12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дархан МЫҢБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты: «ЖАСТАРҒА ИЕ БОЛА АЛМАСАҚ, МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕ ИЕ БОЛА АЛМАЙМЫЗ»

– Жақында Президент шешімімен Республика күні қайта мерекелер тізбесіне қосылды. Елдің жағдайы бүгінгідей ауыр боп тұрған кезеңде бұл қаншалықты дұрыс шешім? Мұның астарында не бар? Жалпы, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін қандай шаралар қарастырылуда? Өз тараптарыңыздан қандай ұсыныс-пікірлер айтып жатырсыздар?

– Өздеріңізге белгілі, Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта түлету туралы ұсыныс Ұлттық құрылтай болған кезде айтылды. Тарихи тұрғыдан алғанда шындығында, Республика күнінің жарияланғаны сол күн болатын. Одан соң тәуелсіздік туралы декларация қабылданды. Меніңше, кейбір замандастар айтып жүргендей, ел өміріндегі айтулы оқиғаларды бірден өмірімізден сызып тастауға болмайды. Жалпы, біз Қазақстанның 31 жылдық тәуелсіздігіндегі әрбір оқиғаға мән беруіміз керек. Әрбір тарихи оқиғаны атап өтудің маңызы – болашақ үшін қажет. Өркениетті елдерде республика күні бар. Оларда сонымен қатар алғашқы заң қабылданған күн де аталып өтіледі. Сол секілді Декларация қабылданған күн өз алдына айрықша мереке. Кейбір елдер тіпті, патшасын ауыстырған күнін де тойлап жатады. Олар мұндай оқиғалардың тарихи сананы қалыптастырып, сарабдал саясат орнықтырудағы маңызын терең түсінген. Сондықтан бізге де Республика күнінің оралуына үркіп қараудың қажеті жоқ. Керісінше мұндай сәттердің бізге беретін сабағын, мүмкіндігін саралап, ел мұраты үшін пайдалануға ұмтылғанымыз абзал.

– Сіздіңше, қайта оралған мереке қарапайым халыққа не береді?

– Меніңше, бұл тәуелсіздік жылдары алға қойған мақсаттарымызға жете алдық па, неден ұттық, неден қателестік, алдағы бағыт қандай болу керек, басымдық неге жасалу керек деген сұрақтарға жауап іздеп, есеп беру үшін, болашаққа айқын жоспар түзу үшін қажет. Мемлекетіміздің қазіргі жағдайына келетін болсақ, қазіргі таңда әлеуметтік реформалар басталып жатыр. Жалпы, мұндай қадамдар неліктен жасалады? Сіз айтып отырғандай, оларға қажеттілік әлеуметтік, саяси, экономикалық шаралардың нақты өмірмен қабыспауына, үйлеспеуіне орай туындайды. Қазіргі реформаларға түрткі болған қаңтар оқиғасы. Бұл дүрбелең бұған дейін де ойластырылғанын Президенттің өзі де айтты. Ол рас. Бұған сенбеуге құқымыз жоқ. Өйткені, Мемлекет басшысы болғаннан кейін оның мемлекетті дамыту жоспары болады. Негізі бұрынғы жасалған реформаларда ешқандай жетістікке жетпей қалдық, түк жасалмады деп айтуға болмайды. Әр нәрсені өз атымен атауымыз керек. Кейбір замандастар бізді қайталай береді деп сөгіп жатады. Мәселен, шекараның айқындалуын, ядролық қарудан құтылғанымызды мақтаныш етіп айта береді деп ренжиді. Негізінде дәл сол кездегі жағдай аясына қарасақ, осы шаралардың барлығы өзін ақтады деп айтуға болады. Әсіресе, осы екі шешім.

– Қалай ақтағанын тарқата кетсеңіз?

