12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Құдықтағы мәйіт

– Сонда біз осында тұрамыз ба? –  деген  күйеуіне:

– Біз емес, сен қаласын осы тамда,– деп зекіді  әйелі.

Айдалада  қаңырап бос қалған  пәкене  тамға  үрейлене қараған бейшара  көліктен шығып бұйра құмды кесіп жатқан қасқа жолға қашты.  Жансауғаламаса болмас. Бірақ желіп жеткен қайынағасы адымын аштырмады. Желке тұсынан бүре ұстап иесіз тамға сүңгітіп жіберді.

– Әкемнің атағы, байлығы үшін маған үйленіп алып, шешем тықпаштап беретін тамақты жұтқаныңмен қоймай,  қол көтердің,– деп запыранын төккен  әйел сөзінің соңын жұтып қойды.

– Біздің әкеміздің кім екенін білесің бе сен?– деп  қолына түскен таяқпен жігітті тоқпаштаған  алпамсадай денелі қайынғасы ырсылдап шаршап  қалды. Төпелеген таяқты ауырсынып дөңбекшіп жатқан бұған мән де берген жоқ. Ентігін басқан соң:

– Сөз бітті. Осында қаласың,–  деп шығар есікке беттеді.

…Бетіне жып-жылы нәрсе тигендей, әлде біреу маңдайын сипап жатыр ма? Жылылыққа жонын тосып жата бергісі келген. Көзін ашса, алдында тілі салақтап қанден ит тұр. Мұның тек демегенін көрген ит жүзіне қайта төніп келіп, кешегі қан іздерін қайта жалады. Адамнан көрмеген жылылықты иттен көргені осы. Әлсіздік дендеген денесін әзер бағындырып, кібіртіктей басып тамнан шықты. Бұйра құм. Ұшы-қиыры жоқ ен дала. Күн шақырайып тұр. Жаналғыштар келіп қалардай үрейленген жігіт ыстық құмды кешіп басы ауған жаққа жүре берген. Артынан ит те қалар емес. Шым-шытырық ойын көліктің дауысы бұзды. Олар кетпеген бе? Өз сұрағына өзі жауап беріп үлгергенше аппақ Волга мұны сүйкей тоқтады. Таныс көліктен таныс адам ырсылдай түскенде кешегі жұдырықтар жон арқасын қайта шымырлатып жатқандай әсер еткен.

– Жаның сірі екен, ә. Қазір жаныңды жаhаннамға жіберемін,– деген алпауыт көлігінен күрек шығарып, жерді қазуды бұйырды. Бұл сорлыда қарсылық көрсетер дәрмен жоқ. Құмды белуардан қаза берді. Ең болмаса сүйегі шашылып, далада қалмасын. Өз көрін өлермендікпен қазып жатқан бейбақтың ойлағаны осы ғана. Шұңқырдың шетіне жақындағанда бағанадан бақылап тұрған қайынағасы бел темірді сілтеп кеп қалсын. Қанша таяқ жесе де, бабынан жаңылмапты. Бұғып қалып, ауыр соққыдан аман қалды. Алпауыттың қолынан сусып шыққан білек темір топ етіп шұңқыр ішіне түскен. Өз екпінімен шыр айналған алпауыт көлігіне тіреліп тоқтады. Көз алды қарауытып, басы айналды. Жан тәтті. Білек темірді медет тұтып тұрған ол шұңқырдағы күйеу баласының енді теңдік бермесін түсінген. Ойы іске аспағанына қапаланса да көлігіне асығыс отырған ол бұйра құммен құйғыта жөнелді.

***

…ой қажытып, түнімен ұйықтай алмаған әйелдің таңға жақын көзі ілініп кеткен екен, есік қоңырауынан селк етіп оянды. Амалсыз тұрып есікті ашқанда қайын сіңлісі екі аттап төрге озды. Сырт киімін шешіп, асханадағы үстелге бір шиша арақты қойғанда:

– Ух-х.,– деп Дәния орнынан әзер қозғалды.

– Не болды ухілеп. Кел қорқынышты басып, құрыс-тұрысымызды жазайық,–  деген қайын сіңлісі екі стақанға  ащы суды меймілдете құйды.

– Мама, папам қайда? Дәу атам алып кетті ме? – деп  бөлмесінен шыққан қызы қабырғаға сүйеніп тұрған қайыстай қара қатынға үрейлене қарап, шешесінің артына тығылды.

