Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 106 нысан жөндеуден өтіп, салынуда. Өңірдің халық ең тығыз қоныстанған ауданында жаңа мектеп салынып, саябақ жаңаруда, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, инженерлік жүйелер төселуде. Бұл жұмыстарға 11,5 млрд. теңге бөлінген, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің мәліметінше, бағдарламаның арқасында 3152 жұмыс орны құрылған, соның 1576-сы аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылған. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Аталған 106 жобаның 46-сы – білім саласының нысаны. Мәселен, мамыр айында Есік қаласында 1500 орынды мектептің құрылысы басталған, ал Әймен орта мектеп ғимаратына, И.Саттаров атындағы мектеп жанындағы балабақшада, О.Жандосов атындағы мектептің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты 42 мектептің мектеп ішіндегі әжетханасын жөндеу ісі де осы бағдарлама аясында шешіледі.
Мәдениет пен спорттан 3 нысан енгізілген. Көлдідегі мәдениет үйі, Есіктегі аудандық мәдениет үйі, К.Бижанов ауылындағы спорт кешені де қайта жаңаратын болады.
ТҮКШ саласында да бірқатар жұмыстар атқарылады. Ащысай ауылының саябағы, 5 ауылдың көшелері жарықтандырылса, Қызылшарық ауылындағы электр жүйелері қайта жаңартылып, салынады. Ал Есік топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегі бұл саладағы ең ірі нысан болмақ.
Жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарындағы құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Мұндағы 46 нысанның 27-сі жөнделіп бітті. Оның 24-і кентішілік жолдар мен тротуарларды ағымдағы жөндеу, 3 нысан орташа жөндеуге жатады. Автокөлік жолдарындағы құрылыс жұмыстарына 1,6 млрд. теңге қаралған.
Аталмыш бағдарлама аясында облыстық бюджеттен Шелек политехникалық колледжінің күрделі жөндеуі мен Шелек ауылындағы аудандық аурухананың жапсаржайының құрылысы жүргізілуде. Сол сияқты Көктөбе ауылында бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.
Нысандардың барлығында құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Атап өтсек, Алматы облысы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 977 жобаны жүзеге асыруға 109,2 млрд. теңге бөлінген.