Қазіргі таңда интернет-алаяқтық пен дроперлік қоғамның қаржылық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Цифрлық технологиялардың дамуы алаяқтарға азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берді. Жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар, жалған инвестициялық жобалар мен әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстар – кең таралған алаяқтық әдістері.
Дроперлік – қылмысқа апарар жол. Дропер деп өз банк картасын, шотын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға беретін адамды айтамыз. Алаяқтар осындай шоттар арқылы ұрланған қаражатты аударып, қылмыстың ізін жасыруға тырысады. «Оңай табыс» табуға қызыққан азаматтар өз әрекеттерінің құқықтық салдарын ескермей, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Интернет-алаяқтықтың құрбандары көбіне зейнеткерлер, жастар және цифрлық сауаттылығы төмен азаматтар. Алаяқтар өздерін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді иемденеді. Мұның салдарынан азаматтар қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, психологиялық күйзеліске де түседі.
Алаяқтықтың басты салдарының бірі – қоғамдағы сенімнің әлсіреуі. Адамдар банк жүйесіне, онлайн-қызметтерге, тіпті бір-біріне күдікпен қарай бастайды. Бұл экономикалық белсенділікке де кері әсер етеді.
Сонымен қатар алаяқтық құрбандары психологиялық күйзеліске түсіп, әлеуметтік оқшаулануға ұшырайды. Кей жағдайларда азаматтар барлық жинағынан айырылып, қарызға батады. Бұл мәселе әлеуметтік сипат алып отыр.
Мамандардың пікірінше, алаяқтықпен күресте ең тиімді жол – алдын алу. Қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарау, жеке деректерді қорғау – әр азаматтың басты міндеті.
Бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру ұйымдары және қоғамдық құрылымдар бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Дроперліктің салдарын ашық көрсету, нақты мысалдар арқылы түсіндіру – қоғамда сақтық мәдениетін қалыптастырады.
Алаяқтық пен дроперлік – цифрлық дәуірдің ең қауіпті әрі күрделі қылмыстарының бірі. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Заң мен тәртіпті сақтау, жеке жауапкершілікті сезіну және «оңай табыс» иллюзиясынан бас тарту арқылы ғана бұл қатердің алдын алуға болады. Қырағылық пен саналы таңдау – әр азаматтың қаржылық қауіпсіздігінің басты кепілі.
Абай облысы Жарма аудандық сотының судьясы Е.Д. Бибатшаев


