2025 жылдың 5 желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Сапалы білім беруді қамтамасыз ету» Тұрақты даму мақсатының 4-тармағын іске асыру барысында, ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының ұжымы және сарапшы-криминалист студенттік ғылыми үйірмесі ұйымдастырған «Дактилоскопия мен дактилоскопиялық сараптаманың заманауи мүмкіндіктері» атты халықаралық байқаудың салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шара сапалы білім беру сапасын арттыру мен студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Байқаудың негізгі мақсаты — студенттердің болашақ кәсіби қызметіне деген қызығушылығын арттыру, олардың ғылыми жетістіктерін көрсету, және криминалистика, сот сараптамасы және дактилоскопия саласында терең білім алу мүмкіндігін ұсыну. Сонымен қатар, бұл іс-шара қылмыстық іс жүргізу саласындағы практикалық дағдыларды жетілдіруге және студенттерге өз білімін сынауға мүмкіндік береді.
Байқау 2025 жылдың 17-29 қарашасы аралығында 6В12301 «Құқық қорғау қызметі» және 6В04205 «Құқықтану» білім беру бағдарламаларының 3 және 4 курс студенттерінің қатысуымен өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушыларға дактокарталар беріліп, олар саусақ іздерінің жалпы белгілерін анықтап, сипаттауы қажет болды. Бұл кезең қатысушылардың криминалистикалық зерттеу жүргізу, деректерді салыстыру және талдау дағдыларын бағалауға арналған. Екінші кезеңде, қатысушыларға екі дактокартаның арасынан, қайсысының материалдық дәлелдемелер объектілерінен (ОБЖ) алынған саусақ ізіне жататынын анықтау тапсырылды. Бұл кезең нақты тергеу жұмыстарындағы сараптамалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Байқауға еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарынан 150-ден астам студент қатысты. Олардың арасында Санкт-Петербург кәсіподақтар гуманитарлық университеті Алматы филиалы, Қонаев университеті, Туран университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті, Алматы гуманитарлы-экономикалық университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті сияқты жетекші оқу орындарының студенттері болды. Сонымен қатар, Қонаев университеті мен Туран университетінің студенттері өздерінің университетерінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымымен ұйымдастырылған байқауға 60-тан астам студент қатысып, өз білімдерін сынады.
Байқаудың мақсаты — Қазақстандағы дактилоскопиялық зерттеулерді дамытуға және жас ғалым-студенттердің білімін тереңдетуге үлес қосу. Байқау студенттерге дактилоскопия және қылмыстық сараптама саласында білім мен дағдыларын арттыруға, сондай-ақ ғылыми болжамдарын дәлелдеу мен өз тәжірибелерін ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл байқау барлық қатысушыларға криминалистика саласында кәсіби маман ретінде қалыптасуға үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, қылмыстық іс жүргізу мен сот сараптама саласындағы ғылыми әлеуеттің артуы, еліміздің құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін криминалист-сарапшылардың жаңа толқынының қалыптасуына жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында білім беру жүйесінің маңыздылығына тоқталып, «Біз сапалы білім беру арқылы болашақ мамандарды дайындаймыз. Жастарға тек теориялық білім ғана емес, практикалық дағдыларды да меңгертуіміз қажет. Олар өз саласында жаңашылдық енгізіп, еліміздің дамуына үлес қосуы тиіс» деген болатын. Бұл байқау президенттің білім беру саласына қосқан маңызды үлесі мен ғылыми жұмыстарға деген назарын көрсетеді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Заң факультетінің Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы, сарапшы-криминалист студенттік ғылыми үйірмесінің ғылыми жетекшісі Б.А. Шопабаев арнайы I, II және III дәрежелі дипломдарды табыс етті. Жеңімпаздар өздерінің жоғары ғылыми жетістіктері мен кәсіби қабілеттерін дәлелдеп, дактилоскопиялық сараптама саласында жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерге жол ашты.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға дактилоскопиялық зерттеуге деген қызығушылықтарын жоғары бағалап, осы саланы дамытуға қосқан үлестеріне алғыс білдірді. Олардың еңбегі мен күш-жігері Қазақстандағы ғылыми ортада маңызды орын алатыны сөзсіз. Келешекте осындай байқаулар студенттердің ғылыми зерттеулерін әрі қарай дамытып, олардың болашақта сарапшы, криминалист немесе басқа да құқық қорғау саласындағы маман ретінде жетістіктерге жетуіне жол ашады.
«Дактилоскопия мен дактилоскопиялық сараптаманың заманауи мүмкіндіктері» халықаралық байқауы — студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға және олардың тергеу ісіндегі практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Мұндай байқаулар Заң факультетінің оқу процесіне жаңа серпін беріп, студенттердің кәсіби дайындық деңгейін жоғарылатады. Байқауға қатысқан барлық студенттерге болашақта жоғары жетістіктер мен жеңістер тілейміз!
Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының з.ғ.к., аға оқытушысы Даубасов С.Ш., 7M04220 Криминалистикалық сараптамалар 1 Курс магистранты Парымбек А.


