12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЧЕКИСТ

Самай шашы бурыл тарта баста­ғанымен еңсесі әлі де тіп-тік полковник бөлмеге адымдап кіріп келгенде под­полковник Болат Жөкебаев орнынан атып тұрып:
– Офицерлер! – деп еді, ұзын үстелді жағалай отырғандар орындарынан сарт-сұрт көтеріліп, сымдай тартыла қалған. Мәскеудегілердің арнайы бұйрығымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір облыстағы бөлімшесіне басшы болып тағайындалып, ұшақтан қазір ғана түсіп, Қазақстан топырағына тұңғыш рет табанын тигізіп отырған Николай Тұмабаев бөлім басшыларымен жеке-жеке танысып шықты. Әдеп сақтағаны ма, әлде өмірден көрген-түйгені көп, түсінігі мол адам болғандықтын ба, бұрынғы басшылар сияқты партияның қаһарымен сескентіп, үстелді тоқпақтап алған жоқ. Қысқа сөйлеп, көп тыңдады. Жиын біткен соң әскерилермен бірге көтерілген Жөкебаевқа басшы «сіз кідіріңіз» дегендей белгі берген.
– Осы облыста Созақ деген жер бар ма? – деді орысшалап, Жөкебаев дағдыланған тәртіп бойынша орнынан тұруға ұмтылып еді, бастық тағы да «отырыңыз» дегендей ишара жасады.
– Иә, жолдас полковник, Созақ осы облыстың шалғайдағы аудандарының бірі. Бөлім бастығы Есенгелді Темірбаев деген жігіт, қажет десеңіз қазір шақыр­тайын, – деп елпелектеп еді, ол «қажет емес» дегендей сыңай танытып, «боссыз» деді.

Тосын сауал

Полковниктің тосын сауалы Жөке­баев­ты қалың ойға батырды. «Не үшін Созақты сұрады?» Тыныш аудан. «Апыр-ау, оңтүстікке келгендер ең алдымен мына іргедегі Сайрамды, шипалы суы бар Сарыағашты, киелі Түркістанды сұраушы еді, ал, мынаның сонау айдаладағы шаңы бұрқыраған Созаққа қадалып қалғаны қалай? Әлде қолында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Созақтағы бөлімшесіне қатысты дерек бар ма екен, мүмкін туған-туысқандары тұратын шығар». Бас­шының жүріп өткен қызметтік жол­дары жазылған тілдей өмірбаянда ұлтының қазақ екендігі көрсетілгенмен туған жері жазылмаған. Полковниктің бүкіл өмірі Ресей мен Қап тауында, одан кейін ерекше тапсырмалармен Қытайда өткен. Бар болғаны осы. Чекистердің жеке басына қатысты кейбір деректердің өмірбаянына енгізілмей қалуы да мүмкін екендігін Болат та түсініп, Есенгелді Темір­баев­тың телефонын терген. Амандық-саулықтан соң:
–Жаңадан тағайындалған бастық Созақты сұрады. Ойында не бар екенін түсіне алмадым, бірақ, ескертіп қояйын, есептеріңнен ши шығып жүрмесін, –дедік, қауіптің алдын алған болып.