Мына қатын бір  нәрсені біліп, сезіп  келді ме? Әлде тамағы жыбырласа арзан арағын көтере осы үйге жүгіретін әдетіне қайта басты ма? Асхатты қайдан іздегендерін айтуға келді ме екен. Кешегі ісімізді біліп қоймаса болды. Сақтықты ойлаған бұл қызына тәттілерді беріп, жатын бөлмесіне кіргізіп, есігін жауып қойды. Әлі де өзіне өзі келе алмай дәлізде тұрған Дәнияны қайын сіңлісі қолтықтай асханаға апарып ащы суды үстемелете ішкізіп жіберді. Екеуі сырласқан болып, арасында Асхат туралы әр сөздің басын шалды. Үйлесім жоқ.  Қатпарлы  маңлайын алақанымен тіреп отырған Дәния:

–  Қан… Ұйып қалды,–  деп міңгірледі.

– Не дедің? Қазіргі айтқаныңды қайталашы.  Ұйыған қанды қайдан көріп отырсың, –  деп  қайын сіңлісі Света шап ете түсті.

Дәния дереу зымияндығына басып жылады ма, күлді ме тығырықтан шығу үшін  күнкөрістің қиындығын  айта берді.

Света  бір тырнағын ішіне бүгіп, өтірік мас болғансып әуелі өз ағасының соңғы рет қашан келгенін, сосын кешегі түнде жеңгесіне қай туысының келіп, кеткенін біліп алды. Бір бәлені сезіп, ауылдас адвокаттан кеңес сұраған.

– Бірге туған бауырым көптен бері жоқ болып кетіп еді. Кеше үйіне кіріп бара жатқанын көршілері көріпті. Бүгін тағы жоқ. Іздеп жүрген өзге бауырларым Алматыдан да, ауылдан да таппағандарын айтып жаңа ғана  телефон соқты,– деген әйелге:

– Сонда  ағаңызды көрмегеніңізге бір күн болды ма,– деп адвокат қарсы тұрған орындықты ұсынды.

– Менікі сақтық па, білмеймін,–  деді абыржыған келіншек, – Бірақ ағамның жоғалуына жеңгем себепші ме деп қорқам. Үлкен ағасымен бірігіп зиян келтірді ме деген күдігім бар. Бүгін үйіне барғанымда  алты  жасар  қызы  папамды дәу атам алып кетті ме деп сұрағанда жеңгем әбіржіп, қатты қорықты,–  деп адвокатқа үміттене қарады.

Оңашада ой қорытып бір шикілікті аңғарған адвокат ертесінде Талғарға тартты. Кешегі келіншек айтқан әулетті бұрыннан білетін. Биліктегілер шалдың ығына жығылғанымен, қарапайым қариялар жақтырмайтыны да бұған мәлім– тін. Кезінде қатар қызмет істеген тергеушілерден Болаттың мекен-жайын алды.

Бір бұрышта кескен томардай дүңкиіп отырған алпауыт республикаға танымал адвокат Есенамановты  көріп абдырап қалды. Кәрі қасқыр бір нәрсенің исін сезіп, із кесіп жүргені анық. Мына келісі қылмыстың сипатын анықтау шығар. Іздеген қылмыскеріне айналмасам болды деген арам ой сап ете түсті. Сыр бермеді. Екеуі аз-кем аңдысып, әңгімені қалыпты өмір арнасына аударды.

Жылжып жылдар өтті. Асхатты әуелі із-түзсіз жоғалды, сосын өліпті деген сөздің айтылғанынан ұмытылғаны тез болды. Адамды  із-түзсіз жоғалды деуге бір жыл, ал өлді деп мәлімет беруге заңнамада белгіленген үш жыл да өте шықты. Туыстарын қайдам, қайын жұртында жазылмаған заң бойынша оның атын айтуға, ол туралы сөз қозғауға тыйым салынды. Сонымен бір ғұмыр ізім- қайым болды. Енді ше, азаматтың артында жалғыз қыз қалып еді, шешесінің шешімімен тегі өзгертілді. Бірақ бейшараның  жоғалғаны да, өлгені де жұмбақ болып қалды…

Жанын жегі құрттай жеген ой Болаттың қан қысымын көтерген. Ағайын туыс кезек-кезек келіп көңілін сұрауда. Бұл үнсіз. Дәнияны көргенде соңғы күшін жиып басын көтерді. Даланы меңзеді. Дәния апақ-сапақта Асхатты айдаладағы иесіз тамға апарғандарын ұғындырмақ болғанын аңғарды.  Ағайындары аң-таң. Ал Дәния түсінбеген кейіппен  мелшиіп тұра берді.  Сәлден соң ағасы

– Құм….құм…м.. ,–  деп  сөзінің артын жұтып қойды. Сол сәтте сырттан кірген отанасы:

– Су, су, су әкеліңдер, – деп балаларын  жұмсады.

– Су емес, құм деді, – деп ағасы мен қарындасының жүздерінен бір құпияны ұға қойған Жапақ қайнысы жеңгесінің сөзін түзеді.

