12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАСІРЕТ

…Кеш батса болды қарбалас қайта басталады. Қанша уақыттан бері бар ойы “Алланың разылығын алу”, “Алланың сүйікті құлына айналу”. Әсіресе, есін ұстазының “кімде –кім Алланың жолында өзін құрбан етсе, жаннаттың төрінен алтын сарай мен тақ әзір” дегені елітіп–ақ тастағалы  осы жолдың дұрыстығына күмәнданған емес. «Жаным қазақ» деп жүрсем, жаным шаһит екен ғой.  Мына фәни жалғандағы жұмыр басты пенде тек Аллаға ғана қарыздар екен ғой. Онда неге әкем мен шешем «үлкенді сыйла, жеті атаңды біл, кісі ақысын жеме» дегеннен басқа түк айтпаған? Олар адасқан… ад–даас–қан..»  Мұрагер ойша о дүние  мен бұл жалғанның арасын жүріп өтті. «О дүние! Осы тірліктегі ішкен ас, істеген ісіміздің сұрауында мен кім болып тұрам?» деген бір ой санасын селт еткізді. Талықсып бара жатқандай еді, көзін қайта ашты. Кенет көз алдына бала күнгі анасының боз құлынның үстіне отырғызып, мәз болғаны, көрші біткен «Әй, Мәрия, балаңның ат жалын тартып мінгені құтты болсын, үлкен азамат болсын, тфә, тфә! Бабаларының әруағы жар болып, батыр болғай!» деп, тәттіден шашу шашып жатқаны елестегені сол еді, Мұрагер «астапыралла! Ширк!» деп даусы қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Ұйқысы шәйдай ашылды. «Қой, бауырларға барып қайтайын» деп, орнынан тұрып, әдеттегідей киіне бастады…

«Бауырлары» құшақ жая қарсы алды. Күндегідей дастархан, көңілді жиын. Діннің аяттарынан сабақ. «Ер жігіттің иманы берік болуы керек, ол Алланың ісімен айналысуы керек. Бес уақыт намазды қаза қылмай, тек бір Аллаға құлшылық қылсақ қана, мынау намаз оқымайтын тобырдың топ басына шықпақпыз. Біздің қазақтыкі адасу!: «Баланы ана тапты» дейді. Анаң намаз оқымыса, оның емізген сүті де, берген асы да харам, істеген ісі де харам! Әкені сыйла дейді, әкең намаз оқымаса, оның сөзін неге тыңдауың керек?» «Ұстазы» бастырмалатып жатыр. «Бауырлары» да ұйып қалған. Тек Мұрагердің көз алдынан бағана елестеген боз құлынның жәудіреген жанары кетер емес. Тіпті, біртүрлі сол күндерді аңсайтындай ма?… кенет тағы «астапыралла» дейді. «менің Алланың сүйікті құлы болғым келеді», ол үшін жиһадқа барам!». «Жиһад!» … Мұрагер қатайып алды… онсыз да әке–шешесінің намаз оқымайтыны, күн сайын «балам, теріс жолға түстің» деп тоң–теріс қарайтыны, қатты ашуға булығып бұған бірде қол көтергені, «харам» қолдарымен анасының жұма сайын жеті шелпек пісіретіні жүйкесін шаршатып біткен. Тіпті, оған осы күні өзінің азан шақырып қойған Мұрагер деген есімі де ұнамайды. Әкесі жеті атадан бері кіндіктен жалғыз тұяқ еді, соны ырымдап, мұрагері болар бір перзентті  анасы екеуі күндіз–түні жаратушыға жалбарынып жүріп, жеті жылдан кейін  көрген қызығын Мұрагер деп атаған. Жеті жыл күткен бауыр еті перзенті дүниеге келгенде қалжа той да, бесік той да дуылдай өткен. Көзінің ағы да –осы, қарасы да –осы. Бір күні жан дегенде жалғызы сақал өсіре бастағанда, әкесі «балам, қазақта әкесі бар бала сақал өсірмейді, мынауыңды құрт» дегенде, «Әке, дос жігіттер серттесіп, осылай еттік, қазіргі  сән ғой» деп алдарқата салған. Әкесі де «қазіргі жастар осылай ғой, қайтейін?» деп қоя салған…

