Төлеби аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға дін мәселесі түсіндірілді. Олардың радикалды діни ағымнан аулақ болуы басты назарда.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Төлеби аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» гранттық қолдауымен жүзеге асырылды. «Деструктивті мінез-құлықты қалыптастыру және алдын алу» тақырыбында тренинг өтті. Аталған шараның мақсаты — діни негіздегі қақтығыстардың алдын алу және олардың профилактикасы бойынша бөлінген мақсатты топтар немесе дінге сенуші азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Шараны «Назым-Шымкент» қоғамдық бірлестігі, психологі және Төлеби өңірінің «Күміс еріктілері» бірлесе өткізді. Қоғамнан оқшауланбай сотталғандармен жұмыс жасау тәжірибесімен және жаңа жұмыс әдістерімен бөлісті. Шеберлік сыныпта кез келген жас тобымен жұмыс істеу кезінде әмбебап болып табылатын арт-терапияның жаңа әдістері қолданылды.
Статистика сүйенер болсақ, дінге қызығушылық білдіретін адамдардың басым бөлігі қажетті мағлұматтарды ғаламтор неме әлеуметтік желісі арқылы іздейді. Қазіргі таңда, еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламтордан ашатыны баршаға белгілі. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін
тигізуде.
Тренинг барысында сөз алған аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Бауыржан Сарыпбеков: «Деструктивті діни ағымның жетегіне еріп, өзінің қателігін кеш түсінгендер жетерлік. Бұл семинарды ұйымдастырудағы мақсатымыз, пробация есебінде тұрған сотталғандар теріс ағымды діннің жетегінде кетпей дұрыс жолды таңдаса екен деймін. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез-келген орындардан, сонымен қатар рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Сондай-ақ, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар, — деді ол.
Заман талабына сай күн өткен сайын әртүрлі жаңашылдық елімізге еніп жатыр. Ғаламтордың адамға пайдасы зор. Бірақ, біз осы мүмкіндікті теріс әрекетке жұмсап жіберетін кездер де болады.
Қазіргі жастарымыз діни сауттылықты мешіттерде арнайы дәріс беретін имамдардан алудың орнына, әлеуметтік желіде таратылып жүрген видороликтер мен жазбалардан алғанды жөн санайды. Кейбір сайттарда дінді дұрыс насихаттаса, енді екіншісі дінді бұрмалап теріс пікір қалдыратыны жасырын емес. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын тарататыны жасырын емес. Дінге бет бұрғысы келген жастарымыз осындай теріс ниетті діндарлардың жетегіне еріп, қатесін кеш түсініп өкініштен өзегі өртенген жүрмесін.
Семинарға қатысқан пробация есебінде тұраттын азаматтар ұйымдастырушылар маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы