аралары – жүз қадамдай. Қарындас жайменен еріп келеді… «Тек артына бұрылып қалмаса екен…»

«Кімнің үйіне келе жатыр?» Көпқабатты үйлердің  бірінде  көлік қоюға арналған алаң бар екен, екі-үш көліктің арасынан бұрынырақта  ауылда көрші тұрған Жұман аға көрінді. Екі аға қол алысып амандасып жатыр. Көзіне көзілдірік киген Раушанды бұл жерден көремін деп ойламайтын шығар. Бірақ ағасын көріп тұрған соң, жүз қадамдай артта еріп келе жатқан бұған да көзі түсуі мүмкін.  Раушан сақтықты ойлап және ағасының бір үйін тапқанына қуанып, ширақ бұрылыс жасады да,   ауылына қайтты.

Қаладан ауылға қатынайтын автобуста отырып:

«Бұрынғы заманда аталарымыз барымтаның  үлкенін де, кішісін де жасаған, сонда оп-оңай із кесіп, жоғын тауып алды. Қазір технология дамыған заманда адам табу қиын екен» деді бір ойы.

«Е, жылқы алса, тұяқты мал, ізі сайрап жатады. Ал адамның ізі асфальтта…  ол сақталмайды» деп жауап береді оған екінші ойы. Осылайша Раушан және  оның ойлары –  ауылға жетті. «Мұндай жобаға басқа біреулі ортақтастыруға болмайды, жоспар бұзылып кету қаупі бар», – деп, бірінші ойы ақыл  айтты.   «Бір күні Жұман ағаға барып, ағам туралы сыр тартып көрейін, бізден жасырған не құпиясы бар екен? «Өз алдына шаңырақ құрып, отбасы болмаған соң, ол да – бір бала. Ағамның бізге айта алмай жүрген құпиясы болуы мүмкін»

Үйге келіп, өзін күтіп тұрған шаруаларға бел шеше кірісіп кетті. Әйел адамның қолдары шаруада болса да,  ойы өзінде. Тірліктің  бәрін  істеп жүріп, талай әлемді шарлап шығады.

«Бұл іске ешкімді ортақтастырмау керек» дегенді өзі  шарттаса да,  ойына ұлы ой түсіп кетіп, қасына  қалада оқитын ұлы Жандосты шақырып алды. Сосын:

–Нағашы әжеңе бармағалы үш-төрт күн болып қалды, –деді де,    –Жүрші, қазір барып  келейік, –деп, ширақтық танытты.

Ағасы үйленбесе де,  қара шаңырақта анасымен бірге тұрады. Төрт бөлмелі, ескі. Ағасымен, өзінен кіші бауырларымен балалық шақты әке-шеше құшағында бірге өткізген бұл үй ескі болса да, жанына ыстық.    Ара-арасында уақыт тауып, анасына келіп, үйді  тазалайды. Ал бүгінгі құлшынысы ерекше. Бұрын ағасының жолсөмкелерін ығыстырып қойғаны болмаса, ішін ашып қарамайтын. Ал бүгін шкафта тұрған, жерде тұрған сөмкелердің бәріне көзін де, қолын да жүгіртті. Сосын жерде тұрған бір сөмкеге қолын салып, қайта шығарып:

–Жаным-ау… – деп қалды. Ол жай дауыспен айтса да, шағын бөлмеде жүрген соң, Жандостың құлағы шалып қалып:

–Анашым, бірдеме дедіңіз бе?  –деді. Ойын тез жинап ала қойған Раушан:

– Қалада жүргенде, ағаңмен кездесіп қалған кездер болды ма? Қайда қонады екен? –деп, сұрақты  алыстан орағытып қойды.

«Бұл іске басқа адамды ортақтастырмау керек» дегенді ұмытқан жоқ. Бірақ Раушан баласын өзіне бұрынғыдан да жақынырақ ұстап, сыр тартуды  ойлады. Бірақ… тағы да бірақ…  баласын ағасының ізіне салып қоюға өз-өзінен ұялды.   Анасының санасында бір-бірімен қайшыласқан ойлардың  ортасында қалғанын сезді ме, жоқ па, ол белгісіз, әйтеуір, қалай болғанда да, үнсіздікті Жандос бұзды.

–Нағашым  қызық адам ғой, –деп, Жандос бір күліп алды да, бірдеңелерді айтып жатты.

Сосын  анасын құшақтап, жаңа  телефон алғысы келетінін айтты.

Раушан ұлының тілегін қабылдай отырып, өз ағасын да ойлады.

Раушанның миына:

«Ағама сыйлық деп, телефон алып берейін. Номерді өз атыма тіркеп, ақша да салып берейін. Сосын телефон номерінің иесі ретінде активтен ақпараттарды алып отыратын боламын».

«Ағаң күдіктеніп қалса ше?»  деген бір ойы қарсы шықты.

«Оның телефоны ескі, сол үшін жаңа, замануи түрін  әперсем, күдік болмайды. Мен сыйға тартқан телефонды пайдаланатындай етемін» деген ойға ерік берді. Ал ұлға:

–Бір  күні  екеуміз қалаға  барып, жақсысын таңдайық, –деді.

–Қашан? –деді Жандос.

–Сәтін салған күні болады. Ол күнді  өзім айтамын, –деді анасы.

 

***

Екінші күні таңертең Раушан өзі дәріс алатын мекемеге сәл ертерек келген, сол уақытты пайдаланып, интернеттен соңғы жаңалықтарды оқыды. Елге танымал бір кісі ұлттық кітапханаға он мыңға жуық кітап, басқа да құнды жәдігерлер тапсырғаны туралы хабар бар екен. «Құнды жәдігерлер… оларды музейге өткізбей ме? Кітапханасы несі?..» деген ой келді. «Санасы бар адам ойлай алады», –деді  бір ойы.