Ал, қазір, мүлде басқаша. Басында сәндік үшін өсірген сақал, енді күжірейіп, көзге қадалардай.  Кеңірдегіне кекірейіп шыққан бір уыс жүн баласының көзіндегі жалт еткен жарықты да біртүрлі көмескілейтіндей ме? Оның үстіне, баласы атын атаса, қарамайтын, «менің атым Әли» дейтін болған. Бір кезде «әке, мен таза жолға түстім, мұсылмандық жолымен жүрем» дегенде, анда–санда сыралатып, қолына гитара алып әндететін баласының «адам болайын» дегені ғой деп сүйсініп те қалған. Жалғыз да болса ақылды, салиқалы жігіт болып өсіп келе жатқанына іштей марқаятын. Мұрагер «харам» деп гитараны да, үйдегі бабасынан қалған домбыраны күл–талқан еткен. Қазір оның бірі де қалмаған. «Адам болады–ау» деген жалғызы жат болып бара жатыр. «Салиқалы азамат болады–ау» деген сүйріктей ұлы суып, бөтен болып  бара жатыр. Іштегі еміреніс те өлген. Жүректегі тебіреніс те өлген. Бейне бір баласы жоқ сынды. Әкенің іші қан жылайды. Жан дегенде жалғыз ұлы бірге отырып ас ішуден қалған. Құдайдан мойнына қарабұршақ салып жүріп тілеп алған жалғызының  бұл әрекеті ана байғұсты да қасіреттің қанды қақпанына түсіргелі, оның да құр сүлдері жүр. Жалғыз балаға еге бола алмаған  әке мен шешенің қасіретін түсінетін жұрт болсашы–ау?… «Жалғыз баласына тәрбие бере алмаған міскіндер» дейтіндей адам біткен. «Бетімен кеткен» дейтіндей туыс біткен…. «Қай жерде қателік жібердім» деп күн сайын өзін мүжиді кеп әкесі. «Жолына жаным құрбан жалғызым–ау, бұл қайткенің?» деп іштей зарлайды анасы. Жоқ!  Райынан қайтатын бала жоқ! «Сендер кәпірсіңдер!» дейді. Анасы жейдесін ұстаса да –«харам»! Әкесі «әй, балам» десе де –«харам»!…  Мұрагерге жүрген жері, айналасы түгел харам! Жаны азапқа түскен. Оны ештеңе қызықтырмайды. Анасының әдемі көзі де, әкесінің мейірімді сөзі де, құрбы қыздардың сылқым күлкісі де, махаббат сырын шерткен сырлы кештер де, ләззаты мол түндер де! Таң атқанша достарымен салған әдемі әуен мен риясыз күлкілер де көзден бұл–бұл ұшқан. Қара басы қара түнек тамұққа кіргендей күй кешеді. Ол күйдің не екенін өзі түсінбейді. Кейде біреуге барып сырласқысы келетіндей. Оған да бір қара бейне қаһарлы үнмен «қайт» дейтіндей. Ойша бұрын мектеп жасында оқыған кітаптардан өзіне ұқсас кейіпкер іздейді. Өзіне ешкімді ұқсата алмайды. «Қайтсем екен?» деп аласұрады. Іші алай–дүлей. Іштегі арпалыс қалай басылмақ? «Бауырымыз» деп аталатын топтың өз емі бар. «Ұстазының» кезекті дәрісінен кейін, алқақотан отырып алып, күн аралатып көкнәр ішетінді шығарды. Ішсе болды бәрін ұмытады, денесінің құрыс–тұрысы жазылып, жаны рахаттана бастайды. «Ұстазы» айтқан жұмаққа кіріп кеткендей күй кешеді. Көкнәр көмейден өтісімен–ақ, сол баяғы боз құлын шапқылайды–ай келіп, шапқылайды–ай келіп… Әшейінде сол боз құлын есіне түссе, селк кете қалатын жүрегі, көкнәр ішкенде керісінше соғатындай. Бұл да боз құлынның үстінде бала бейнесімен кең даланы шарлап бара жатады, шарлап бара жатады. Әкесі жасап берген жүгеннен ұстамай,  екі қолын көкке соза түседі. 

