Қазақта «Бұлақ басынан тұнады» деген ұлағатты сөз бар. Облыс аумағындағы аудандардың статусы тең. Ал, әлеуеті әр деңгейде әрі әртүрлі. Сондықтан мүмкіндікті ақылмен пайдаланып, барды ұқсата білу аудан әкімінің білімділігіне, іскерлігіне, адамдармен тіл табыса білуіне, парасаттылығына, ұстанымына, тегеурінділігіне, бірсөзділігіне байланысты болады. Осы орайда Мемлекеттік саясатқа сай, облыс басшысының бағытынан ауытқымай Ұйғыр ауданының тізгінін ұстап, заңнама аясында жағымды жаңалықтарымен көрініп жүрген Бота Елеусізовамен жүргізген ресми сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Бота Серікқызы, әуелгі кезекте, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы туралы сөз қозғасақ, «Биік мінбеден айтылды, естідік» деп жылы жаба салатын ел ішінде «біртіндеп ауылдарда тіршілік көзі ашыла бастады» деген жағымды хабарламалар тарап, оны сол елдің өзі мал өсіріп егін егіп пайда таба бастағанымен растап, БАҚ-пен әлеуметтік желілерде жазуда. Осы көзайым хабар туралы нақты факт келтіре аласыз ба?
Әрине, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тарихи маңызға ие. Сол жолдауда берілген тапсырмалар мен міндеттердің нәтижесін қарапайым халық көруге тиісті. Сондықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкімет алдына қойған міндеттерін жүзеге асыруда біздің ауданда да сала-сала бойынша іс-шара жоспары жасалып жұмыс атқарудамыз. Соның ішінде мына бір салаға ерекше тоқталғым келеді. Бүгінде дүние жүзінде су көздері тартылып, күннен күнге суға деген тапшылық сезінгені баршаға аян. Біз аграрлы аудан болғандықтан, су тапшылығына байланысты жер көлемін азайтпау және оны тиімді пайдаланып, өнім көлемін ұлғайту басты міндет болып саналады. Сол үшін тамшылатып суғару технологиясын тиімді пайдалануды басты мақсат етіп қойдық және қол жеткізудеміз. Осындай әдісті пайдаланатын жер көлемін 4090 гектарға жеткіздік. Егер осыдан 2 жыл бұрын бұл әдіс тек 450 гектар екендігін ескерсек, әжептеуір нәтиже бар. Осы жұмысты жақын жылдары екі есеге көбейту жоспарлануда. Тамшылатып суғару технологиясының тағы бір пайдасы қажетті тыңайтқыштарды сол су арқылы жерге енгізу болып табылады. Сондықтан, диқандар өзіне қажетті минералдарды қыс бойы дайындап, көктемгі егіс науқанына зор дайындықпен келуе ықпал етілуде. Бүгінгі диқандар жаңа технологияға жаны құмар, агротехниканы уақытылы және тиімді пайдалануды жолға қойған. Соның салдарынан өнім түсімділігі жоғары, әрі сапалы болып диқандар мерейін көтеріп тастады.
Жеткен жетістік ел арасында гу-гу әңгімеге ұласып, «Пәленше биыл мұнша тонна дәндік жүгері өткізіп, қыруар ақша алыпты» дегенді естіген жұртшылық ауылда тіршілік көзі ашылыпты деп, «Дала аруы» аталған жүгері өсіруге құлшыныстары артуда. Осы жылдың өзінде бұл өнім 6040 гектарға дейін ұлғайған еді. Ең бастысы қол жеткізген жетістіктер мен атқарған жұмыстарды Президент Жолдауымен байланыстыруы осыдан болса керек. Себебі, бүгінде ел сауатты, әлеуметтік желіні пайдалана алады және барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебінен хабардар.
Негізінен біздің жер жүгері дақылын өсіруге ыңғайлы. Арнайы топпен аудандағы жұмыс барысын зерделеу барысында Қазақстандық «Assem Kaljat» компаниясының жұмысымен танысу кезінде осы дақылды өсіру, оны өңдеу бағдарламасымен мұқият танысып, тәлім аларлық құпияларға көңіл түкпіріне түйін алған едім. Іргеміздегі «Жаркент-крахмал-сірне» зауытына барғанда тіптен ойым ұштала түсті.
