12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дулат ТАСТЕКЕЕВ, «ТASGROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы:«ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІН ӘЛЕМНІҢ БАЯҒЫ ҚАЛПЫНА КЕЛУІ ЕКІТАЛАЙ»

– Қазақстандық бизнес ғылымға, инновацияға бет бұруы үшін не істеу керек?
– Бұл үшін қазақстандық бизнес сол ғылымнан, инновациядан алатын пайдасын түсінуі керек. Оны күштеп,
қинап жасауға болмайды. Яғни, бұл бизнесті басқарып, жүргізіп отырған адамдардың өз білімі мен біліктілігін
дамытуына, жетілдіруіне байланысты. Бізде көп жағдайда бизнесті тікелей мемлекет қадағалайды, мемлекет қолдайды, мемлекеттің айтқанымен жүреді деген пікір қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Ал ғылымы мен инновациясы дамыған бизнестер батыста көбірек болатын себебі осы тарапқа деген сұраныстың болуында. Біздің Ұлттық экономика министрлігіміз бар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бар, басқа да өкілетті органдардың бизнесті ғылым мен инновацияға бағыттауы дұрыс. Себебі, ғылым мен инновацияны бизнеске кіргізу дегеніміз бұл өте қымбат және қаражат көп жұмсалатын үдеріс. Сондықтан да бұған жан-жақты көмек керек. Ең бастысы бизнесмендердің өзі осыған ұмтылғаны жөн.
– Қазақстанда озық технологиялық өнім түрлерін көбейтуге не кедергі?
– Ең алдымен озық технологиялық өнімдерді өндіре алатын кәсіпкерлердің жоқтығы кедергі. Одан кейін
кәсіпкерлер өндірген өнімінің әлемдік бәсекеге қабілетті болмауы кедергі. Өнім бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие болса, болашақта бұл тауар сұраныстан шығып қалмауы үшін кәсіпкер өз өнімін үздіксіз озық технологиялармен толықтырып тұруы керек. Ал, кеше көптің қалауы болған тауар бүгінде сұраныстан шығып қалса, онда бұл өз мүмкіндігін қолдан жіберген бизнесменнің кінәсі. Егер де өндіріп тұрған өнім қазіргі таңдағы бәсекелестікке төтеп бере алмайтын болса, оны елдің қалауындай жасау үшін қосымша қаражат тауып, озық технологияны өндіріске енгізу керек.
– Қаржылық қызмет көрсету нарығында биыл және алдағы 1-2 жыл көлемінде қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты біз көптеген салаларда қашықтан жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Сол сияқты қазіргі уақытта қашықтан сабақ алу, қашықтан семинар өткізу, қашықтан басқару, қашықтан тапсырма берудің арқасында оқушылар болсын, ұстаз, кәсіпкер, мемлекеттік қызметкерлер болсын әлемдегі ұсынылған әртүрлі онлайн қызметтерді үйреніп жатыр. Бұл дағдарыстан шыққаннан кейін көптеген қаржылық қызметтерде онлайн, яғни, ІТ технологиялардың көп қолданылуына әкеліп соғады. Оның болғаны жақсы. Әрине, онлайнның шығатын шығыны басында инвестиция секілді көп болатыны сөзсіз, бірақ кейін қолдану кезінде операциялық шығын аз болғандықтан, бұл қаржылық қызмет көрсету нарығында бағаның төмендеуіне әкелуі әбден мүмкін.
– Бюджеттің әлеуметтік шығыстарының ұлғаюы қажеттіліктен бе әлде мәжбүрліктен жасалып отыр ма?
– Жалпы мемлекеттің өзінің экономикасы тұрақты түрде өсіп отыратын болса әрбір мемлекет өз бюджетінің,
қазынасының көбеюіне байланысты әлеуметтік шығыстарды ұлғайту арқылы азаматтарының жағдайын
жақсартуға тырысады. Қазіргі сәттегі жасалып отырған шаралардың барлығы мәжбүрліктен деп ойлаймын.
Себебі, әлемде пандемия, экономикалық дағдарыс, әрбір елде карантин. Біздің елімізде де карантин. Көптеген адам жұмысынан, тұрақты табысынан айырылды. Сондықтан, қазіргі уақыттағы әлеуметтік шығыстардың ұлғайтылуын экономикамыздың мүлдем құлдырап кетпеуіне жол бермеу үшін үкімет тарапынан жасалған шаралар деп қабылдаған дұрыс.
– Ұлттық қордың қаржысын тиімді пайдалануға қатысты қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?
