12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Досжан ӘМІР, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы: «АТА ЗАҢНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ БАБЫН ДҰРЫС ҚОЛДАНБАЙ ЖҮРМІЗ»

Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру – баршамыздың міндетіміз. Оған әркім өз шамасынша үлесін қосуда. Мәселен 23 желтоқсан күні Жоғарғы Сот М.Нәрікбаев атындағы заң университетімен бірлесіп республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгелі отыр. Заң шығару, адвокатура, прокуратура, құқық қорғау, сот саласындағы қазақ тілін қолданудың өзекті мәселелері талқыға түсетін жиынға Жоғарғы Сот судьясы, тіл жанашыры Досжан Сарманқұлұлының да шақырылғанын білдік. Айтулы жиында қандай мәселеге назар аударылады, қандай сауалдарға жауап ізделеді? Досжан САРМАНҚҰЛҰЛЫМЕН болған сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.

– Шығыстың атақты философы Конфуцийден шәкірттері: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» деп сұрапты. Сонда Конфуций ойланбастан «ұлттың тілін тәртіпке салар едім» дейді. Мұны естігендер қайран қалып, себебін сұрағанда: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс», – деген екен. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағын таразы басына салып, жетістіктер мен кемшіліктерді сараптау мақсатында Жоғарғы Сот пен Мақсұт Нәрікбаев атындағы заң университеті ұйымдастырып отырған шараның маңызы зор, мәні ерекше. Бүгінгі күні ел Президентінің әділетті Қазақстан құрудағы талаптары өте орынды деп есептейміз. Өйткені, Президенттің пікірі Конфуций секілді әлемдік деңгейдегі ойшылдың пікірімен тұспа-тұс келіп отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында, қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін тілге тиек етіп, Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі екендігін де атап өтті. Десек те, бүгінгі күні елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көңіліңізден шыға ма деген сұрақ қойылса, ең төменгі баға алатынымыз айдан анық.

– Соның ішінде заң шығарушы, сот билігіндегі мемлекеттік тілдің қолданысы қалай?

– Біртұтас биліктің – заң шығарушы және сот билігіне тоқталсақ, статистикадан көп нәрсені аңғарамыз. Мәселен, заң шығару мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін қабылданған заңдардың бар болғаны екеуі ғана мемлекеттік тілде жазылған. Бұл жалпы қабылданған заңдардың 0,1%-нан да төмен. Ал сот саласындағы қаралып жатқан істердің бар болғаны 29%-ы ғана мемлекеттік тілде. Бұл бүгінгі күнгі Ата Заңымыз айшықтап берген мемлекеттік тілдің егеменді еліміздегі қолданыс аясының өте төмен екендігін көрсетеді. Мемлекеттік тілдің атқарушы биліктегі қолданыс аясы да ешбір сын көтермейді. Оны Парламент қабырғасына келген министрлер мен олардың орынбасарларының, басқаны былай қойғанда өз айлықтары туралы мемлекеттік тілде мәлімет бере алмай, күмілжігенінен көріп отырмыз. Түрік ойшылы Бедретдин Далан: «Туған тіліңді қорғау – туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір азат етеріңе сенерсің. Ал тілің жауланса – бітті! Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын жоғалтып үлгерген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады. Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады», деген екен. Ал, Алаштың асыл азаматтарының бірі М.Жұмабаев «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті» деген. Бұдан артық мемлекеттік тілдің маңызына қатысты не айтуға болады?!

– Соңғы жылдары Ата Заңымыздың 7-бабының 2-тармағын алып тастау керек дейтін белсенділер көбейді. Бас құжаттың бұл бабында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Мемлекеттік тіл қолданысының төмендігін тек осы баппен байланыстырған дұрыс па?

– Меніңше, біз бүгінгі күнге дейін Ата Заңымыздың 7-бабының 2-тармағын дұрыс түсінбей жүрміз, соның салдарынан оны дұрыс қолданбадық. Себебі, бұл тармақта «мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ал сіздер мен біздер осы талаптың өзін өрескел бұза отырып, қазақ тілін түгелдей орыс тілімен алмастырып, оның орнына қолдандық. Өкінішке орай бүгінгі күні – жаңа Қазақстанда да дәл солай жалғасуда. Ата Заңның 7-бабынан бастау алған Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңның 4-бабына сай, мемлекеттік тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі делінген. Бұл қоғамда қазақ тілінің басқа тілдерден оқ бойы озық тұрып, басқа тілдер оның жетегінде жүруі керек екендігін көрсетеді. Өкінішке қарай іс жүзінде бәрі керісінше. Орыс тілі оқ бойы алда да, мемлекеттік тіл оның жетегінде. ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылады делінген. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығаруы керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерде де осындай талап қойылған. Бұл дегеніміз әу баста қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық істер тек қана қазақша жүргізілу керектігін көрсетеді. Алайда көптеген (қылмыстық, әкімшілік) істерде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден басқа шет тілдерге ауыстырғанда қаулы шығарылмайды: – құқық бұзушыға немесе күдіктіге істі мемлекеттік тілде жүргізуге болатындығын түсіндірмейді, тек алдын ала дайындалған, «мен орыс тілін білемін, істі орыс тілінде жүргізуге қарсы емеспін» деген бір жапырақ қағазға қолын қойдырып алады да, істі орыс тілінде жүргізе береді; – қаулы шығарылса да, ешбір уәж болмайды; – кейбір жағдайларда іс заңсыз орыс тілінде жүргізіліп, іс жүргізу тілін ауыстыру қаулысы тергеу амалдары басталғаннан бірнеше айдан кейін шығарылуы мүмкін. Бұл кемшіліктер прокурор мен сот тарапынан көп жағдайларда ескерусіз қалуда. Елімізде мемлекеттік тілдің біреу ғана екенін, оның қазақ тілі екенін ескере отырып, оған барынша басымдық беруіміз керек. Ол үшін жоғарыдағы заң талаптарын басшылыққа ала отырып, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді тек мемлекеттік тілде жүргізіп, бірлі-жарым мемлекеттік тілді білмейтін іске қатысушылар үшін іс жүргізу тілін өзгертпей, олар үшін аудармашыны тартуымыз керек. Сонда ғана іс қазақша жүріп, қазақ тілімен (аудармашы арқылы) орыс немесе басқа тілдер қатар қолданылып теңесіп, конституциялық принцип орындалады. Өкінішке орай, бүгінгі күні жоғарыда айтқандай орыс тілі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орнына қолданылуда. Бұл заңды бұрмалау және мемлекеттік тілге деген қиянат әрі әділетсіздік!

– Мемлекеттік қызметкерлердің, соның ішінде судьялардың да қазақ тілін жетік білмеуі қоғамда жиі талқыланады. Мемлекет атынан үкім шығаратын, мемлекетке қызмет ететін кадрлардың қазақ тілін білуін неге міндеттемейміз? Мұндай мықты талапты қолдануға не кедергі?

– Өкінішке қарай қоғамда мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтар көп емес. Бұл мәселе заңгерлер арасында да орын алуда. Сондықтан бұл мәселені де тез арада шешуіміз керек. Жоғарғы оқу орнына түсетін студенттерден бастап адвокатураға, тергеуге, прокуратура, сот саласына келетін үміткерлердің бәрінен мемлекеттік тілді білуді талап ететін уақыт жетті деп есептейміз. Бұрын қай мамандықты таңдасаң да жоғары оқу орнына түсерде орыс тілінен диктант жазу міндетті болатын. Бәріміз сол сатыдан өттік. Өскісі, білім алғысы келгендер орысшасын жетілдірді, сауатты жазуға тырысты. Мемлекеттік тілді өз биігіне шығарғымыз келсе, тәуелсіз Қазақстанның білім ордаларына қабылданатын шәкірттердің қазақ тілінде сауатты диктант жазуын міндеттеуіміз керек. Диктантты сауатты жазған адам, қазақша сауатты сөйлеуге де машықтанады. Мемлекеттік тіл мәселесі таразы басында тұрғанда жоғары талап қоюдан тайсалмау керек. Бізден басқа әлемнің ешбір елінде сол елдің мемлекеттік тілін білмейтін азаматтардың заң қызметкері оның ішінде судья болып жұмыс істей алмайтындығын баршамыз жақсы білеміз. Ал бізде неге олай емес? Себебі, біз әлі күнге дейін қоғамда мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудыра алмай отырмыз. Мемлекеттік тілді білмеген адам қарға адым аттай алмауы керек! Мемлекеттік тілді білмейтін адамның арты құз, алды жар болып, барар жері, басар тауы жоғын түйсінуі тиіс. Ал біз әлі күнге дейін үлкенді-кішілі жиында, көптеген істерді қарау кезінде де бір ғана өзге ұлт өкілі, немесе ана тілін білмейтін бірлі-жарым қандастарымыз үшін бәріміз орысша шүлдірлейміз, сондағымыз «ұят қой енді». Кейде өзге ұлт өкілдерінің қазақша майын тамызып сөйлеп тұрғанын көріп, сәлемдесуден арыға бара алмаған бауырларымыздың енжарлығына көңілің қалады. Осы жерде туып, осы жерде өскен, осында оқып, тәрбиеленген осы елдің азаматы атанған ол немесе олар мемлекеттік тілді білмегеніне ұялмайды, ендеше неге біз ұялуымыз керек? Ұяттың да орны бар емес пе?