Құпия жазба

Бөлмесінде жалғыз қалған полковник тұс-тұстан қаумалаған қалың оймен ар­палысып отыр. Алдындағы кейбір жазуы өшіп, сарғайған қағазға тағы үңілді. «Созақ ауданы Төртши ауылы» деген жазудан басқа еш нәрсе жоқ. Осы жазудың соңын ала тегінің Тұмабаев екендігі көрсетілгенімен, аты-жөні жазылған тұстың сиясы өшіп, көмес­кіленіп кеткен. Тұмабаев деген сөзді түстеп оқудың өзі мүмкін емес, сірә да құжат толтырғандар әріптерді ажырата алмағандықтан солай болуы мүмкін деген жобамен жаза салған сияқты. Қалған өмір жолы өзіне таныс. Ресейдің Иваново қаласындағы балалар үйі, Мәскеудегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің оқу орны. Егер мына құжатта көрсетілгеніндей кіндік қаны Созақта тамса, онда сонау Иваново қаласындағы жетімдер үйінде қалай тәрбиеленіп жүр? Әкесі кім, шешесі кім? Олар неге мұны шырқыратып балалар үйіне тапсырған? Осы сауалға ес білгелі бері жауап ізде­генімен, көңіл жұбатарлық бірде-бір дерек таптырмай қойды. Қауіпсіздік органының өкілі жіптің ұшын шыжымдап тартып, мұрағатқа жолдаған сауал хаты­на да мардымды жауап ала алмады. «Құжаттар өртеніп кеткен». Жалғыз дерек жарты параққа сиямен жазылған «Созақ ауданы, Төртши ауылы» деген жазба ғана.
Бірде әйелі қоярда қоймай қазақ­стандық әншілердің концертіне алып барды. Бір ауыз қазақша білмейтін Николайға домбырасын сабалап, ән айтып жатқандардың әрекеті онша әсер ете қоймады. Кенет ортаға жас әнші шығып, мұның құлағына жақын бір әнді шырқаған.
Енді есен бол, Баянның қалған елі,
Сен де есен бол, Арқаның қоңыр желі-ай.
Ақбаян, Ақ жүрегім көпке аян.
Құлаққа таныс бұл әуенді қайдан естіді? Мына ән жылдар бойына көкіре­гінің бір қуысында сіресіп жатқан өткен өмірінің кейбір үзік-үзік көріністерін түртіп оятқан секілді. Басында ескі тымағы бар бейтаныс адам аттың бүлкіліне қосылып, ыңылдайды. Қалақтай қара домалақ бала аттан құлап қалмайын дегендей, құранды ердің басынан тарс ұстап, әкесінің бауырына тығылады. Таныс иіс, әкесінің иісі. Бұлыңғыр елес­тің ар жағынан жатаған қоржын тамның сұлбасы көрінеді. Көйлегінің етегін ышқырына салып алған әйел кісі қуырылған бидайды ағашқа салып, түйгіштейді. Қалғаны есінде жоқ, таспасы үзіліп қалған кино сияқты.
Концерт аяқталғаннан кейін әншіні күтіп алды.
– Кешіріңіз, бұл шығарманың аты қалай аталады және ол қай жерде орындалады, –деді. Келіншек күлімсіреді:
– Бұл халық әні «Ақ баян», оны қазақ­тардың бәрі шырқайды, – деді ол. Николай туған жерінің бір бөлшегі іспет­тес мына келіншекті дәл қазір жіберіп алса, әлгі көкірегін кеу-кеулеп алған тәтті әсерін жоғалтып алатындай абдырап, әйелі Валентинаны шақырып алды.
– Валя мына кісі Қазақстаннан екен, үйге қонақ етіп жіберсек қайтеді?
Әнші келіншек қысылған:
– Біртүрлі ыңғайсыз…Бастығым не дейді.
Николай топтың бастығы қияқ мұртты кісіге өтініш айтып, қызметтік куәлігін көрсетті. Ол сасқалақтап қалды.
– КГБ-ның өтінішін орындамауға шамамыз келмейді. Ертеңгі сағат тоғыз­дан кешікпесе, болғаны, Алматыға қарай жол жүреміз, – деді. Сол түні Николайдың шаңырағына бүкіл қазақтың даласы көшіп келгендей болды. «Ақ баянды» қайта-қайта орындатқан сайын, есінде қалған көмескі көріністердің бояуы анық көрініп, алдынан жамырап шыға бастады. Николай бұрын-соң­ды болмаған күйге түсіп, туған жерге деген сағынышы үкілі домбырасын қолтықтаған келіншекпен бірге кетіп бара жатқандай жетімсіреді.

Созақ

Атын естігені болмаса, топырағына табаны тиіп көрмеген Созаққа Николай Тұмабаевтың бір жылдан кейін ғана жолы түсті. Оны ауданның дөкейлері күтіп алды. Аупарткомның хатшысы мен ауаткомның төрағасына дейін осында жүр. Қазақы аудан болғаннан кейін бе, ауаткомның төрағасы Зәуре Бекетаевадан басқалары орысша жетік білмейді екен. Дәм үстінде полковник аупарткомның хатшысы Ахметбаевтан:
– Осында Төрт ши деген ауыл бар ма? – деді. Ол ауаткомның төрағасына қараған. Келіншек «білмедім» дегендей иығын қозғады.
– Ауданды басқарғаныма он жыл болды, құдай ақысы деп айтайын ондай ауылдың атын бірінші рет естіп отыр­мын, – деді аупарткомның хатшысы да ақталып.
– Әй, мұны бір білсе, Созақбай ақсақал біледі, – деді топ ішінен біреу. Созақбай деп отырғаны ұзақ жылдар бойына ауаткомда төраға болып, кейін бастауыш партия ұйымын басқарып жүрген шағын кеңшардың парторгі. Ахметбаев «Вол­гасын» кеңшарға жіберді.
… Қарт төрге озғанда:
– Сәке, құрметті мейман осындағы Төртши деген ауылды іздеп келіпті, – деп Ахметбаев сөз бастады:
– Ол мынау тұрған Абай ауылы­ның ескі атауы емес пе? – деген қария сөзінен кейін дөкейлер іргедегі ауылдың атауын білмегеніне қысылған сыңай танытып, сандарын соғып қалды.

