«Судья – бұл сөйлейтін заң, ал заң – мылқау судья» дейді данышпан Марк Цицерон. Заңды алмастырып отырған судьяның құқықтық қоғамдағы орны бөлек. Мемлекет атынан үкім етіп, шешім шығару құзыреті берілген судьяның білімі мен білігіне ғана емес, парасат-пайымына, көпшілік алдында өзін ұстау мәдениетіне, әдеп нормаларына жоғары талап қойылған. Ал мұндай әдеп қағидаларының жиынтығы арнайы кодекске топтастырылып 2016 жылдың 21 қарашасында қабылданған болатын. ҚР судьяларының VІІ съезінен бастау алған Әдеп кодексінде қазылардың төрелік алаңындағы кескін-келбетімен қоса, сот залынан тыс уақыттағы қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениетінің жалпыға ортақ стандарттары қамтамасыз етілген. Кодекстегі қағидалар жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялардың бәріне ортақ.
Бұл кодекс әрбір судьяның күнделікті жанынан тастамайтын қойын кітапшасына айналған. Мұндағы талаптар мүлтіксіз сақталуы керек. Ең бастысы, судья осы биік мәртебеге лайық болуы тиіс. Көпшілік судья лауазымына іріктеудің өте күрделі екенін жақсы біледі. Адам тағдырын шешетін, елдегі әділдік пен құқықтық тазалықтың кепілі болып отырғандықтан судья болғысы келетін үміткерлерге қатаң талаптың қойылуы дұрыс. Сынақтың күшейтілгеніне қарамастан судьялықтан үміттілер саны бір мысқал да кеміген емес. Бірақ, таңдау тек мықтыларға жасалатынын байқап жүрміз. Ал енді осындай үлкен іріктеуден көптің арасынан судьялыққа өткен азаматтардың сот саласының беделіне нұқсан келтірмей, абыройына көлеңке түсірмей қызмет етуге міндетті.
Сот саласы халықпен етене жұмыс істейтін, барлық іс-әрекеті алақандағыдай көрініп тұратын құрылым. Судьяның сөйлеген сөзі, киім киісі, дауыс ырғағы, өзін-өзі ұстауы да сын садағына ілінетіні сондықтан. Соған орай судьялар тұрмыстық жағдайларда, қоғамдық орындарда өзінің әрекеттері мен мінез-құлқын әрқашан бақылауы қажет. Өзгелер төзбейтін, басқалар шыдамайтын оқыс жағдайдың өзінде судьяға сабырлық танытып, адамдық қалыбын сақтау маңызды.
Әдеп кодексінің 2-бабында көрсетілгендей «Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен заңсыз ықпал етуге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруы қажет». Өйткені, Ата Заңымыздың өзінде судьяның тәуелсіздігіне кепілдік берілген. Ар мен заңды ғана басшылыққа алып шешім шығарған судьяның мерейі әрқашан үстем. Ұстанымына берік, заң үстемдігі жолында адал еңбек еткен судьяның соттың дамуына қосар үлесі қомақты. Бұған қоса, төрелік алаңында тер төгіп жүргендер неміс ойшылы Иоганн Гетенің: «Жазалай алмайтын судья ақыр соңында қылмыстың серіктесі болады» деген терең мағыналы сөзін де үнемі жадында ұстауы шарт. Бұл қазыға принципшілдік тән екенін, заңды қолданғанда қатаңдық танытудың да, босаңдық көрсетудің де залалы болатынын айғақтайды.
Бүгінгідей ақпараттық заманда Судья әдебі кодексінің әр бабын санамызда жаңғыртып, үнемі қайталап отырудан ұтарымыз көп. Себебі, ашықтық пен жариялылықты желеу етіп, судьяның ісін қаралайтындар, сөзінен ілік іздейтіндер аз емес. Ақиқат тек сот алаңында айтылуы керектігін білсе де, соңғы кездері әлі үкімі шықпаған іске қатысты болжам жасап, судьяға әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ықпал етуге ұмтылушылар да кемімей келеді. Мұндай келеңсіздіктен құтылудың жолы – судьяның білімі мен ішкі әдебіне тікелей байланысты. Процеске қатысушыларда судьяның іс бойынша мүдделілік танытқаны, заңды және әділ шешім қабылдаудан қорқатындығы туралы еш күмән тумауы керек. Сот процесін жүргізудің жоғары мәдениеті, судьяның процесс кезінде, одан кейін де сыпайы және қалыпты, эмоциясыз мінез-құлқы ғана азаматтардың судья қабылдаған шешімнің әділдігі мен заңдылығына сенімін арттырады. Ал бұл талаптардың негізі Әдеп кодексінде тұр.
Бауыржан Тоқбаев,
Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы
Маңғыстау облысы