Азаматтық қоғамда кез келген даудың заң шеңберінде шешілуі қалыпты жағдай. Мәселені жұдырықпен емес, төрелік алаңында реттеудің артықшылығы зор екені рас. Алайда, құқықтық қатынастың барлығын сотқа жеткізу тиімді қадам дей алмаймыз. Өйткені, сот шешімі бір күнде нәтиже бермейді. Екі тараптың дауын қарау сот жүктемесін арттырады. Бірақ бұл мәселенің тек бір жағы ғана. Өйткені, дауды сотта қарағанда тараптар уақыт жағынан да, қаржылық тұрғыдан да ұтылады. Өзіне қатысты мәселе таразы басына салынатындықтан азаматтар әр сот процесіне қатысу үшін негізгі шаруасын кейінге қалдыруға, кәсібін ақсатуға, жұмыстан сұрануға мәжбүр болады. Бұған қоса, сот алаңында екі тараптың сөзге келуі, өз шындығын дәлелдеу үшін екінші тарапқа ауыр сөздер айтуы мүмкін. Бұл көңілге дық түсіріп, жүйкеге қатты әсер етеді.
Осындай түйткілдерден кейін сотта жеңіске жетсеңіз жақсы. Кейде құқықтық сауаттың төмендігінен, кейде құжаттарды дұрыс дайындамаудан, кей жағдайда сот процесіне дұрыс дайындық жасамағандықтан сот шешімі сіздің пайдаңызға жазылмауы мүмкін. Соның кесірінен сіз соншама уақытты текке кетіргеніңізді, қаншама қаржылық шығынға батқаныңызды, соттасамын деп жүріп талай таныс адамдармен арадағы сыйластыққа сызат түсіріп алғаныңызды кеш біліп, бармақ тістеп жатасыз.
Еліміздің Жоғарғы Соты тарапынан қарапайым азаматтардың құқығы мен бостандығын тиімді, сапалы қорғау мақсатында дауларды сотқа дейін, сотта шешуге лайықты көңіл бөлініп, медиация институтының жандануына барынша жағдай жасалғаны белгілі. Мұндай оң істер «Медиация туралы» заңды, ҚР Азаматтық процестік кодексін басшылыққа ала отырып жүргізілуде. Мәселен Азаматтық процестік кодекстің 182-бабында дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау тәртібі дәйектелген. Соның арқасында еліміз дауды бітімгершілікпен бітіру ісіне қос тараптың заңгерлері мен адвокаттарын тартуды мақсат етіп отыр. Бұл тараптарға өте ыңғайлы, сенімді тетік. Себебі, заңды жетік білмейтін, құқықтық сауаты төмен жандар көбінесе сот процесінде тек өз адвокатына сенеді, олардың айтқанын заң деп қабылдайды. Адвокаттар даудың мәнін, келісімге келудің пайдасын, мәселені бітіммен шешудің тиімділігін айтып, түсіндірген жағдайда сот медиациясы дамып, ортақ келісімге келетіндер қатары көбейе түсер еді. Өкінішке орай, адвокаттар өз қорғауындағы азаматтың мүддесінен, өз қаламақысын жоғары қоятын жағдайлар жиі кездеседі.
Е.Манапов,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы