12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дариға НАЗАРБАЕВА, Парламент Сенатының төрағасы: «Біздің басты дұшпанымыз — жауапсыздық, біліксіздік, шешім қабылдауға асығу»

Азық-түліктің молшылығы мен қауіпсіздігі бүгінде барша әлемді толғандырып отырған мәселе. Оны шешудің бірден-бір жолы ауылшаруашылығының тиімді әрі қарқынды дамуы болса, дүниежүзіндегі елдердің бәрі оған қол жеткізе алмайды. Өйткені, бірінің табиғаты келмесе, екіншісінің дәстүрі сай емес. Ал, Қазақстанның бұл тұрғыда мүмкіндігі кең. Жеріміз де, дәстүріміз де ауылшарушылығына бейімделген. Жер еміп, малдан өнім алудың ықылым заманнан келе жатқан технологиясы бабаларымызды ешқашан өзгеге алақан жайғызбаған. Ен даланы еркін жайлап өсірген төрт түлігі қазаққа ішсе сусын, жесе ет, тоңса киім болған.

Өкінішке орай, осындай елдің ұрпағы ғылым мен техника өркендеген бүгінгі кезеңде өзгенің өнімімен қарнын тойғызуға мәжбүр болып отыр. Басқаны айтпағанда, өзіміздің ұлттық тамағымыз – еттің өзін сырттан тасымалдайтын күйге түсіп отырмыз. Бүгінде Қазақстан халқы қорек ететін азық-түліктің 80 пайызы импорттық өнімдер екен. Ал, өзгеге базарлайтын өніміміздің көлемі небары 40 пайыздан аспайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері агроөнеркәсіп кешені мен аумақтарды дамытуға бағытталған тоғыз бағдарламалық құжат қабылданыпты. Оларды жүзеге асыру үшін миллиардтаған қаржы аударылғаны да белгілі. Бірақ соған қарамастан бұл саланың ауған көші түзелмей келеді. Әсіресе соңғы 10 жылда агроөнеркәсіптік кешеннің ірі тоқырауға ұшырағаны айқын көрініп тұр. Мәселен, осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5 пайыздан аспапты. Соңғы жылдары тіпті, бұл көрсетікіш тұрақты түрде төмендеп келеді екен. Неге, қателік қайдан кетті, не істеу керек, қалай бұл саланы төрт аяғынан тік тұрғызып, елдегі азық-түліктің молшылығына қол жеткізіп, сапасын қамтамасыз етеміз, қалай әлемдік нарыққа шығарып, табыс көзіне айналдыра аламыз? Биылғы жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Парламент Сенатында осы сауалдарға жауап ізделген 12 жиын өткен еді. Оларда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің барлық саласына қатысты мағлұматтар ортаға салынып, орын алған олқылықтардың себебі мен салдары зерделенген болатын. Өткен жұмада ауылшаруашылығының барлық мәселесін жіліктеген бұл жиындар Жоғарғы палатаның Парламент тыңдауында жалғасын тапты. Біздер осынау алқалы отырыстың мүдделі құзырлы орын, ауылшарушылығы қауымдастықтарының өкілдері, іргелі шаруашылық басшылары, әкімдер, экономикалық сарапшылардың сындарлы сұқбат алаңына айналғанына куә болдық. Жиында алғашқы сөзді алған осы игілікті шаралардың бастамашысы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның сөзі ауылшаруашылығына қатысты мәселенің өзекті қырларын, маңызын ашқан тың пайымдауға толы болды. Дариға Нұрсұлтанқызы өз ойын ауыл оңалмай, ел тоғаймайтындығы жөнінде тұжырымнан тарқатты. «Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы» дей келіп, Сенат төрағасы ел халқының 42 пайызына тең ауылдықтардың жалпы табыстың өсуіне қарамастан кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын айтып, оның себебі ауылшаруашылығының өнеркәсіп ретінде тоқырап тұруымен байланысты деді.

