12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Әділ жаза – қылмыстың алдын алудағы маңызды құрал

Қазақстан – зайырлы, құқықтық мемлекет. Сәйкесінше елдегі мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынаста заң үстемдігі қағидаты басты бағдар ретінде алынады. Сондықтан елдегі татулықты, дамуды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде бар қадамның тек заңға сәйкес жүзеге асырылып, заңның шеңберінде қолданылатыны белгілі.

Қоғамдағы тепе-теңдікті дәл ұстап, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтауда құқықтық жауапшылықтың орны ерекше. Соның ішінде қылмыстық жауаптылықты орынды қолдану – әділдікті орнатудың ғана емес, болашақта қылмыстың алдын алуға ықпалын тигізетін пәрменді тетік. Міне, сондықтан да қылмыстық жазаны белгілеген кезде заңды ыждағатты зерделеумен бірге, ішкі түйсікке, қылмыс жасаушының әрекетін жан-жақты сараптауға барынша назар аудару керек. Осы ретте Рим ойшылы Сенеканың: «Жаза бұрынғы әрекеттерді ескергеннен гөрі, болашақтағы жағдайды назарда ұстай отырып шығарылуы керек. Өйткені ол ашуға емес, сақтандыруға негізделеді» деген кемеңгер сөзі қаперімізге оралады. Яғни, бүгінгі заңнамалардың іргетасы қылмыстың салдарынан бұрын, себебін табуға, қылмысқа түрткі болған кемшілікті жоюға бағытталғаны дұрыс.

«Жамандықты жазаламаған адам оның жасалуына жәрдемдеседі» деген екен Италия суретшісі Леонардо да Винчи. Осы тағылымды сөздің өзі мемлекет атынан үкім айтатын судья жұмысының қаншалықты жауапты екенін аңғартса керек.  Шындығында қылмыс үшін жаза тағайындау әр судья үшін сот процесіндегі ең күрделі, маңызды және негізгі міндет.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін қылмыстық жауаптылықтың туындайтыны, соған орай заңға сүйене отырып белгілі бір жаза тағайындалатыны анық. Мұндайда әрбір судьяның бағдар етері –Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, Қылмыстық кодексі және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары.

Әрбір істі таразы басына салған судья өз кесімін айтар кезде бірнеше мәселеге мән береді. Ең алдымен жаза – қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне негізделуі керек. Бұдан кейін кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі оның мінез-құлқы назарда ұсталуы шарт. Жаза әділ әрі дәл болуы үшін кінәлі тұлғаның жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды да есепке алу маңызды. Ең бастысы, тағайындалған жаза сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына теріс ықпал етпеуі тиіс. Өйткені, жаза тағайындаған соттың мақсаты – адамды шетке тебу, қоғамнан аластау емес, керісінше, қателігінен сабақ ала отырып қалыпты өмірге оралуына мүміндік беру. Кейінгі жылдары заңдарды ізгілендіру бағытында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Осының барлығы қылмыссыз қоғам орнатуды көздейді.

Қылмыстың үлкен, кішісі болмайды. Қылмыстық әрекетті ақтап алғысы келгендер көбінесе «Абайсызда жасалған әрекет, білместіктің салдары, жастықпен ойланбай жасалған қадам» деген тіркестерді қодданып жатады. Шындығында заңды білмеу жауаптылықтан құтқармайды. Оның үстіне, құқықтық құжатқа сүйене отырып сот алдымен қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын айқындап алады. Қылмыстың қайталануын және оның түрлерін, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін толық сараптайды. Сонымен бірге, келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшері де қаперге алынады. Әрі қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазаға қарағанда айыптыға неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздері де ескеріледі. Сөзіміз негізсіз болмауы үшін тәжірибеден мысал келтіре кетейік.

Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотында Қ. есімді азаматтың қылмыстық ісі қаралды. Жұмыссыз азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпталған. Іс материалдарынан белгілі болғандай, азамат Қ. Төретам кентіндегі сауда орталығының ішін аралап жүріп сатушының басқа тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатқан кезін пайдаланып 160 мың теңге тұратын әйелдер күртесіз білдірмей ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Алайда бүгінде барлық сауда орталықтары мен дүкендерде бейнебақылау камералары орнатылатыны белгілі. Мұндай жіті қадағалау бар кезде ұрылар алысқа ұзамайды. Сондықтан құқық қорғаушыларға да ұрыны ұстау қиынға түскен жоқ. Сот барысында азамат Қ. өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген залалды түгелдей қайтарғаны анықталды.