Дәрістен шыққан соң, кешке дейін біраз уақыт бар екенін ойлап,   қаладағы ұлттық кітапхананы бетке алды. Кітаптарды қарап жүріп, бір бұрышта төрт-бес музыкалық аспаптың тұрғанын көрді.

–Мына аспаптарды көруге бола ма? –деді Раушан.

–Әрине. Кеше бір танымал  адам біраз кітабын өткізген. Сонда осы аспаптарды да беріпті. Қарай беріңіз, –деді кітапханашы жас қыз.

Раушан екі домбыраның бірі көне екенін байқады да,  аударып-төңкеріп қарап шықты. Сол көне домбыраның басындағы екі ноқатты  байқады. Бірақ кітапханашыға ештеңе айтпады. «Әуелі Нәби әжемен сөйлесіп көрейін», –деп ойлады. Кітапханашының көзін ала беріп, телефонын іске қосып, фотоға түсіріп алды.

Ал кешке  өзіне таныс кешегі орынға жайғасып, Раушан тағы да ағасын бақылау нысанына алды. Көзінде көзілдірік. Сағат алты болды, ағасы жұмысынан шығатын уақыт. Бірақ ағасы көрінбейді. «Бүгін өзі жұмысына келді ме? Таңертең ауылдан шығатын кезде ағасының үйін қарамағанына өкінді. «Бүгін жұмысына келмеген-ау, шамасы. Енді ауылыма  жетіп алайын. Сағат сегіз жақын», –деді де, орнынан тұра бастады.

Бір кезде ғимараттың ауласынан ағасының дауысы естілгендей болды.  «УҺ… жұмысынан кеш шығуында бір мән болуы керек». Сәлден кейін ағасы аялдамаға бет алды.

Кешегідей жағдай, автобуста жолаушылар аздау, көзге түсіп қалу қаупі бар. Ағасы алдынғы жақтағы орынға жайғасты. Бұл сақтықты ойлап,   арт жақта тұрды. Бір көздің қырымен ағасын назарда ұстайды. Детектив сияқты тірлігіне өзі үйреніп қалғандай.

Әне, автобус «Айдос» дүкенінің аялдамасына жеткенде,  ағасы түсе бастады. Бұл да шықты, арақашықтықты сақтайды, әйтпесе… бәрі бекер….

Ағасы біраз  жүрді де, бес қабатты үйлердің арасындағы бір кіреберістің  есігін  өзі ашып, ары қарай еніп кетті.

…Күн ұясына батып барады. «Енді ауылға таксимен қайтуым керек».

Ауылға таксимен жеткенше,  Раушанның ойында «Сонда бұл кімнің үйі?» деген сұрақ кетпеді.

Көлігі бар көршілердің бәрі қала мен ауыл арасында адам тасиды. Бірі  болмаса, бірі кездесіп, ала кетеді. Ол жағынан уайым жоқ. Көлік иелері әңгіменің жол қысқартатынын жақсы біледі. Раушанға жолсерік болып келе жатқан жігіт те  біраз әңгіменің шетін тартып көрді.

-Апай, бүгін шаршап келесіз-ау, –деді.

– Бүгін өзі мазасыздау күн болды, –деді де, Раушан «құлып» күйде отыра берді. Әр ауылда бір қызық адам бар шығар, бұлардың ауылында «Құлып әже» бар. Нәби әжені ауылдастары кейде осылай атайды. Бөтенге сыр ашпау ойымен Раушан өзінің  «құлып» болып келе жатқанын түсінді.  Солайша таксист  Раушанның  детективтік ой  әлемін бұза алмады.

***

Ертесіне ағасы  тағы да Раушанға беймәлім үйге келді. «Тағы да осы үй…  Кімнің үйі екен? Ертең Жұман ағадан сыр тартып сұрап көруім керек» деп шешті Раушан.  Осы оймен Раушан ауылына ертерек қайтты.

 

                                  «Құлып әже»

Раушан ауылына жеткенде,  Нәби әже мұны күткендей, көше беттегі отырғышта жолға қараған күйі отыр. Бірақ Раушанды көрсе де, бұл жолы  ештеңе деген жоқ. Бұрын да ашылып сөйлеген емес.  Тек өткенде  алғаш рет «Раушан, жолың болсын» дегені, шын мәнінде, тосын жағдай. «Үйге барып, дастарқанымды дайындап алайын, әжені сосын алып келемін» деген оймен Раушан өз ауласына қарай өте берді.

Ал Нәби әже бұл кезде: «Раушаннан бір хабар күтемін. Ол ештеңе демей кетті….», –деп, өз-өзінен сөйлей бастады. Раушан бұл сөздерді естімеді.

Нәби әженің  жасы сексенге жақындаған. Қалың ойға шомған Нәби әже уақытқа есеп бере алмайтын күйде сияқты. Бірақ көше беттегі жолға қарап отыруы үйреншікті жағдай. Бұл кісіні іздеп, ешкім келмеген де сияқты, дегенмен осылай жолға қарап отырады.

Әлде бұл кісіге қарап тұрған шаруа жоқ болған соң, қалаға бара жатқан мен келе жатқанды қарап, уақыт өткізе ме екен? Солай  шығар. Шүкір, Қожанның балалары да,  немерелері де  «Қонақ» деп, қырық жыл бойы күтіп келеді.

Біраз уақыт өтті де, Раушан өмірінде алғаш рет Нәби әжені бетке алып, жақындады. Оны көрген Нәби әже:

–Білдім ғой сенің келетініңді, айналайын, –деді. Раушан әженің қасына жайғасты. Бүгінгі күн  оңаша сырласуға оңтайлы, ата-енесі қаладағы қызының үйіне кетті, ал балалар ойыннан ажырамаған,  әркім өз қызығымен жүр.

