12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Дос пен қастың арасы

Қалалық полиция департаментінің ұзын дәлізіндегі таңертеңгілік тыныштықты қысқа қара былғары күрте киген орта бойлыдан сәл ұзын жігіттің дабырлаған дауысы бұзды. Жылдам басып келе жатқан жасы отыздан енді асқан ер адам алдынан кезіккен қыз-қырқынмен қалжыңдасып, әріптес азаматтарды қағытып үлгеруде. Бұл полиция департаментінің тергеушісі Дастан Оспановтың күнделікті әдеті. Сондықтан оның әзіліне ешкім ренжімейді, қайта Дастан үндемей қалған кезде өздері: «тыныштық па, бәрі дұрыс па?» деп бәйек боп жатады.

  • Қайырлы күн? Бүгін қандай жаңалықпен «қуантасыңдар»?. Дастан есіктен кіре кабинетте бірге отыратын қос әріптесін қағыта бастады.
  • Адам өліп жатса да, шыбын шаққан құрлы көрмейсің, иә?, — деді Дастанмен жасы шамалас орта бойлы толық денелі, тікірейген қысқа шашты Серік қол беріп амандасып жатып.
  • Адам өмірге өлу үшін келеді. Ал біздің міндет марқұмның өмірден өз еркімен кеткен-кетпегенін анықтау. Қылмыскер мұраты – қашу, тергеуші мұраты –қылмысты ашу. Осыны айтып орнына жайғасқан Дастан қалтасынан темекісін алып тұтатты.
  • Дастан аға, кабинетте темекі шекпеңізші. Онсыз да ауа жоқ бөлмеде. Өткенде келістік қой? Заңды өзіңіз бұзасыз. Мұны айтқан үрпиген жұқа шашты, жіңішке келген сары жігіт — жақында ғана тергеуші болып жұмысқа орналасқан Мақсат.
  • Мақсат, есіңде болсын, темекі тартқан адамға ренжуге болмайды, онсыз да шылымқордың өмірі қысқа. Осылай деп төртбақ қара Серік қарқылдап күліп алды.
  • Учись, студент! Темекі түтінін будақтатқан Дастан: Қамшының сабындай қысқа ғұмырда қабақ шытпай өткеннен артығы жоқ, бала, — деп күлді. Олардың әңгімесін кезекшіден түскен телефон қоңырауы бөліп жіберді. Тұтқаны қойып Дастан: Кәне, пацан, бізді шаруа күтіп тұр. Тез жинал, — деді Мақсатқа қарап. Мақсаттың «не шаруа?» деген сұрағына Дастан есіктен шығып бара жатып «қымбат қонақүйдің нөмірін көрсетемін» деп жауап қатты.

«Эппл Резиденс» — қаладағы бесжұлдызды қымбат қонақүйдің бірі. Дастан мен оның серігі мінген көліктен олардың бұл қонақүйдің тұрақты келушісі еместігін байқауға болатын еді. Есік алдыннан бұлардан бұрын жеткен полицейлер қарсы алды.

  • Не жағдай?
  • Бір нөмірден әйел адамның мәйіті табылды. Бірнеше жерінен пышақталған,- деді полицей.
  • Куәлар бар ма?
  • Ешкім жоқ. Мәйітті бірінші боп нөмірді тазалауға келген әйел көріпті.

Дастан серігімен бірге нөмірге көтерілді. Кең де жайлы бөлменің ортасындағы үлкен төсекте әйелдің жансыз денесі жатыр. Шалқасынан көзі ашық күйінде қалған әйел ажарлы екен. Толқын шашты, жіңішке қияқ қасты, қыр мұрынды келіншек кімге не істеп қойды екен? Жібек матадан тігілген қара көйлегі, бриллиант тастармен көмкерілген сырғасы мен алқасы марқұмның ауқатты болғанынан хабар беріп тұр. Бірақ қазір әйелдің ажары да, қымбат киімі де, жұпар аңқыған иіссуы да, ақсарайдай қонақүйдегі мамық төсекте жатқаны да бекер, жалғанға айналған. Бәлкім талайдың тағдырын шешкен адам болған шығар? Сан еркек көзін сүзген сұлу әйел болғаны анық. Бірақ қазір оның бәрінен ештеңе қалмаған. Тіпті оның аты да белгісіз. Қылмыс орнына келген тәртіп сақшылары үшін ол жай ғана кезекті мәйіт қана.  «Қылмыскер тонау үшін өлтірмеген» деп ойлаған Дастан бөлменің ішін шолып өтті. Төңіректегі заттардың бәрі орнында. Арпалыстың ізі байқалмайды. Тек төсектің үсті ғана ұмар-жұмар болған.

  • Марқұм қашан және неден өлген? Дастан осында жұмыс істеп жатқан криминалистке бұрылды.
  • Ішінен, бауыр тұсынан 4-5 мәрте сұғылған пышақ жарақатынан көз жұмған. Шамамен 18:45-те болған оқиға,- деді жұмысын аяқтап жатқан криминалист. — Сосын пышақтаған адам солақай! Пышақтың бәрі оң жағынан сұғылған,- деп қосып қойды.
  • Кім екені анықталды ма?
  • Иә, Айгүл Айсина. Жасы 42-де. Қалада бірнеше сән салоны мен косметика сататын дүкендері бар бизнеспен айналысқан әйел.
  • Отбасына хабарластыңдар ма? Күйеуі қайда?
  • Хабар бердік. Күйеуі келе жатыр. Әйелін түні бойы іздеген көрінеді.
  • Мақсат, қонақүй қызметкерлерінен, әлгі бөлмені тазалайтын әйелден жауап ал. Сосын осындағы бар камераның жазбасын алдырт. Мен сені кабинетте күтем! Ал күйеуін жұмысқа алып келіңдер. Сонда сөйлесейік. Осыны айтып Дастан шығып кетті.

 

Дастанның кабинетіне ұзын бойлы, толқынды шашын артқа қайырған, арықша келген, сәнді әрі қымбат кәстөм киген орта жастағы еркек кіріп келді. Төңірегін бір шолып шығып: Сәламатсыздар ма?, — деп бөлмедегілермен еріне емеурінмен ғана амандасып: маған тергеуші Оспанов деген керек еді, — деді.