Боз құлын мұны құлатпайды, ол да көкке ұша жөнелгендей, көкпеңбек ұшы –қиыры жоқ түпсіз аспан мен байтақ далада боз құлынымен ойқастап бара жатады… Еш кедергісіз! Еш қиянатсыз екеуі ғана көк аспанға тарта жөнеледі .  Жеп –жеңіл!  Ұшқан деген осы! Бала күнінде  жетінші атасының қасиеті бар деп еститін. Қаласа көкке ұша алады, қаласа жанып  тұрған оттың ортасымен жүре алады. Тіпті от шайнап, шоқ түкіріп, қызған темірді алақанымен ұстап, шеті сынған шелек, самауырды қолдап жамайды деген аңыздардың талайын естіген. Енді міне, өзі де сол бабасы сияқты көк аспанда қалқып барады….

… Мұрагердің миы солқылдап кетті. Көзін ашқысы келмейді. Ашса болды бағанағы  рахаттан бірден айрылады. Ашпаса, басы айналып, тынысы тарылады. Осынау көкпеңбек, жап–жарық әлемнен тез құлап, мұздай балшыққа түсіп кеткендей селк кете қалды. Шылқылдап қара терге түскен онсыз да қырым еті жоқ  денесі өзінікі емес секілді, саудырап, сыздап бара жатыр. Көзін ашқаны сол еді, боз құлынның орнына қайтадан қара түнектің ішінен өзін көрді.  Қайтадан азаптың оты шарпи кетті… Осы бір азаптан құтқарса Тек «ұстазының» неше уақыттан бері санасына құйып келе  жатқан «жиһады» ғана жанын рахаттандыратындай. Дүниеден жанына бір жұбаныш іздейді… Не де болса «ұстазының» айтуымен жүрмек….

– «Отшашу» операциясын  сәтсіз жүргізгені үшін майор Қаппаровқа соңғы рет ескерту берілсін!».

