Бюджет қаражатының толық игерілмеуі жойылмай отыр. Олар жоспарлау кезінде алдын ала талдаудың сапасыздығы, ведомствоаралық байланыстың әлсіздігі, салалық белгі бойынша жобаларды қаржыландырудың нақты өлшемінің болмауы. Былтыр 73,3 млрд теңге осындай себеппен орнын таппай қалды. Өкінішке қарай, республикалық бюджеттің шығысы нақты кірістермен қамтамасыз етілмеген.
Үкімет Ұлттық қор қаражатын қосымша жанама тарту әдісін және бизнес үшін «тартымсыз» салық рәсімін қолданды, осылайша бюджетті «формальды» теңдестіруге қол жеткізді. Шығыстардың шамамен 33 пайызы бір нақтылау және 7 түзету арқылы қайта қаралды, нәтижесінде үштен бірі пысықталмаған. Салыстырулар 2021 жылы түзету көлемі 19 пайыз, ал 2022 жылы 30 пайыз болғанын көрсетеді. Бұл жөнінде Парламенттің Үкіметтің 2023 жылғы бюджетті атқару туралы есебі қаралған бірлескен отырысында айылған еді. Онда сөз алған депутаттар осы тұрғыда біраз кемшілікті ортаға салды. Солардың бірі сенатор Бекболат Орынбетов аталмыш түзетулердің пайдасыздығын нақты дәлелмен жеткізді. Орынбетов мырзаның айтуынша, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 11,4 млрд көлеміндегі шығысы сегіз рет түзетілгенмен, тиімсіздік 7,7 млрд теңге болыпты. Мәдениет және ақпарат министрлігі 165 млрд теңге бюджетімен бірнеше рет жасалған түзетуге қарамастан, шамамен 2 млрд теңгені игерген жоқ. Бұл тұрғыда отандық кинематография саласында да проблема бар. 2016–2022 жылдар кезеңінде «Қазақфильмге» киноны шығару және прокаттауға бөлген 14,5 млрд теңгенің тек 4,8 пайызы өзін ақтапты. Мысалы, 300 млн жұмсалған «Әруақ» кинофильмінің табысы – 7 мың теңге ғана, 1,2 млрд бөлінген «Композитор» кинофильмінің табысы 400 мың теңге болған. «Мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында Үкіметтің Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындауы туралы талап заңнамалық деңгейде дәйектелу қажет» дейді Орынбетов мырза. Оның айтуынша, бұл мәселе республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрылымына енгізілу керек. Тағы бір мәселе, құрылғаннан бері Ұлттық қордың заңнамалық базасы бес жыл сайын бірқатар концептуалдық өзгеріске ұшырады. Алайда, 2022–2023 жылдар аралығында мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына енгізілген нормалар Бюджет кодексінде көрініс таппады. Мысалы, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» бағалы қағазы 102 млрд-қа, 2023 жылы – 336 млрд-қа сатып алынды. Енгізілген өзгеріске сәйкес, Парламент бұл туралы Үкіметтің есебінде хабардар етілу керек. Алайда бұл ақпарат екі жылдан бері әлі берілмеуде. Әртараптандырылған инвестициялық саясатта Ұлттық қорды басқару, оның қаражатын кешенді түрде бағалау және Парламент тарапынан бақылау шеңберінде жобаларды мұқият таңдаудан бастап, пайдалану жөнінде дұрыс жүйе құрылуы керек. Жергілікті атқарушы органдар жұмысын үйлестірудің әлсіздігіне және жобаларға сараптама мен бақылау жүргізудің жүйесіздігіне байланысты, мемлекеттік сатып алуды айналып, 1 трлн теңгеге міндеттемелер қабылданды. Ал бұл 50 пайыздан астам Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидатына сәйкес келмейтін жобалар. Мысалы, 2023 жылы Шымкент қаласында 3 443 көшенің санитарлық тазалығын сақтауға 5 млрд теңге қарастырылған, бұл 1 көшеге орта есеппен 1,5 млн теңгеден келеді деген сөз. Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша 443 көшеге 11,3 млрд бөлінген. Яғни, 1 көшеге 25,5 млн теңге көлемінде міндеттеме қабылданды. Осылайша, әріптестік бюджетке салмақ салуда. Бұл осы шара қағидаттарының қайта қаралуы қажеттігін көрсетеді. Елдің ресурстары мен кірістерін тұтас көру үшін бюджеттен тыс қорлардың операциялары мен активтерін есепке алу қажет.
Бүгінгі таңда осы ресурстар бойынша есеп беру үзік-үзік және ашық болмағандықтан, елдің ішкі жалпы өнімінің 3,3 пайызы осы қорлар арқылы қайта бөлініп, олардың жүйесіз ағындары көбеюде. Үкіметтің есебінде бағдарламалар әкімшісінен бюджеттен тыс қорларға тек мемлекеттік қаражат аудару туралы ақпарат ұсынылады. Бірақ, бұл қорлардың, активтері мен міндеттемелерінің жай-күйінің талдауы және қаражатты пайдалану туралы бағалауы жоқ. Мысалы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына орасан зор бюджет қаражаты мен азаматтардың жарнасы бөлінеді. Алайда, медициналық қызметтің сапасыздығы, дәрі-дәрмекпен жеткіліксіз қамтамасыз етілу бұл қаражаттың тиімсіз игеріліп жатқанын көрсетеді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры бойынша да ақпарат толық және ашық емес. Бұл проблемалар бюджеттен тыс қорларға деген сенімге нұқсан келтіреді. Олардың шығысы мен кірісі туралы ақпарат Парламенттің назарынан тыс қалған. Депутаттың айтуынша, Қаржы министрлігі халықаралық әдіснамаға сәйкес, мемлекеттік қаржы статистикасы бойынша есептілікті қалыптастырады, онда бюджеттен тыс қорлармен қатар мемлекеттік сектордың да алатын үлесі көрсетіледі. Сондықтан, елдің барлық ресурстарының тиімділігіне толық болжамдар мен талдаулар жүргізу үшін, бұл көрсеткіштерді Үкіметтің жыл сайынғы есебіне қосу және бюджеттен тыс қорлардың операциялары мен активтері бойынша бағалау енгізілуі қажет.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»