  • Иә, мен боламын. Келіңіз отырың,- деп Дастан алдындағы орындықты нұсқады.
  • Менің есімім Ермек Тайбеков болады. Айгүл Айсинаның күйеуімін.
  • Әәә, түсіндім. Әйеліңіздің қазасы қайырлы болсын!
  • Рақмет, — осыны айтып еркек тергеуші ұсынған орындыққа жайғасты.
  • Сізбен тергеуші сөйлесті ме?
  • Иә, сөйлесіп, жазып алды.
  • Соңғы рет әйеліңізді қашан көрдіңіз?
  • Кеше түстен кейін.
  • Не туралы сөйлескеніңізді айта аласыз ба?
  • Қашан босайтынын сұрадым. Ол тоғыздарға таман келетінін айтты. Тоғыз жарымнан бастап звондай бастадым. Айгүл көтермеді. Ол ешқашан кешікпейтін, бірдеңе болса бірден звондап ескертетін. Туыстарына да, құрбыларына да хабарластым. Түн ортасына дейін еш хабар болмаған соң, полицияға хабар бердім. Сосын… сосын осындай сұмдықты естідім. Еркек еңкілдеп жылап жіберді. Дастан басу айтып сабырға шақырды. Графиннен стаканға су құйып ұсынды.
  • Әйеліңіздің жаулары болып па еді? Бәлкім біреумен проблемасы болғанын айтқан шығар?
  • Айгүлде ме? Ол тірі жанға жамандық істемейтін адам. Керісінше, көмек сұрап келсе, аянып қалмаушы еді.
  • Мүмкін күндестері болған шығар?
  • Білмеймін. Бірақ ондай әңгімесін де естіген емеспін. Осыны айтып Ермек басын шайқады.
  • Жақсы, әзірге сұрақтарым жоқ. Бірақ керек болса мазалауымыз мүмкін, ол жағын түсінерсіз.
  • О не дегеніңіз? Айгүлімді өлтірген қанішерді тезірек тапсаңыздар? Қолымнан келге көмекті беруге дайынмын. Осылай деген Ермек, жан-жағына бір қарап алды да — Сізге бір өтінішім бар еді. Рұқсат болса жеке сөйлессек?,- деді. — Жігіттер, темекі шегіп келіңдерші,- деп Дастан кабинеттегілерге қарады. Олар шығып кеткен соң, тергеуші алдындағы еркекке бұрылды. — Тыңдап тұрмын?
  • Әйелімнің денесін моргтен алсам деп едім. Түсінемін қылмыс болды, сіздердің жұмыстарыңызға кедергі келтіруім мүмкін. Бірақ әйелімінің денесін сойдырмай, мұсылманша жерлегіміз келеді.
  • Бұл өтінішіңізді орындай алмаймын, өзіңіз айтқандай әйеліңізге қастандық жасалды. Бұл ауыр қылмыс. Оны ашу үшін мәйітке сараптама жасау керек. Заң да тыйым салады.
  • Білемін, бірақ біз үшін ол қымбат адам. Тым болмағанда ақтық сапарына сойдырмай, арулап жібергіміз келеді. Бәлкім бір жолын табарсыз, еңбегіңізді жемеймін,- деп Ермек қойнынан алып шыққан конвертті үстелге қойып Дастанға қарай сырғытты.
  • Бұл не?
  • Сізге рақметім болсын. Өтінішімді орындағаныңыздың өтемі деп біліңіз.
  • Қайғыңызды түсінемін, бірақ мынауыңызды алып кетіңіз. Сіз мені қылмысқа итермелеп отырғаныңызды білесіз бе?
  • Кез келген ережені айналып өтуге болады емес пе? Мен адамша өтініп тұрмын. Басымызға түскен қайғыға түсіністікпен қарауыңызды сұраймын.
  • Кешіріңіз, сіз шектен шығып барасыз. Қайталап айтамын, мына қылығыңыз мені заң бұзуға итермелеу,- соңғы сөзін нығарлап айтқан Дастан — дәл қазір мынауыңызды алып кетіңіз!,- деп әңгіме осымен бітті дегендей орнынан көтерілді. Ермек бір сәт терезе жаққа қарап басын шайқап мырс етті де — Сонда өміріңізде заң бұзып көрмедім дегіңіз келе ме?,- деп Дастанға қарады. Дастан үнсіз басын изеді. Ермек конвертті қалтасына салып алды да, күрсінгені не мырс еткені белгісіз бір дыбыс шығарды да, орнынан тұрып есікке бет алды.
  • Мен сізді аяп тұрмын. Мұндай қатып қалған принципіңізбен өмір сүрудің қандай қиын екенін білесіз бе? Әлі талай опық жейсіз ғой. Табалдырықта тұрып осы сөздерді айтқан Ермек есікті тарс жауып шығып кетті. Соңынан іле-шала кірген Мақсат оның ізінен қарап тұрып: Дәке, мына кісі ашулы ғой, тыныштық па?,-деп күліп сұрады.
  • Бәрін ақшамен өлшейтін пенде екен. Жарайды, не бітірдің?, — деп Дастан шаруаға көшті.
  • А, иә. Қонақүй бөлмесін жинайтын әйел бөтен ешкімді көрмеген. Есесіне ресепшнде отыратын қыз бөлмеге пицца әкелген жігіттің көтерілгенін айтты.
  • Таак! Кім екенін білдің бе?
  • Фирманы анықтадық. Ол жаққа хабарластым. Сол күні қонақүйге кімнің пицца апарғанын біліп берді. Бірер сағатта ол жігіт осында болады.

 

Ет асым уақытта тергеушінің кабинетінде шашы үрпиген, ұзын бойлы жіңішке жігіт отырды. Қорыққанынан дөңгелек көздері тіпті үлкейіп кеткен. Жағы пышақ жанығандай, өңі боп-боз жігіттің жүзінен әлденені оқығысы келгендей Дастан мұқият қарады.

  • Сонымен әйелді не үшін өлтірдің?
  • Қандай әйелді? Онсыз да не болғанын түсіне алмай отырған жас жігіт шоршып түсті.
  • Кеше қонақүйде өзің барған бөлмедегі.
  • Мен ешкімді өлтіргем жоқ, неге жала жабасыздар? Ерні дірілдеп кеткен жігіт жыларман болды.
  • Жақсы. Қонақүйдегі бөлмеде есікті кім ашты?
  • Бір әйел.
  • Одан басқа ешкім болмады ма?
  • Жоқ, ешкімді көрмедім.
  • Қанша уақыт болдың?
  • Әрі кетсе 5 минут. Ол басында менің келгеніме таңқалғандай болды.
  • Неге?
  • Тапсырысты басқа біреу жасағандай көрінді. Бірақ ақшамды берді де есікті жауып алды, бар болғаны сол. Камерадан көрсеңіздер де болады ғой, қашан кіріп, қашан шыққанымды?
  • Ол жағын уайымдама, тексереміз бәрін. Бірақ сен сол күні басқа тапсырыс алмапсың. Неге ертерек сұранып кеткенсің?
  • Бір себебі болды.
  • Қандай?
  • Жеке шаруаммен жүрдім. Бұл іске дым қатысы жоқ
  • Іске қатысы бар-жоғын біз шешеміз. Қазір сен кісі өліміне басты күдіктісің. Егер мәйіттің денесінен саусақ іздерің табылса, шаруам біттім дей бер. Кем дегенде 10 жыл арқалап кетесің, сен оны түсінесің бе? Дастан осыны айтып жас жігітке жақындап кеп үстінен төнді. Ол байқұс алақтап: қонақүйден шыққан соң бір танысыма барып едім. Сол растай алады,- деді аптығып. – Қандай таныс? Дастан ызғарлы дауысын одан сайын нығарлай түсті. – Көңілдесім еді. Сол күні күйеуі рейске кеткен. Дальнобойщик. Содан екеуіміз кездестік, сол үшін ертерек сұранып кеткем.

– Телефоны, мекенжайын қазір жазып бер. Ол «танысың» сөзіңді растап берсін деп тіле енді. Ал әзірге саусақ таңбаларыңды алып тексереміз. Ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып бересің! Дастан осыны айтты да көмекшісіне жігіттің көңілдесін тауып, одан жауап алуды тапсырды.