Раушан Қожа атаның үлкен келініне амандасып, «Біздің үйге апарып,  сөйлесейін деп едім, кейін  өзім алып келемін», –деп ескертті де, Нәби әжені қолтықтап алып жүрді. Қонағын төр бөлмеге кіргізді. Дайындап қойған дастарқаннан шай ұсына  отырып:

–Әже, мен осы әулетке келін болғалы жиырма жыл болады, бұл тірлікке үйренуге біраз уақыт кетті. Балалардың шаруасынан да қол босамайды өзі… Сізді жақын тартып сөйлесуге мүмкіндігім болмай жүр еді. Жақында түсімде сіздің дауысыңызды естідім. Ал алдыңғы күні алғаш рет маған «Раушан, жолың болсын» дедіңіз. Осының бәрін ойлап, сізбен сөйлескім келеді, айтыңызшы, қысылмаңыз, бұл бөлмеде тек екеуміз, –деді Раушан.

Нәби әже көз қиығымен бөлмені бір шолып шықты. Бөлмеде екеуінен басқа адам жоқ екеніне көз жеткізді. Сосын:

–…Ержеткен екі ұлым бар еді, екеуі де бір күнде біреулердің қолынан опат болды. Желкесі қиылғыр қандықол қанішерлер-ай, екі дүниеде жүздерің күйсін, уһ… Жолдасым да сол жылы  науқастан қайтты…

–Екі ұлым тірі болғанда, біреудің босағасында  бұлай жүрмес  едім.  «Қайғы жұтып, есімнен айырыламын ба енді» деп, қауіп қылған қысылтаяң шақта,  далада жылап отырғанымды Қожан көріп, жағдайымды сұрады. Азамат екен, ешқандай қарсы сөз айтпады, «Сізге менің үйімнен  бір орын табылады» деп, осы ауылға алып келді. Өзінің әйелі де жайлы адам ғой, қонақ деп қабылдады. «Жетімі мен жесірін қаңғытпаған елміз ғой», –деп отыратын Қожан, жарықтық. Ештеңеден тарыққаным жоқ, көңілдері де кең еді, мен де сол сыйластықтарына сай болуды ойладым. Бірақ ешкім менің тарихымды сұрамады, бір жағынан, бұлары дұрыс та шығар,  қансыраған жарамды тырнамауды ойлаған шығар. Бірақ ешкім сұрамаған соң, мен де сырымды айта алмадым.

«Құлып әже» әңгімесін бөліп-бөліп, жүрегінде қырық жыл ашылмаған құлыпты сықырлатып, жаймен аша бастады. Сөйлей алмаған кездері оның санасында басынан өткен жағдай кинолентадай өтіп жатты.

–Әже, сонда сіз біздің  ауданның өз адамы болдыңыз ғой, қай ауылдан едіңіз?

–Иә-иә, «Шалқар» ғой…, –деді де, сәлден кейін, –   Өз шешем бір жасымда аурудан қайтыс болды, әкем екінші рет үйленіп, ол шешемнен Заман деген інім өмірге келді. Бірақ әкем мен өгей шешемнің дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетті. Сонда  бауырым да кетті, шешесімен бірге болады ғой баласы. Сол кеткеннен мол кетті…

–Әже, сізді атақты домбырашының қызы деп естідім, әкеңіз  кім?  –деді Раушан батылданып, Өзі Нәби әженің жан сырын ақтаруға бейіл екеніне қуанып отыр. «Құлып әже» атанған ол сырын айтпай қоя ма деген қаупі болған.

–Әкем  – Темір деген күйші, керемет домбырашы еді.

–Әже, атақты домбырашы ғой, ол кісінің домбырасы сақталмаған шығар.

Раушан бұл сұрақты әдейі қойды. Нәби әже тісі жоқ иегін алақанымен бір сипап:

–Өзім қаңғып қалғанда, домбыраны қалай сақтайын? Қожанның ақылымен ол домбыраны бір мекемеге өткіздік. «Аспаптар сақтайтын жер» деген.

–Әже, ол домбыраны қазір көрсеңіз, танисыз ба?

Әженің  көзіндегі қарашығы  солғын тартса да, Раушанға жалт қарап:

–Әрине! –деді.

–Қалай танисыз? Оның бір белгісі  бар ма еді?

Раушан кітапханада тұрған домбыраның  таңбаларын біліп отырса да,  әжені сөйлете түсу ниетімен:

–Қандай таңба еді?

–«Екі қозым» деп, екі ноқат салған, –деді Нәби әже.

Раушан:

–Әже, «ноқат» деп мынадай нүктені де, мынадай үтір сияқтыны да айтады, ол домбырада қайсысы? –деп, қағазға көрсетті.

–Осылай… созып салғаны – «Өмірімнің жалғасы» дегені. Мен сол кезде қасында болғанмын.

Раушан енді  өз үйінің бұрышында тұрған домбыраны алып:

–Бұл екі ноқатты домбыраның қай жеріне салды?–деп, әбден пысықтап алды.

Нәби әже:

–Мына жерінде, – деп, домбыраның екі құлағы тұратын алақанды көрсетті.

Сосын.

–Айналайын, себепсіз сұрамайсың ғой,  айтшы, домбыраға не болды?

–Әже, жақында бәрін айтамын. Сәл шыдай тұрыңыз. Бәрі дұрыс болады, –деді. Әже басын изеді.

Раушан «Құлып» әжеге рақметін айтып,  қолтығынан демеп, үйіне жеткізіп, кездескен жанға «Қайырлы түн»» деп,  өзінің ауласына кірді.

«Құлып» әже… ашылмаған тарих көп екен… Тарихтың өзі қасымызда жүр екен» деп ойлады Раушан.

Барлық әңгіме бейнекамераға жазылды, түсте көрінген «Айқұш-ұйқыш» сым темірдің шеті табылды, енді тарқатуы қалды.

 

***

«Телефон арқылы адам ашылып сөйлеспейді, кешке үйіне кіріп шығатынымды айтайын» деп, Раушан төртінші күннің шаруасын ойлап қойды.  Сол ойымен Жұманның үйіне келді.  Бұл кісінің әйелі де жайлы.

