12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Еңбегі де, есімі де ел есінде

Қарағанды университеті талай қазақ баласының білім қайнарынан нәр алып, қабырғасынан қатайып шығуына ұйытқы болған қасиетті қара шаңырақ, аласармас, алтын ұя.

1982 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне күзде дайындық бөліміне түсіп, 1983 жылы бірінші курсқа қабылдандым. Сол жылы жазда университетті бітірген түлектер ішінде айналасын үлгілі тәртібімен тәнті еткен, оқуға құмарлығымен оқшауланған озат түлектің бірі Ақжан Жайлауханұлы Ештай дип­ломын алып, өмірдің келесі белесіне бет алыпты. Аталмыш оқу ордасында оқып жүргенімізде ұстаздардың Ақжан Ештай туралы айтқан мақтау сөздері, сонымен қатар оқу орнының көрнекі жеріне орналасқан «Біздің мақтанышымыз» деп аталатын фотостендтегі Ақжанның бейнесі есімде қалыпты.
Заулаған өмір алды-артымызға қаратпай біз де қасиетті ҚарМУ-ды бітіріп шықтық. Ел қатарлы алғашқы еңбек жолымды адвокаттар алқасындағы қыз­меттен бастадым. Өз мамандығымның мәнісін бірте-бірте меңгере келе аудандық, облыстық сот алқасына мүше боп сатылап өстім. Сол тұстағы республикалық соттар жиындарына қатысу құрметі бізге де бұйырып, келелі басқосудың бірінде Ақжан Жайлауханұлымен бетпе-бет кездесіп таныстым. Бұл 2000 жылдардың бас жағы болатын.
Сабырлы мінез, салиқалы ұстанымдағы кісі екені оның «арық сөйлеп, семіз шығатын» болмысынан байқалатын. Арамыздағы жарты жылды есептемегенде екеуміз түйдей замандас боп шықтық. Сөз арасында менің жұмыстарыма аздаған жылы пікір білдіріп өтті. Соған орай мен де ризашылығымды жеткіздім. Алғашқы жолығысуымыз, оның үстіне Ақжан Жайлауханұлының көп сөзге жоқтығы ашылып тілдесуге мүмкіндік бермеді және уақыт тығыздығы да оған себеп болғаны шындық.
Қызмет бабына қарай Ақжан Ештай Қазақстанның бірнеше жерінде жоғары лауазымдарды атқарды. Там-тұмдаған таныстығымызға қарамастан мен оған сырттай тілектестік ниетте жүрсем, ол да маған осындай пейілде болыпты. Мұны ол Жоғарғы Соттағы қызметте жүрген кезіндегі кездесуінде айтты. Қазақ мұндайда «Бәрекелді жігітке» – демейтін бе еді, маған деген көңіліне марқайып қалдым.
Білім-білігіне, ақыл-қайратына арқа тіреумен заң саласының жоғары беделді маманы ретінде мойындалған Ақжан Ештай қайда ауысып жұмыс атқарса да, қай ортаның болсын төрінен орын ала беретіні неден? Өйткені, бойына сүтпен біткен мінезі, жастайынан ата-анадан алған тәрбие-өнегесі оның шынайы азамат болып қалыптасуына ықпал етті. Ақжанның орта мектепті алтын медальмен бітіруі, жоғары оқуды үздіктер қатарында аяқтап, қызметке аяқ іліктіргеннен бергі еңбектенген жерінде әділдік туын аласартпай, азаматтық тұлғасына кір шалдырмай жүруі тектілігінен екені күмәнсіз. Ақыл-парасатпен елге қызмет етуде әлсізге болысып, әсіре әлділердің ақиқат жолымен аптығын басуды керекті іс деп білді және өмірінің соңына дейін осы принципті ұстанды.
2009–2013 жылдар аралығында Ақжан Ештай Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған кезде қанша іс-шараға бастамашы болды, бәрі өз деңгейінде жүзеге асып отырды. Бұл, сөз жоқ, оның ықтияттылығы әрі жауапкершілікті жоғары қоюымен байланысты.
Мен 2017 жылы Шығыс Қазақстаннан Ақмола облыстық сотының төрағасы лауазымына ауысып келдім. Сонда сот ғимараты алдындағы қазақтың мәртебелі тұлғалары, дала демократтары Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің тастан қашалған бюсттері маған ерекше әсер еткен еді. Мұны белгілі заңгер, осында төраға қызметінде жүргенде Ақжан Ештай жасатқан екен. Ақыл-парасаты жүзінен төгілген даңқты билер мүсінінің мүлтіксіз шығуына бүгінгі билердің бірегейі Ақжан Жайлауханұлы бар қабілетін жұмсағанын байқау қиын емес.
Ақмола сотында жүрген шағында жергілікті ақсақалдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен елдік мәселелер төңірегінде пікірлесіп ортақ шаруалардың шырайын келтірді. Сол сияқты журналистермен ашық есік күндерін, сырласу сұхбаттарын өткізуді жиілетіп, сот пен ел арасының байланысын нығайтуға көп көңіл бөлді.
Ұлтының болашағын ойлайтын жан өзінің ар-ұятына сеніп іс жасайды. Ақжан әріптесіміз ана тіліміздің мерейін өсіру жолында қайрат, намысына қамшы басып орысшасы ормандай сыңсыған елдің бетін мемлекеттік тілге бұру бағытында қомақты жұмыс жасады, яғни сеңдей сірескен істі барынша жұмсартып, жұрт тосқан жақтан көріне білді. Содан да шығар көгілдір Көкшеде «Ақжанның ақ жолы» деген тіркес қалыптасқан.
Өз кезінде мемлекетіміздің мерекелік медальдары мен Алғыс хаттарына ие болуы оның елеулі еңбегінің жемісі әрі жеңісі екені анық. Иә, сондай іскер азаматтың өмірінің кенеттен тоқтап қалуы, оны білетін талай жақсы мен жайсаңдарға оңай соққы болған жоқ. Небары 56 жасында дүниеден өте шыққан Ақжан Ештайдың еліміздің заң саласына қосқан үлесі аз емес. Еңбегі де, есімі де ел есінде ұзақ уақыттар бойы сақталарына шүбә жоқ.
Алла оның жары Айгүл мен ұл-қыз­дарына ұзақ ғұмыр мен жақсылық нәсіп еткей. Құдай ісіне амал жоқ, топырағы торқа болсын.

Досжан Әмір,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...