 

Кешкі 5-тер шамасында пицца тасушының өтірік айтпағаны мәлім болды. Бөлмеден ештеңе жоғалмаған, жігіттің бес минутқа кіріп шыққаны да рас. Оның үстіне тек есіктің тұтқасынан басқа жерлерден оның саусақ таңбалары табылмады. Есесіне бөтен біреудің саусақ іздері шықты. Бірақ қанша іздегенімен полицияның базасынан ондай саусақ таңбасының иесі шықпады. Дастан қонақүйде сол күні кезекшілік еткен қызды шақыртып алып тергеді. Ақырында бойжеткен сол кеште бір ер адамның дәл сол бөлмені сұрағанын есіне түсірді. – Бейнежазбадан тани аласыз ба?,- деп сұрады Дастан. – Иә, танимын,-деді бойжеткен. Екеуі қонақүй бейнекамераларының жазбаларын қарауға отырды. Сәлден соң: «Міне мына адам» деп бойжеткен саусағымен экрандағы бейнені көрсетті. – Анық осы ма? Дастан қыздан қайталап сұрады. – Иә, дәл осы адам,- деп қонақүй қызметшісі нық сеніммен жауап берді. Бойжеткенге рақмет айтып шығарып салған соң: Мақсат, тез арада кім екенін анықтау керек. Осы қазір кіріс,- деп Дастан Мақсатқа тапсырма берді. Басын изеген Мақсат «тістеген жоқпын, жей салыңыз, таңнан бері нәр татпаған шықпаған шығарсыз»  деп қолындағы дөнерін бастығына ұстатты да, апыл-ғұпыл киініп шығып кетті. Күні бойы қонақүйдегі бейнежазбаларды, марқұмға қатысты деректерді қараумен айналысқан Дастан: Расында да тамақ ішуді ұмытып кетіппін ғой,- деп ойлады да дөнерден бір тістеп, терезеге қарағанда сыртта қас қарайып кеткен еді.

Мақсат жұмысқа оралғанда түнгі он бірдің шамасы еді. Кабинетке кіргенде Дастан компьютер экранына үңіліп отыр еді. Ол тіпті мұның келгенін байқамаған да сыңайлы. Қасына жақындаған Мақсатты көрген соң, бірден:  немен қуантасың?,- деп сұрады.

  • Бейнежазбадағы адамның кім екенін анықтадық. Айбол Жұмаханов. 43 жаста. Бизнесмен. Ал ең қызығы марқұмның күйеуінің бизнестегі компаньоны болып шықты.
  • Таак! Ол қазір қайда екен?
  • Қалада
  • Ертең жауап алуға шақыру керек!
  • Жақсы. Нешеге шақырайын.
  • 9-ға. Осыны айтып Дастан сағатына қарады да, — Жоқ, 10-ға шақыршы. Жай бопты ғой. Бүгінге жетер. Үйіңе қайт. Демалайық,- деді.

 

Айбол Жұмаханов қаладағы танымал кәсіпкерлердің бірі еді. Құрылыс салатын, құрылыс заттарын шығаратын компанияларынан бөлек саудамен айналысатын фирмалары да бар. Бірақ тергеушінің алдына келген адамның ұсқынынан табысты кәсіпкерді тану қиын еді. Екі күннен бері ұйықтамаған түрі өрт сөндіргендей қап-қара боп кеткен.  Көзі қанталап, беті ісіген еркектің үстінен ішімдік пен темекінің  жүрек айнытар жағымсыз иісі мүңкіп тұр. Қымбат киімі болмаса, көшедегі маскүнем қаңғыбас дейтіндей. Дастан күдіктінің бас-аяғын мұқият шолып шыққан соң сұрақтарын қоя бастады.

  • Сіз Айгүл Айсинаны танисыз ба?
  • Иә, танимын. Бірақ бүкіл ойымен басқа жақта жүрген секілді күйде отырған еркектің бұл сөзі түсініксіз, мұрнының астынан шыққан міңгірге ұқсады.
  • Сіз Айгүл Айсинаны танисыз ба? Маған қарап, анық жауап беріңіз? Дастан сұрақты қайталап қойды.
  • Иә, танимын. Айбол осыны айтты да, тергеушінің жүзіне қарады. Тұманданған көзінен оның ішімдіктің не әлдененің мастығынан толық айықпағаны білініп тұр еді.
  • Айгүл Айсинаға қонақүйге не үшін бардыңыз?
  • Айгүл келуімді сұрап, ватсабыма жазды. Айбол ауыр күрсінді де, қалтасынан смартфонын шығарып шұқылай бастады. Сәлден соң, — Міне, мынау Айгүлдің жазғаны,- деп телефонын Дастанға ұсынды. Дастан смартфон экранынан «Айбол, қазір келші. Сөйлесу керек. Эппл Резиденс, 412 бөлме» деген жазбаны оқыды. – Сіз қай уақытта бардыңыз?,- деп Айболға қарады.
  • Шамамен алты жарым кезі болуы керек.
  • Айгүлмен не туралы сөйлестіңіз? Не үшін шақырыпты?
  • Сөйлесе алмадым… Мен келгенде ол…төсекте жатты. Жақындап барсам, үсті-басы қан-қан. Еркек соңғы сөзін тұтығып айтып, дірілдеп кеткен саусақтарын айқастырып қыса берді. – Темекі тартуыңызға болады, — деп Дастан шылым қорабын ұсынды. Айбол басын изеп рақмет айтты да, темекінің бір талын алып, тұтатты да, үсті-үстіне будақтатып тарта бастады. – Сонымен сізді неге шақырғанын да білмейсіз бе?,- деп Дастан сұрағын жалғастырды.
  • Білмедім. Сол күні кешке мейрамханада отыр едім. Айгүлден хат келген соң, бірден қонақүйге шығып кеттім.
  • Мейрамхананың аты қандай?
  • Айриш паб.
  • Ол жақта сізбен бірге кім болды?
  • Аида дейтін компаниямызда істейтін қыз. Ол Ермектің, Айгүлдің күйеуінің көмекшісі болып істейді.Ермек екеуіміз бизнесте әріптеспіз. Аида менің қай уақытта кеткенімді айтып бере алады.
  • Жақсы. Қазір оның нөмірін жазып қалдырыңыз, біз сөйлесеміз ол кісімен. Ал қазір мына қағазға қол қойыңыз. Сосын сіздің саусақ таңбаларыңызды аламыз. Екінші шылымды тұтатып отырған Айбол бұл сөзді естігенде Дастанға жалт қарады: Сонда Айгүлдің өліміне мені кінәлағалы тұрсыз ба?
  • Жоқ. Бірақ егер қонақүйдегі саусақ іздері сіздікі болса, онда сіз күдіктіге айналасыз!, — деді Дастан. Айбол орнынан атып тұрып – Басқа-басқа, мен ешқашан Айгүлге мұндай қастандық жасамаймын!
  • Неге?
  • Өйткені оған деген құрметім, көңілім ерекше еді. Ол менің…Сәл күмілжіп қалған Айбол – Ол мен үшін ең қымбат адам болатын,- деп көзін төмен салды.
  • Араларыңызда қандай қарым-қатынас болды? Дастан қарсы алдындағы еркектің әлденені жасырып тұрғанын сезгендей еді.
  • Ол менің жақын досым болды. Айгүлге титтей де қастық ойламайтынымды Ермек те, Айгүлдің туыстары да жақсы біледі.
  • Бірақ сіз кеткен соң ол бөлмеден шықпаған. Ал ең бастысы сіз кеткен уақыт шамасында оны әлдекім өлтірген. Күмәнді кездейсоқтық, солай емес пе? – Дастанның бұл сөзінен Айбол орнынан атып тұрды. – Шын кінәлі, артым қуыс болса, мен мұнда адвокатпен келетін едім,-деді дауысы дірілдеп. – Онда неге өзіңізге қымбат адамның өлгенін көргенде бірден полицияға хабарламадыңыз?, — деп Дастан да дауысын нығарлап сөйледі.
  • Қорқып кеттім. Айгүлдің өліп жатқанын көргенде не істерімді білмей қалдым… Айболдың дауысы кенеттен бәсең шықты. Көзін де төмен салып, орындыққа отыра кетті.
  • Неден?
  • Айгүлдің өлімін менен күдіктенеді деп ойладым. Оның жансыз денесін көргенде не істерімді білмей сасқалақтап, бөлмеден қашып шығыппын.
  • Қазір сіз басты күдікті болып отырсыз онсыз да!
  • Түсінемін, бірақ мұны істеген мен емес. Айбол өзінің шарасыз күйге түскенін, тығырыққа тірелгенін сезінгендей еді. Дастан оның осы кейпіне мұқият қарады да, — Мына хаттамаға қол қойыңыз. Қазір сізден саусақ іздерін алады.
  • – Мені қамайсыздар ма сонда?
  • Әзірге жоқ. Бірақ тергеу аяқталғанша ешқайда кете алмайсыз. Әзірге боссыз. Осыны айтты да Дастан серігіне кәсіпкердің саусақ таңбаларын алып қалуды бұйырды.

Дастан Айболмен бірге сол күні кеште мейрамханада болған қыздың нөмірін терді. Телефоны өшірулі екен. Жұмысқа да келмеген боп шықты. Үйінен де таппады. «Қызық екен, ешқашан жұмыстан себепсіз қалмайды деген адамның кісі өлімінен кейін ұшты-күйлі жоқ боп кетуі қаншалықты кездейсоқ дүние?» Дастан осы ойдың жетегімен жұмысқа келгенде, бірден кезекші бөлімге бұрылды. Ондағы жігіттерге қалада соңғы тәуліктен бері қарай табылған мәйіттердің ішінен жас әйелдің денесі шықса, бірден өзіне хабарласуын сұрады. Қыздың мобильді телефонының «ізі» қалған аймақтарға назар аударуларын өтінді. «Жасы 20-25 шамасындағы, орта бойлы, арықша келген, шашы ұзын, аққұба қыз». Осыны айтып  Дастан іздеген адамының суретін кезекшіге  көрсетті де: осындай адам табылса маған дереу қоңырау соға қойыңдаршы, қазір телефондарыңа суретін жіберемін, рақмет, — деп қош айтысты. Дәлізде қарсы алдынан Мақсат шықты. – Дәке, қонақүйдің бөлмесіндегі, сосын марқұмның денесіндегі саусақ іздері Жұмахановтыкі болып шықты. – Солай де, онда жүр, Жұмахановты қамауға алу туралы шешім шығару керек. Осыны айтып Дастан тезірек адымдап кабинетіне тартты. Тиісті құжаттарды толтырып, қол қойған соң, Дастан Мақсатқа Жұмахановтан жауап алуды жалғастыруды тапсырып, өзі киіне бастады. – Өзіңіз жауап алмайсыз ба?, — деп таңданыспен сұраған Мақсатқа: күдікті табылғанымен, сұрақ көп. Мен мотив іздеуге бара жатырмын,- деп жауап қатты да шығып кетті.

 

Тергеуші Оспанов марқұм Айгүлдің әпкесінің үйіне келді. Қаланың шетінлегі, тау бөктеріндегі зәулім үйдің есігін жасы елулердегі әйел ашты. Ұзын бойлы, сұңғақ бітімді, тостағандай көздерімен адамға тік қарайтын әйел Дастанға өз қатарынан жас көрінді. Дастанды қонақүйге шақырып, шай ұсынды. Әйелдің ұзын, сүйрік саусақтары үнемі күтім көретінінен хабар береді. Майнұр бұрын балет бишісі болған. Денесін тік ұстайтын әйел сынын да, сымбатын да бермеген. Қатал уақыт бұл әйелге келгенде аяушылық танытқан секілді. Бәлкім бұл келісті әйелдің өзі де уақытқа бағына бермейтін қайсар мінезді де шығар. Майнұр мен Айгүл ауқатты отбасынан шыққан. Ата-анасы кеңес кезінде жауапты қызметте болған. Қырымда, Қара теңіз жағасында, Бурабайдағы демалыстардан қалған суреттер кеңес кезіндегі балалардың арманындағы бақытты балалық шақтарынан хабар беріп тұр. Барлық жерде апалы-сіңлілер қол ұстасып түскен. – Айгүлім екеуіміз өте жақын едік. Сіңлім менің ең жақын сырлас құрбым болатын,- деді Майнұр көз жасын саусақтарымен іркіп алып.