Мемлекет басшысының кезекті Жолауына сәйкес осы сала бойынша қолға алған жұмыстарға дәйіктеме келтірер болсам, жоғарыда айтылғандай жүгері алқабы 6000 гектардан астам. Бұл аудандағы дәнді дақылдардың басым бөлігі. Алдағы уақытта оның көлемін арттыру басты мақсаттардың бірі және жаңа жүгері өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
Аталған компания екі жарым мың гектар жерді тамшылатып суғару әдісімен игеруге ауқымды жоба жасауда. Біздің талабымыз – алғашқы өңдеумен шектеліп қалмай, тереңдете өңдеуге басымдық беру. Жүгері дақылы мал азығы ретінде ғана емес, медициналық талыпқа сай дәрілік өнім ретінде пайдалануға көңіл бөлу талабы ескеріліп, зауыттың бағдарламасында пенициллин шығару қамтылған. Косметикалық өнімдер шығару үшін қажетті шикізат шығарудың ескерілетіндігіне сенім артып отырмыз.
Сөз реті келгенде айтарым: күнделікті өмірден алынған мысал: дәріханаларда жүгері талшықтары қораптарға салынып, сатылуда және сұраныс жоғары екендігі байқалады. Түйетін ой жүгерінің басындағы шашақтары да сондай сұранысқа ие. Сондықтан, ғалымдарымызбен бірлесе жүгерінің қандай сортын өсіру пайдалы екендігін анықтаған абзал.
Ал инвесторға келсек, қыруар қаржы салып, жүздеген адамды жұмыспен қамтимын деген уәдесіне ғана сенбей, бірінші кезекте тиісті құжаттарын қарай отырып, функционалдық міндеттерімізге сай инвестордың бағдарламасын жан жақты зерделеп, талқылаймыз. Өйткені әр жұмыстың артында үлкен жауапкершілік тұратыны мәлім. Ұсынылып, жүзеге асырыла бастаған әрбір жоба Жолдаудағы инвистиция тарту мәселесінің назардан тыс қалмағандығын көрсетеді.

Инвестиция тарту мәселесінде біріншіден, ауданның оңтүстік мегаполистен алыстығы тұр. Екіншіден инвестор салатын қаражатын қайтара алатын мүмкіндіктер бар ма?
Шекаралық аудан болғандықтан Республикалық маңызы бар Құлжа күре жолы, аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан Тасқарасу теміржол станциясы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі жол мәселесінің түбегейлі шешілгендігін көрсетеді. Шығыстан батысқа қарай күні-түні үздіксіз ағылып жатқан жүк көліктері сөзіміздің нақты дәлелі.
Сонымен қатар, табиғи газдың ауданға келуі инвестиция тартуға, туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Жолдауда көрсетілген экономикалық мәселелерге біздің ауданның да қосар үлесі салмақты.
Инвестиция тартуда кейбір мерзімдік басылымдарда түрлі деңгейдегі сарапшылар әкімнің мықтылығы, тегеуріні – ауданға инвестиция тартумен өлшенетіндігін айтып жатады. Жақсы. Осы пікірге қосарым, инвестор әкелді екен деп бар жағдайды жаратумен қатар, бірінші кезекте инвестордың ел мен қоғам алдындағы жауапкершілігін ұғындыру. Мемлекеттің жерін пайдалануға рұқсат берер кезде сол жерді қалай, қанша уақытта игеретінін ашық көрсетіп бағдарламасымен танысып, оны облыс әкімі мен тиісті тұлғаларды хабардар ете отырып, инвесторға жауапкершілікті сезіндіру керек. Инвестор тарапынан атқарылған жұмыстың саны мен сапасына басты назар аудару қажет.
Инвесторлар баршылық. Алайда, бәрі Заң аясында жасалуы тиіс. Осы талапқа сай келсе немесе инвесторлар тарапынан қолдау тапса қаржысын салсын да жұмысын атқара берсін, пайдасын тапсын. Тек «Алдыңнан артың таза болсын» деген даналықты ұмытпаса болғаны.
Тағы бір айтарым, Райымбек ауданы мен біздің ауданды жалғастырып жатқан Кетпен қыраттарындағы белгілі мемлекет және қоғам қарйраткері Асанбай Асқаров асуындағы тау жолының сапасын жақсартып қарым қатынасқа мүмкіндік тудырудың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл туризмді дамытуға Шарын шатқалы, Арасан жер асты ыстық сулары, Шәлкөде жайлауы Қарасаз ауылы арқылы Көлсай көлдеріне баратын туристтік маршруттың ашылуының нақты қадамы болмақ.

Инвесторлар тарапынан тағы қандай ұсыныстар түсті?
