Дроппер дегеніміз – алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Көп жағдайда дропперлер өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсінбейді. Өйткені алаяқтар дроппердің сеніміне кіріп, өз әрекетінің заңды екенін түсіндіріп, банк картасы арқылы әртүрлі адамдардың шоттарынан ұрланған, заңсыз алынған ақшаны аудару үшін пайдаланады. Олар дропперлер арқылы өздеріне ақша аудартып немесе қолма-қол ақша шештіріп алғанымен, өздері тасада қалады.
Дропперлердің мұндай аударым жасауға не үшін келісімін беретіні түсінікті. Өкінішке қарай, көп жағдайда алаяқтарға ақшаға мұқтаж студенттер, жұмыссыздар, егде жастағы зейнеткерлер алданады. Өйткені, алаяқтар ол азаматтарға банк картасын пайдаланғаны үшін ақшалай сыйақы береді. Осылайша дроппер өзінің алаяқтар ойластырған қылмысқа қатысушы екенін, өз банк картасы арқылы алданған адамның немесе ұрланған ақшаның аударылып жатқанын түсінбей де қалады. Бұл қазіргі уақыттағы алаяқтықтың жаңа заманауи әдісінің бірі.
Заң бойынша банк картасын атына рәсімдеген адам өзінің есеп шоты арқылы жасалған барлық банктік операциялар үшін, соның ішінде интернет немесе мобильдік банкинг арқылы логин, парольды қолданумен жасалған операциялар бойынша дербес жауапты болады. Сот тәжірибесі көрсеткендей қазіргі уақытта талап қоюшылар сотқа дропперден негізсіз иеленіп алған ақшаны өндіру талаптарымен жүгінуде. Талап қоюшылардың мұндай талабы Азаматтық кодекстің 953-бабына негізделген.
Аталған заң нормасында заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi алдыңғысына қайтаруға мiндеттi екендігі көзделген.
Азаматтық кодекстің 48-тарауының ережелерi негiзсiз баю мүлiктi иеленушiнiң, жәбiрленушiнiң өзiнiң немесе үшiншi тұлғалардың пиғылының нәтижесi не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады. Егер сотта азаматтық істі қарау барысында дроппердің есеп шотына ақша келіп түскені дәлелденсе және дроппер есеп шотына келіп түскен ақшаны алудың негізділігін дәлелдей алмаса, дроппер негізсіз иеленіп алған ақшаны қайтаруға міндетті. Жақында жергілікті сот негізсіз иеленіп алған ақшаны қайтару туралы қаралған іс бойынша дропперден 700 000 теңге өндірді. Азаматтық іс бойынша талап қоюшы Р. «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде тіркелген А. есімді менеджерге 3 дана ұялы телефонға тапсырыс берген. Телефонның жалпы құны 700 мың теңгені құрайды. Менеджердің сілтемесі бойынша талап қоюшы Р. жауапкер К-ның есеп шотына 700 мың теңгені Банктен несие рәсімдеп аударған. Белгіленген мерзімде тауар жеткізілмеген соң, талап қоюшы менеджерден тауар үшін төленген қаражатты «WhatsApp» желісі арқылы талап еткен. Алайда, менеджер А. талапты орындамаған. Талап қоюшы Р. сотқа жүгініп, жауапкер К-ның есеп шотына ақшаның түсуіне байланысты негізсіз иеленген ақшаны қайтаруды және сот шығындарын өндіруді сұрады.
Сот талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдау барысында Азаматтық кодекстің 953-бабын басшылыққа алып, талап қоюшының жауапкер ақша аударым жасағанын растайтын төлем түбіртегіне, жауапкердің өз есеп шотына талап қоюшыдан ақша түскенін, ол ақшаны үшінші тұлғаға аударғанын растап көрсеткен жауабына және талап қоюшы мен жауапкер араларында мәміле жасақталмағанына негіздеген. Демек, бұл тұрғыда сот жауапкер өз әрекетімен талап қоюшының есебiнен қаражатты негізсіз иеленiп алған деп дұрыс бағалаған. Сондықтан негізсіз иеленіп алған мүлікті жауапкер талап қоюшыға қайтаруы тиіс деген заңды шешім қабылданған.
Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін халықты ақпараттандыру маңызды. Қарапайым халық дербес деректерін ешкімге хабарламауы, бейтаныс үшінші тұлғалардың картасына ақша аударым жасамауы, дроппер туралы білуі керек.
А.АХМЕТОВА, Маңғыстау облыстық сотының судьясы