– Ұлттық қорды тиімді пайдалану дегеніміз осындай қиын-қыстау кезеңде үкімет тарапынан халыққа берілетін
қажетті көмектер. Халықты қолдау, бизнесті қолдау, инфрақұрылымды қолдау. Одан бөлек, ұлттық қордың
барлығын тек қана ақшалай қаражатта ұстап отырған жоқпыз ғой. Оның белгілі бір бөлігі құнды қағаздар немесе алтын сияқты басқа да заттарды сатып алу арқылы сақталады. Ұлттық қордың қаражаты салынған инвестицияларды үлкен тәуекелге бармай-ақ, жыл сайын тек белгілі бір деңгейде ұлғайтуды қамтамасыз еткен дұрыс деп ойлаймын. Одан кейін дағдарыстарда көптеген мемлекеттер инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін жұмыссыз қалған халықты жұмысқа тартуға шығарады. Сол үшін коронавирус пандемиясы аяқталған соң біз де елімізде ақсап тұрған инфрақұрылымның бірі саналатын қалааралық, облысаралық жолдарға қаржы бөліп, 1-2 жылдың ішінде үлкен күш салып, мықты жол құрылысы компанияларын тартып, орнына келтіретін болсақ осының өзі біздің экономикамыздың қарқынды дамуына өз үлесін тигізеді деп ойлаймын.
Инфрақұрылымды дамытуға ұлтық қор мен зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Ұлттық қорды қиналған кезде сүйеу болатын немесе инфрақұрылымды, елді алдыға қарай дамытуға бағытталған қор деп танимын. Егер де сол қаржының арқасында инфрақұрылымды жақсарту арқылы экономикамызда қарқынды даму болатын болса бұл ақшаны қолдануға болады. Ал, зейнетақы қорындағы қаржы халықтың болашақта зейнетақы алуға деп жинаған қоры. Қордың басты мақсаты осы қаржыны инфляциядан мейлінше қорғап, сақтап қалу. Сондықтан оны инфрақұрылымға бағыттаған кезде тікелей ұстата салмай, тиімді пайдаға асыратын операторға ұзақ мерзімді кезеңге қарызға берген пайдалы.
– Төтенше жағдайдан кейін ел дамуына серпін беру үшін қандай өзгерістер қолға алынуы мүмкін?
– Коронавирус індеті әлемде экономикалық дағдарыс тудырды. Дегенмен біз енді осы дағдарыс арқылы әлем
экономикасын, әлемдік қауымдастықты басқа бір кеңістікте көретін шығармыз. Себебі осы жағдайдан кейін әлемнің орнына қайтып келуі екіталай. Сондықтан да біз жаңа шарттарда, жаңа кеңістікте, жаңа қарым-қатынастарда өмір сүруді қамтамасыз етуіміз керек. Заманның өзгеруіне сай, төтенше жағдайдан соң орын алған сәтсіздіктерге сай бейімделіп, қарекет ете алмасақ, ел ретінде ілгерілеуіміз қиын.
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегенді қалай түсінесіз және оған өзіңіз жетекшілік жасайтын компанияның қосып жатқан үлесі қандай?
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеніміз, біріншіден, қарамағыңда жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің мейлінше жағдайын ойлау. Солардың жұмыс орындарының, жалақыларының жеткілікті болуын, жұмыс істеу уақытының дұрыс ұйымдастырылуын, қауіпсіздігін қолдан келгенше қамтамасыз ету. Одан кейін бизнестің өзі табысты, пайдалы болса, оның бір бөлігін қоғам, халықтың дамуына жұмсағаны орынды. Яғни, белгілі бір қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, одан бөлек қоғамға, әлеуметке пайдасы бар іс-шараларды қолға алған дұрыс деп ойлаймын. «TAS Group» компаниялар тобына кіретін барлық кәсіпорындар бірігіп «Assyltas» деген қоғамдық қор құрған едік. Сол арқылы біраз шараларға мұрындық болып жүрміз. Көпшілікке жария етпегенмен, кейбіреуін естіп те жатқан боларсыздар. Дегенмен,
бизнестің негізгі әлеуметтік жауапкершілігі мейлінше көбірек адамды дұрыс жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Сол арқылы еліміздегі көп жанұялардың табысты, бақытты болуына үлес қоса алсақ мақсатымыздың орындалғаны.
– Дағдарыстан кейін бизнестің дамуы үшін сыртқы және ішкі қаржы институттардан инвестиция тарту мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Бизнестің дамуы үшін инвестиция тарту әрбір кәсіпкердің негізгі жауапкершілігінің бірі. Сондықтан да ол дағдарысқа дейін болсын, дағдарыстан кейін болсын, дағдарыстың кезінде болсын инвестиция тарту мүмкіндігін әрқашан да арттыру керек. Бұл кез келген кәсіпкер біліктілігінің бір қыры. Біздің ішкі инвесторлар арасында да брокерлер арқылы сыртқы нарыққа қаржы салып жатқандары бар. Сұранысқа ие болатын болсақ ішкі нарыққа инвестиция тарту күшейеді. Көптеген инвесторлар, қор биржасында облигация сатып алатындар дағдарыс кезінде тартынып жұмыс істейтіні шындық. Бірақ, тәуекел еткен сайын көпшілігі үйінде отыра бермей қолындағы қаржысымен ақша табуға тырысады. Ендігі мәселе – экономикамыздың дағдарыстан қалай шығатынына байланысты. Өйткені, өзгерісті бақылап, қызығушылық танытып отырған сыртқы нарықтағы инвесторлардың бізге келуіне осы жағдай тікелей әсерін тигізеді.