Жел электр станциясын салып жатқан «Техно Текстиль» ЖШС, сондай-ақ Кеген өңірінен кәдімгі қараткен тұзды тасымалдап, өңдеп халықтың тұтынуына беретін, яғни сатылымға шығаратын Ас тұзы зауытын «ТұздыБасТау» ЖШС салуда.
Инвестордың негізгі қызығушылығы жоғарыда айтылғандай ауданда темір жол тасымалының болуы. Сонымен қатар, ауданда мыңнан астам үлкен жүк көліктеріне арналған автотұрақ салу жоспарлануда. Онда автокөліктерге сервистік қызмет көрсету функциялары қарастырылатын болады.
Жалпы осы жылдың аяғына дейін 40 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған. Бұл әрине көңіл аударылмауы мүмкін цифр болуы мүмкін, алайда халықты жұмыспен қамтып, елдің экономикалық-әлеумекттік жағдайын түзетіге өзіндік септігін тигізері анық.
Сіз басқарып отырған ауданда тиімді бағамен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін өндіріс орындары бар ма?
Бізде « OTAN Green Food» ЖШС және «Прима құс» ЖШС деген екі құс фабрикасы бар. Бұл өндіріс орындары мемлекетке салық төлеуде де азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуде де үлгі тұтылады. «Прима Құс» ЖШС жартылай өнім өндірумен айналысады. Бүгінгі таңда өнімдерін экспортқа шығаруда. Шығарған өнімдері туралы проблемалық мәселелер көтерілген жоқ. Бұл дегеніміз, өнім сапасы тұтынушыларды қанағаттандырып отырғанын білдірмей ме?! Бүгінгі таңда аталған компания бастапқы жобасының екінші кезеңіне өтуге жұмыс жүргізуде. Онда 10 млрд. теңгеден астам қаражат тартылды. Жалпы үш кезеңін толығымен 2027 жылы іске асырып, толыққанды жұмыс істейтін және жылына 70 мың тонна ет өндіретін болады. Яғни, бүгінмен салыстырғанда 3 есеге артық болады.
Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туризмді дамытудың бір жолы жарнама екендігі туралы ой тастады. Ұтқыр ойды әлеуметтік желілер жарыса жазуда. «Бізде мынандай жер бар, табиғи қалпы сақталған деген жалаң сөзге туристер келмейді. Оны жоғары деңгейде әрі жан-жақтылы жарнамалау керек» дегенді де облыс әкімі баса айтты…
Туризмді дамыту арқылы қыруар пайда көріп отырған мемлекеттер бар. Біздің ауданның да туризм әлеуетін көтеруге мүмкіндіктер жетерлік. Атап айтқанда, Шарын шатқалы, Ерен тоғайы, Арасан жер асты ыстық сулары.
Туризмді дамытудың бірден-бір көзі, әрине жарнама. Бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Әлеуметтік желі арқылы әркім өзіне демалыс орындарын таңдай алады. Әрине, бірінші кезекте демалушының қауіпсіздігі, қызмет сапасының жоғарылығы, санитарлық нормалардың сақталуы, сонымен қатар баға мәселесі.
Қомақты қаржы төлеген соң сапалы қызметтің көрсетілуін талап етеді. Тазалық демалыс үйінің деңгейін көрсетіп қана қоймай табыс көзінің кілті болып саналады. Шет елден келген қонақтарға жақсы көңіл күй сыйлаумен қатар ұлттық менталитетіміздің сақталғандығын көрсету арқылы олардың қайта келуіне ықпал ету. Жақсы демалып кеткен әр туристтің өзі жарнама деп ойлаймын. Бәсекеге қабілеттігін іспен дәлелдей білген демалыс орны туралы естіген турист өзі іздеп келетіні ақиқат.
Мысалы, биыл Шарын Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркіне қарасты «Шарын шатқалына» ағымдағы жылдың тоғыз айында 176,7 мың турист келген. Демалушыларға жайлы жағдай жасау үшін биыл инветордың көмегімен таза су жүйесі тартылып пайдалануға берілді. Әлеуметтік желі халыққа қызмет көрсетуде. Қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте шешілген. Туристердің ризашылығын әлеуметтік желіге жарияланған суреттері дәлел.
Табиғат-Ананың тағы бір сыйы – Арасан жер асты ыстық су көздері. Жекелеген азаматтардың қомақты қаржысымен бүгінде 70 тен аса демалыс орындары жұмыс істеуде. Соның өзі демалушылардың сұранысын қамтамасыз ете алмайды. Себебі, көптеген демалушылар алдын-ала 1-2 ай бұрын жоспарлап, тапсырыс береді. Күнбе күн келгендер орын таба алмай реніш білдіретіндер де кездеседі. Оларға бұл бизнес түрі жеке адамдардың иелігінде екендігін, оларға кім бұрын тапсырыс беріп, қаржысын төлесе, ешкімді алаламай бәріне бірдей қызмет көрсететіндігін түсіндіріп жатамыз.