Іші қайнаған сайын қарындасына барып ақтарылғысы келеді. Бара алмайды. Жуытпайды. Бір күні тәуекелдің жел қайығына мініп, телефон соқты. Екеуі «Саяхат» автокетінің маңынан жолығуға уәделесті.  Жер асты жолына түсер баспалдақтың тұсында қан-сөлсіз состиып тұрған қарындасының  жанына барғанда өзі жүрегін ұстап отырып қалды. Таяқ тастам жерде бұл екеуіне ыржия қарап тұрған бейшараны  көрді. Талпақ танауы жырым-жырым. Қара сұр бетіндегі безеулері жараға айналыпты. Ол да бұл екеуін таныды.

– Папа, сізге не болды? Тұрыңыз,– деп баласы  қолтығынан демегенде ғана алпауыт  есін жиды.

– Тәте жүріңіз,–  деп келіні Дәнияның қолтығынан ұстады.

Ойпырмай ә,  әйел заты да мұндай болады екен-ау. Қаттылық. Біздің тұқымда бар екенін ауыл ақсақалдарының айтып отырғанын құлағым шалып қалған. Бір әке, бір шешеден тудық. Менің жүрегім шыдамаған көрініске былқ етпей қарап тұрғаны қалай? Жоғалды, өлді деп жүрген күйеуімен әдейі жолықтырды ма? Көз алдында бұйра құм. Жылмиған жанарын үрей билеген бейшараның бейнесі ұмытыла бастаған еді. Міне, бүгін қайталанды.

Бұл кездесуді ағам әдейі ұйымдастырды деп топшылаған қарындасы өз ойымен әлек. «Мойындамаймын. Бар жазығым күйеуімнің соққанын, әке– шешеме тіл тигізгенін айтқаным ба? Өзгесін ағам өзі ұйымдастырған жоқ па?» деп өзін ақтаумен болды.

Үйге жеткенше ойымен алысып келген әйел «Тоқта» деп шар ете қалғанда інісі түсінбей қалған. Дауысының қатты шыққанын айналасындағылардың үрке қараған жанарынан ұққан келіншек:

– Уәделескен  жерім бар еді, есімнен шығып кетіпті,– деп  түк болмағандай майыса қалды. Қарындасының тосын қылығы ағасының әлгі ойын бекіте түсті.

ххх

Адвокаттың ақылымен Света бір жылдан бері жеңгесін аңдып жүретін. Жер асты жолына қызын қолтықтап түсіп бара жатқанын көре салып бой тасалай ілесті.

– Жеңгем Саяхат автобекетінің маңында бір қаңғыбаспен көп күбірлесті,– деп ентіге жеткен келіншекті  байсалды бейне еріксіз іркілтті.

– Бірақ ол ағама мүлде ұқсамайды,– деді ол ұнжырғасы түсіп.

…Әккі адвокат қаңғыбастың  тілін тез тапты.

«Былтыр қыста ортамызға  Бақанастың құмынан бір жігіт келіп қосылды. Тапқанын ортаға салып жүретін. Қалай екені екеуміз оңаша қалғанда жылап отырып сырын ақтарды. Түсінгенім, бір байдың өзінен алты жас үлкен қызына үйленіп, бір қызды болыпты. Күндердің күнінде әйелі ағасымен бірігіп мұны айдалаға апарып тепкілеп тастап кетеді. Есін жиып, құмда жүргенінде  әйелінің ағасы қайта оралып, тағы өлтіруге әрекет етеді. Бірақ ажалы жоқ екен. Ессіз даладан оралған жігіт отбасы мен жақындарына сыймайтынын біліп қаңғыбастар арасында қалып қойған. Арада біраз уақыт өткенде әйелі мен әлгі алпауыт ағасын кездейсоқ көріп қалады. Бұл оларды, олар мұны бірден байқайды. Сол бейшараны жақында аласа бойлы бір әйел мен бойжетіп қалған қыз іздеп келді. Түк татырмаған соң біз де түк айтпадық.  Енді міне сен келіп отырсың» деп қаңғыбас тымырая қалды. Нені көксеп тұрғанын түсінген адвокат көк қағаздың тағы бірін қолына қыстыра салып еді:

– Оны  бұйра құмнан табасың, – деп жайына кетті. Бұл мағлұматтар  жеке тұлғаға қарсы қылмыстық құқық бұзушылыққа бұрып барады. Сондықтан  Болатты тауып сөйлессем күмәнім анықталар деген байламға келген адвокат Тұздыбастауға  тартты.

ххх

– Қылмыстық Кодекстің 28-бабы, 1-тармағында  «Ұйымдастырушы, айдап салушы жəне көмектесушi орындаушымен бірге қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылады» деп жазылғанын ұмытпаған  шығарсыз. Қылмыстық құқық бұзушылықтан қылмыскер ретіндегі сипатыңыз анықталып келеді  экс-тергеуші,– деді адвокат.