  • Айтыңызшы, оның жаулары болуы мүмкін бе?
  • Айгүлдің бе? Көз жасын қайта-қайта тыюмен болған Майнұр мұрнын бір тартып алып: Жоқ, Айгүлімнің біреуге қиянат жасауы, өзіне қас тауып алуы мүмкін емес. Ешқашан ондай әңгімесін естіген емеспін.,-деп басын шайқады.
  • Айтыңызшы, сіз күйеу балаңыздың әріптесі Айболды танисыз ба?
  • Әрине, олар бәрі қатар оқыған. Студент кездерінде Айгүл екеуі жүріп жүрді.
  • Ә, солай ма?,-деді Дастан таңданысын жасыра алмай.
  • Міне, мынау Айбол екеуінің сол кездегі суреті.,- деп Майнұр бір ескі суретті алып көрсетті. Дастанға суреттен күлімсіреп тұрған жап-жас қыз бен жігіт қарап тұрды. – Екеуі үйленетін шығар дейтінбіз. Бірақ кейін бір себептермен екеуі айырылысып кетті. Сосын Айбол соңғы курста бір жылға студент алмасу бағдарламасымен шетелге кетті. Ал Айгүл Ермекке күйеуге тиді ғой,-деп Майнұр сөзін жалғастырды. Ермек пен Айбол екеуі жақын дос еді. Кейін тойларында Айбол қызып алып шатақ шығарғаны есімде. Бірақ артынан татуласып, екеуі тіпті бірге бизнес бастады.
  • Сізге мұны есту ауыр болар, бірақ бүгін біз Жұмақановты қамауға алдық!
  • Не үшін? Майнұр Оспановқа таң қалғанын жасыра алмаған үлкен көздерімен жалт қарады?
  • Жұмақанов сол күні Айгүл болған қонақүйге барған. Бөлмеден соның саусақ іздері табылды. Енді ол басты күдікті болып отыр.
  • Сұмдық ай! Орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кеткен Майнұр естіген сөзіне сенбеген адамның кейпімен басын шайқай берді: Мүмкін емес! Басқа басқа Айболдың ондайға баратынына мен сене алмаймын,-деп тергеушіге қарады.
  • Қолдағы айғақтар әзірге соған көрсетіп тұр. Сол үшін де сіздің көмегіңіз керек! Ойланып көріңізші, бәлкім Айгүл біреумен ұрысып жүргенін айтқан болар? Бәлкім алдыңғыкүні сізбен сөйлескенде көңіліңізге күдік келген бірдеңе болар? Дастан әйелге бар зейінімен сұрауының жауабын күтті.
  • Жо-жоқ, Айгүлдің ешқандай жаулары болған емес. Жалғыз ғана  соңғы кездері күйеуімен қатты ұрсысып жүрді.
  • Не үшін екенін білесіз бе?
  • Айгүлжан отбасының мәселесіне келгенде көп нәрсені жасырып қалатын. Бірақ Ермекпен араларының дұрыс емес екенін байқайтынмын. Тіпті бірнеше рет қол жұмсапты. Оны кейін білдім. Онымен сөйлесуге оқталғанмын. Бірақ Айгүл отбасындағы мәселеге араласпауымды сұрап, шыр-пыр болған соң қоя салдым. Бірақ соңғы кездері Айгүл ажырасу туралы да айтып қалды… Осы сәтте Дастанның көзі Айгүл мен Ермектің бірге түскен суреттерге түсті. Ерлі-зайыптылар мұнда бақытты көрінеді.
  • Айгүлім саяхаттағанды жақсы көретін. Ермек екеуінің балалармен бірге бармаған елі жоқ. Мынау Барселонаға барғандағы суреттері. Ермек достарымен бірге футбол ойнайды. Барселонаның бір ойыны үшін алдын ала билет сатып алып, тіпті бір маңызды жұмыстарын қоя салып, қыс ортасында Айгүл, отбасылық достары бәрі бірге бірнеше күнге барып келген. Майгүл қолындағы суреттегі сіңлісінің суретіне қарап қыстығып жылап жіберді. – Күнім ау, саған қастық істеген қандай адам? Біреуге жақсылық жасамасаң, жаман сөзге де қимайтын едің ғой? Өміріңді қиған қандай жауыз?, — деп еңкілдеп жылап жіберген әйелді Дастан аяп кетті. «Бекем болыңыз» дегенен өзге жұбатуға сөз таппаған Оспановты шырылдап қоя берген телефоны құтқарғандай еді. Хабарласқан Мақсат екен. Алматының шетіндегі көлдің бірінен түр-әлпеті өздері іздеп жүрген Аидаға ұқсас келіншектің мәйіті табылыпты. Дастан Майнұрмен тез қоштасып, үйден шыға бергенде есік алдында Ермекпен кезігіп қалды.
  • Ассалаумағалейкүм! Ермек тергеушіні аса жақтыра қоймаған кейіппен салқын амандасты. «Уағалейкүмассалам» деп сыртқа шыға бергісі келген Дастанды Ермектің әйеліне қатысты тергеудің не болып жатқаны туралы сұрағы тоқтатты. – Жұмыс істеп жатырмыз!,- деп қысқа қайырды Дастан.
  • Айболды неге ұстадыңыздар?
  • Ол әзірге басты күдікті.
  • Оның өлтіруі мүмкін емес!
  • Ол жағы тергеу аяқталғанда көреміз,- деп Дастан Ермектің бетіне қарады да: Бетіңізді қайда жаралап алғансыз?,- деп өзіне сұрақ қойды. – Ә, үйдегі мысық кеше тырнап алды,-деп әлі қанталап тұрған сызық жарасын қолымен жапқан Ермек: Жарайды, жолыңызды бөгемейін, мен Айгүлд жерлеу жағын ақылдасайын деп келгем, — деп ішке қарай беттеді.

 

Алматының шетіндегі көлдің жағасына жеткен Дастанды көмекшісі Мақсат қарсы алды. Ол бірден мән-жайды баяндауға көшті.

  • Көл жағасына келген жас балалар көріпті. Біреуі ойнап жүріп екіншісінің қолсағатын суға түсіріп алған. Соны іздейміз деп сүңгіп жүргенде су түбінен мәйіт тапқан. Қорқып, ата-аналарына хабарласқан. Олар бізді шақырған,- деді Мақсат. Дастан полиэтилен қапшыққа салынған мәйіттің жанына жетіп барып, бетін ашты да: Аида!,-деді. – Иә, ұқсайды. Қазір туыстарын шақырттық. Егер сол болса қонақүйдегі өліммен байланысты болуы мүмкін бе?,- деп Мақсат Оспановқа қарады. Дастан үндеместен мәйіттің денесін мұқият шолып шықты. Денесінің оң жағында кішкентай бірнеше тіліктің ізі көрінді. – Криминалист тезірек қарап, маған бүгіннен қалдырмай қорытындысын айтсын,-деді де Дастан марқұммен ең соңғы боп сөйлескен адамды табуды тапсырды. Сосын марқұмның үйін қарап шығуды, қаладағы бейнекамералардың жазбасын көшіріп әкелуді бұйырды.

 

Дастан кабинетіне келгенде марқұмның расымен де Аида Мусина екені белгілі болды. Аида көрікті қыз болатын. Жиырма бірдегі бойжеткен қаладағы ірі компанияның біріне жалақысы жоғары жұмысқа орналасқан. Дастанның алдында қызбен соңғы рет тілдескен адам отыр. Шашынан бастап қас-көзі, тырнағына дейін түгел боялған, кірпігіне қалың жағылған бояудан көзі әзер көрінетін бұл бойжеткен Аиданың ең жақын құрбысы болып шықты.

  • Сіз соңғы рет телефон шалғанда не туралы сөйлестіңіздер?
  • Клубқа барайық дегем.
  • Ол не деді?
  • Бара алмаймын деді. Сол күні біреумен кездесетін болды.
  • Мына кісіні танисыз ба? Дастан бірнеше суретті алып шығып, қызға ер адамның суретін нұсқады.
  • Жоқ, көрген емеспін. Зато, мына адамды Аидамен көргем,- деді қыз.
  • Шатасып тұрған жоқсыз ба? Мұқият қараңыз. Дастан қызға бір, суретке бір қарады. – Мен шатасып тұрған жоқпын. Бұл кісімен бір-екі рет клубта бірге болғанбыз. Аиданың спонсоры еді. Туған күнінде салоннан жап-жаңа машина сыйлап, бірге тойлағанбыз!,- деп бойжеткен сенімді түрде басын изеді. – Ал мына адамды танымайсыз, иә? Дастан тағы мәрте бірінші еркектің суретін нұсқады.
  • Қазір бірінші рет көріп тұрмын бұл кісіні! — Жақсы. Рақмет. Мақсат, қонағымызбен әңгімелесе берші. Камералардың бейнежазбалары дайын болғанша, мен бір адаммен сөйлесіп келейін,- деді де асығыс жинала бастады. Айтпақшы, Мусинаның көлігінің нөмірін біліп, қайда және кіммен жүргенін анықта!, — деп шығып кетті.