Шетелдік туристердің де, алыс-жақын аймақ халқы да жыл бойы үзіліссіз дем алып, ем қабылдайтын демалыс орындары аудан орталығынан 60 шақырымнан басталып, әрмен қарай созылып жатыр. Осы жылдың тоғыз айында 240 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді.
Негізі « Арасан» демалыс орындары жеке азаматтар меншігінде екенін, заман талабына сай қонақ үйлер, бассейіндер жүйелі жұмыс жүрізетінін жоғарыда айтып өттім. Жақсы. Бірақ меценаттардың да, қарапайым демалушылардың да санасына сіңіре айтатын мәселе бұл уақытша көрсетілетін қызмет екенін ойлаған дұрыс. Себебі, қалдық суларды жинайтын орынның жоқтығы, далаға ағызылған қалдық судың санитарлық талапқа сай келмей саз балшыққа айналатыны, жерге сіңгенінше сіңгенімен түбінде мөлшері, асатыны, тіпті түптің түбінде жер қыртыстарынан сыналай өтіп ыстық су көздеріне қосылатынын, қосылмайтынына адам кепіл бола алмайтыны, ғылым дәлелдей алмайтыны анық. Жеке тұлға болған соң жұмыр басты пенде пендешілігіне басып қызметті әртүрлі деңгейде көрсететіні белгілі. Кезінде мүмкіндіктерін пайдаланып су көздеріндегі жерді гектарлап алып заңдастырып қойған жеке тұлғалардың тағы бір кемшілігі жол қатынасын ойластырмаған. Сұхбат барысында айтылған, айтылмаған мәселелерді сараптай отырып біз казір Арасан учаскесіне туристік аймақ ретінде арнайы статус алуды қолға алдық. Шыны керек, «Арасан» су көздері елді мекен ретіндегі де, демалыс аймағы ретінегі де санатқа қосылмаған. Дардамты ауылдық округіне қарайтын бір бөлімше ретінде белгіленген. Осы жердің инфрақұрылымын дамытып, Арасанға туристік статус алсақ жол мәселесі, электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ету секілді басты проблемалары шешіледі. Нақтылай түссем, аудан аумағында қуаттылығы
40 МВт электр қуат көзін салу жоспарлануда. Осы жылдың соңында мемлекеттік сараптамадан шығады. Қаржыландырылған жағдайда өркениетке бастау болатын бірқатар проблемаларымыз шешілетін еді. Соның ішінде туризмді дамыту да қамтылған.
Жер мәселесі туралы не айтасыз?
Географиялық орналасуымызға, жол қатынастарының тиімділігіне орай шетелдік инвесторлар кезек-кезегімен келіп көңіл толтыратын бағдарламалар ұсынуда. Алайда өзіндік ерекшіліктерге орай, шекаралық аймақта болғандықтан оларға жер бере алмаймыз. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында тіршілік көзі болып табылатын жер өнімдерін өсіруге ел жұмыла кіріскенін естіп диқан қажеттілігін дөп басқан «PVC» зауытының басшысы 5,5 млрд теңге инвестиция салып, түрлі көлемдегі құбырлар шығаратын зауыт салуға ниет білдіруде. Мұны үш жақтылы қажеттілікті өтеу (мемлекеттік органның, инвестордың және диқанның) деп бағалап, мүмкіндікті пайдаланып, суармалы жер көлемін ұлғайтуды ойластырудамыз. Осы мақсатта пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталып, алғашқы кезеңде 1117 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биылғы жылы 16500 гектар жер анықталды. Әрине ол жерлер заң аясында қайтарылып, сұранысқа қарай қайта пайдалануға шығарылатын болады.
Уақыт талабына сай ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға берілгенімен, игерусіз қалған 23 тұлғаның жері заңға сәйкес қайтарылды.
118 тұлғаға тексеру жұмыстары кезінде, малдарын тіркеп, жерлерін жыртып пайдалана бастағандар болды. 52 пайдаланушыға тиеселі 2886 гектар жердің иелері анықталды. Жалпы жер пайдаланушылардың 90% 1-10 гектар жер телімін иелері болып табылады.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер ниет еткендерге бірден берілмейді. Заң аясында, бос жатқан жерлер лотқа бөлініп оның көлемі көрсетіліп 1 ай бұрын газетке жарияланады. Әр бір үміткер бағдарламасын ұсынады.
