Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ақша салынбаған зейнетақы шоттары жабылатыны туралы ақпарат жариялады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«БЖЗҚ» АҚ» Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы №27 қаулысымен бекітілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алу қағидалары 2021 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енгенін хабарлайды. Осыған сәйкес зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда бір ай өткен соң жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) жабылады», — делінген хабарламада.
Осылайша БЖЗҚ-да бұрын ашылған, оның ішінде адам жұмысқа тұрып, шот ашуға өтініш берген немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасай алмаған жағдайларда, сондай-ақ зейнетақы жинақтары болған және зейнетақы жинақтарының барлық сомасы төленіп, аударым жүзеге асырылған ЖЗШ төлем не аударым жасалғаннан кейін бір ай ішінде зейнетақы жарналары түспеген жағдайда жабылады.
«2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары жоқ шоттар саны шамамен 121 мың»,- делінген Қор хабарламасында.