Буллинг – қоғамдағы өзекті мәселе

Қазіргі таңда буллинг мәселесі қоғамда ерекше назар аударуды талап ететін өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе жасөспірімдер мен балалар арасында кездесетін қорлау, кемсіту, мазақ ету әрекеттері адам психологиясына кері әсерін тигізіп, ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Сондықтан буллингтің алдын алу – отбасының, білім беру ұйымдарының және тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Буллинг – бір адамға немесе топқа қатысты үнемі қорқыту, қысым көрсету, әдейі кемсіту, психологиялық немесе физикалық зорлық жасау әрекеті. Бұл мектепте, қоғамдық ортада, тіпті әлеуметтік желілерде де орын алуы мүмкін. Қазіргі кезде интернет арқылы жасалатын кибербуллинг те кең таралып келеді. Мұндай әрекеттер адамның ар-намысына тиіп қана қоймай, оның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіреді.

Қазақстан Республикасының заңнамасында балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Сонымен қатар «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге және психологиялық қысымнан қорғалуға құқығы бар екендігі көрсетілген.

Буллингке қатысты құқық бұзушылықтар үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған. Егер қорлау, ар-намысты кемсіту немесе күш көрсету әрекеттері орын алса, кінәлі тұлғалар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттеріне заң қатаң қарайды. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Буллингтің алдын алуда ата-ананың рөлі ерекше. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, онымен ашық сөйлесу және психологиялық қолдау көрсету өте маңызды. Сонымен қатар мектеп пен отбасы арасында тығыз байланыс болуы қажет. Мұғалімдер мен ата-аналар балаларға сыйластықты, мейірімділікті және адам құқығын құрметтеуді үйретуі тиіс.

Қоғамда буллингке төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру да маңызды мәселе. Ешкімнің ар-намысына тиіп, қорлауға немесе қысым көрсетуге жол берілмеуі керек. Әрбір азамат өз әрекетінің заң алдындағы және моральдық жауапкершілігін түсінуі қажет.

Сот тәжірибесінде де балалардың құқықтарын қорғауға ерекше мән беріледі. Кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ең алдымен заңды құрметтеу мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеу қажет. Себебі әділетті қоғам өз мүшелерінің қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудан басталады.

Қорытындылай келе, буллинг – тек бір адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамға әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Онымен күресу үшін құқықтық сауаттылықты арттырып, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру қажет. Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы – қоғам болашағының кепілі. Сондықтан әрбір азамат буллингке қарсы тұрып, заң мен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуы тиіс.

Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы  А.М.Бисеналина

00:00-дегі отшашу, қатты музыка: полиция түн ішінде жұрттың мазасын алатындарға ескерту жасады

Астана полициясы елорда тұрғындары мен қонақтарын мереке, салтанатты шара...

Некоторые вопросы совершенствования правовых механизмов противодействия коррупции

С момента обретения независимости Республика Казахстан последовательно реализует курс...

«Не нарушайте закон и наказание не последует» – депутат

Штрафы нужны не ради наказания, а для наведения порядка...