 

Жердің құқықтық мәртебесі айқындалсын

Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі саласы. Еліміз әрқашан астық өндірумен танымал. Ал халқымыздың өмір салтының ажырамас бөлігі мал шаруашылығы, ол ежелден әр қазаққа интуитивті тұрғыда жақын, генетикалық деңгейде түсінікті. Онда неге барлық табиғи және тарихи негіздер бола тұра отандық азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы қолжетімсіз? Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неге ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласы болып келеді? Осындай сауалдар тастаған Дариға Нұрсұлтанқызы олардың жауабын да өзі берді. Сенат басшысы аталмыш жағдайларды көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемаларының көрінбей қалатындығымен байланыстырды. Бұл ретте алдымен саланың әлеуметтік өлшеміне назар аудару маңыздылығын, өйткені, ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше екендігін еске салды. Сонымен қатар аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау ауыл шаруашылығын дағдарысқа, өндірістің күрт құлдырауына, өндірушілер табысының төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің, шикізат пен азық-түлік бағаларының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдайларға алып келгеніне назар аудартты. Оның айтуынша, осы қателіктердің салдары ауыл тұрғындарының санын азайтып, біртіндеп бүтін елдімекендердің жойылуына әкеліп жатыр. Ауыл халқына инфрақұрылым объектілері қолжетімсіз болғандықтан олардың өмір сүру сапасы зардап шегіп келеді. Мұндай жағдайда тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйі қанағаттанарлық болмайды және оларда туған ауылында тұруға деген ықылас жоқ. Мемлекет бұл саланы белсенді дамытуға алғышарт жасап, жағдайды жақсарту үшін үнемі шаралар қабылдап жатқанымен, бағдарламалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартты деу шындыққа сай емес. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырылуына не кедергі екенін түсіну айрықша маңызды болып тұр.

Жиында сөз алғандар бұл мәселені жан-жақты қырынан ашты. Осы ретте Парламент Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусиннің пікірі айрықша назар аудартты. Дүйсенғазы Мағауияұлының айтуынша, барлық проблема несие қаражаттарының жеткіліксіздігі мен қолжетімді болмауы, саланың инфрақұрылымын қаржыландыру деңгейінің төмендігі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерінің, қызметтердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі, ауыл тұрғындарының өз кәсібін ұйымдастыруға қаражаты мен білімінің жетпеуі себеп болып отыр.

Жер – ауыл шаруашылығының базисі ғана емес, негізгі өндіріс құралы. Сондықтан да, оның құқықтық статусын да анықтаудың мәні зор. Бұл ретте Мусин мырза ауыл шаруашылық жерін мемлекет меншігінде қалдыра отырып, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын енгізудің оң шешім болатынын айтты. Бұл ретте нақты заңнамалық регламенттеудің болмауы -қаржыландыру құралының жеткіліксіздігі мен қолжетімділігінің төмендігіне әкеп соғуда. Сонымен қатар бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесіне арналған нормативтік-құқықтық база құру, кооперативтерге жағдай жасау ауадай қажет. Бұл ең алдымен, өнімдерді делдалсыз өткізуге жол ашады. Қазіргі уақытта өндірілген өнімді дайындау, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізудің жүйесі жоқ. Сервистік қызметтер – агрохимия, ветеринария, фитосанитария, мелиорация және басқаларының деңгейлерінің тым төмендігі де саланың өсуін тежеуші негізгі факторлардың бірі. Ауылдық елдімекендерді дамытудың түйінді мәселелерінің бірі – ақпараттық қамтамасыз етуді жаңа сапалық деңгейге шығару. Ауыл еңбеккерлері озық технологиялар, мемлекеттік қолдау шаралары, заңнамалық базадағы өзгерістер, нарық маркетингі туралы хабардар етілуі тиіс.