–Аға, айтыңызшы, менің Рахат ағам қалада кімнің үйінде? Жұмыс өз ауылымыздан  табылады десек те, қалада жүр, өз үйі болмаған соң, уайымдаймыз, – деді.

–Біздің үйге айына бір  келетіні бар, тағы қайда баратынын білмеймін, –деді Жұмекең.

Жұман досының өзімен бір сырласқанын есіне алды.

…Рахат досы: «Фаридаға баланы ауылыңа апар, сен баға алмайсың деп жүрмін. Әрі таныстар менің балам бар екенін біліп қойса, «Үйлен» деп, қинайтын болды, ал менің қалада өз үйім жоқ, –деген еді. Сонда бұл:

–Өзі туды, өзі бағады, баланы өзінің шешесі баққаны дұрыс, – деген.

Бірақ Жұман Раушанға сыр ашпады. Оны Раушан сезді,  «Біледі, тек бір-бірінің  сырын ашпайды» деп, енді ауылға жетіп алуды ойлады.

Таксимен ауылға жеткенше, ертеңгі күннің жоспары құрылды.

 

***

Ауылына келгенде, Жандос шешесі уәде еткен жаңа үлгідегі телефонды алуға ертең барғысы келетінін айтты.

–Балам, сәтті күн ертең болсын, мен  түске дейін өзімнің дәрісіме қатысайын, ал сен түсте қалаға жет, келген кезде хабарыңды бересің,  телефон таңдаймыз, –деді.

Әдетте, ағасы жұма күні кеште ауылға жетіп, сенбі мен жексенбі өз үйінде болады. Сондықтан бүгін кеште екі жігітті де телефонды етіп, мәз қылады. «Бұйырса», –деді ішінен.  «Бұйырса, бәрі сәтті болсын», – деп, іштей  тағы да қайталады.  Жұманың жоспарымен екі жігітке де телефон сатып алды.

Жұманың кешін асыға күткен Раушан ағасын телефон арқылы өз үйіне   шақырды.

–Сізді тосынсый күтіп тұр, –деді.

–Ертең қалада  жұмыстарым бар, ауылға бүгін бармаймын. Ауылға ертең кеште қайтамын, –деді.

–Жарайды, – деді жоспардың бұзылғанына  сәл өкініш болса да. Іштей:  «Ең бастысы, телефонды сатып алдым» дегенді  көңіліне медет тұтты.

Өйткені Раушанның «Айқұш-ұйқыш» аталған  жоспарының өз қызығы әлі алда.

****

Сенбі күні Раушан ағасы қонып жүрген үйдің  кіреберісін нысанаға алды.

Өзі ана  бір үйдің алдындағы ағаштардың  жақсы қалқан болатынын және  бақылау нысанын көріп отыруына да ыңғайлы екенін ойлап,  сол жерді таңдады. «Кеше кеште ағасы ауылға келген жоқ, «Жұмыстарым бар деді», яғни ол қызметінде болуы керек деп ойлады. Сақтықтың  шарасы сол – ағасы мұны көріп қалатындай болса, мына үйлердің тасасымен үлкен көшеге шығу мүмкіндігі бар екенін ойлап қойды.

 

                                       Шырыл

Ал бұл кезде Фарида  телефонды қолына алып, көзінен жасы төгіліп,  еңіреген күйі:

–Баланы алып кеткен сияқты… Таңертең балаға киім аламын деп еді.   …жоқ….

–Қайда апарады дейсің? Үйленбеген адам, өзінің үйі де жоқ деп едің ғой…

–«Баланы қарындастарыма апарып беремін» деп жүретін. Қарындастары

ауылда…

Фарида шырылға басып отыр. Телефонның ар жағында сөйлесіп отырған – шешесі, ол басқа облыста.  Бірақ оған қарайтын Фарида ма?  «Егер алып келмесе, қайтемін? Полицияға берем. Не істеймін?.. Енді жарты сағаттай күтейін… – деп, сөздерін бөліп-бөліп, әрең айтқан Фарида төр бөлменің ортасына барып, тізерлеп отырып қалды.  Біраздан кейін айнаның алдына барды да, «Құдайым-ау, балам аман болса екен», –деді. Сәлден кейін өкпесіндегі бүкіл ауаны бір шығарғандай күрсінді.  Телефонды өшіруді ұмытып кетіпті, оны біраздан кейін ғана байқады. Қызының жағдайын телефонның ар жағынан біліп тұрған шешесі:

–Сәл күте тұр. Мүмкін алып келер,  –деді.

Фарида телефонды ұстаған күйі  көз жасына ерік берді. Қайдан іздейтінін де білмейді. Алматыға оқуға түсіп, қызметке тұрып, кандидаттық диссертациясын қорғап, осы қалада тұрақтап қалғанына бес жыл болды.

Сабаққа алғыр қызын мектепте де, колледжде  де мұғалімдері мақтайтын.  Кейін университетке түсті, аспирантураны бітірді. Кандидаттық қорғайтын кезде әке-шешесі Алматыға келді, ол кезде банкет жасап беру дәстүрі бар, сол мақсатпен келген.  Фарида ол кезде бір бөлмелі пәтері бар орыс кемпірмен бірге тұратын. Қызының жетістігіне қуанған  әке-шеше банкет жасауға, әрине, біраз дайындықпен келді. Қызының бір бөлмеде кемпірмен тұратынын біліп, басқа жерден жалдайтын пәтер қарастырып қоюды тапсырған. Бірақ орыс кемпір: «Мен сенің әке-шешеңді көргім келеді. Басқа үй іздемей-ақ қойсын, осында келе берсін, мен  оларды бір көріп, танысамын да, сосын өзімнің шешемнің үйіне бара тұрамын», –деген. Сол сөз бойынша бүгін таңғы поезбен Фариданың әке-шешесі Алматыға,  осы пәтерге келді. Фарида  шай дайындап жүргенінде:

–Фарида жақсы қыз, маған ұнайды. Ол менің үйіме келгелі жақсы көмекші,  суға түссем, арқамды жуып береді. Аяқ киімімді өзім кие алмаймын, мына бір қолым сал, байқап отырсыздар ғой,  бәтеңкемнің бауын да байлап береді. Дүкеннен, базардан  керек нәрселерімді әкеліп береді. Рақмет, –деді. Орыс кемпір осылай шалқып, көңілі тасып отыр. Ал Фариданың  шешесі еріндерін тістеп қалды.