– Мәселен, осы астанамыз болып отырған жерде бұрын бар болғаны 20 пайыздың төңірегінде ғана қазақ болды. Қазіргі жағдай тұрғысынан қарағанда сол күйінде қала беретін болса, астананы көшірмесек қандай жағдай болатынын ешкім болжап білмейді. Әрине, егер былай болса деп шартты раймен айта беретін болсақ, көп мәселені сөз етуге болады. Бірақ бұл геосаяси жағынан да, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да еліміз үшін ұтымды шешім болды. Мысалы, шекараны бекітпесек, астананы көшірмесек қазір қандай жағдайда болар едік. Ресейліктер онсыз да Солтүстік Қазақстанды біздің жеріміз деп көзін алартып, саясаткерлерін айтақтап отыр. Егер шекарамыз күні бүгінге дейін бекітілмегенде олардың бұл ойы іске асып кеткен болар ма еді. Қазақтың бағына орай дер кезінде жасалған дұрыс шешімнің арқасында өз жерімізге ие болып отырмыз. Сол секілді ядролық қарудан бас тарту да сындарлы қадам болды.

– Керісінше қазір осы ядролық қарудың қажеттілігі сезіліп тұрған жоқ па? Қолданбасақ та, ниеті терістердің мысын басып, сес көрсетіп қою үшін тұра бергені дұрыс емес пе еді? –

Ядролық қаруды сол кезде сақтағаннан оның мамандары жоқ болғандықтан еш пайда жоқ еді. Мысалы Байқоңыр туралы көп айтылады, бірақ оны мамандарсыз кәдеге асыра алмағандықтан жалға беріп отырмыз ғой. Ядролық қаруға қатысты да осындай жағдай орын алуы мүмкін еді.

– Мамандарды дайындап шығаруға болмас па еді?

– Иә, оған мүмкіндік бар. Бірақ бізде әлі де көп салада мамандардың жетіспей жатқанын білесіз бе? Бізде неге жағдай төмен деп ойлайсыз? Меніңше, мұның бірінші себебі елдегі мықты мамандардың аздығынан дер едім.

– Мықты мамандар жұмыс таба алмағандықтан шетелге кетіп жатқан жоқ па?

– Қандай мамандар кетіп жатыр деп ойлайсыз? Мысалы мен жазда Көлсай, одан ары Қайыңды деген жерге бардым. Онда жол салынып жатыр екен. Осы құрылыстың барысын барлап, зерделей келе оған бөлінген 1 млрд 200 млн теңге далаға кететін болды ғой деп ойладым. Өйткені, онымен нағыз өз ісінің мамандары айналысып жатпағандықтан жол таудың етегіне қарай салынған. Мысалы Әзірбайжандағы Қарабах төбесінен қалаға дейін салынған жолды көрдім. Ауа райының, жер жағдайының барлық ерекшеліктері, қауіпсіздігінің талаптары ескеріліп, төселген. Қар көшкіні кезінде өтіп кететін көпір мен еріген су ағатын арық салынған. Ал, әлгі бізде төселіп жатқан жолдың айналасында арық жоқ. Ертең қар көшкіні болса, оны ағызып алып кетеді де тағы да 1 млрд 200 млн теңге құмға сіңген судай болады. Сөйтіп, қайтадан осынша қаржы бөлуге тура келеді. Сол секілді қазір қалалардағы жолдарды қарасаңыз кептеліс көп. Олар да сәл жаңбыр жауса су астында қалады. Осының бәрі жол құрылысымен кәсіби түрде айналысатын маман тапшылығының салдары.

– Еңбек нарығын зерттеп, қажетті мамандарды дайындауға не кедергі? Осы мәселені көтеріп, ұсыныстар жасайтын құзыреттеріңіз бар емес пе?!

