Цифрлық жобалар бизнес көзіне айналар күн жақын

Шымкентте цифрландыру мен инновацияны дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қалада IT-жобаларды қолдау, жасанды интеллект технологияларын енгізу, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және жас стартаптарды нақты өнімге айналдыруға жағдай жасауға басымдық берілуде. Соның бір дәлелі – Шымкентте Startup Orda–2026 инкубациялық бағдарламасының басталуы болды.

Бүгінде цифрлық технологиялар қаланың экономикалық жəне əлеуметтік дамуының маңызды тетігіне айналғаны рас. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастап, бизнесті автоматтандыруға, жасанды интеллектті қолданудан киберқауіпсіздікті күшейтуге дейінгі бағыттардың барлығы заманауи қаланың дамуымен тікелей байланысты. Осы ретте Шымкентте жастардың технологиялық идеяларын қолдап, оларды нақты бизнес-жобаға айналдыруға бағытталған Startup Orda–2026 бағдарламасының басталуы ерекше маңызға ие болғанын атап өткен жөн.

150 стартапер жаңа мүмкіндікке қадам басты

Astana Hub-пен бірлесіп ұйымдастырылып отырған Startup Orda–2026 – өңірдегі технологиялық кəсіпкерлікті дамытуға, тың идеяларды нақты өнімге айналдыруға жəне жас стартаптардың нарыққа шығуына мүмкіндік беретін инкубациялық бағдарлама ретінде пайда болған. Жобаның алғашқы ресми ашылуы Opening Day форматында «Этноауыл» мəдени-тарихи орталығында өтті. Оған бағдарламаға өтінім берген 150 стартапер қатысып, жобаның командасымен, трекерлерімен жəне алдағы оқу кезеңдерімен танысты. Кездесудің мақсаты тек бағдарламаның құрылымын түсіндірумен шектелген жоқ. Қатысушыларға стартапты дамытудың алғашқы қадамдарын нақты жоспарлау, идеяны тексеру, оның өміршеңдігін бағалау жəне болашақ өнімді қалыптастыру жолдары көрсетілді. Жас кəсіпкерлерге стартап құрудың негізгі кезеңдері, бағдарлама ережелері, алдағы міндеттер мен мүмкіндіктер таныстырылды. Бұған қоса, нөлден басталған жобалардың нақты мысалдары көрсетілді. Бұл – əзірге нақты идеясы қалыптаспаған жастардың да бағдарлама барысында өз бағытын анықтап, технологиялық жобаға қадам басуына мүмкіндік бар екенін аңғартады.

Төрт аптада идея сыналады, үш айда өнімге жол ашылады

Болашаққа енді ғана қанат қаққан Startup Orda–2026 төрт апталық буткемптен басталады екен. Осы кезеңде командалар мастер-кластар мен воркшоптарға қатысып, өз идеяларын нақтылайды, гипотезаларын тексереді жəне жобаның бизнес-моделін қалыптастырады. Жалпы, үш айға жоспарланған бағдарлама идеяның алғашқы кезеңінен бастап жұмыс істейтін өнімге дейінгі процесті қамтиды. Қатысушылар тек теориялық білім алып қоймай, стартапты дамытуға қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Бағдарлама барысында жобаны талдау, гипотезаларды тексеру, өнімді жетілдіру, нарыққа шығу тəсілдерімен қатар, заманауи əзірлеу құралдары, соның ішінде Vibe Coding технологиясы қарастырылмақ. Бағдарламаның қорытынды кезеңі – Demo Day деп аталады. Бұл күні командалар өз жобаларын сарапшыларға, қонақтар мен серіктестерге таныстырады. Яғни, Startup Orda-ның басты ерекшелігі – дайын жобасы барларға ғана мүмкіндік беру емес. Мұнда идеясы енді қалыптасып келе жатқан жастардан бастап, алғашқы өнімін жасап қойған командаларға дейін өз жобасын келесі деңгейге көтеруге жағдай жасалады. Шымкентте Startup Orda бағдарламасы алғаш рет өтіп отырған жоқ. Бұған дейінгі легке 50-ден астам өтінім түсіп, оның ішінен 20 қатысушы бағдарламаны соңына дейін жеткізгені мəлім болды. Қорытынды Demo Day барысында олардың барлығы өздерінің MVP жобаларын таныстырған. Ең маңыздысы – кейбір жобалар бағдарлама аяқталғаннан кейін де дамуын тоқтатпаған. Бүгінде түлектердің бірқатары алғашқы сатылымдарын жасап үлгерген. Кейбір командалар технологиялық іс-шараларға қатысып, өнімдерін жетілдірумен қатар, басқа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Олардың қатарында Odos AI, Pulse AI, valik.kz секілді жобалар бар. Бұл – технологиялық кəсіпкерлікті қолдаудың нəтижесі тек оқу немесе сертификатпен өлшенбейтінін көрсетеді. Негізгі нəтиже – идеяның нақты өнімге, ал өнімнің нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болуы.

Жасанды интеллекттен медициналық экзоскелетке дейін

Шымкенттегі стартап экожүйесінің мүмкіндігін көрсететін жобалардың бірі – жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектесетін медициналық экзоскелет əзірлеген команда. Қазір жоба авторлары технологияны медицина саласына енгізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мұндай жобалардың пайда болуы жасанды интеллект пен инновацияның тек IT-компаниялар үшін емес, денсаулық сақтау, əлеуметтік сала жəне адам өмірінің сапасын арттыру сияқты маңызды бағыттарда да қолдануға болатынын көрсетеді. Бұл ретте қала əкімдігі тарапынан да технологиялық жобаларды нақты ортада сынақтан өткізуге басымдық беріліп отыр. Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов стартап иелеріне сəттілік тілеп, өткен жылғы жобалардың нəтижесіне тоқталды. «Қала саясатына сəйкес келетін жобаларды алдымен Шымкентте пилоттық режимде сынап көруге, кейін оларды нарыққа шығаруға мүмкіндік береміз», – дейді Мұхит Кемелов. Бұл ұстанымның маңызы зор. Өйткені жас əзірлеушілер үшін идеяны қағаз жүзінде немесе зертханада əзірлеу аздық етеді. Өнімнің нақты ортада қалай жұмыс істейтінін тексеру, пайдаланушының пікірін ескеру, кемшіліктерін анықтап, жетілдіру – кез келген технологиялық жобаның нарыққа шығуындағы негізгі кезеңдердің бірі. Astana Hub бас менеджері Нұргүл Жұмадиева Startup Orda бағдарламасының негізгі мақсаты өңірлердегі IT-жобаларды қолдау екенін атап өтті. «Бұл жоба өңірлерге арналған. Шымкент əзірге топ бастап тұр. Мұнда қатысушылар өте көп. Біз оларды үнемі қолдап, онлайн нұсқамалар мен сабақтар өткізіп отырамыз» – дейді Нұргүл Жұмадиева. Осылайша, бағдарлама Шымкент жастары үшін елдің технологиялық экожүйесіне енуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр. Бағдарламаға 16 жастан асқан, болашақ стартап идеясы бар кез келген адам қатыса алады. Ал алғашқы өнімін жасап қойған командалар жобасын одан əрі жетілдіріп, нарыққа шығаруға бағытталған қолдау алады. Startup Orda-ның негізгі құндылығы да осында – идеяны жай ғана таныстыру емес, оны тексеру, жетілдіру, алғашқы өнімге айналдыру жəне нарыққа бейімдеуге мүмкіндік алмақ.

Цифрландырудың өзегі – адам мен технология

Шымкенттің цифрлық дамуы тек стартаптармен шектелмейді. Қалада цифрландыруды дамыту, инновацияларды енгізу, жасанды интеллект технологияларын қолдану, IT-технологияларды кеңейту жəне электрондық мемлекеттік қызметтерді дамы ту бағыттары қатар жүріп келеді. Цифрлық шешімдер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен бизнес үшін қызметтерді жылдам əрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл процесте қаржытех технологияларының да маңызы артып келеді. Қаржылық операциялардың цифрлық форматқа көшуі, онлайн сервистердің дамуы жəне технологиялық шешімдердің күнделікті өмірге енуі азаматтардың цифрлық дағдыларына қойылатын талапты да күшейте түсуде. Сондықтан цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – ақпараттық қауіпсіздік пен киберқорғанысқа назар аударылып келеді.

Үздіктерге халықаралық мүмкіндік бар

Ұйымдастырушылардың мəліметінше Startup Orda бағдарламасының соңында қатысушылар сертификат алады. Ал үздік командалар Astana Hub Demo Day алаңында өз жобаларын таныстырып, жүлде қоры үшін бақ сынай алады. Жеңімпаздарға халықаралық бағдарламаларға қатысуға жəне Astana Hub-тың шетелдегі серіктес хабтарымен тəжірибе алмасуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл жас кəсіпкерлер үшін жергілікті деңгейден республикалық, одан əрі халықаралық нарыққа шығудың жаңа баспалдағы болуы мүмкін. Шымкенттің технологиялық əлеуетін арттыруға бағытталған мұндай жобалардың түпкі мақсаты – IT саласында тек өнім тұтынатын емес, өз технологиясын əзірлейтін, жасанды интеллектті меңгеретін, инновация енгізетін жəне цифрлық шешімдерді экспорттай алатын жаңа буынды қалыптастыруға бағытталып отыр. Бүгінгі 150 стартапердің арасынан ертең еліміздің цифрлық экономикасына үлес қосатын жаңа компаниялар шығуы əбден мүмкін. Ал идеядан өнімге дейінгі жолдың алғашқы қадамы дəл осындай ортадан басталады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде оңалтудан кейінгі күйзелістің алдын алу мәселелері талқыланды

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде...

Территория новых увлечений и побед 

Два новых государственных комплекса TANYM ART и TANYM SPORT...

Под единым шаныраком

ВЕКТОР ИСТОРИЧЕСКОГО РАЗВИТИЯ КАЗАХСТАНА НЕИЗМЕННО ОПИРАЕТСЯ НА ЕГО ФУНДАМЕНТАЛЬНЫЕ...