«Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деген мақалдар қазақтың татулықты тәу ететін қасиетін, бітімге келуді құптайтын мәмілегершілік бет-бейнесін көрсетеді. Мұны ертедегі қазақы заңдардың қалыбынан да байқау қиын емес. Сол тұста төрелік еткен төбе билердің кесімінің өзі ағайын арасындағы сыйластықты сақтауға, ел ішіндегі даукестікті төмендетуге бағытталған. Дала заңындағы бітімгершіліктің бүгінгі көрінісі – медиация болса, дала билерінің бүгінгі ізбасары – судьялар екені рас.
«Медиация туралы» заң қазақы құқықтық дəстүрді тірілтіп, жаңа талаптарға сай жаңғыртты. Осы айтулы заңның қабылданып, тəжірибеде үлкен сұраныспен қолданылып келе жатқанына 15 жылдың жүзі болды. Медиация – сот жұмысына ғана емес, азаматтардың сана-сезіміне үлкен бетбұрыс жасаған құжат. Себебі, бұл заңның көмегімен тараптар дауды бітіммен шешуге, татулықты сақтауға, келісімге келуге үйренді. Дауды сотқа жеткізбей шешудің артықшылығына көз жеткізді. Медиацияның тиімді екенін тəжірибе барысында білгендіктен соңғы жылдары бітімге келетіндер, келіспеушілікті өзара мəмілемен бітіретіндер саны көбейген. 2025 жылы Президент қабылдауында болған Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев те медиативтік келісімдер бойынша оң өзгерістер орын алғанын айтып, дауларды сотқа жеткізбей жапқандардың саны бір жылда 61 мыңнан 76 мыңға дейін көбейгенін алға тартқан болатын. Биыл да былтырғы меже жалғасын табары күмəнсіз. Ал əр даудың артында қаншама адамның тағдыры тұратынын ескерсек, даулардың сотқа жетпей реттелуі көптеген жағымды көрсеткіштерге түрткі болары күмəнсіз. Шындығында дауларды сотқа жеткізбей шешудің артықшылығы аз емес. Біріншіден бұл сот жүктемесін төмендетеді. Тараптардың сотқа дейін бейбіт келісімге келуі судьялардың уақытын неғұрлым күрделі істерді зерделеуге арнап, тəжірибесін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Сот төрелігіне жүгінетін тараптар өзара келісімге келіп, соттан өкпе-назсыз шықса, ол – судья үшін үлкен жетістік. Себебі сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмайды. Сотта бір тараптың жеңіп, екінші тараптың жеңілетіні қалыпты жағдай. Ал дауды сотқа дейін реттегенде жеңілген тарап болмайды. Өйткені келісім екі жақтың уəждерін ескере отырып дайындалады. Екіншіден, дауды сотқа жеткізбей реттеуге қол жеткізген тараптар сот əуресінен құтылады. Сот процесіне қатысуға кететін уақыты мен қаржысы үнемделеді. Үшіншіден, бітімге келгендердің жүйкесі сақталады, екі жақ арасындағы сыйластыққа сына түспейді. Дауды мəмілемен шешкендіктен тараптар медиация үстелінен қол алысып, достасып тарқайды. Қазір елімізде əрбір азаматтың сотқа дейін де, сот барысында да татуласуы үшін жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Оған басқа құзырлы мекемелермен жасалған келісім, меморандумдардың көмегі көп. Айталық республикалық Кəсіподақтар федерациясы жəне Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орталықтары, Билер кеңесі құрылуда. Онда кəсіби медиаторлар жəне ақсақалдар алқасы келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, көңілге қонымды шешім іздеу жəне ұсыну арқылы дауды сотқа жеткізбей шешуге көмектеседі. Сондай-ақ сот ғимараттарында арнайы татуласу орталықтары бар. Мұнда да азаматтарға медиаторлар, адвокаттар, нотариустар мен психологтар бірігіп жол көрсетіп кеңес беруде. Осының бəрі ел азаматтарының игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар деп айтуға болады. Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіруге жəрдемдесу. Бітімгершілік барысында тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды əрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді. Ренжіскенді татуластыру, кетіскенді бітістіру қазақтың қанында бар. Сол ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықты жаңғырту баршамыздың парызымыз. Қалай десек те медиация – татулық пен тұтастықтың кепілі. Татуласу – дауды шешудің ең тиімді əдісі екені анық.
А.АЙДАРБАЕВА, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының судьясы