Дастан шыққан бетінде, мана компьютер экранынан теріп алған нөмірге телефон соқты. — Алло. Сәламатсыз ба? Бұл тергеуші Оспанов… Иә, Айгүл Айсинаның ісін тексеріп жатқан тергеуші. Сізбен сөйлесетін шаруа болып тұр. Қазір қайдасыз?… Жақсы, жарты сағат ішінде боламын. Сау болыңыз!  Дастан келген мекенжай қаладағы ауқатты адамдар тұратын аудан еді. Төңірегіндегі үйлер секілді екіқабатты етіп салынған үйдің ауласы атшаптырым екен. Ортада мәрмәр тастан өрілген түрлі фигуралардан су атқылайтын субұрқақ тұр. Бірнеше жеңіл көлік те иесінің бай тұратынынан хабар береді. Есікті үй иесінің өзі ашты. Бұл Ермек еді.

– Шұғыл өзіңіз келгенге қарағанда, бір үлкен жаңалығыңыз бар сияқты ғой?, деді Ермек қонағын жұмыс кабинетіне кіргізген соң. Төңірегін шолып қарап тұрған Дастан: — Кабинетіңіз керемет екен деді. – Рақмет, бірақ сіз менің кабинетімді көруге келмеген боларсыз?, деді Ермек. – Иә, әрине. Текке мазаламаймын. Бір стакан су бересіз бе? Шөлдеп тұрмын,- деді Дастан.

Ермек су алып келгенде Дастан ағаш жақтаулары қолдан ойып өрнектелген шкафта ұқыптап жиналған, көлемі мен ұзындығына қарай тізілген аңшы пышақтарын тамашалап тұрған еді. – Аңға шығасыз ба?, деп сұрады Дастан үстелге стаканды қойып жатқан Ермектен. – Өте сирек. Мынаған қарап айтсаңыз, бұл менің хоббиім,- деді Ермек қанжарларды меңзеп. — Қолдан жасалған қанжарды бала кезімнен жинаймын. Бұл — менің коллекциям! Сонымен, қандай шаруамен келдіңіз? Ермек тергеушіге мұқият жүзбен қарады.  – Сіз Аида Мусинаны танисыз ба?, — деп манадан бері шкафқа қарап тұрған Дастан Ермекке бұрылды.

  • Иә, ол менің көмекшім. Жайша ма?
  • Екеуіңіздің араңызда қандай-қарым қатынас болды?
  • Қызық сұрақ екен! Кәдімгі жұмыс барысындағы қатынас. Мен сізді түсінбей тұрмын, — деді Ермек.
  • Кешіріңіз, ойымды дұрыс жеткізбеген сияқтымын. Жұмыс ауыр, шаршайсың, — деп Дастан күлген болды. – Айтайын дегенім, бүгін көмекшіңіз өлі күйінде табылды.
  • Не? Аида? Сұмдық ай! Біз кешеден бері оны таппай жүрміз! Қалай болған?
  • Біреу оны өлтіріп, денесін суға тастаған!
  • Қалай таптыңыздар?
  • Балалар кездейсоқ көріп қалыпты.
  • Бейшара қыз ай! Жап-жас еді. Обал ай. Айгүл, енді міне мына қыз. Бұл не боп кетті өзі?,-Ермек басын шайқап, күрсінді де Дастанға қарады.
  • Мүмкін сіз бірдеңе білерсіз?
  • Өкінішке қарай, Аидамен тек жұмыс барысында ғана сөйлестік. Тіпті не дерімді білмеймін.
  • Жарайды, онда мазаңызды алмайын. Әйеліңізді ақтық сапарға шығарып салам деп жүргенде кедергі келтірмейін. Тек, бір өтініш, Айгүлдің тағы бір телефоны болған екен. Соны алсақ? Бәлкім, сол жерден бір ілік тауып қалармыз?
  • Әрине, қазір әкеп берейін, күте тұрыңыз — деп Ермек екінші қабатқа көтерілді. Сәлден соң телефонды алып келіп: Тек оны қалай ашу керегін білмеймін, — деп иығын көтерген Ермекке: Бірдеңесін табармыз, рақмет,- деді Дастан. Есіктің алдынан шығып бара жатып: Айтпақшы, мысығыңыз қалай, көрінбейді ғой,-деп сұрады. – Мысықты туыстарыма беріп жібердім. Інімнің қызы көптен бері қызығып сұрап жүр еді,-деген Ермек: тезірек Айгүлді, енді міне Аиданы өлтірген адамды табуыңызды тілеймін деп қалды.

 

Дастан жұмысқа қайтып келгенде Мақсат бейнекамера жазбаларынан марқұм бойжеткеннің көлігі түскен тұстарды қиып алып, дайындап қойыпты. – Дәке, Аиданың көлігін қаланың басқа шетінен таптық. Криминалистер түгел қарап шықты. Айтпақшы көлікті сол күні басқа адам айдаған. Көл жақтан да көлікті сол адам айдап қайтқан., — деп Мақсат Дастанды маңызды жаңалықпен қарсы алды.

– Кім ол? Түрі көріне ме?

  • Өкінішке қарай, жоқ. Тек кепка киіп, қара көзілдірік таққан ер адам.
  • Қане, қане. Дастан компьютердің алдына жайғасып жатқанда Мақсат: Жұмаханов кінәсін әлі мойындаған жоқ. Әзірге белгілісі соңғы кездері компаниясында үлкен проблемалар болыпты. Ірі сома жоғалған. Бизнесінде түсініксіз жағдайлар орын алған. Марқұм Айгүлмен осы жағын сөйлескен көрінеді. Тіпті ол қарыз бермек болған екен. Бәлкім ақша алып, соны қайтарғысы келмей өлтірген шығар?, — деп өз болжамын айта бастады. – Мүмкін, бәрі де мүмкін,- деген Дастан бейнежазбадағы көліктің рүлінде отырған адамның сұлбасына мұқият үңілді. Осыған ұқсас бейнені қайдан көрдім деген сұрақ Дастанды мазалай бастады. Қайдан және қашан? Осылай күбірлеп өзіне сұрақ қойып отырған тергеуші кенет: Макс, қане қонақүйдегі жазбаларды көрсетші, тездет!, — деп айғай салды. – Бірдеңе таптыңыз ба, не болды?,- деп ештеңені түсінбеген Мақсат компьютерден сұратқан бейнежазбаны тауып берді.  Қане, қане, қайдасың, белгісіз жан?, — деп өзімен өзі күбірлеп отырған Дастан сәлден соң: Дәл өзі! Осы адам екеніне еш күмәнім жоқ!,-деп тағы айғай салды. Шай ішіп отырған Мақсат дереу жанына жүгіріп келді.
  • Таптыңыз ба?
  • Мынаны қара!, деп Дастан қонақүйден алынған бейнежазбадағы адамның бейнесін нұсқады. Не байқап тұрсың? – Охх, ёлки! Сақалы бар демесең, мынау көліктегі адам ғой! Кепкасы да сол!, — деп Мақсаттың да дауысы қатты шығып кетті.
  • Виска эль Барса!,- деп Дастан санын шапалақтап жіберді.
  • Дәке, не айтып кеттіңіз,- деді Мақсат тергеушінің бұл қылығын түсінбей.
  • Макс, сен футболға қызығасың ба?
  • Жоқ, қызықпаймын, — деп Мақсат мұны не үшін сұрағанын түсінбеген кейіппен аңтарылып қарады.
  • Бекер. Футбол денсаулыққа пайдалы, ал кейде сен сияқты тергеушінің жұмысына да көмектеседі.
  • Сәл шыда, қазір бәрін түсінесің, — деп Дастан әріптесіне көзін қысты. Осы кезде кабинетке криминалист-сарапшы кіріп келді. Оны көре салысымен дастан: Қане бауырым, қандай жаңалықпен қуантасың?,-деп орнынан түрегелді.
  • Сіз әкелген нұсқамен, қонақүй бөлмесіндегі саусақ іздерінің біреуі тура шықты.
  • Бинго! Қос алақанын бір біріне сарт еткізіп ұрған Дастан Мақсатқа бұрылып: Ал студент, қауіпті қылмыскерді ұстауға дайынсың ба!, — деп тағы көзін қысты.
  • Түк түсінсем бұйырмасын! Айтып өлтірсеңізші, тым болмаса, — деп Мақсат қабағын шытып, бұртиды.
  • Асықпа, бәрін өз көзіңмен көресің, әрі естисің. Тек маған сәл уақыт, сосын бірақ мәлімет керек. — деді Дастан күлімсіреп.