Содан кейін Алматыға келгендегі мақсаттарын  ойлағандарындай жақсы етіп өткізіп, өз үйлеріне аттанды. Бірақ анасының көңілінде «Қызымды осынша оқытып, осындай дәрежеге жеткізгенім     біреудің арқасын жуып, бәтеңкесінің бауын байлап беру үшін бе?»,  «Өзінің пәтері болса,  мұндай кіріптарлыққа  түспес еді» деген ой маза бермеді.

Өз үйінде  отағасымен  ақылдасып, Фариданың әжесінің екі бөлмелі пәтерін сатып, Алматыдан бір бөлмелі пәтер алып берді.  «Өзге ұлттың өкіліне кіріптар болмасын», – деді. Солайша Фарида пәтері бар қыз болғанына биыл, шамамен, бес  жыл.

Ал сол үйде баланың әкесі де бірге тұрып жатыр еді…  Ол жігіттің Алматыда  өз пәтері жоқ.

–Алматыдан жер алып, үй  салып алайын деп едім, бұл істің басында жүрген билікшілер жершілдер, рушылдар екен, мені шеттетіп, жер бермей қойды. Әзірше сенің үйіңде тұрмасам,  қайда барамын?– дейтін бұған.  Бұл ақталу ғана емес, сол кездегі Алматыда көп жастарға ортақ жағдай. Әлі де қанша  адам баспанасыз жүр десейші?

–Қайтем оның пәтері бар-жоғын, осы үйде тұрып жатқан соң, адам дұрыстықтан аспауы керек қой. Қайда алып кетті баланы? –деді Фарида  ышқына сөйлеп.  Өзі  бір бөлмелі пәтерде жаны дызықты. Терезеге барады. Есікті ашып, «Келе жатқан жоқ па?» деп, ар жағынан дыбыс тыңдады.

Бұл қалада Фарида жалғыз.   Баласы төрт жаста, әлі кішкентай.  Әке-шешесі, ағасы бар дегенмен, олар алыста, басқа  облыста. Сондықтан мұның пәтері оңаша.  Рахаттың бұл үйге еркін кіргені де сол еді.

Ол енді аулаға шығып, баласын іздегісі келді. Бірақ «Баланы алып келсе, мені таба алмай қалуы мүмкін», – деп, не де болса, үйден күте тұруды ойлады. Мұндайда шыдамды болу азап екен.

Әлгінде өзі шарттаған  жарты  сағат өтті. Бала әлі жоқ.  Енді полицияға қоңырау шалуды ойлады да, ұялы телефоннан 102 номерін терді. Ар жағынан қоңырауды қабылдаушының  байланысқа шығуын күтті.

–Сізді полиция тыңдап тұр.  Қайырлы күн! Айта беріңіз, –деген сөздерді тыңдап,  апыл-ғұпыл «Бала жоқ… балам жоқ… әкесі келіп еді… ұрлап кетті…»,– деді.

Полиция үшін  мекенжайды айтып болған соң, өздері тұратын үйдің кіреберісінде  тұрып, жақын маңайға көз жүгіртті. Көзі жылаулы. Бес минуттай уақыт өткенде,  екінші қабатта тұратын Рашид аға келіп қалды да:

–Әсел қайда? Неге жылап тұрсың? –деп жатыр еді, учаскелік полиция да көрінді.

–Сіз бе 102 номеріне  телефон соққан? Не болды? Үйге  кіріңіз, сол жерде бәрін айтасыз, сосын жазып бересіз, –десе де, өзі төртінші қабатқа жеткенше, бірнеше сұрақты қойып үлгерді.  Кейінде қалған көршіге бұрыла түсіп:

–Сіз де жүріңіз, –деді.

–Баланы қайда алып  кетеді?..  Мен баланың әкесін көрген емеспін, егер көрсем, ол еркектің …Бұл Фарида жақсы адам, ылғи баласын бағып, жүгіріп жүреді. Ал ана еркекті көрсем…–деп, Рашид көрші де айтып үлгеріп қалып жатыр.

–Ол жұрттың көзіне көрінбеуге тырысады, –деп қалды Фарида. Осылайша Фарида   тұратын төртінші қабаттағы пәтерге де жетті.

Полицей бірден қағаз алса да, әуелі сұрақтар қойды.

–Ол адамның аты-жөнін, толық жасын айтыңыз.

–Аты –Рахат Қайранов,  қырық бес жаста.

–Баланың аты кім? Қыз бала ма, ер бала ма? Ол неше  жаста?

–Әсел, қыз бала, екі жарым жаста.

–«Көзге көрінбеуге тырысады» дедіңіз,  ол ер адам сізбен бірге тұрады, солай ма?

–Иә, балалы болғалы тұрақтап қалды. Некеге тұрған жоқпыз. « Баланың әкесі ғой, бір күні дұрыс ақылға келер» деп жүрмін, шыдап… жүр едім..

–Баланың да, еркектің де фотоларын көрсетіңіз, телефоныма түсіріп алайын, –деді полицей. Сосын  «Сіз үйде болыңыз. Біз іздеу жариялаймыз. Бригада шақырамын», –деп, полицей үйден шығып кетті.