– Отандық компаниялар әрдайым банк несиесінің жоғарылығын айтып шағымданады. Алайда, көп жағдайда олардың қожайындары акцияларының белгілі бір бөлігін сатып немесе құнды қағаздар шығарып қаржы тартуға болатынын білсе де, бұл мүмкіндікті пайдаланбайды. Неге?
– Бұл кәсіпкерлердің қаржылық сауатының төмендігінен болар. Сіздің айтып отырғаныңыз ШОБ өкілдерінің
сөздері. Себебі, біздегі кәсіпкерлердің басым бөлігі өнімді шығаруға, одан кейін оны сатуға барлық күш-жігерін жұмсайды да, қор биржасында, нарықта не болып жатқанына көп жағдайда мән бермейді. Акция шығару, ІРО жасау деген біздің кәсіпорындарда өте сирек кездеседі. Үлкен банктер болмаса Қазақстан нарығында ІРО жасаған кішігірім компания жоқ десем шындықтан алыстай қоймайтын шығармын. Одан кейін құнды қағаздардың қалай жұмыс істейтінін көп адам білмейді. Қор нарығы жақсы дамыған АҚШ-пен салыстыратын
болсақ, бізде сол құралдардың аз дамығандығынан көп жерде жұмыс істемейді. Бұған мемлекет кінәлі дей
алмаймыз. Себебі, осы бағыттағы қаржылық сауатымыздың төмендігінен біз ол құралдарды өзіміз ұсынып немесе оған сұраныс жасауға қабілетті болмай отырмыз. Ал, өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай сұраныс пен ұсыныс болмаған жерде, нарық болмайды.
Бала-шағамды үйлендіріп, баспанамды кеңейтсем деп азын-аулақ қаржысын банкте депозитке сақтап жүрген халыққа не кеңес бересіз?
– Кез келген адам тапқан табысының бір бөлігін үнемдеп, болашаққа сақтай алатын болса – бұл үлкен жетістік. Себебі, көптеген адамдардың табысы шығысын жаба алмағандықтан қиналып жатады. Адамның табысының шығысынан көп болуы әл-ауқатын арттыруға немесе қарапайым тілмен айтқанда баюға жасалған қадам. Халықтың түсінігі бойынша банктер біздегі ең сенімді қаржы ұйымдарының бірі ғой. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жұмыс істеуіне байланысты қолында артық-ауыс қаржысы болса банкке депозитке салған дұрыс. Егер баламалы түрде басқа жерге салатын табысты мүмкіндіктері болса өте жақсы. Ең бастысы қаржы пирамидаларына барып, ұрынып қалмау керек. Өткен жолы мысалы «Гарант 24», «Эстейт Ламбард» секілді қаржы пирамидаларына алданған бүкіл халық шулады. Оның алдында мен осындай қаржы пирамидаларына ұрынып қалмай, нақты жұмыс істеп жүрген құралдарға салған дұрыс деп әлеуметтік желіде өз ойымды айтқан едім.
– Табысты мүмкіндіктер туралы айтып қалдыңыз ғой, қарапайым азаматтарға қолындағы қаржысын тиімді басқарып, барынша көбейту мүмкіндігін іздеуге қатысты қандай кеңес бересіз?
– Ең бастысы қаржыны оп-оңай жоғалтып алуға жол бермеу. Яғни, қаржы пирамидаларының жасап
отырған қитұрқы тұстарына сеніп-нанып, өз қаржысын күмәнді операцияларға салмау маңызды. Қазақ мұндайда «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп тамаша айтқан. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында 15 млн теңгеге дейінгі қаржыға кепілдік берілген. Яғни, банктегі депозиттер ең бірінші кезекте тұрған сенімді құрал. Одан кейін көптеген облигация, акция түріндегі құнды қағаздар бар. Оны танып-білу үшін қаржылық сауатты арттыру керек. Адамның қаржылық сауаты артқан сайын жаңа табыс құралдарын көріп, қолданып, сол арқылы өзінің капиталын өсіруге жол ашады. Дегенмен де, Форекс қаржы нарықтарында осы құнды қағаздарды алып-сату бар. Бұл да казиноның бір түрі. Оған қатты кірісіп кететін болса білмеген адам оп-оңай көп қаржысын жоғалтып алуы әбден мүмкін. Жалпы кез келген нәрседе сақтық керек. Егер де өзіңнің біліктілігің жетпесе онда консервативті түрде аз болса да түсім беріп тұратын қарапайым құралдарға жүгінген дұрыс. Ал, «көп асаймын» деп түксіз қалмау үшін жоғары деңгейдегі құралдарға жүгірмеген жөн. Біздің компаниямыздың да қазіргі таңда теңгемен есептелген жылына 20 пайыздық облигациялары бар. «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIFC) тіркелген, тоқсанына 3 рет сыйақы төленеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

[ratings]

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...