Мамандардың дені зейнеткерлер мен өздері үйренгендер

«Олжа-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Айдарбек Ходжаназаровтың сөзі де саланың өзекті мәселелерін қозғады. Оның айтуынша, елімізде егіншілік мәдениеті төмен. Бұл өндірістегі жұмыс қазіргі уақыттың талабынан мүлде алыс жатыр. Бұған көбіне не ауа райы, не климат сылтау етіледі. Шын мәнінде ауылшаруашылығы техникасының 85 пайызының пайдаланылу мерзімі он жылға асып кеткен, себілетін тыңайтқыш көлемі гектарына 5 кг-ды ғана құрайды. Бұл басқаны айтпағанда Ресейдің өзінен он есе төмен. Фермерлер бұған субсидия ала алмайтындықтан құлықсыз. Сонымен қатар қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласы маманның зор тапшылығын сезініп отыр. Мысалы, ұрандатып жүрген ет өндірісін дамыту үшін қажетті білікті зоотехниктер еңбек нарығында жоққа тән. Шаруашылықтарда малды қарайтын, малшаруашылығын жоспарлайтын адам табу қиын. Агроном, фитопатолог, ветеринарларға қатысты да осындай жағдай. Қазіргі таңда мысалы «Олжа Агро»-да 270 бос орын тұр. Соның ішінде 20 агроном, 114 механизатор, 3 мал дәрігері және 20 зоотехник қызметтері. Жұмыс істеп жүрген зоотехниктердің жартысы зейнет жасындағылар. Мүмкін бұл жағдайды «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар бөліп шешу керек шығар? Қазір Қазақстанда ауылшаруашылығында тек зейнеткерлер мен өз бетінше үйренгендерге ғана арқа сүйеуге болады. Бұл білім беру және ғылыми негіз әлсіздігінің салдары.

Аграрлық мамандықты негізінен басқа оқуға түсе алмағандар таңдайды. Ел көлемінде ауылшаруашылығы мамандығына студенттердің 2 пайызы ғана оқып жатыр. Олардың 53 пайызы бірінші жылы жұмысқа орналаса алмайды. Осылайша ауылшаруашылығы мамандарының 80 пайызы бұл салаға келмейді. Соның салдарынан біліктілігі төмен маман қаптап кеткен. Олар шаруашылықта тұқым мәселесінің барын, техниканың талапқа сай еместігін, тыңайтқыштың жетіспейтінін байқамайды, сондықтан барлық кінәні мемлекетке жабу оңай.

 

Ауылшарушылығын қаржыландыруда сәйкессіздік бар

Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесінен берік орын алған ауылдық жерлерде инновацияны кеңінен қолданудың жайы қалай болмақ? Сонымен қатар, аграрлық ғылым мен білімнің және өндірістің арасында тығыз қарым-қатынас қалай жүзеге аспақ? Жиында бұл мәселеге де айрықша назар аударылды. Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Төлеутай Рахымбековтың айтуына қарағанда, агроөнеркәсіп саласы бойынша ғылыми жұмыстар аз емес. Мәселен, өсімдік шаруашылығы бойынша 300, мал шаруашылығы бойынша 200 зерттеме бар. Алайда, олардың тек 8 пайызы өндіріске жетеді екен. Егістік алқаптарының 32 пайызы отандық селекциямен қамтылған. Бұған себеп болып отырған жағдай білім, қаржы және технологияны коммерциализациялаудағы ұйымдастырушылықтың төмендігі. Былтыр аграрлық ғылымды қаржыландыру 17,5 млрд теңге көлемінде ғана болып, жалпы өнімнің 0,4 пайызына тең болды. Мұның сыртында ғылымды қаржыландыруда да елеулі сәйкессіздік бар. Яғни, қаржының 90 пайызы ғылыми зерттеуге кетеді де, тәжірибеге 10 пайызы ғана жұмсалады. Ал, коммерциялауға бір тиын да бөлінбейді. Әлемдік тәжірибеде осы шаралардың үш шоғырына қаржы тең дәрежеде бөлінеді. Мұның сыртында аграрлық ғылымның жетістігі қандай керемет болса да, егер шаруалар, тұтас сала оларды қолдануға дайын болмаса, еш нәтиже бермейді. Бізде шаруалар тұрмақ, арнайы мамандардың деңгейі Ходжназаров мырза айтқандай. Осының салдарынан тыңайтқыш мен пестицидтерді қолдану деңгейі төмен.