Полицияның хабардар болғанына  бір сағаттан артық уақыт өтті. Екі сағат өтті. Фарида Рахаттың ұялы телефонына әлсін-әлсін қоңырау шалады, «Байланыс аясынан тыс жерде» дегеннен басқа айтары жоқ телефонға Фарида «Қара тас, мелшимей,  байланысты жарып шықшы» дейді, алайда «қара тас»  міз бақпайды.

***

Рахат «Балаға киім алып беремін», – деп, Алматыға әйгілі «Барахолкаға таңертеңгі  сағат онның шамасында пәтерден шыққаны рас еді. Кепкасын қалай кисе де, екі  метрге жақын бойы мен дәу тұлғасын ешкімнен жасыра алмайды. Сонда да, әйтеуір, көзге түспеудің бір амалы ретінде осылай жасайды.

Ауылдан шыққан Раушан бұл жерге жеткенше,  Рахат ағасы барахолкаға баратын автобусқа мініп кеткен.

Бала көтерген ер адам барахолкада көп жүре ала ма, бірінші кездескен жерден «Шақ болса, болды» деп,  аяқ киім және күздік күртеше сатып  алды да, үйге қайтар автобусқа отырды. Бала автобуста біраз отырғаны бар, жаяу жүргені бар,  шаршаңқыраған, содан  тез жүрмеген соң,  Рахат көтеріп алды. «Таныстар кездесіп қалмасын. Тезірек үйіне жеткізейін» деген оймен келе жатыр еді. «Мен ұрлық қылғанда, ай жарық болды» демей ме? Автобустан түсіп, бұлар үйге бет алып  келе жатыр еді… Анау жердегі бұрылыста орналасқан бес қабатты үйдің бұрышынан ауылдағы бір әйел көрінді. «О, бәтшағар, бұл қайдан жүр бұл жақта?»  Рахат дереу  келе жатқан жолынан айнып,  басқа аулаға бұрылып кетті.

Ал, шынында, ауылдас әйел мұны байқамаған. «Сезікті секірер» деген болды. Басқа аулаға баланы тастап кете алмайды. Қанша дегенмен, «Бауыр еті– өз баласы».  «Ауылдас әйел кетті-ау» дегенге дейін біраз уақыт өтуін күтуі керек. «Бала өзі ойнап жүргендей болсын, мен мына жерде демалып отырғандай болайын» деп ойлады. Солай жарты сағаттай  уақытты өткізді. Баланы өз ауласына  әкелейін деп еді, бірге ойнайтын достарын көріп, «Осында ойнаймын»,–  деді ол.

Таныстардың көзіне түспей тұрғанда, тез кетуді ойлаған Рахат «Біраз ойна да, үйге бар. Мен ауылға кете берейін. Заттарды ана жердегі отырғышқа қояйын, ұмытпай ал. Үйді таба аласың ғой», – деді.

–Иә, –деді бала. «Тағы да таныс біреу шығып қалмасын» деген ой бойын билеген Рахат:

–Жарайды, аздап ойна да, тезірек үйге бар, –деп, асығыс  кетіп барады.

Ағасының бала көтеріп, көрші аулаға кеткенін Раушан көріп отырды. Ал полиция қызметкерлері  дамылсыз ой үстінде, жан-жаққа іздеу салуда. «Барахолкаға алып кеткен» деген сөзді басты тірек етіп алған олар іздеуді алыстан бастады.

 

***

«Егер ағамның баланы ана  аулаға көтеріп алып кеткенін айтсам, полицияға мен ұстап бергендей боламын, сосын… «Мені ұстап берген сенсің» деп,  өмір бойы жау сияқты көреді.  Енді қайтсем екен?» деп ойлады Раушан.

–Қайтсем екен?

Фариданың мазасыз күйін Раушан, әрине,  біліп отыр. Тек осындай күйгелек кезде  бірдеме деуді ыңғайсыз көріп, «Баласы жақын жерде,  өзі көрер» деп,  қиын да болса, өз-өзін тежеді. Жоспар бұзылмауы керек. Қалайша өз ағасын өзі полицияға ұстап береді? «Бала ұрлады» деген баппен түрмеге кетсе, өмір бойы қарабет бұл болады емес пе?

Шынында да, Рахаттың   өзінің  ауылы қаладан алыстау, күн сайын жұмысқа барып-келу   қалтасына да қиын. Тек жұма күні кешке жұмыстан шығып, ауылына кетеді де, дүйсенбі таңертең  қызметіне келеді. Сосын жұмыс күндері осы үйде қонатыны рас. Таңертең ерте, жұрт көзіне көрінбеу үшін  ертерек, сағат  7-де шығып кетеді де, кешке, әбден  қараңғы түскен соң, жұрт аяғы басылған кезде келеді.

Қосымша сұрақтар алмақшы болған полицей көрінді.  Осы кезде көрші ауладан келе жатқан бала  көрінді. Баланың соңынан Рахат еріп келеді.

Екеуі бірге келе жатқанын көргенде,  Фариданың жан дауысы шыға:

– Қайда жүрсіңдер осынша уақыт? Жүрегім ұшып кетті ғой.

Полиция  Рахатқа бас изеп қана амандасқанның ретін  жасап, «Үйге кірейік», –деді. «Баланы қайда алып кеттіңіз?» деген сұрақтың қойылатынын, әрине, Рахат біледі.

–Бауырым, –деді Рахат, – менен жасың біраз кіші ғой, ағаңа тиіспей-ақ қой. Қорқатын ештеңе  жоқ, жазбай-ақ қой, Барахолкаға автобуспен бару мен қайтудың өзіне осынша көп уақыт кетті, оның үстіне жарты сағат кептелісте тұрдық, –деді. Ары қарай сөйлеспейтінін сездірді. Полиция жас жігіт екені рас, сондықтан ары қарай қазбаламай, «Бәрі дұрыс болсын енді, аға», – деді де, пәтерден шығып кетті. Бірақ өз ойында «Отбасылық мәселе ғой, өздері шешеді» деген ойымен шығып кетті.