– Біз, әрине, ұсыныс білдіріп жатырмыз. Алайда, сөзімізге құлақ аса бермейді. Гранттар еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға бөлінбей жатыр. Мәселен, туризм саласына 800 грант бөлінді. Біз бұл не үшін қажет деген сауалымызға мардымды жауап ала алмадық. Сол секілді ІТ-ге қажет ті мамандар саны асып кетті. Соның қайсысы керек? Оны сараптап, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Мұны тиісті министрліктер ескермейді. Бұл мәселені зерттеу үшін осы кәсіптің сарапшысы, немесе жұмыс беретін адам болу керек. Бізде жұмыс беруші мен оқу орнының арасында байланыс жоқ. Сондықтан заңгерлер көп. Ал, олардың көбінің біліктілік деңгейі талапқа сай емес. Негізінде әр саланың заңгері бөлек болу керек. Яғни, денсаулық, мәдениет, өндіріс заңгері секілді олар белгілі бір салаға бейімделіп, дайындалуы тиіс. Ал, бізде бәрі заңгерлікті оқып жатыр. Ертең олардың бәрі прокурор мен сот бола ма? Олардың бас-басына мұндай қызмет қайда? Ал, салалар бойынша сауатты заңгерлік көмек көрсететін мамандардың тапшылығынан, кәсіби дайындығының жеткіліксіздігінен түрлі заң бұзушылықтар орын алып жатыр. Мұның барлығы еңбек нарығын зерттемеудің салдары. Сонымен қатар, біздің оқу орындарындағы оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігі талапқа сай емес. Мысалы, қазір журналисті дайындайтын бірнеше факультет бар. Соларға сабақ беретін оқытушылар бар ма? Шыны керек, өз басым, журналистика факультеттерін бітіріп шығып жатқан түлектердің сауатының деңгейіне қарап қарным ашады. Қарапайым грамматикалық ережелерді білмейді. Не оқыған, қалай оқытқан деп еріксіз қынжыласың.

– Сол журналистика факультеттерінде білікті мамандарға орын жоқ. Оларды жолатпайды десем не айтасыз?

– Иә, ол да бар. Журналистика факультеттерінде халықаралық деңгейде білім беретін маман жоқ. Олар өз қазанында қайнап жатыр. Бұл тоқырауға әкелетін жағдай. Жалпы, оқу орындарының рейтингтерін олардың түлектерін сұранысқа ие деңгейімен айқындау керек. Егер толықтай мамандығына сай жұмыспен қамтылмаса олар дипломын алған оқу орындарын жауып тастау керек. Шыны керек, бізде қазір қос-қос дипломмен жұмыссыз жүрген мамандар көп. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын көбейіп бара жатыр. Бұл жөнінде үнемі мәселе көтеріп жүрміз. Бірақ онымызға жасалатын уәж сырғытпа болып келеді.

– Мұның сыры неде, құлықсыздық па әлде біліксіздік пе?

– Ұрандатқаным емес, бірақ өз басым осының бәрі патриотизмнің жоқтығы деп ойлаймын. Шешілетін және реті келмейтін мәселелер бар. Өкінішке қарай, бізде ешқандай кедергі болмаса да көптеген шаруалар жылдан жылға созыла береді. Бұл патриотизм, ел мүддесіне жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді. Реформа дегеннің өзі халықтың талап-тілегін ескеру ғой. Халықтың тілегі орындалу керек. Бұл тұрғыдан келгенде әлі де кемшілік көп. Мемлекеттік органдар өзінің қызметін толық атқарып отыр ма, жоқ па деген сұрақ туады? Мысалы бізде қоғамдық кеңес дегендер бар. Осы ұйымдар өз міндетін ойдағыдай орындап отырған жоқ. Олар негізінде елдің талап-тілегін құзырлы орындарға жеткізіп беру керек. Ал, құзырлы орындар соған сәйкес шешім қабылдап, жүзеге асыру керек.

– Неліктен олар дұрыс жұмыс істемейді? Құрамы дұрыс жасақталмай ма, әлде басқа себебі бар ма?