Негізінде ғалымдардың есептеуі бойынша Қазақстан тұқым, ет, сүт, көкөністі қазіргіден екі есеге артық әрі сапалы өндіре алады. Азық-түлік тапшылығының тағы бір себебі ауылшаруашылығының қазіргі малшаруашылығы, өсімдікшаруашылығы және қызмет саласы болып құрылуында болып отыр. Соңғы саланың үлесі 0,3 пайызға тең. Қызмет саласы дегеніміз өнімді дайындау, сақтау, өткізу. Сонымен қатар жанар-жағар майды, тыңайтқышты, дәрілерді жеткізу. Ветеринария, механикаландыру, несиелеу, білім беру қызметін көрсету. Шаруа тек өнім өндірумен айналысу керек, ал қалғандары тиісті қызмет ұйымдары арқылы оған жеткізілуі керек. Әлемдік тәжірибеге сай бізге бұл қызмет үлесін 100-150 есе арттырған жөн. Қызмет саласын тауар өндірушілердің кооперациясы негізінде дамытуға болады. Бұл үшін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізіп, олардың қызметін субсидиялауды көздеу қажет.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін тиімді және жеткілікті қаржыландырудың қажеттігін жиында Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова да айтты. Өкінішке орай, екінші деңгейлі банктердің несие портфеліндегі ауылшаруашылығының үлесі былтыр бұрнағы жылдардағыдан екі еседен артыққа азайып, 3,5 пайыз болыпты. Корперативтік клиенттерге берілетін жаңа несиелер өскеніне қарамастан ауылшаруашылығы кәсіпорындарына берілетін несие көлемі артпай отыр. Банктердің мұндай қадамға құлықсыздығының себебі сала борышкерлерінің мерзімі өткен қарызының көптігінен. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешенді банктік несиелеу белсенді түрде мемлекеттік қаржыландырумен алмастырылуда. «ҚазАгро» Акционерлік қоғамының ауылшаруашылығына бөліп отырған қаржысының көлемі өсіп келеді. Алайда, статистика бұл елеулі инвестицияның тиімділігін көрсетпейді. Мәселен, 2017 жыл мен 2019 жыл аралығындағы өнім мен көрсетілген қызметтің өсімі 5 пайыздан артпады. Өсімдік шаруашылығы бойынша бұл көрсеткіш 2 пайызға ғана жетті. Агронөркәсіптік кешенді тиімді қаржыландыру үшін несие мен субсидия ұсыну қағидаттарын тұтастай қайта қарап, онда борышкелердің бұрын бетпе-бет келген проблемалары ескерілу керек, құрылымдық тәуекелдер азайтылып, жаңа қаржы құралдары іске қосылуы қажет. Маңызды шешімдердің қауіптілігін азайту үшін ауылшаруашылығында сақтандыру институтын дамыту өзекті тұр. Проблемалық несиелерді экономикалық айналымға қайтарудың пәрменді тетіктері іске қосылмаса болмайды. Олар қаржы институттарының тәуекелділігін азайтып, борышкерлердің несиені дер кезінде қайтаруына мүмкіндік беріп, банктердің ауылшаруашылығын несиелеуге көптеп тартылуына жол ашады.

Министр не дейді?

Ауылшаруашылығы министрі айтылған мәселелердің өзектілігін жоққа шығармады. Оның пікірінше, құзырлы орын Сенат депутаттарымен кездесу барысында көтерілген проблемаларды жіті зерттеп, зерделепті. Соның арқасында расында да субсидиялау тәртібіне өзгерістердің жиі енгізілетініне көз жеткізген. Мысалы соңғы бес жыл ішінде бұл көмек түрі 47 рет түзетілген екен. Енді ДСҰ классификациясы бойынша Жасыл себетке кіретін мемлекеттік қолдау шараларын 5 жылға дейін заңнамалық деңгейде шешіп, тұрақтандыру жоспарланып отыр. Субсидия ережесінің жиі өзгеруіне АӨК-нің толықтай қаржыландырылмауының ықпалы да ескерілмек. Осы олқылықты толтыру үшін бюджеттен бұрынғы 300 млрд теңгеге қоса 100 млрд теңге қосымша бөлінетін болады. Бұл ретте аймақтар арасындағы айырмашылықты заңнама негізінде реттеу көзделіп отыр.