Полицей кеткен соң, Рахат:

–Баланы ұрлап кетті деп ойладың ба? –деді бір жеңіске жеткендей, мұны сынағанын  сездірді.

–Иә, солай ойладым. Қайда  болдыңдар сонша ұзақ уақыт бойы?

–Балаң аш емес, қорықпа. Ер бала болғанда, сенің ешбір қарсылығыңа қарамай, алып кететін едім. Сондықтан бұл қыз болып, жаның қалды, –деді.

–Қандай қатыгезсің?! Бұдан басқа балаң  жоқ та ғой.

–Болмаса, болатын шығар. Бәрі мүмкін ғой.

Рахат әлгінде ауылына қайтуға асығып кетсе де, ертең таңертең шұғыл шаруалары бар екені есіне түсіп, содан баланы өзі ала келгендей түрмен келген беті еді.    Еркін сөйлеуінің себебі осында.

–Сонау қаланың шетіндегі барахолкаға әлі үшке толмаған баланы автобуспен сүйрелегенше, таксиге неге отырмадың? Қызық екенсің –деді Фарида.

«Әке-шешем, туыстарым – бәрі алыс облыста екенін біліп, менің үйіме кіріп алды. Егер әке-шешем, туыстарым Алматыға келетін болса, бұл жоқ болады, кейін олар кеткен соң келеді…» Фарида мұны да ойлап үлгерді.

Әйтеуір, баласы аман-есен келіп, жүрек орнына түсіп, Фарида асүйге кірді. Күнделікті әдеті бойынша, бұлар бірге тамақтанады. Екеуі бір ұжымда қызмет істейді. Пәтер жалдап жүрген Фаридаға  әке-шешесі қаланың  орталығынан онша алыс емес жерден бір бөлмелі пәтер алып бергенде, кадр бөлімінің басшысы   үстеліндегі  тізімге оның мекенжайын да,  пәтердің телефонын да жазып қойды.

Бір күні кеште  үйдің телефон  шыр ете қалды.

–Фарида, үй алыпсың ғой, құтты болсын! Жумайсың ба? Біз үй ала алмай, әлі жүрміз, сенің пәтер алғаныңды естігелі  қуанып жатырмын, әке-шешең  сатып әперді ғой, қандай бақыттысың! Менің әкем баяғыда  өліп қалды. Адресіңді айт,  барып, құтты болсын айтайын, –деді Рахат. Қуанып жүрген Фарида, әрине, мекенжайды жақсылап түсіндіріп айтты. Жарты сағаттай   өткен шамада қолында екі литрлік қызыл шелегі, ванна бөлмесіне қоятын айнасы бар Рахат келіп тұр. Фарида  шай қойды, ет асты. Бірақ көңілінде «Ет піскенше отырмайтын шығар, ауылына кету керек қой», –деді. Бірақ Фариданың   ет салып жатқанын көріп отырса да,  Рахат ештеңе демеді. «Қазір айтатын  шығар кететінін» деп, Фарида өз көңілінде әлі түсіне алмай  жүрді. Көңіліне  алаң кірді.

–Мен қона салайын, ауылға енді автобус жоқ, сағат сегізге дейін ғана жүреді автобус, –деді.

Фарида еріксіз  «Мейлі», –дейтін жағдайға жетті.  Оның көңіліндегі шырыл осы сәттен басталып еді.

 

                                Шешім 

«Көзге көрінбейтін еркек» болып жүрген ағасын  Раушан  тапты. Көзге түспеудің амалын жасап, көзілдірігн киіп, басқа көпқабаттың үйдің кіреберісіндегі отырғыштан бақылап отырды.  Ағасын көрсе де, жақындауға қарындаста бет жоқ, ұрлық жасап жүрген өзі сияқты. «Баланың қай пәтерде тұратынын  анықтау керек, сосын ағамның бұлармен бірге отырған жерінен ұстауым керек».

– «Көз қорқақ, қол батыр», көрдім, енді қолмен ұстағандай ету керек,– деп, алдағы күннің жоспарын ойлап, таксимен ауылына қайтты.

 

***

Кешегі сенбі тосын болса, бүгінгі жексенбі де сондай болды. Раушан қалаға қатынайтын көліктер тұратын алаңға жеткенге дейін ағасының  үйіне көз салды. «Ауылда жоқ сияқты», –деді. Сол себепті «Қалаға барып, баланың шешесімен таныссам, Рахаттың қарындасы екенімді айтысам» деген жоспары кейінге қалды.  Раушан өз үйіне қайтып келді.

Күн ұясына қона, ағасы ауылға келгенін байқады. Қарындасы ештеңе сездірмеді.

Ертең жұмысына бармай қалуы да мүмкін, сондықтан  енді оның қалаға шығатын күнін күтуі керек.   «Жұмыс аптасының бір күні  «Шешім» жоспары іске асады», –деді Раушан бекем оймен.

 

***

Дүйсенбінің жайма-шуақ күнінде Раушан өзіне таныс аулаға келді. Таңертең келген, аулада сәбилерін көтерген  әйелдер жүр. Кеше ағасы көтеріп келген қыз далаға әлі  шыққан жоқ.  «Анасы далаға шығаруға қорқып қалды ма екен?», «Балабақшада шығар» деп ойласа да, Раушан:

–Кеше  баласын іздеп жүрген әйел мына кіреберісте тұрады ғой деймін. Өзі жалғызілікті ана сияқты,– деп, бір әйелді сөзге тартты. Оның сөзге тартқаны  Гүлнәр еді, ол ақкөңіл жан,  «Жалғызілікті дегенде, оның баласының әкесі бар екенін білеміз,  тек ол кісі көзге түспейтін адам өзі, жасы елуге жақын сияқты»,– деді. «Менің ағам ғой ол, –деді Раушан ішінен, –сол ғой».

–Қай пәтерде тұрады? –деді Раушан.