– Ол да бар. Себебі, бұл қоғамдық кеңестердің құрамына мемлекеттік ұйымдар өкілдері кіреді. Бәрін бүлдіретін анадан отыз пайыз, мынадан отыз пайыз деген ереже. Қоғамдық кеңес қоғамның талабына сай құрылу керек. Бұл ұйым елдің мүддесіне жанашыр, өзекті мәселелерді зерделей алатын, шешудің жолын ұсына алатын, тәжірибелі, білікті, іскер адамдардан жасақталуы керек. Басшы болып отыратындардан түк шықпайды. Жалпы, бізде білімді азаматтар аз. Сіз жаңа мамандар сыртқа кетіп жатыр дейсіз. Бүгінде бізде бұл құбылысты зерттеп отырған ешкім жоқ. Оны халық айтады. Мемлекеттік органдардан нақты мәлімет болмаған соң көзің жетпейді. Адамдар мысалы Кореяға қандай жұмысқа барып жатыр? Күнкөріс үшін жай ғана қара жұмыс үшін кетіп жатыр ма? Ол белгісіз. Осының есебін беру, сараптау керек деп Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрау саламыз. Бірақ бір адам бізге нақты мәлімет бере алмайды. Сосын қоғамдық ұйымдардан сұраймыз. Бұл құрылымдар тым болмаса осы шаруамен айналысып, құзырлы орындар алдында мәселе қойса деп ойлайсың. Өкінішке қарай, олардың тарапынан мұндай іске ынтаны, белсенділікті көрмейсің. Расында қазір шетке кетіп жатқан жастар көп. Көбісі күнкөріс үшін небір қауіп-қатерге басын тігуге мәжбүр. Қайтып оралуы да екі талай. Бұл өте қауіпті жағдай. Біз жастарымызға ие болмасақ, мемлекетімізге ие бола алмаймыз. Жастарға жұмыс тауып беріп, оларға жағдай жасай алмау – мемлекеттің әлсіздігі.

– Жуырда Мәжілісте жастар саясаты туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл мәселе онда қаншалықты қамтылды, нақты шешімдер бар ма?

– Аталмыш заң жобасында жастарға қатысты толыққанды, тиімді шешім бар деп айта алмаймын. Ұсыныстарымыз қабылданбады. Мен мысалы ажырасуды төмендету жайлы ұсыныс қостым. Бұл мәселені жеке бастың мәселесі деп қарауға болмайды. Өйткені, мемлекет үшін отбасының беріктігі экономикадан да, саясаттан да жоғары тұру керек. Ажырасудың көптігі тұрмыстық жетіспеушілікке ғана байланысты емес. Оған негізгі себеп – моральдық құндылықтардың әлсіреуі. Мені әсіресе, жалғызілікті аналар тәрбиелеп отырған балалардың болашағы қатты алаңдатады. Мұнымен мемлекет айналысуы керек. Өйткені, олар тәрбиелеген бала әскерге қалай барады, қоғамға қалай кірігеді? Бұл үшін біздегі қоғамдық комиссиялар мысалы ардагерлер, жастар кеңесі, кәсіпкерлер палатасы, әйелдер ұйымы барлығының жұмысын түгел өзгертіп, өмірге жақындату керек. Олардың көбі бүгінде қағаз жүзінде жұмыс істейді. Олар өз айтқандарын құзырлы орындарға өткізе алатын қабілетке ие болу керек. Біліктіліктері жетпейді. Жететіндер оларға жақындай алмайды. Оның құрамына жағымпазданып жүргендер өтеді. Бұдан қоғамдық ұйымдардың жұмысы, әрине, алға баспайды. Бұл ұйымдар кеңестік жүйенің жұрнағы болып тұр. Жалпы, кез келген елдегі өзекті мәселелер қауымдастық арқылы шешіледі. Барлығы ол қауымдастықтың пікірінен қаймығады. Ал, бізде азаматтық қоғамның үні естілмейді. Олардың арасында бірлік жоқ. Өткенде бір журналист «кез келген қоғамдық ұйымды құрып берсең оны мемлекеттік ұйымға айналдырып алады деп жазыпты. Бастық болады, хатшысын қояды, көмекшісін тағайындайды. Сосын сонысына мәз болып жүреді» депті. Расында солай. Мұның барлығы санаға келіп тіреледі.

– Оны қалай көтереміз? Сана жетпесе заңды қатайту керек шығар? Бәлкім осы қоғамдық ұйымдарға талаптарды күшейтетін заң өлшемдері қажет болар?