Министр сонымен қатар пайдаланылмаған жерлерге космомониторинг арқылы бақылаудың күшейтілетінін, кәдеге жаратылмаған жер телімдерін мемлекетке қайтарып алу үшін Жер кодексіне түзетулер дайындалғанын айтты. Жайылымдарды да тұрғындар қажеті үшін қайтарып алу және қайта бөлу қарқынды жүріп жатыр екен. Мысалы былтыр мемлекеттік меншікке 1,1 млн га пайдаланылмаған жайылым қайтарылса, биылғы екі ай ішінде 1,8 млн га жер кері қайтарылыпты. Ауылшаруашылығы кәсіпорындары үшін күрделі болып тұрған салық есебін жеңілдету де қарастырылуда. Бұрынғы бірыңғай жер салығына қайта көшу көзделуде. Өйткені, биылдан бастап енгізілген айналымнан 0,5 пайыз салықты төлеу қиындық тудырады. Соңғы үш жыл бойы көтерілген көктемгі дала жұмыстарын несиелеу мерзімі мәселесі АӨК дамыту бағдарламасында қамтылыпты. Соның арқасында келер жылдан бастап шаруаларға бұрынғыдай бір жылдық қысқа мерзімді емес, үш жылдық орта мерзімді несие ұсынылатын болады.

Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеудің үлесін ұлғайтып, тамақ өнеркәсібі жүктемесін арттыру үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын инвестсубсидия арқылы модернизациялау, өсімақыны арзандату арқылы айналым қаражатына қолжетімді несие беру, өндіріліген өнімді тұрақты түрде сату үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардағы жергілікті мазмұнның үлесін арттыру жолға қойылмақ.

 

«Келте ойлауды доғару керек»

Жиын соңында сөз алған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығын қаржыландыру тетіктері мен тәсілдерін қайта қараудың маңыздылығына назар аудартты. Оның айтуынша, бұл негізгі мәселені заңнан кейінгі актілер деңгейінде реттеуде қателік орын алған. Оның салдары өте қымбатқа түсіп отыр. Алдағы уақытта субсидия берудің құқықтық жағы заңда нақты айқындалып, дәйектелуі керек.

Жалпы қазіргідей келте ойлауды тоқтату керек. Бізде барлық салада стратегия болуы тиіс. Қателіктер мен оң тәжірибелеріміз осындай мақсаттың дәйекті түрде айқындалып, басым бағыт иеленуін қажет етіп отыр. Сенат басшысы алдағы уақытта да агроөнеркәсіп кешені саласының дамуындағы тежегіштерді егжей-тегжейлі анықтау мақсатында ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын және Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды тиянақты түрде пысықтау керектігін айтты. Осы ретте Дариға Назарбаеваның «Қазақстан — біздің жеріміз. Біз ол үшін ата-бабаларымыздың, балаларымыздың алдында жауаптымыз. Біздің сыртқы жауымыз жоқ. Біз ешкімге ешқашан жерімізді бермейміз. Біздің басты дұшпанымыз — жауапсыздық, біліксіздік, шешім қабылдауға асығу, қағаз жүзіндегі есептер жағдайын дұрыс түсінбеу, бағалай алмау және күнделікті орын алатын мәселелерге шапшаң жауап бере алмау», — деген сөзі бүгінде қазақ қоғамындағы қалыптасып отырған бралық өзекті мәселелердің себеп-салдарын айқындап бергендей болды. Түзу сөз тыңдаушыларына қалай әсер етті, осынша уақыт талқыланған мәселенің өмірдегі көрінісі қалай болмақ, оған әрине, уақыт төреші.

…өндірістегі жұмыс қазіргі уақыттың талабынан мүлде алыс жатыр. Бұған көбіне не ауа райы, не климат сылтау етіледі. Шын мәнінде ауылшаруашылығы техникасының 85 пайызының пайдаланылу мерзімі он жылға асып кеткен, себілетін тыңайтқыш көлемі гектарына 5 кг-ды ғана құрайды. Бұл басқаны айтпағанда Ресейдің өзінен он есе төмен. Фермерлер бұған субсидия ала алмайтындықтан құлықсыз. Сонымен қатар қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласы маманның зор тапшылығын сезініп отыр. Мысалы, ұрандатып жүрген ет өндірісін дамыту үшін қажетті білікті зоотехниктер еңбек нарығында жоққа тән. Шаруашылықтарда малды қарайтын, малшаруашылығын жоспарлайтын адам табу қиын. Агроном, фитопатолог, ветеринарларға қатысты да осындай жағдай.

 

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

[ratings]

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.