–Пәтерін  білмеймін, әйтеуір, мына кіреберісте, төртінші қабатта, бір

бөлмелі пәтерде тұратынын білемін. Әр қабатта үш пәтерден ғой, бір бөлмелі пәтер ортасында, солай табамын, –деді Гүлнәр.

 

***

Балалар ойнайтын аула. Гүлнәрмен дос болып алған  Раушан басқа да әйелдермен оңай тіл табысты.

Балабақшадағы балалар сағат бестен бастап үйлеріне қайта бастады. Әсел де балабақшада болған екен, анасымен бір келе жатқанын көрді. Осылайша Раушан Фаридамен балалар алаңында кездесті,    «Сізбен жақын сөйлескім келеді, мен Рахаттың қарындасымын», –деді жайменен сыбырлап.

–Ааа, –Фарида таңғалды, әрине. Бірақ жатырқамады. Өйткені оның өзі де Рахаттың ауылына хабар берудің амалын таба алмай жүрген. Рахаттың ауылын табатын еді, біледі ғой, тек  Рахат рұқсат етпейді. «Оның ойынша, ешкім бала барын білмеуі керек».  Енді мынау. «Айқұш-ұйқыш» деген сымдар  тарқатыла түсті.

Жарты сағаттан соң Фарида мен Раушан бір дастарқан басында шүйіркелесіпп отырды. Фарида Әселдің туу туралы куәлігін көрсетті. «Баланы өзімнің тегіме жаздым,  «Әкесі» деген жерге Рахаттың аты жазылды», –деді Фарида.

–Әкесі деп жазғаның дұрыс болған, «Туу туралы куәлігін»  көруге бола ма? –деді Раушан.

–Әрине, –деп, Фарида баланың құжатын көрсетті.Өзі де қуанып жүр.

Раушан өз көзіне  сенерін де, сенбесін де білмеді. Таңғалған кейіппен Фаридаға қарады.  Фарида ешқандай жалған сөз айтқан жоқ. Фариданың тегі – Заман!

Осылайша «Бір жоқ бір жоқты табады» деген болды.

–Рахат сағат сегізге қарай келетін еді, –деп, Фарида сақтыққа шақырды.

Енді ағасы мына үйге келіп қалмай тұрып, Раушан ауылына кетуі  керек. Фаридамен құшақтасып, Әселдің бетінен сүйіп, Раушан аяғын тез-тез басып, кете барды. Ауылына  «Сүйінші» хабар айтуға асығып бара жатыр.

 

***

 

–Сендер қайдан жүрсіңдер? –деп, Рахаттың есі кетті. –Сендерге бұл үйді кім айтты?

Фариданың үйінде ауылдан біраз адамның отырғанын көріп,  Рахат бұдан басқа айтатын сөз таба алмай қалды. Раушан жолдасы Сапар мен ұлы Жандосты ертіп, туыс апасы Мақпалды  шақырып, бәрін бір алып келді. Бір өзі келуге ағасының мысы басып кететінін ойлады.

–Балаңды тірі жетім етпе, үйленуің керек, –деді апа.

–Менің үйім емес бұл, үйленбеймін, –деді Рахат.

–«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды». Үйленесіңдер, үй

боласыңдар,

–Фарида, айналайын, ауыл деген құт, ауылда  тұрасыңдар. Қалғанын кейін көресіңдер.

Талап та, шешім де осы болды. Раушан:

–Фарида, жеңгем болдың. Ағамды түсімде көрген соң, қайда тұратынын, не тірлік жасап жүргенін анықтау үшін телефон арқылы бақылаймын ба деген ойым болған. Детектив болуымның мәнісін түсіндің ғой, бірақ ағамның ізін   телефон  арқылы аңдуға  ұялдым, енді, міне, түсімдегі айқұш-ұйқыш тарқатылды.  Шешімі, міне – Әселжанымыз ортамызға қосылды.

Ал сенің әкеңнің апасы Нәби әже тірі, біздің ауылда.  Бұл өмірде қай нәрсенің де ізі бар. Қос ноқат… екі бала – Нәби мен Заман.
Атақты  күйші Темір атаның  домбырасы да табылды.

 

P.S. Полиция ұлттық кітапханаға көне домбыраны кім өткізгенін анықтады. Содан бері Раушанға телефоннан белгісіз біреулер қоңырау шалатын болды. Бірақ ештеңе демейді. Бұл  «мылқау» қоңыраулатушының кім екенін Раушан, әрине, түсінді. Өйткені біразға дейін үнсіз тұрады, әлдене айтқысы келсе де, айта алмады. Не айтады?

Сотта көне жәдігерді қолды қылып, кітапханаға тыққан танымал адамның:

–Мен жәдігердің көшірмесін жасаттым, түпнұсқа мұраны алғаным жоқ, –деген жалтарма сөзі өтпей қалды. Өйткені түпнұсқа домбыраның екі ноқатты белгісі бар екенін ол білмейтін еді. Сотта «Құлып» әженің бейнекамерадағы әңгімесі толық көрсетілді. Ұлттық кітапханадағы бейнекамералар да өз пайдасын берді.

Детектив Раушанның еңбегі  «айқұш-ұйқыштарды» жазып, «Қос ноқаттың» мәнін тапты.

Заман атаны алыс облыстан алдыртып, Нәби әжемен екеуінің  кездесуі тойланады.

«Құлып» әженің жан  сыры, жан жарасы емделеді. Заманнан қалған екі ноқаттың бірі Фарида болса, бірі –Мұрат. Ол атасын тойға алып келеді.

Раушанның анасы да сүр бойдақ атанған ұлын үйлендіріп, Әселін құшағына алады.

Ауылда  Темір күйшінің  домбырасы «Өмірде не нәрсенің де ізі бар» деп, шаттық күйін ойнап жатыр.

                                                                   Риза Әлмұханова (Алмуханова),

                                                                   Нұр-Сұлтан қаласы

 

[ratings]

                                                             

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...