Төрт жыл уақытыңызды білімге арнап, білдей бір университетті аяқтап, алған күректей дипломыңыз кәдеге аспай қалса, кім кінәлі? Уақыт, қаражат, маман атануға деген жігер мен еңбек желге ұшты. Ал сіздің ары қарай өмір сүруіңізге жұмыс керек… Бірақ жұмыссыздық дерті сізді де айналып өтпеді. Бұған кім жауапты? Диплом берген білім ордасы ма, жоғары оқу орындарын жабуға білек сыбана кіріскен ҚР Білім және ғылым министрлігі ме, әлде халықты жұмыспен қамтуға тиіс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ме?
Қазір кез келген елдің әлеуметтік әлеуеті ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Өйткені экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Ал жоғары білім алу – жұмысқа тұрудың жолы. Бірақ бүгінде оқуды бітіргенмен арнаулы құжаты сандық түбінде шаң басып жатқандар қатары көп екені жасырын емес. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің уақыт өткен сайын өзектілігі артуда. Тіпті, ресми орындар да жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығармайды. Дегенмен мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Тіпті мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда мамандардың оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы назардан тыс қалған. Салдарынан дипломды жастардың көпшілігі
жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келуде. Себебі түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайды. Кейбір мамандар жоғары білімді
жастардың жұмыссыздығын мамандықты дұрыс таңдамаумен байланыстырады. Жоқ, бұл қате пікір. Оған айтар өзіндік уәжім бар.
Мәселені басынан бастайын. Өткенде, «Білім ордаларын жапқаннан бүтін мәселе шешілмейді» деген мақаламда: «Болашақ маман иесі, ұлттық университетті немесе жекеменшік
оқу орнын аяқтаса да, оның қабілеті болмаса, екі қолға бір күрек таба алмайды. Қазірде өндіріс орындары дипломнан бұрын адамның қабілетіне, жауапкершілігі мен ынтасына қарайды. Сондықтан тек білім беру орнын ғана кінәлау дұрыс емес», – деген едім. Мұны бірінші мәселе деп қараңыз. Екіншіден, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық
тәжірибе талап етеді. Дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай тәжірибе болуы мүмкін? Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласу қажет. Бірақ ол кезде оқу бір жағында қалады емес пе? Тіпті тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы екіталай деп ойлаймын. Үшіншіден, мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмай
жүрген жастар үшін «Білім туралы» заңның 47бабы 17-тармағында: «Белгіленген квота шегінде педагогтік, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін тиісінше ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар
бөлімшелерінде, мемлекеттік ветеринария ұйымдарында және меншік нысанына қарамастан,аграрлық бейіндегі ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен ҚР азаматтары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған азаматтар да Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті», –деп жазылған. Әрине, қазіргі таңда оқу бітірген жастардың басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, өзге жұмыс
істеп жүр. Ал мемлекет оларды оқыту үшін қомақты қаражат бөлді. Сондықтан, мемлекеттің жас түлектерден мамандық бойынша қызмет етуін талап етуі дұрыс-ақ. Бірақ сол жастардың мамандық бойынша қызметке орналасу кезінде кездесетін кедергілерді шешуге мемлекет назар аударды ма екен? Неге оқу бітірген жас маман жұмысқа қабылданғаны жөнінде анықтама беретін орын іздеп жүр? Төртіншіден, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін еңбек
шартындағы сынақ мерзімі туралы талап бар. Яғни 36-баптың 2-тармағында: «Сынақ мерзімі жұмыскердің жұмыс өтіліне қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, филиалдар, ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін», – деп жазылған.
Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай,сонымен бірге, оларды шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады. Оның
үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіреді, қалғандары шетке қағылады. Сонда құжаты бар, бірақ қызметі жоқ мамандардың көбеюіне кім жауапты? Мүмкін бүтін бір механизм кінәлі шығар? Сондықтан кез келген жас мамандардың тәжірибесін шыңдауға, еңбек өтілін жинақтау үшін жұмыс орындарында қызмет етуге мүмкіндік беру қажет. Жылда даярланатын мамандар мен жұмыс орнын қамтамасыз ету, он, тіпті алдағы елу жылға дұрыс стратегия құрылу қажет-ау шамасы. Өйткені
статистикаға қарасақ шешілмеген түйткілді мәселе көп-ақ.
Мәселен, статистика комитетінің сайтында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың наурыз айында 4,8% деп көрсетілген. Ал LS Aqparat ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Ұлттық экономика министрлігі
биыл Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ға өседі деп болжауда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес бұл көрсеткіш алдағы уақытта 7,8%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Ал Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамыссыздық деңгейі – 5% құраған. Оның ішінде 78,9 мыңы жұмыссыз жастар екен. Жоғары біліммен қамтылмаған, жұмысы жоқ жастарға қатысты «NEET жастар» деген термин бар. Қазақстанда жұмысы жоқ, ешқандай оқуға түспеген жастардың үлесі – 7,2%. Ал жастар неге диплом алуды көздейді? Бұл жастардың емес, бүгінгі еңбек нарығындағы қойылатын ең негізгі сұраныс, тіпті басты талап, шарт. Кез келген
адам қай жерге жұмысқа орналасуға бармасын, оның жоғары білімі болуы шарт. Бұл жерде жұмысқа орналасушының дипломы «жұмысқа орналасуға жарамды» деген штамппен барабар. Сәйкесінше сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Ал маман көп, жұмыс жоқ болуына жоғары оқу орындарының берген білімі, сапасы төмен деп айту әбестік. Себебі бүтін бір жүйе заман талабына сай нарықтық кезеңге дайын емес. Ал
жас маманның ары қарай жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі бар емес пе? Не десек те, жастарды жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты төмендетуге білім беру мекемелері ғана кінәлі емес. Бұған белгілі бір жүйе керек.
Өйткені білім ордаларының мақсаты – білім беру. Бұл туралы «Білім туралы» заңның 21-3 тармағында:
«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – жоғары және жоғары оқу орнынан
кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске Дипломды жастарды жұмыспен қамту маңызды. Бірақ мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс мәселені ЖОО қалай шешпек? Ал «жастардың дипломы
бар, жұмысы жоқ» деген уәжбен оқу орындарының санын азайту қаншалықты дұрыс? Шындығында жұмыссыздықпен күресуге Білім және ғылым министрлігі де, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де, қажет болса тиісті мекемелер де мүдделі болуы қажет. Әйтпесе бұл мәселенің күрмеуі жақын арада шешілмек емес.