…Полковник Дәуіровтің қабағы қатулы. Осымен нешінші рет күдіктілер қолға түспей, сытылып кетеді. Қандай амал, қандай айла ойластырса да, әккі күдіктілерді қылмыс үстінде ұстай алар емес. Қылмыс үстінде ұстай алмаған соң, істі жауып тастауына тура келеді. Ал, басталған операция аяқсыз қалу – полиция полковнигіне өліммен тең. Бұл жолы да бар амалы таусылған полиция полковнигі іске жауапты майор Қаппаровқа соңғы рет ескерту жасады. Енді аянатын ештеңе жоқ. Өзі болашағынан үміт күткен майор Қаппаровтың біліктілігі мен адалдығына сенетін еді. Ол қаншама тапсырманы мүлтіксіз орындағанымен, осы операцияны сәтті атқара алар емес. «Әлде асыра бағаладым ба екен?». Полковник Дәуіров жоғары жаққа қандай уәж айтатынын да білмейді. «Әлде, бұл «Отшашу» оперциясындағы қылмыскерлердің  шамасын дұрыс бағаламай жүрміз бе? Олар біз ойлағаннан да қауіпті, біз шамалағаннан да күштірек болып шықса не істемекпін?». Қылмыскерді қолға түсіруде полицияның қандай бір операциясы құр тәуекелге негізделмеу керектігін полковник жақсы біледі. Соңғы кезде жұртшылықты алаңдатқан діни экстремизм бөгде емес, өз елімізде де «қыр» көрсете бастады. Көрші облыстардағы мұнай ұрлау, мал барымталау, адам ұрлау секілді түрлі қылмыстарға қатысы бар діни ағым жетегіндегілердің «дүмпуі» артқан. Жұрттың да алаңдайтын кереғар көзқарастары үдей түскен. Мемлекеттің құзіретіне бағынғысы келмейтін топтың да қарасы көбейіп бара жатқанына іштей алаңдайды.  Осы салада қаншама  жыл еңбек етіп келе жатса да, тыйым салатын арнайы заңсыз адам баласына  тосқауыл қою мүмкін еместігін жан–тәнімен ұғады. Қылмыс жасалуда, қылмыскер жазаланбайды, неге? Күндіз – түні ойлайтыны –осы. Жат ағым жетегінің жайыла бастағаны иығындағы шеннің қауқарсыздығын күннен күнге арттыра түскендей. Онда несіне құзырлы орган? Онда несіне полковник? Онда несіне мемлекет?!… Полковник Дәуіров пен майор Қаппаровты  иығындағы шен мен қызмет емес, ең алдымен, ар соты әлгіндей сұрақтардың астына алатындай… Оның үстіне, өткен жолы да қылмыстық әлемге әйгілі Әлидің  құрыққа ілінбей кеткені жан жарасын тырнай түскен.     Майор Қаппаров Әли есімді дін жолындағы жігіттің кім екенін жақсы білетін… Бүгін ол туралы жинақталған ақпараттарды тағы да бір сүзіп шықты. Есірткі пайдаланады. Нақты дәйек жоқ. Діни көзқараста екені рас, бірақ, тағы да оның залалын тап басып көрсете алмайды. Айғақ жоқ…

…. Жаңа басталған жыл дауылдатпай, борандатпай азғантай жылтыраған қармен жылымық болып келді. Мүлгіген табиғаттың жылдың осы уақытда тап осындай “момақан” бола қалғаны жаңа жылдық мерекені тойлаушы жұрттың әрі–бері жүрісіне жайлы бола түскендей еді.  Бірақ,  майор Қаппаровта  ұйқы жоқ. Белгісіз нөмірден хабарлама түсті деген дыбыс зың ете қалды. Іші бір қауіпті сезгендей. Осыдан бірнеше ай бұрын, жат ағымның жетегінде жүрген жастардың күрт белсене бастағаны айтылған болатын. Әрі біршама уақыт бұрын өзінен бір мектепте бір класс жоғары оқыған Мұрагердің әкесі Хамит ақсақалды жолықтырып қалғаны да бар еді. Бір жылдары бір ауылда қатар өмір сүріп, кейін қалаға қоныс тепкен, алыстау жамағайын болып келетін Мұрагерді мектеп жасында жүргенде өзіне үлгі тұтты. Сабақ үлгірімі жақсы, мектепте жүріп–ақ спорт шебері атанған Мұрагер  өзінен кішіге де, замандастарына да үлгі еді.  Хамит ақсақал майор шені бар Азамат Қаппаровты бірден таныды да: “Сен Қаппардың баласымысың? Қалай үлкен болып кеткенсің? Айналайын!” деп құшақтай берген. Әңгіме арасында жалғыз ұлы Мұрагердің жағдайын айтып күрсініп, көзіне жас та алды. Әрі туыс, әрі жерлес Хамит ақсақалдың  мынау күйін көріп,  майор Қаппаровтың жаны тынышталмаған. Енді міне “салафиттер әлемінде Әли деген атпен таныс Мұрагер Хамитұлы деген жігіт бүгін түнде “отшашу” шашпақ”. Майор “отшашудың” не мағына беретінін бірден түсінді. Дереу комитет басшысы полковник Дәуіровке баяндады.  Қылмыстық істерді жедел бақылауға алу оперативті бөлімшесі полициялары сақадай сай тұр. Майор Қаппаровқа “отшашудың” қайда болатыны нақты хабарланбады. Тиісті дереккөзден хабар қанша хабар күтсе де, бағанағыдан басқа сыбыс жоқ.