– Сіз жоғарыда әкімшілік, қылмыстық істерді жүргізу барысында лауазымды тұлғалардың тарапынан мемлекеттік тілге байланысты заң бұзушылықтардың көп жіберілетінін тілге тек еттіңіз. Ал енді бұл кемшіліктерді жойып, келешекте болдырмау үшін соттар тарапынан қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Әрине, мұндай кемшіліктерге сот тарапынан міндетті түрде жекеше қаулылар шығарылу керек. Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, мұндай кемшіліктер үшін 2020 жылы – 134, 2021 жылы – 177, 2022 жылы – 433 жекеше қаулы шығарылған. Жалпы жоғарыда көрсетілгендей республика заңгерлері мемлекеттік тілге байланысты қолданыстағы заң талаптарын қатаң орындап, басшылыққа алатын болса мемлекеттік тілдің қолданыс аясын еселеп арттыруға мүмкіндік бар. Мысалы, 2016 жылы Ақмола облысы соттары жалпы қараған істердің бар болғаны 1,3% ғана мемлекеттік тілде болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17% жетті (яғни көрсеткіш 13 есеге артты). Бұл көрсеткішке қалай жетті? Ол үшін облыс соттары жоғарыда көрсетілген заң талаптарын өздерінен де, сонымен бірге басқа құқық қорғау саласы қызметкерлерінен де талап етті. Сондықтан сіздер мен біздер бір кісідей жұмылып, мемлекеттік тілге байланысты қолданыстағы заңдарды басшылыққа ала отырып жұмыс атқарсақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясы еселеп өспек. Тек ниет керек, батылдық керек, әрине, патриоттық сезім керек.

– Жаңа отандық соттарда қаралатын істердің 29 пайызы ғана мемлекеттік тілде екенін айтып өттіңіз. Сот отырыстарында кілең қазақ отырып орысша іс қаралғанына талай куә болдық. Арасында аудармашы көмегіне жүгінетіндер де бар. Дегенмен, осы аудармашылардың да біліктілігі көңілден шықпай жатады. Бұл бәлкім аудармашы қызметінің төмен бағалануына да байланысты шығар…

– Аудармашылармен іс қарау, әрине, біраз қиындық туғызады. Бірақ солай екен деп істерді мемлекеттік тілде жүргізуден бас тартуға болмайды. Біз қазақ тілінің қолданысын арттыруға көмектесетін барлық мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз. Жалпы, тергеу амалдарын жүргізетін лауазымды тұлғалар, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін үлкенді-кішілі прокуратура қызметкерлері мен аудандық сот судьялары бұл мәселеге келгенде принциптік танытпайды. Өкінішке қарай орталық мемлекеттік органдарда да осындай көзқарас қалыптасқан. Бабаларымыз Ел болашағы үшін қанын да, жанын да аямағанда, біздердің жай ғана маңдай терлейтіндей ауыртпашылдықтан қашқақтап ана тіліміздің болашағына балта шабуымыз қаншалықты дұрыс болмақ?! Міне, осындай принципшілдік танытпаудың салдарынан аудармашылар жұмысына қатысты да мәселе аз емес. Соның ішінде олардың білім деңгейі, тәжірибесі; еңбекақы төлемі де бүгінгі күні ешбір сын көтермейді. Аудармашылардың бұл проблемалары 30 жылдан астам уақыт бойы шешілмеуі жоғарыда айтқандай көптеген істерді жүргізу тілінің заңсыз орыс тіліне ауыстырылып аудармашысыз қаралуымен тығыз байланысты. Бізде мысалы «Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығындарын өтеудің кейбір мәселелері туралы» деген Үкімет қаулысы бар. Аудармашылар еңбегіне 2015 жылы қолданысқа енгізілген осы қаулыға сай қаламақы төленеді. Осы құжатта көрсетілгендей, қылмыстық істерде орысшадан қазақшаға немесе қазақшадан орысшаға аударма жасаған мамандардың бір сағаттық еңбегіне 1 АЕК-тің жартысы төленеді. Ал басқа тілден аударғандарға 1 АЕК-тен жоғары төлеу қарастырылған. Қазір 1 АЕК – 3063 теңге. Сонда қылмыстық іске қатысқан аудармашының бір сағаттың жұмысы 1530 теңге боп тұр ғой. Мұндай ақыға қандай білікті маман жұмыс істеуі мүмкін? Сот ісіндегі құжаттардың бір беттік аудармасы да 1530 теңге. Енді осыны нарықтағы аудармашылар еңбегімен салыстырып көрейікші. Міне, мәселе қайда! Бұл сұрақты бүгін, жаңа Қазақстанның патриоттары сіздер мен біздер шешетін уақыт жетті деп есептейміз. Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлі «ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ана тілді әрбіріміздің арымызға, ұятымызға теңеп тұр! Қандай керемет теңеу! Ал, осы екі қасиеті жоқ адамның қандай адам екені айтпаса да түсінікті емес пе?

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Cұхбаттасқан Айнұр САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,