– Бізде осылай кез келген мәселеде заңды қатайту керек деп жатады. Мысалы, сізге анаңызды сүю үшін заң керек пе? Оған адамның санасы болу керек. Біз тек заңға сүйенбеуіміз керек. Сананы көтеруіміз керек. Мен бұл тұрғыда рухани жаңғыру бағдарламасын айтсам, кейбір замандастар күлетін болар. Шын мәнінде бұл өте дұрыс көтерілген мәселе, дер кезінде жасалған бағдарлама еді. Өкінішке қарай, оны әр нәрсеге теліп, құнын қашырып жібердік. Негізінде рухани жаңғыру дегеніміз өз тарихыңды, дәстүріңді ұмытпау, салт-санаңды жаңғыртып, насихаттау. Осы арқылы біз парыз бен қарыз ұғымдарын түсінеміз, құндылықтарға құрметіміз артады, жауапкершілікті сезінеміз. Ал, бұл көп мәселенің шешімі. Нақ осы сезімдердің жетіспеуі бізді арзан бедел, жалған атақ, мансап жолындағы күйкі тірліктерге жегуде. Нағыз ел мұраты, халық мүддесі үшін қажет мәселелерден сырт қалдырып жатыр. Негізінде сананы өзгертуде табан тірейтін тұғыр – отбасы. Отбасы жақсы болса, мемлекет те жақсы болады.

– «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, мына қымбатшылықтан отбасының жағдайы сананы ойлауға мұрша бермей тұр дейтіндерге не айтасыз?

– Сананы тұрмыс емес, орта билеп тұр. Өйткені, сіздің қызыңыз құрбысының машинасын, менің балам көршісінің үйін көріп, бәскелесетін уақыт болып тұр. Адамның санасына орта осылай әсер етіп жатыр. Әйтпесе, наны бар, киімі бар. Бірақ оған қанағаттанбайды. Мұның бәрін сапалы білім реттейді деп ойлаймын. Білім болғанда тәрбиемен астасқан білім. Өкінішке орай, бізде осы жағы кемшін. Тәрбие құндылығынан алшақтап кеттік. Қазір мектептерде тек білім бағаланады. Ұстаздарымыз тіпті балаларға қатты сөйлеуге қорқады, олар әшейін кезекші қарауыл сияқты. Кезінде молдаларға ауыл болып жағдай жасаған. Мысалы менің аталарым молдаға өз үйін берген. Жақсы мұғалімді ұстап, балаларды соларға беріп, оқытуға ұмтылған. Қазір осы үрдістен, мұғалімді пір тұтқан құрметтен ажырап қалдық. Қит етсе мұғалімді кінәлап, оларды оқушылардың алдында жығып беруге дайын тұратын болдық. Бұл өте қауіпті үрдіс.

– Қазір мысалы мемлекеттік тіл мәселесі өзекті болып тұр. Осы да тәрбие ісіндегі кемшіліктен десек не айтасыз?

– Өте дұрыс айтасыз. Десе де ең басты кінә қажеттілік жоқ болып тұр. Бұдан арыламыз деп ойлаймын. Егер бұған келмесек онда мемлекеттің де болашағы болмайды. Онда біз әлдебір қауымдастықтың бір бөлігіне айналамыз. Жалпы, мемлекеттің тіліне сенбейтін адам, өз болашағына да сенбеуі керек. Мемлекеттік тілді қажеттілікке айналдыру үшін соттың тілі қазақша болу керек деп ойлаймын. Өзінің қамы үшін соттасу қажеттілігі қалайда қазақ тілін үйреніп алуға алып келеді. Осындай тетіктер іске қосылса, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай қоғамнан орын алады деген сенімдемін.

– Уақыт тауып, пікірлескеніңізге рақмет.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Алматы қаласы әдеп жөніңдегі кеңестің 2024 жылғы қызметінің нәтижесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық Департаменттерінің жанында...

Сотрудники УИС провели интерактивную встречу с учащимися среднего звена школы на тему «Өзіңнен баста»

В области Абай сотрудники учреждения, смешанной безопасности, провели интерактивную...

ҚАЖ қызметкерлері мектептің орта буындағы оқушыларымен кездесу «Өзіңнен баста» атты интерактивті кездесу өткізді

Абай облысында қауіпсіздігі аралас мекеме қызметкерлері, мектеп оқушыларымен қоғамдық...

Сотталғандар қарттар үйінде тұратын қарияларға киімдер тікті

Сотталғандар қарттар үйінде тұратын қарияларға арналған концерттік бағдарламаға арнап...

Осужденные сшили костюмы для пожилых людей которые живут в доме престарелых

Осужденные сшили костюмы для концертной программы для пожилых людей,...