Денсаулық – басты байлық. Халықтың денсаулығын жақсартып, елге көмек көрсетуде медицина мамандарына жүктелер жауаптылық зор. Раиса Күзденбаева осындай отандық медицинаның ілгерілеуіне елеулі үлес қосқан жанның бірі.
Раиса Салмағамбетқызы 1942 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол еліміздегі алғашқы фармаколог əйел ғалымдардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Раиса Салмағамбетқызы өмірін ғылымға, медицинаға жəне адам денсаулығына арнады. 1965 жылы Ақтөбе медицина институтын үздік бітіріп, кейін Мəскеу қаласындағы Н.И. Пирогов атындағы мемлекеттік медициналық институтта фармаколог-дəрігер мамандығы бойынша аспирантураны аяқтады. Ғылыми ізденістерінің нəтижесінде 1982 жылы медицина ғылымдарының докторы, 1983 жылы профессор ғылыми атағын алды. Оның еңбектері отандық жəне халықаралық ғылыми ортада жоғары бағаланды. Ғалым – 28 патенттің, 11 оригиналды фитопрепараттың авторы. 1994 жылдан бастап Қазақстан аумағында өсетін дəрілік өсімдіктер негізінде жаңа дəрілік жəне профилактикалық препараттар жасау бағытында жүйелі зерттеулер жүргізді. Осы жылдар ішінде 41 ғылым кандидатын, 6 ғылым докторын даярлап, 7 монография мен 500-ден астам ғылыми еңбек жариялады. Раиса Салмағамбетқызы ғылыми теориямен ғана шектелмей, халыққа қолжетімді, күнделікті тұрмыста қолдануға болатын дəрілік өнімдер əзірледі. Оның авторлығымен жасалған «Қызыл май», «Шүкір май», «Солодка майы», «Қалақай майы», «Ошаған тамырының майы» сынды фитопрепараттар бүгінде көптеген отбасында кеңінен қолданылып келеді. Барлық өнімдер патенттеліп, ресми түрде дəрілік зат ретінде тіркелген. Əріптестері мен шəкірттері Раиса Күзденбаеваны терең білімді ғалым ғана емес, мəдениеті жоғары, қарапайым, ашық мінезді, оптимист əрі харизмалық тұлға ретінде сипаттайды. Ол 80 жасында да ел аралап, дəріс оқып, жас буынға мотивация беріп келеді. Ерен еңбегі үшін Раиса Салмағамбетқызы КСРО-ның «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Ломоносов жəне Гиппократ ордендерімен, сондай-ақ Қазақстанның ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Ғалымның өміріндегі негізгі тірегі – отбасы. Жұбайы, профессор Сағидулла Имамбаевпен 55 жыл тату-тəтті ғұмыр кешіп, екі ұл тəрбиелеп өсірді. Бүгінде немере мен шөбере сүйіп отырған ардақты əже. «Ең бастысы – өмірден қалмау, өз ісіңді жалғастыру, жастармен бірге болу. Ең жақсы дəрі – оптимизм», – дейді ғалым. Раиса Күзденбаеваның ғылым мен медицина саласындағы еңбегін насихаттау мақсатында «Анаға құрмет» музейінде арнайы бұрыш жасақталған. Бұл бұрышта ғалымның өмір жолын бейнелейтін фотосуреттер, ғылыми жетістіктерін айғақтайтын құжаттар, шəкірттері дайындаған ғылыми-тəлімдік «древо», авторлық фитопрепараттардан құралған майлар топтамасы, сондай-ақ ғалымның жеке жəдігерлері қойылған. Аталған бұрыш келушілерге отандық ғылымның дамуына үлес қосқан аналардың бейнесін танытып, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, ғылымға адал қызмет етуге тəрбиелеуге бағытталған. Раиса Күзденбаева – ғылымға, білімге жəне халқына адал қызмет еткен, Қазақстанның медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ерекше тұлға.
Балгүл ТІЛЕУБЕРГЕН, «Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі


