Бүгінде әлем елдерінің өмірінде цифрлық технологияның маңызы зор! Өркениет көшбасындағы мемлекеттердің барлығы дерлік сандық жүйеге көшкен. Біздің еліміз де соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Еліміз 2000 жылдардан бастап технологиялық процестерді автоматтандыруға күш салды, кейін жаңа деңгейге көтерілу үшін жаңаша көзқарас пен жаңа әдістер, сондай-ақ технологиялық өзгеріс қажет болды. Осылайша осыдан 10 жыл бұрын ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары сәтті басталып, халық оның игілігін көре бастады. Мәселен Қазақстанның электронды үкіметі арқылы көптеген қызметтерді үйден шықпай ақ компьютер алдында отырып алуға болады. Соның ішінде кез келген қазақстандық үйде отырып құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру секілді қызмет түрлерін төлеуге мүмкіндігі туды.
Нәтижесінде 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталмыш бағдарлама еліміздегі цифрлы жүйенің дамуына одан әрі ықпал етті. Елімізде 3D принтинг, онлайн сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету жүйелері айтарлықтай жолға қойылуда. Цифрлық технологияға көшу – ұзақ жылдарға созылатын процесс. Дегенмен пандемия мемлекеттік қызмет көрсету саласының цифрлануын тездетті. Бүгінде цифрлық бағдарламалар барлық дерлік салаларда азды-көпті енгізілген. Мемлекеттік қызметтерді алу электронды жүйеге ойысқан. Мәселен, карантин кезінде мемлекеттік ұйымдар халықты тікелей қабылдай алмай қалды. Сөйтіп, цифрландыру жүйесіне көшуге өмірдің өзі мәжбүрледі. Соның ішінде цифрландыруға дер кезінде бет бұрып үлгерген еліміздің сот жүйесі пандемия кезінде онлайн сот отырыстарын өткізуге тез бейімделді.
Ал қазіргі таңда еліміздің соттары заманауи технологиялармен қарқынды жабдықталып, сот жүйесін сандық жүйеге көшіру, сот процестеріне қашықтықтан қатысу, ІТ құралдарды кеңінен қолдану жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде талап арыздар электронды форматта қабылданып, сот отырыстары түрлі бағдарлама көмегімен қашықтан үздіксіз өткізілуде. Тіпті «Сот кабинеті» сервисінде онлайн-татуласудың жаңа функциясы енгізіліп, медиация рәсімін жүргізуге онлайн-өтінім жолдау және қажетті құжатты тіркеу мүмкіндігі қарастырылуда. Сот жұмысында адами фактор барынша азайтылып, сот жүйесінің азаматтар үшін ашықтығы қамтамасыз етілді. Кез келген іске қатысушылар сот отырысының хаттамасымен оның цифрлық көшірмелерін ала отырып таныса алады. Азаматтар сот шешімдерін де сот кабинетінен қарап, көшірмесіне қол жеткізіп отыр. Мұның барлығы цифрлы жүйе жетістігі екені даусыз!
Қ.М.Мекемтас, Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасының міндетін атқарушы