Сағат тілі түнгі 23-15– ті көрсетіп тұр. Майор Қаппаровтың телефонын «асығыңдар, орталық стадион жаққа «отшашуға» бара жатыр» деген хабарлама зың еткізді.  Дереу жедел қылмыстық іздестіру тобын жұмылдырып, орталық стадион жаққа тартты. Әшейінде ығы–жығы көше жым–жылас. Жұрт кешегі жаңа жылдық мерекені мерекелеуден шаршаған болса керек. Осыған дейін талай қылмыстың алдын алған, нешеме төбе құйқаңды шымырлатқан қылмысты ашқан майор Қаппаровтың жүрегі бір тыншыр емес. Тыныштықта да үрей болатынын енді түсінді. Қыс аса суық болмаса да, әнебір ағаштар сып–сидам болып, ербиіп қана тұр. Әшейінде жанға сая болатын ағаштар үрей билегенде жалмауыз кемпірге  ұқсап кететіні несі екен? Кенет … стадионның артқы жағында ай сәулесіне қараңдаған сұлба көзге шалынғандай. Дереу көліктерінің жарығын өшіріп, тоқтай қалды.  Әдетте, дабыл жүйесін қосатын сәттерде, сенімдірек болатын. Бұл жолы басқаша, дабыл қосуға болмайды.

Майор Дәурен Қаппаров қасындағы серіктеріне ың–шыңсыз көліктен түсіп, стадион арт жағына қарай баруды ыммен түсіндірді.  Ай астында қараңдаған сұлбадан «отшашу» ойынына қатысатындар 3 жігіт екені байқалды. Сыбыстың рас болғаны. Орталық стадионға қысқы уақытта адам келе бермейді. Оңашада жоспар құрып, қажет жағдайда қашып, жан сауғалауға  қуыс бөлмелері мен бірнеше кіреберіс, шығыс  есіктер таптырмайтын жер. Күдіктілер де осы жерді бекер таңдамаған. Майор Қаппаров сұлбаға жақындай түсті. Жақындаған сайын өз көзіне өзі сенер емес. Бір кезде “осы Мұрагер ағамдай болсам екен” деген жігіт адам айтса нанғысыз жағдайда тұр. Сырықтай бойы қысқы күнге қарамай, спорттық киім ғана киіпті. Шамасы оқыс қимылда жеңіл болсын дегені. Түн жарым болғанмен, күдіктілер стадион жиегіндегі жаңа жылдық шамдардың жарығы  көбірек түсетін жерде тұрып,  жейдесінің ішіне жарылғыш заттарды орнатып жатыр. Қимылдары ширақ, асығыс. Қаппаровтың қырағы көзі бәрін анық байқады, енді асықпаса болмайды. Дереу арт жақтағы жігіттерге қол көтеріп ишара жасағаны сол еді, бірнеше қарулы жігіттер алға ұмтылды.  Полицияның келіп қалғанын байқаған күдіктілер жанұшыра қаша бастады. Жөпелдемеде  жарылғышты қосып үлгермеген болса керек, күдіктілер үшеуі үш бағытқа тарқаса қашты. Жарық аздау жерге жетсе, бой тасаламақ. Майор Қаппаров күдіктілердің мұздай қаруланғанын, сонда да оларға оқ атпай, тірідей қолға түсіру керектігін айтып үлгерді. Тапсырма жауапты. Күдіктілер аса қауіпті…