Дегенмен қылмыс жасалды. Ал қылмыс орын алған соң, қылмыскер де соған сай жазасын алуы тиіс. Өйткені, қылмыскер залалды қайтарғанымен, қылмыстың әсері сатушының көңіліне дақ түсіргені ақиқат. Бұл жерде қылмыскердің өз қылмысын түсінгені, жәбірленушіден кешірім сұрағаны жазаны жеңілдететін мән-жайлар болғанымен, осы қылмысты жасауының өзі айыптының теріс әрекетке бейім екенін, айналасына зиян тигізуге ықпалды екенін аңғартады. Ендеше, сот тарапынан белгіленетін жаза қылмыстың залалын өндіртумен бірге, сотталушыны жаман әдеттен аулақ жүруге тәрбиелейтіндей пәрменді болуы шарт. 

Тағы бір ескерерлігі, Қылмыстық кодекстің 68-бабында «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» тәртібі дәйектелген. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілгендей қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қылмыстық заңнамадағы бұл тетік абайсызда ала жіпті аттаған азаматтарды бірден қатты жазаламай, өз қатесінен сабақ алуына мүмкіндік беріп, өмірін жақсы жаққа өзгертуіне септесуді көздейді. Және бұл мүмкіндікті пайдаланып, ағаттығын түсініп, жаңа өмір бастап жатқандар аз емес. Сол азаматтардың барлығы заңдағы ізгілендіру үрдісіне ризашылық танытатыны талассыз.

ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталушының жасаған қылмыстық іс-әрекеті ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Соған орай сотта ісі қаралған Қ.-ның заңдағы осы артықшылықты пайдалануға құқығы бар еді. Өкінішке орай, бұл азамат ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігінің игілігін көрген. 2021 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің қаулысымен   азамат Қ.-ға қатысты ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Алайда, азамат заңнамада берілген осы жеңілдікті дұрыс түсінбей, қылмыстық әрекетті қайталап жасап отыр.

Ал ҚК-нің 68-бабы 4-бөлігінің 8)-тармағына сәйкес бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін осы Кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға татуласу тәртібі қолданылмайды. Осыдан көріп тұрғанымыздай, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезінде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі толық ескеріледі. Мұндай талап әділ жаза тағайындап, азаматтардың жауаптылығын арттыру мақсатында енгізіліп отыр.

Өйткені, қылмыстық іс бойынша залалдың орнын толтырып, жәбірленушінің кешірімін алғаннан кейін тараптардың татуласуына байланысты істі қысқарту кейбір азаматтарға сабақ болмайтынын өмірдің өзі көрсетуде. Ал әрбір қылмыс жасағаннан кейін татуласуына байланысты қылмыскердің бостандықта қалуы қарапайым халықтың түсінбеушілігін, заңға, сотқа деген сенімсіздігін тудырары анық. Міне,  сондықтан да бір рет татуласу тәртібін қолданып, заңның игілігін көргендерге екінші рет жәбірленушімен татуласуына байланысты жеңілдіктің қарастырылмауы әділдікті орнатудың бір белгісі деп түсінгеніміз жөн.

Осылайша сот істің мән-жайларын, сотталушының жасаған қылмысының  сипатын, оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды, яғни қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеуі, кінәсін мойындап шын ниетпен өкінуін,  сондай-ақ жазаның сотталған адамның түзелуiне ықпалын ескере отырып, оған бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындау қажет деп шешті. ҚК-нің 44-бабына сай сотталушыға бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 (бір жүз) сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады деп есептеді. 

Бұл үкімді шығарған кезде де сот сотталушыны бостандығынан айырмау арқылы, оның түзелуіне, заңның негізділігін түсінуіне, өз қателігін жөндеуіне жол ашты. Алайда, егер сотталушы бас бостандығын шектеу жазасының мәнін түсінбей, өзіне берілген мүмкіндікті дұрыс қолданбай белгіленген мерзімде пробациялық бақылау талаптарын орындамаса, яғни, бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын ескергеніміз жөн. Бұл сотталушыға да алдын ала түсіндіріледі. 

Сот тәжірибесіндегі бір қылмыстық істі сараптау арқылы біз жаза тағайындаудағы жауаптылықтың қаншалықты жоғары екенін көрсетуге тырыстық. Жалпы мемлекет заңдарды ізгілендіру арқылы қоғам үшін онша қауіпті емес құқықбұзушылық жасағандарға кешіріммен қарауды мақсат тұтса, екінші жағынан ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамға қатаң жаза қолдану саясатын жүргізіп келеді. Мұндай жағдайларда осы қарама-қарсы бағыттар арасындағы тепе-теңдікті сақтау, әділ жаза тағайындау, әрине, оңай іс емес. Қылмыс жасаған адамдарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудің ең оңтайлы шараларын іздеу әрдайым сәтті бола бермейді, бұл қолданыстағы заңнаманы ары қарай жетілдіруді талап етері сөзсіз.

Қармақшы аудандық сотының судьясы Желдербаев Самат

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...