– Әкемнің беделінен қорыққан аудандық милицияның бастығы бірден тергеу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындаған еді.  Дос көп. Арақ ағыл-тегіл ағып тұр. Бір күні бейкүнә бір жігіттің мойнына ауыр қылмысты іліп жібердім. Кінәсіздігін қанша айтып шырылдағанына қарамадым. Жұмыстан кейін  сыраға бөртіп алып, Алматыда алшаңдай басып келе жатқанымда бір автокөлік дәл жаныма тоқтай қалып «Аға отырыңыз. Үйіңізге апарып тастаймыз» деді жүргізушісі ылпылдап. «Алдымен маған жүз грам..мм ..  аласыңдар. Сосын көрерміз» деп үйреншікті талабымды қойдым. «Айтқаныңыз болады» деп көлікке отырғызды. Одан арғысын білмеймін. Есімді жисам бұйра құмда түйелердің арасында жүрмін. Кешқұрым  шырттай киінген бір жігіт келді. Бірден таныдым. Кезінде тергеу изоляторында алдымда отырған баяғы бейкүнә жігіт.  «Бұл біріншіден Құдайдың, екіншіден менің кескен жазам. Осы құмды дала мекенің болады. Үйрен. Қашуға әрекет етсең жазаңа жаза қосылады. Ұқтың ба, мал. Сендер малмен бірге өсіп, малға айналған кеңестік мақұлықсыңдар, – деп бұрылып кетті.

Бармағымды шайнадым. Бірақ қолымнан келетін қайран жоқ. Қойшы, әйтеуір екі жылдан кейін бір түнде Алматыға апарып тастады. Адам баласына тіс жарып сыр ашпадым. Бірақ бұйра құм көз алдымнан кетпейді. Лицензиям жоқ болса да сыртқы елге адвокатпын деп өтірік айтқаныммен, кімнен кек аларымды білмей іштей аласұрып  жүргенімде қарындасым жылап келді. Күйеуім ұрды-соқты деген сөзінің біріне сенсем, екіншісіне сенбедім. Бірақ желеу болды. Одан арғысы өзіңе белгілі шығар,–  деп орнынан тұрған алпауыт  балпаңдап жөніне  кетті.

ххх

Бұл оқиғаның барлығы Дәнияның галлюцинацияға ұшыраған маскүнем  бауыры Жапаққа  мәлім еді. Барлығын бес саусағындай біледі. Бәле іздеп  туыстарын  сырттарынан қарап жүретін әдеті тағы  бар. Лауазымды қызметтен айырған осы ащы су ғой деп өшін арақтан алуға дәнігіп алғандықтан кейде не істеп,  нені бүлдіргенін  білмейтін қалге түскен. Ертесінде сол ісі тізбелене ойына түсетіні тағы бар.  Қиялданып отырып бір күні көршісінің автокөлігін мініп басы ауған жаққа  тартты. Есін жиғанда тете өскен ағасына үлкен ағасы мен қарындасының істегендерін  оның күйеуінің жағдайын бүге-шүгесіне дейін жайып салып отыр екен.

– Кеше  сол пәлені Бақанастың бұйра құмында қуаладым. Менен қашамын деп бір шұңқырға құлап, үні өшті,–  деді.

Анау шоршып түсті. Бірден полицияға тартты..

– Иә, ініңіз Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағымен сотталатын еді. Өкінішке орай өлген кісіге қылмыстық іс қозғалмайды. Заңға сәйкес жабылады, –  деді полковник.  Ол сүйретіліп сыртқа шықты. Біреу мүсіркей қараса, екіншілері келіп көңіл айтып жатты. Автотрейлерге тиелген көлік мыжылып қалыпты.

ххх

Талдықорғаннан шыққан жедел топ  бұрынғы Күрті ауданын бетке алды. Қасқа жолдан  бұрылған көліктен түсірілген иісшіл ит айналаны барлай қарап алып, жүгіре басып бұйра құмды белден асып, ен даладағы құдыққа тіреле тоқтап, арс-арс үргенде полицейлер құдыққа фонар жарығын түсіріп мойны қайрыла бүктетіліп жатқан  мәйітті тапқан. Моргте мәйіттің  денесін  жапқан ақ сейсепті кеуде тұсына дейін сыпырғанда оң иығындағы бармақтай мең, одан төменірек қара-көк теңбілдер  көзіне оттай басылған  Света бауырымдап алға атырылғанмен, полицейлер жібермеді.

– Анық Асхат. Кішкентай кезімізде меңді көбейтеміз деп мына теңбілдерді қалай түсіріп алғанымызды білмей қалғанбыз,–  деді қарындасы.

Аядай бөлмеде қарындасы  жоқтау айтып қалды. Құрысын. Қырсықтың бәрі «қиын адамдармен» кетсін деп ой түйген адвокат сыртқа беттеді.

Нұрбол Әлдібаев

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...