ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІ ӨМІРІНІҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАСЫ ЕТІП ҰСТАНҒАН АЗАМАТ БОЛСА, ОНДАЙ АДАМНЫҢ БІРІ ӘРІ БІРЕГЕЙІ ДЕП – ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР ҰЖЫМЫНЫҢ АДВОКАТЫ МУКАШЕВА УРУХИЯ НАЙМАНХАНҚЫЗЫН АТАУҒА БОЛАДЫ.
Урухия Мукашева 1979 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тəмамдаған соң жолдамамен Талдықорған облысының облыстық тұтынушылар одағында заңгер болып қызмет атқарды. 1982 жылы Талдықорған қалалық Ішкі істер басқармасында тергеуші болып, лейтенант шенімен жұмысқа қабылданды. Осы қызметте жүріп, өзінің заң саласында терең білім алғанын көрсете білді. Аз уақыттың ішінде тергеу əдістерінің қыры мен сырын меңгеріп, өзінің іскерлігі мен атқарған жұмысына деген жауапкершілігінің жоғары екендігін көрсете білді. Осының нəтижесінде қызмет бабымен тез жоғарылап, кезекті полиция (ол кездегі милиция) шенін ала отырып, 2009 жылы «Полиция полковнигі» шенінде зейнетке шықты. Осы аралықта қатардағы тергеушіден бастап, ер адамдардың қолы жете бермейтін қызмет, яғни, Алматы облысы мен Талдықорған облысы қосылғанда, Алматы облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол кездері тоқсаныншы жылдардың екпіні басылмаған, ұйымдасқан қылмыс өршіп тұрған болатын. Алматы облысында жиырма аудандық жəне үш қалалық Ішкі істер басқармаларында екі жүзден астам тергеушінің жүргізіп жатқан істеріне тікелей басшылық жасау, олардың тергеу барысындағы жұмыстарының сапасын тексеру, бақылап отыру оңай болған жоқ. Өзіне бағынышты полиция тергеушілерінің Қылмыстық жəне Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын қатаң сақтап, оның шеңберінен шықпауын, заңды бұрмалаушылық болмауын жіті тексеріп, қадағалап отырды. Полковник Мукашева шындық пен əділдікті ту етіп ұстап, басқалардан да соны талап етіп отырған соң, оған өзінен жоғары тұрған лауазымды тұлғалар да құрмет көрсетіп, сыйлап жүрді. Оның дəлелі осы қызметте жүрген кездегі Облыстық департамент басшылығынан жəне ҚР Ішкі істер министрлігінен алған бірнеше марапаттары дəлел. Урухия Найманханқызы бұрынғы қызметі туралы былай деп еске алады: «Кейбір бұрынғы жұмыстағы əріптестер кездескенде: «Бұрын айыптаушы болып қылмыскерлерді жауапқа тартушы едің, енді соларды қорғап жүрсің бе?» дейді, мұны өз басым таяз ойлау деп санаймын. Мен үшін тергеу қызметінде де басты қағидат заңдылықты сақтау, əділдік жəне адамның жеке басының құқығын қорғау. Қашанда солай болып қалады. Кезінде тергеу қызметінде істеп жүргенде бастықтарға: мына адамды қамауға ала алмаймын, айып тағуға дəлел жеткіліксіз дегенде, басшылар тарапынан «неге адвокат болып жүрсің» деген мысқыл тектес ренішті естуші едік. Заңдылықты басты орынға қою, ол бірінші өзіңді сыйлау, өзіңді құрметтеу. Кəсіби деңгейің жетіп жатса, кінəлі екеніне көзің жетіп тұрса нақты фактілермен дəлелде, оған шамаң келмесе бос тыраштанып қоқаңдаған сырт көзге де жағымсыз əрекет жəне ешкімге шынайы бедел əкелмейді деп санаймын». 2010 жылы Урухия Найманханқызы адвокаттық қызметке келді. Алғашқы күннен бастап адвокат болу тек Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекстің талаптарымен ғана шектелмейтінін біліп, жалпы заңнамада көптеген азаматтық-құқықтық салаларды игеру керек екенін түсінді. Содан, бірден азаматтық-құқықтық саладағы заңдарды игеруге кірісті. Бұл салада көптеген Азаматтық, Азаматтық процестік, Еңбек, Неке жəне отбасы, Салық, Жер қатынастары, Тұрғын үй кодексі, Су, Кеден кодекстері сияқты жəне басқа да əр салаға байланысты білім, медицина салаларына, зейнеткерлерге қатысты заңнамалар, басқа толып жатқан заңдар мен қаулыларды игеруге тура келді. Ол өзінің бойына біткен табандылығының арқасында, қандай да бір істі мына заңмен таныс емеспін деп ысырып қойған кезі болған емес. Алдына келген азаматтардың сұрағы қандай салаға қатысты болмасын, оған тиісті заңды көтеріп, іздеп, толыққанды жауап беріп отырды. Олардың қойған мəселесін заң бойынша шешіп беруге бар күшін салып, осы сұрақ бойынша тиісті мемлекеттік мекемелерге сұрау салып, ұсыныс жасап, қажет болған жағдайда сотқа талап-арыз дайындап, сот арқылы шешіп отырды. Кейде бірінші сатыдағы сотта шешімін таппаған азаматтық істер болса, оны жолда қалдырмай, жоғары инстанцияға арызданып, облыстық, одан əрі Жоғарғы Сотқа дейін баруға əрқашанда дайын болатын. Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысты заңнамаларды өзі ақтара отырып, ол жағында тəжірибесі бар, бұрынғы адвокаттардан сұрауға арланған жоқ. Адвокаттық қызметте жүріп азаматтардың құқығын қорғауда, оған риза болып, рақметін жаудырып, басқа таныстарының құқық қорғау саласында жұмыстары болса ертіп келіп, Урухия Найманханқызымен таныстырып, «осы кісі мəселеңді шешіп, түбіне шейін жеткізеді» – деп тапсырып жатқан азаматтар да аз емес. Еңбегі бағаланып, Алматы облыстық адвокаттар алқасы бөлініп шыққан соң, Жетісу облыстық адвокаттар алқасынан жəне Облыстық Əділет департаментінің атынан бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталды. Заңгерлік мамандықты таңдаған жастарға Мукашева Урухия Найманханқызының заң саласында жүріп өткен өмір жолы үлгі болатыны сөзсіз. Заң мен тəртіпті өміріне қағида етіп ұстанған əрбір азаматтың алдында ештеңе кедергі болмайтыны, өмірде туындаған қиындықтарды əрқашан жеңіп отыратыны анық. Осыны жастар қазірден бастап санасына сіңіріп, əрқашан естерінен шығармауы керек. Сондықтан да зейнетке шыққан кезде елдің құрметіне бөленіп, ұрпақтарының мақтанышы болары сөзсіз.
Қожаберген ДАУРЕНБЕКОВ, Жетісу облыстық адвокаттар алқасының адвокаты