… Оның кеудесі өртеніп бара жатқандай. Кеудесіндегі жарылғыш құрылғыны өздігінен қоса алар емес. Артылған міндет – жарылғышты стадионнан  екі шақырым қашықтықта орналасқан әкімдік ғимаратына апарып жару керек болатын. Миын өрмекшінің торындай торлап тастаған «Жиһад» жасау ресми органдарды жарып жіберуден басталуы керек екенін «ұстазы» шегелеп айтқан. Шариғат заңдарын ұстанбайтын жүйенің бұлар үшін еш мәні де, маңызы да жоқ. Өздері «отшашу» мерекесі деп атайтын «салттарын» сақтау әрбір салафизм ақидасының басты қағидасы еді. Енді міне, аяқ астынан келіп қалған полициядан қашамын деп, қатқақ жолға тайып құлап, көшеде қазылған суағар арық ішінде жатыр. Жарылғышты босқа жара беруге тиым салынған, не де болса адам қарасы көп жерге, ғимараттарға жару тапсырылған. Ал қазір Мұрагердің ол тапсырмаларды орындауға шамасы келер емес. Жан екпінмен жүгіріп келе жатқанда жиегі бетоннан құйылған арыққа омақаса құлап түсті. Қабырғалары да қозғалтар емес. Тек сол қолы ғана қимылдайды. Орнынан тұру– мұң, тұрғанда да мына күйде қайда бармақ? Жата беруге тағы болмайды.  Қыстың ызғары түнде күшейе түскен, әрі таң атса жұрт көзіне қалай түспек.? Не де болса, орнынан тұру керек….

Майор Қаппаров қасындағы жігіттерді үш бағытқа бөлді де, өзі қасына екі  жігіт ертіп, Мұрагер қашқан жақты бетке алды. Қанша жылдам болса да, алысқа ұзай қоймағанын біледі. Басқадан бұрын өзі қолға түсіргісі келеді.  Көше шамдары жарығынан көмескілеу жақты бетке алып, түртінектеп келеді.  Көше асып, жазық алаңқайды да шолып шықты. Ізім–қайым  жоқ. Жарылғыштың жарылған дауысы да естілмейді. «Қайда жасырынып үлгеруі мүмкін?» деп ойлағанша болған жоқ,  сонау бір жолсыздау жерде бүкшеңдеп сүйретіліп бара жатқан жанның барын, қыстың қатқақ жеріндегі қураған шөптердің  шытыр–шытыр еткені ұқтырды.  Шытырлаған дыбыс пен ентіге тыныс алған дем «Тоқта!» деген дауысқа керісінше одан сайын жиілеп, ығыса берді. «Тоқта!Көтер қолыңды!» дегені сол еді, бүкшеңдеген  сұлба пистолетін «тарс» еткізіп,  атып қалды. Майор Қаппаровтың қасындағы жігіттердің бірі құлай кетті. … Күдіктінің  ештеңеден қауіптенбесін түсінген Қаппаров жедел қимылдап, тұра ұмтылып, алыса кетті. Қыстың мұздақ түнінде  онсыз да әл– дәрмені  құрып, әзер түрған Мұрагер Хамитовтың қолға түскен  сәті  еді….

Тергеу изоляторы… Күдікті Мұрагер Хамитұлы гипспен таңылған қол–аяғын сүйрете басып әзер кірді. Оны өзімен сонау кездерде бір мектепте оқыған, әрі ағайын, әрі ауылдас  майор Дәурен Қаппаров күтіп отыр еді…           

Мұрагер Хамитұлы бірнәрсе іздегендей тергеушінің бетінде тесіле қарағанмен, бір кезде інісіндей болған жігітті таныған жоқ…

