Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында алғаш рет «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты мәдени-аграрлық іс-шара өтті.
Ол халқымыздың дəстүрлі тағам мəдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дəстүрін жаңғыртып, оны халықаралық деңгейге ілгерілетуге бағытталған. Өйткені Қазақстанда қазір жылқы саны 4,8 млн-ға жеткенімен, сусындар өндіретін 55 кəсіпорынның арасында өндірістік жолмен қымыз өндіретіні санаулы ғана. Ал жеке қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарда өндірілетін маусымдық өнімнің көлемі шектеулі. Сондықтан нарықтағы ірі сауда орталықтарының сөресі əрдайым импорттық қымыздан босамайды. Алайда Ұлттық құрылтайдың мүшесі, кəсіпкер Сырымбек Тау нарықта «балқымыз» деген атпен сатылып жатқан импорттық өнімдердің қымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтып, оларды табиғи өнім деп санамайтынын жеткізді. Сарапшылар сапасы күмəнді мұндай импорттық өнімдердің кейбірі жылқы емес, сиыр сүтінен жасалатыны жəне құрамындағы спирті шекті мөлшерден жоғары болғандықтан оны балалар мен жасөспірімдердің қолдануына болмайтынын да ескертуде. Осыған қарамастан əзірге оларға ресми органдар тарапынан ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сол себепті дəстүрлі түрде жер-жерде өткізіліп келе жатқан «Қымызмұрындық» шарасының қатарына «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалінің» қосылуы өндірушілер үшін де, қарапайым тұтынушылар үшін де үлкен жаңалық болды. Алғашқы гастрофестивальге 50-60 мың адам қатысты. Онда əр өңірден 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысқан бұл шара болашақта Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мəдени-аграрлық брендке айналады деген болжам бар. Қонақтар мұнда екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дəм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мəдени бағдарламаларға қатысты. Фестивальдің ерекше жүлдесі – «Ең үздік қымыз» атағы үшін болған байқауда Абай облысы Абай ауданы Саржал ауылының «Жаныс» шаруа қожалығы 1-орын алып, 20 млн теңге көлеміндегі қаржылай жүлдеге ие болды. Екінші орынды Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы «Қарыншы» шаруа қожалығы (15 млн теңге) алды. Ал үздік үштікті Ақмола облысы Бурабай ауданының «Қымызынай» деген өнімі (10 млн теңге) иеленді. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – еліміздегі ең сапалы əрі шипалы қымызды анықтау. Қымызды денсаулық пен қонақжайлылықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру болатын. Жылқы көрмесінде қазақтың байырғы жылқы тұқымдары – Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай жəне спорттық бағыттағы аттар көпшілік назарына ұсынылды. Қолөнер шеберлері ертоқым, қамшы, ат əбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын жұртшылыққа та ныстырды. Фестиваль аясында ұйымдастырылатын ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дəстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланды. Онда Германия, Ресей, Қырғызстаннан келген ғалымдар, дəрігерлер, ветеринарлар мен кəсіпкерлер баяндама жасады. Қатысушылар арасында Германиялық жылқы шаруашылығы маманы Ханс Цольман, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Бимбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова жəне басқа да сарапшылар болды. Шеберлік сабақтар барысында қатысушыларға қымыз дайындау, сақтау, ашыту, сондай-ақ оны капсула түрінде өндірудің заманауи əдістері таныстырылды. Сонымен қатар, тері илеу, ат əбзелдері мен тұрмыстық бұйымдарды жасау бойынша қолөнер шеберлері өз білімімен бөлісті. Бағдарлама шеңберінде аударыспақ, асау үйрету, құмай тазы сайысы, шалма салу сынды ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарды мешкейлер сайысы мен жілік сындыру секілді ерекше шаралар одан ары қыздыра түсті. Сол себепті BaiQymyz – бұл тек қана қымыз мерекесі емес, бұл – халқымыздың салты мен тағам мəдениетін насихаттауға, ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға серпін беретін маңызды бастама ретінде де жұртшылық ықыласына ие болды.
Қ.ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»