Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары ұлттың ішкі тұтастығы мен тарихи жадының негізгі арқауы. Елдік сана, салт-дәстүр, ата-баба жолы мен тарихи жады мұның барлығы ұлтты ұлт етіп ұстап тұрған іргелі ұғымдар. Соңғы жылдары жаһандану үдерісінің қарқыны күшейіп, ұлттық бірегейлікке сын күн туа бастаған шақта бұл мәселенің өзектілігі одан сайын артып отыр.
Қазақ руханияты кең ұғым. Оған батырлық эпостар, шежірелер, мақал-мəтелдер, діни-танымдық ұстанымдар, ата-баба аруағына деген құрмет, ру мен елдің тарихы, тіпті ұлттық тағамдар мен киім үлгілеріне дейін кіреді. Алайда бұл бай мұра бүгінгі ұрпаққа қалай жетіп жатыр? Мəдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Қазбаева бұл мəселеде мектеп пен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін ерекше атап өтеді: «Балалар ұлттық тарихты тек даталар арқылы емес, кейіпкерлер арқылы, аңыздар арқылы таныса, ол жүрегіне жетеді. Мысалы, «Ер Төстік» пен «Қобыланды батыр» жай ертегі емес, рух пен намыс символы». Осы орайда Түркістан облысындағы «Ұлттық мұраны ұлықтау» жобасы ерекше назар аудартады. Аталған жоба аясында ауыл мектептерінде этноұйымдастырушы ұстаздар балаларға қазақтың дəстүрлі ойындарын, салттарын, шежірені үйретіп келеді. Балалар шынайы ортада киіз үй тігіп, қамшы өріп, қонақ күту əдебін меңгереді. Бұл рухани тəрбиенің нақты көрінісі. Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара ауылында жыл сайын өтетін «Қымызмұрындық» этнофестивалі де жастарды ұлт құндылықтарына тартудың заманауи тəсіліне айналды. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттер жылқы күтімі, бие сауудың мəні мен маңызын біліп, ұлттық асханамен танысады. Ауыл ақсақалдары жастарға ата-баба жолын насихаттайды. Мұндай жобалар бір реттік акция емес, жүйелі түрде ұйымдастырылса, олар ұлттық бірегейлікті бекемдеудің нақты тетігіне айналар еді. Өкінішке қарай, көптеген аймақта ондай бастамалар бір жолғы шарамен шектеліп жатады. Мемлекет тарапынан рухани мұраны қорғау мен дамыту бағытында түрлі бағдарламалар қабылданған. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры»сынды ірі жобалар аясында көптеген құнды еңбек жарық көрді. Бірақ бұл жобалардың жергілікті деңгейдегі көрінісі мен нəтижесі əрқилы. Сондықтан қазақ руханиятын бүгінгі қоғаммен, жас ұрпақпен сабақтастыру барлық білім беру, мəдениет жəне БАҚ саласы үшін ортақ міндет. Ұлттық құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана өміршең.
Самал АСҚАР