Шындық

Ертесіне Төрт ши ауылына шыға бере Николай Созақбайға бар шындығын айтты. Ол арадан аттай зуылдап өте шыққан жылдарды саусақ бүгіп санап шықты:
– Қырық бес жыл аз уақыт емес, қазір ескінің көзінен кім қалды дейсің?! – деп күмілжіді. Әуелі ауылдың шетіндегі Орынбай қарияның үйіне ат басын тіреді. Қарт тілден қалған екен. Екі ұрты суалған қарттың шүңірейген жанарында болмашы от бар. Қызы әкесінің құлағына айқайлап сөйледі:
– Созақбай көкем ғой. Орынбай көзін жұмды. «Таныдым» деген ишарасы болса керек. –Апам кеткеннен кейін мүлде күйреп қалды, – деді қызы Күмісай.
Созақбай Орынбайдың тамырлары адырайып, еті қашқан саусақтарын қысты:
– Ореке, Созақбаймын ғой, енді саржамбастанып жата бермей, орны­ңыздан тұрып кетіңіз, – деді. Әшейінде болса, сөзге қуақы Орынбай шиқылдап күліп алар еді, бұл жолы меңдеген науқас оған әл бермей тастаған секілді. Созақбай енді Ермекбай шалдың үйіне соқты. Анда-санда ұйтқи соққан желдің екпініне шыдай алмай тәлтіректеген Ермекбайды баласы жетектеп, үйіне кіргізейін деп жатыр екен. Ол қолымен шекесін көлегейлеп, Созақбайды таныды. «Парторг бала қалайсың», – деді.
– Ойбай-ау, шалың әлі тың ғой, – деді Созақбай жезделігі бар Ермекбайдың өзін танығанына таң қалып.
– Тағы бір апаңды қартайтуға жарай­мын, – деді Ермекбай үш тал сойдақ тісін көрсете күліп. Күлкі басылған соң:
– Ереке, мына кісінің шаруасымен келіп отырмын, Төртшиде осыдан қырық бес жыл бұрын перзентін балалар үйіне тапсырған адамды білесіз бе? – деді. Ермекбай ойланған кейіп танытып, төбедегі ыс басып кеткен паруаздарға қарады. Есіне түсіре алмады ма, «біл­медім» дегендей иығын қозғады. «Қырық бес жыл» деді сосын күбірлеп.
– Ол кезде мен есепші едім, Жұмабай марқұм ферме басқарушысы. Әй, бірақ пәленше баласын балалар үйіне өткізіпті дегенді естімеппін. Бір білетінім, Томарбай марқұм күзге таман қырманнан түнде өрт шығып, келіншегімен екеуі тірідей жанып кетті. Николай өзінің тегіне жақын адамның атын естігенде селк ете қалды. – Ақыры сол үшін қырманның жанынан кездейсоқ өтіп бара жатып, інісі мен келінін қаулаған өрттен құтқарып қалғаннан басқа жазығы жоқ Омарбай байғұс сотталып, бес жыл түрмеде отырып келді. Қатал заң Омарбайдың Томарбаймен бір атадан тараған қаны бір туысқан екенін де ескермеді. Кейін денесін күйік шалған Томарбай мен оның келіншегін Төрт шидің жұрты арулап, мына әкесі мен шешесі жатқан Жетібайдағы қорымға әкеліп жерледі.
– Кішкентай баласы ше? – деді Созақбай ынтыға түсіп. Алайда Ермекбай ол жөнінде мандытып ешнәрсе айта алмады. Жұрттың айтуына қарағанда сол күні май шамнан шыққан өртті батыстан ұйтқып соққан жел мүлдем өршітіп, маңайындағы тірі жанды қалдырмаса керек. Шоқша сақал Ермекбай бар білетінім осы дегендей тұнжырап төмен қарады. Тек әлден соң:
– Омарбайдың көзі тірі, тек екі жыл­дан бері байғұс табан жолын көрмей қалыпты, – деді ол қонақтарды шығарып салып тұрып.

Ескі жара

Омарбай жатаған тамның алдындағы ағаштан қиюластырып салынған сәкінің үстінде отыр екен. Созақбайды таныған соң:
– Ал, жөндеріңді айта отырыңдар, – деді.
– Омеке, мына облыстан келген кісі марқұм Томарбай ағамыздың қалай қайтыс болғанын өз аузыңыздан естігісі келеді, – деді Николай жаққа қарап.
– Е, өткенді қозғайын деп келген екенсіңдер ғой. Омарбай жалын ата терең күрсініп алды. Ескі жараның аузын тырнау шалға да жеңіл тимеген секілді.
– Марқұм әкем: «Балам, Томарбай екеуің бір ағаштың екі бұтағысыңдар, бір-бірлеріңе қарайласып жүріңдер» деп отыратын. Еңбекқор еді, мүшел жасында кетіп қалды. Кейін мені «өртті әдейі қойған сенсің» деп бес жылға соттады. Айналайындар-ау, өз бауырыма қастық жасасам, қу жанымды шүберекке түйіп, лаулаған жалынның ішіне жалаңаш түсер ме едім. Келін байғұс өрттен қорғанамын деп киізге оранған екен, сыртқа алып шыққанымда «Нұргелді» деуге ғана шамасы келді. Денеге желімдей жабы­сып қалған құрым кигіздің орауын жаз­ғанымда марқұмның бір қабат терісін алып түсті. Ал, Томарбай көзін бір ашты да жүріп кетті. Одан кейін есімнен танып қалдым. Бір қарағанымда дәрігерлер ине салып жатыр екен. Омарбай үнсіз қалған еді, ол үн-түнсіз жылап отыр еді.
– Ал Нұргелдінің тағдыры не болды, – деді Созақбай.
– Дәрігерлер Томарбай мен келіннің қайтыс болып, кішкентай Нұргелдінің әл үстінде жатқанын айтты, сірә да ол шетінеп кетсе керек. Одан кейін жылап-сықтап жүріп, Томарбай мен келінді әке-шешеміз жатқан қорымға жерледік. Мен сотталып кеттім, бауырымнан қалған тұяқты іздеуге мұршамыз болмады. Өлімін өз көзіммен көрмегеннен кейін бе, сол бала әлі күнге тірі сияқты көрінеді де тұрады. Одан бері қырық бес жыл өтіпті. Егер Нұргелді тірі болса, бүгіндері қырық төртте болар еді, – деді Омарбай. – Біреу ерте, біреу кеш кететін бес күндік жалған деген сол…
– Нұргелдіні қазір көрсеңіз таныр ма едіңіз, – деді Созақбай.
– Әй, сен не деп отырсың, – деді Омарбайдың даусы дірілдеп. –Нұргелдім тірі ме менің. Келін марқұм аяғын апыл-тапыл басып жүрген баласының кішкентай кезінде жанып тұрған ошаққа түсіп кетіп, аяғын күйдіріп алғанын айтып отырушы еді. Қателеспесем, оң жақ балтырында содан қалған тыр­тықтың ізі болуы тиіс.
Николай қатпа қара шалдың құша­ғына құлай берген. Денесі бір уыс Омарбай еңгезердей жігітті бауырына басып ұзақ жылады. Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады деген рас екен. Кенет Николай шалдың қолының кілт босағанын аңғарып, қарап еді, ол талықсып кеткен екен. Ауылдың фельдшері шақыртылып, лезде азан-қазан болып қалды. Омарбай ине салғаннан кейін есін жинады.
– Ағайын-ау, өшкенім жанып, өлгенім қайта тірілді ғой, – деді ол кемсеңдеп.
Екі-үш күн өткеннен кейін Николай­дың отбасы қара шаңыраққа жиналып, әке-шешесіне арнап құран оқытты. Полковник топырағы шөгіп, таудың тақтай тасына қашалып жазылған аты-жөндері өше бастаған әке-шешесінің бейіттеріне қарап, үнсіз жылап тұрды….

Елеусіз МҰРАТ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...