Майор Қаппаров күдіктінің бетіне ұзақ қарап отырды… Баяғы өзі арқа сүйеген, туған бауырындай болған Мұрагер? Жоқ, бұл мүлде басқа адам! Екі көзі қанталап кеткен. Үстінің сау тамтығы жоқ. Айдың, Күннің аманында бейне бір соғыстан келген жан сынды. «Қор болған жастық–ай!». Талай кісі өлтірген қылмыскердің алдында жүрегі дір етпеген майордың бүгін іші удай ашыды. Кімді, нені қимай отыр, оны өзі де түсінбейді. Кеше ғана қатар өскен азаматтың қайдағы жолға түсіп осыншалықты адасқанына іші қан жылайды. «Менің үлгі тұтқан ағатайым осы ма? О, Жаратқан!» Майор Қаппаров кенет қарсы алдында ағатайы емес, өзі отырғандай сезінді. Жаны түршігіп кетті. «Аспан аман, жер аманда өзіңнен өзің безіп, тап осындай жатқа айналғаннан өткен қасірет болар ма? Мынау бес күндік жалғанда, өзіңді өзің қор қылудан өткен азап болар ма? Адам баласының аз ғұмырын өзін тапқан ата–анасынан, ел–жұртынан, салт–санасынан бездіретіндей бұл нендей күш? Жат ағым жетегінде жұтылып бара жатқан ұрпағыңды көруден асқан қасірет, жоғалып бара жатқан жұртыңды жоқтаудан асқан қиямет балар ма?…Қасіреттен арылмаған неткен ел едік?» … Майор Дәурен Қаппаров алдындағы күдіктіге қарап отырып, қан жұтқандай болса да,  тергеуге кірісті.  Қарлығыңқы, қартайыңқы үнінен бірден бірнеше он жылға есейіп кеткендей, ішінде мың жылға жүк боларлық зілдей шер жатқандай. Жанын үзердей терең күрсінді. …

           –Жарылғыш заттарды қайдан алдыңыз?

           Хамитұлы мырс етті:

           –ол қазір проблема емес….

           –Қасыңдағы сыбайластарың кімдер еді?

           –олар менің бауырларым…

           –жарылғыш құрылғыны қайда жармақ едіңіз және тапсырманы кімнен алдыңыз?

           –Аллаһтан!

Хамитұлы еліріп кетті. «Бәріңді жарам!», «Тозақ отына өртеймін!», «Мен болмасам, бауырларым әлі–ақ сендердің күлдеріңді көкке ұшырады»… Бейне бір жынданып кеткендей айғайға басты. Егер өздеріне тыйым барын сезсе, осындай үстемелеп «мінез» көрсету керектігін «ұстазы» оқытқан –ды. Әйтеуір, не жағдай боса да, өзіңді күшті етіп көрсету, былайғы жұртқа қорқыныш сезіндіре білу – салафизм ақидасының басты қағидасы. Күзетші лейтенант бар даусымен ақырған Хамитұлын орнынан тұрғызып, жұлқылай тартып, қайта камераға алып кетті….

Бір кезде жан бауырындай көрген, аға тұтқан, «дүниеде «Қазақ қандай?» десе, осы Мұрагер ағамды көрсетер едім» деп, іштей мақтанатын ағасының бүгінгі күйі көп  нәрсені аңғартқандай. Бір кезде «ійсе –сынбас, кессе– бөлінбес» нағыз ер деген азаматты мынадай күйге түсірген бұл ағымның  діңгегінде сұрапыл арпалыс пен сұмдық нәубет жатқанын ұқты….

Майор Қаппаровтың телефоны шыр етті: «Майор Қаппаров, тез жедел штабқа келіңіз!» деген үн саңқ етті… Бұл қаңтардың алтысы еді… Көше у–шу…

Майор Қаппаров «енді қанша қор болған қайран Мұрагер ағам секілді жігіттердің ізін кесер екенмін?» деген оймен жүгіре басып, жедел штабқа жетті… «Айтпақшы, Мұрагер ағамның бір боз құлыны бар еді –ау бір кезде?»… Құлағына жылан шаққандай шыңғыра кісінеп, дүркірей қашқан жылқының дүбірі естілді…

           P.S. 2022–жылы  “Қаңтар қырғыны”, “Қаңтар қасіреті” деген атпен тарихта қалған жаппай бұзақылықты ұйымдастырушылардың дені жат ағымның жетегінде кеткен экстремистік топтар екені ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеуінде айтылды.  Қазақстан Республикасында ваххабизм, салафизм секілді діни ағымдарды экстремистік деп танып, оларға тыйым салу туралы Заң қабылдау жөнінде петиция жарияланды… Бірақ, Заң әлі қабылданған жоқ…

                                                                                     Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...