 

Полиция тобы ертесіне Айгүл марқұмның үйіне келгенде мұнда біраз адам жүр екен. Айгүлді ақтық сапарға шығарып салуға жиналған жұрт мәйітті күтіп отырғанға ұқсайды. Бұларды көріп Айгүлдің денесін әкелді ме деп ойлап қалыпты. Оларды көріп Ермек – Тыныштық па? Біздің үйге келуді жиілеттіңіз ғой?,- деп сұрады Дастаннан. – Мүмкін болса, кабинетіңізде сөйлессек, бәрін сол жерден білесіз, — деді Дастан.  Тәртіп сақшыларын кабинетіне кіргізіп, есігін жапқан Ермек Дастанға бұрылып: Құлағым сізде,-деп сұраулы жүзбен қарады. – Сізді әйеліңіз Айгүл Айсина мен көмекшіңіз әрі көңілдесіңіз болған Аида Мусинаны өлтірді деген күдікпен қамауға аламын. Адвокат шақыртуға толық құқығыңыз бар, — деді Дастан қатулы жүзбен.

  • Сіз қалжыңдап тұрсыз ба?,- Ермек ышқынып жіберді. Оның бет-әлпетінде үрей мен әбігердің әрі таңданыстың белгісі тұр еді. Бұл бөлмеде таңданған жалғыз Ермек қана емес еді. Дастанның серігі Мақсат та әріптесіне сұраулы жүзбен қарады.
  • Әзілдейтіндей мен қылжақбас емеспін. Оның үстіне екі бірдей адамның өлімі қалжыңдайтын мәселе емес!, — деді Дастан науысын нығарлап.
  • Қызық екен? Сонда сіз мені өз әйелін өлтірді деп тұрсыз ба?
  • Көңілдесіңізді де!
  • Оо, қызық енді басталды. Сонда не үшін өлтіріппін оларды? Ермек кекесінді түрмен Дастанға қарады да, былғары креслосына жайғасты. – Ал, тергеуші мырза, қиын болмаса айтып беріңізші, мені ұстау ешқайда қашпас, алдымен сіздің неге осылай шешкеніңізді білгім кеп тұр, — деп Дастанға қарама-қарсы орындықты нұсқады. Дастан орындыққа жайғасты да Ермектің жүзіне қарады. – Жақсы, қызық болса, айтайын. Біріншіден, әйеліңіз өлтірілген күні қонақүйде және кейін Аида Мусина қаза тапқан күні оның көлігінде болған — бір адам. Ол еркек «Барселона» футбол клубының кепкасын киген. Дәл сондай кепканы мен сізден көрдім!
  • Аха-ха-ха. Ермек қарқылдап күліп жіберді. Сонда сіз кепкаға бола менен күдіктеніп тұрсыз ба? Мен сізді соншама аңғал деп ойламаппын!
  • Асықпаңыз! «Хорошо смеется тот, кто смеется последним» деген. Дастан қабағын түйді. – Ол адам бұған дейін де бірнеше мәрте сол қонақүйде болған және оның есімі қонақүй базасында сақталып қалыпты. Ал оның аты-жөні кім екенін мен айтпай ақ біліп отырған боларсыз?
  • Сандырақ! Ермек айғайлап жіберді. Оның айғайына бір-екі туысқаны жүгіріп келді. Ермек оларға кабинеттен шыға тұруларын өтінді де, Дастанға қарап: Бар айтарыңыз осы ма? Бұл дәлеліңізді адвокатым тас-талқан етеді!, — деді ызбарланып.
  • Асықпаңыз. Мен енді бастадым,- деді Дастан. – Мен үйіңізге осының алдында келгенімде, су сұратқаным есіңізде болар? Стакандағы саусақ іздеріне жасалған сарапатама қонақүйдегі бөлмеден, мәйіттің денесінен табылған таңбалармен бірдей екенін көрсетті. Айтпақшы Ермек мырза, сіздің қанжарлардан тұратын коллекцияңызда бір пышақтың қайда екенін айта аласыз ба? Оны мен айтайын, дәл сол пышақпен сіз әйеліңіз бен көңілдесіңізді өлтірдіңіз. Сөйтіп ол аңшы пышағынан құтылмақ болдыңыз. Бірақ сіздің өкінішіңізге қарай, ол пышақ біздің қолымызға түсті. Сараптама қылмыс құралы дәл сол пышақ болғанын және одан сіздің саусақ таңбаларыңызды көрсетіп беретініне еш күмәніңіз болмайтын шығар?! Айтпақшы, сіздің бетіңіздегі жара да қылмысыңызға дәлел. Кейін медициналық сараптама бетіңізді Аиданы өлтірмек болып арпалысқанда жарақаттап алғаныңызды дәлелдеп береріне шүбәм жоқ. Ал сіз маған «мысық тырнап алды» деп өтірік айттыңыз. Тергеуші осы сөздерді айтып жатқанда Ермекті суық қара тер басып кеткен еді. Тынысы тарылып, ауа жетпегендей көрінді. Ентіккен адамша креслосында ілгерінді-кейінді қозғалақтап: Қиялыңызда шек жоқ екен, — деп күлгенсіді. Бірақ онысы күлкіден көрі салы суға кеткен бейшараның кейпіне ұқсады.
  • Қиялы мықты мен емес, сіз екенсіз. Әйеліңізді, сосын көңілдесіңізді өлтіруді о бастан ойластырдыңыз. Көңілдесіңіз арқылы қонақүйден бөлмеге тапсырыс бергіздіңіз. Және бейнебақылау камералары көрмейтін тұстағы бөлмені таңдадыңыз. Сосын әйеліңізге кешке сол жерде кездесуді сұрадыңыз. Әйеліңізден бұрын барып, оны күттіңіз. Сол жерде алдымен әйеліңізді байлап тастадыңыз да, оның телефонынан әріптесіңіз Айболға Айгүлдің атынан хат жаздыңыз. Ол келеді ау деген уақытта Айгүлді пышақтап тастадыңыз. Сондағы ойыңыз өзіңізді досым деп жүрген Айболды күнәлі ғып көрсетіп, түрмеге отырғызу еді. Нөмірге пицца алдыруды да ұмтыпадыңыз. Сөйтіп тергеуді біраз шатастырғыңыз да келді. Кейін Айболдың көңілдесіңізбен отырғанын білген соң, сіз оны да өлтіру керек деп шештіңіз.  Сол күнгі әрекеттеріңізге мобильді телефон арқылы байланыстарыңыз да әшкерелеп бередң. Тек әйеліңізді не үшін өлтірдіңіз? Түпкі себебін білгім келеді? Осыны айтып Дастан Ермектің көзіне тіке қарады. Басы салбыраған Ермек: Бәріне Айбол мен Айгүл кінәлі!,- деді. – Әйеліңнің өзіңді емес,  күнде көріп жүрген досыңды жақсы көретінін біліп өмір сүрудің қандай екенін білесіз бе? Ол дегенің азаптың азабы? Айбол қашан да менен оқ бойы озық жүрді. Мен жақсы көрген қыз соған қарады. Кейін амалдап жүріп, орталарына от салып жүріп  Айгүлді өзіме әйел еттім. Мен жеңдім деп ойлағам. Бірақ олай болмады. Бизнесте де Айболдың жолы болды. Іс жүзінде компанияны сол құрды. Кейін мені серіктес қып шақырғанымен, шын иесі де Айбол. Айгүлдің Айболға деген сезімі өшпегенін, Айболдың да Айгүлді ұмытпағанын сезіп-білсем де ештеңе білмейтін адам секілді жүрдім. Соңғы кездері Айгүл екеуіміздің арамыз суып кетті. Иә, менің де кінәм бар. Казинода ойнадым, іштім-жедім, қыздармен қыдырдым. Ал жақында… жақында олардың бірге болғанын білдім. Әйелің мен досыңның сатқындығын кешіре алар ма едің? Осыны айтып Ермек Дастанға қарады. – Ал сіз өзіңіз ше? Әйеліңіз бен досыңызға сатқындық істемедім деп ойлайсыз ба? Дастан оның сұрағына сұрақпен жауап берді.
  • Иә, ақыры бәрі айтылды, оны да айтайын. Жақында Айболдың сыртынан басқа инвесторлармен жұмыс бастадым. Компанияның қаржысының бір бөлігін жасырын шығарып, сол іске салдым. Аидамен арамыз жақын болып, оған компанияның есебінен пәтер, көлік алып бердім. Оның бәрі кейін әшкере болары белгілі еді. Сол кезде осындай ой туды. Мені қинаған, қорлаған адамдардан біржола құтылудың жоспарын жасадым. Бұл істі тергеу басқа біреуге берілгенде, бәрі мен ойлағандай болар ма еді?! Ал сіздің осал емес екеніңізді бірінші көргенде ақ байқап едім. Ішкі ойым алдамапты.
  • Ал Аиданы не үшін өлтірдіңіз?
  • Сол күні кешке Айбол компаниядағы істерден күдіктеніп, Аидадан сыр суыртпақтауға мейрамханаға шақырыпты. Оны маған Аида айтқан кезде, одан да құтылу керек деп шештім. Өйткені соншама ойластырған жоспарымды, үлкен тәуекелімді желөкпе бір әйелдің тас-талқан етуі де мүмкін еді. Ермек осылай сөзін аяқтай бергенде «Жауыз! Қанішер, қалай жер басып жүрсің? Айгүлімді өлтіруге қолың қалай барды?» деген әйелдің жанайқайы шықты. Әлденеден секемденген Айгүлдің әпкесі Майнұр манадан бері есіктің аузында тыңдап тұрған екен. Ермекке қарай ұмтылған әйелді туыстары мен полиция қызметкерлері қаумалап жатып әзер тоқтатты.

Сәлден соң қолына кісен салынған, ұнжырғасы түсіп жүнжіген кейіптегі Ермекті полицейлер көліктің алдына әкелген еді. Ол міне бергенде Дастан оған қарап: есіңізде ме, мынандай принципіммен өмір сүрудің маған қиын болатынын айтқан едіңіз! Өз қағидаңмен өмір сүру әрине оңай емес, бірақ сіз түскен жолмен жүру азаптың азабы! Сіз жақындарыңызды ғана емес, өзіңізді де саттыңыз! Сау болыңыз!,- деді де Ермек мінген көліктің есігін тарс жапты. Көлік орнынан қозғалып кеткен соң, манадан бергі көріністің бәріне айран-асыр таң боп жүрген Мақсат Дастанға қарап:  айтыңызшы, осының бәрін қалай біліп қойдыңыз? Мен деген Жұмаханов Айсинаны қомақты қарыз үшін өлтірген деп жүрдім ғой,- деп басын шайқады.

  • Біздің жұмыста бірінші кезекте байқампаздық керек. Ермек — «Барселона» клубының фанаты. Ал фанатизм кейде психикалық ауытқуларға да себепші болады. Ол қонақүйге жасанды сақал жапсырып барғанымен, кепкасын ауыстыруды ескермеді.
  • Айтпақшы, пышақ қайда? Біз оны таппадық қой? Ал сіз оған пышақ табылды дедіңіз?
  • Бұл жерде мойындаймын, өтірік айттым. Бірақ шындық үшін айтылған өтіріктің еш күнәсі жоқ. Мен алғаш үйінде болғанымда оның әр нәрсенің орнында болғанын мұқият қадағалайтын ұқыптылығын байқадым. Ал оның коллекциясында бір қанжардың орны бос тұрды. Дәлірек айтқанда, бұрын сол жерде бір пышақтың тұрғаны анық еді. Сол себепті осылай әдейі өтірік айтуға тура келді.
  • Оның саусақ іздері туралы да өтірік пе?
  • Сен мені қып-қызыл өтірікші деп ойламасаңшы. Дастан қарқылдап күліп алды. – Адамды бір мәрте істеген қылығымен бағалама. Егер ол қайталанса, онда әңгіме басқа. Менің долбарыма темірдей дәлел керек еді. Сол үшін одан бір стакан су сұратып алдым да, оны байқатпай бөлмедегі басқа стаканмен алмастырып, алып кеттім.
  • Бетіндегі жара ше? Ол да сіздің долбарыңыз ба?
  • Ол маған басында мысығы тырнап алғанын айтты. Бірақ үйінде болғанымда мысық тұратын үй еместігін байқадым. Мысықтың қылшығын да, иісін де байқамадым. Ал кейін Айгүлдің әпкесінен Ермектің ит-мысыққа аллергиясы барын, сондықтан оларды мүлде жолатпайтынын білдім.
  • Ал оның солақай екенін қалай білдіңіз?
  • Ол солақай емес. Ол – амбидекстр адам! Екі қолымен бірдей жұмыс істей алады. Мен жай ғана оның бізге келгенде қойған қолы мен жұмыс құжаттарына қойған қолдарын салыстырып білдім. Солай! Учись, студент деп, — сөзіне айран-асыр боп басын шайқаған Мақсаттың иығынан қағып қалды. Қос жігіт көлікке отырғанда, полицияның кезекші бөлімінен қоңырау безілдеп қоя берді.

Дәнеш Асқарбекұлы

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...