11 адамнан тұратын комиссия мүшелері мұқият қарап, бейне түсірілімді пайдалана отырып бал қояды. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және ұйымдар мүшелері, жер қатынастары бөлімінің басшысы, ауылдық округ әкімдері және жер жағдайын жақсы білетін азаматтар бар. Осы жер комиссиясының ұсынысы негізінде аудан әкімі қаулы шығарады. Сол қаулы негізіне алған тұлға кадастарлық нөмері жазылған мемлекеттік акті алып, меншік иесі болады.
Идеология кадр мәселесі туралы не айтасыз?
Жалпы күрделі аудандар санатына жатамыз. Дегенмен Ұйғыр ауданы әкімі лауазымына тағайындалғаныма екі жылдан астам уақыт болды.Аудан халқы жақсы екендігін еңбекқорлығымен дәлелдей алады. Осы елге сырттан тағылған ұлтаралық қатынасқа байланысты жағымсыз айдар бар. Бірақ ел іші тыныш. Қандай да бір шиеленіске тұрмыстық жағдайда екі адамның келіспей қалғанын дереу ұлтаралық қақтығысқа бұруға бейім жандар да арамызда жүреді. Сондықтан кез-келген мәселені ірілі-ұсақты деп бөлмей дер кезінде себеп-салдарын анықтап отырамыз. Аудан аумағында өткізілетін іс-шараларды достыққа, бірлікке бағыттаймыз. Көк туымыздың астына жиналып Тәуелсіздігіміздің мәңгілік екеніндігін көрсетеміз. Әр нәрсеге заң аясында баға беріп, тәртіп бұзушыны ұлтқа бөлмей заң шеңберінде қарау керек. Жеке басының проблемасын ұлтқа бөліп қарауға болмайды. Халықпен кездескенде үнемі айттып жүргенім ауданның ерекшелігіне мән беру, құда-жекжат,
дос-жаран, тату көрші болып араласып келе жатқан екі ұлттың арасына жік түсірмеу. Жеке бастың ренішін ұлт аралық келіспеушілікке араластырмау. Сондықтан, ауылдастарыма айтарым, айтып жүргенім де бізде сыртқы арандатушылыққа қарсы тұратын иммунитет болу керек. Еш уақытта ашуға бой алдырып, біреудің жеке басына немесе ұлтына, қадір-қасиетіне тиетін сөзден аулақ болуымыз керек. Татулықтың тірегі – айналаңдағы азаматтарды қадірлей білу. Бұл бүгінгі заман талабы.
Осы ойды сабақтасақ, сіз әкімшілік-басшылық қызмет атқаруда іскерлігіңізбен жұртшылыққа, оның ішінде журналистерге жақсы таныс тұлғасыз. Сондықтан өңірдегі күрделі мәселерді заңнама аясында шеше білетіндігіңізге сенім артып, Ұйғыр ауданы әкімі лауазымына тағайындаған шығар?
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды сарласам, кеңестік дәуір мұрасы «50-ші» деген машинка басқан маманнан басталып қатардағы маман, бес жыл ауылдық округ әкімінің орынбасары, сегіз жыл ауылдық округ әкімі, үш жыл аудан әкімінің орынбасары, бір жыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқардым. Осы еңбек жолымды електен өткізе келе таңдау түскен шығар. Жалпы жұмысымда ашықтықты ұстанғанды жақсы көрем. Қандай да бір тығырыққа тірелген мәселені журналистерге де, халыққа да сауатты жеткізе білуге тырысамын. Қазір халық өте сауатты. Қандай мәселе болса да журналистерден қашпаймын. Проблеманы бұрмаламай толыққанды жеткізіп, ашық айта аламын. Атқарған жұмысымды үнемі әлеуметтік желілерге жүктеп, оған жазылған халықтың пікірлеріне ден қойып, отырамын. Әрине, мемлекеттік қызметте жүргендіктен біздің басты міндетіміз – заңды бұлжытпай орындау, мемлекет тарапынан қабылданған заң нормаларының, бағдарламалардың игілікке жол ашатынын халыққа жеткізу. Соны ресми тілде емес халықтың қарапайым тілінде түсіндіру және соның іс-жүзіне асырылуына қолдау көрсету. Жұмысымның барлығы осы бағытта қойылған.
Кез келген жиын барысында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауда немесе тұрғындар алдындағы есепті кездесулерде көтерілген мәселелердің шешімі табылатындығын немесе қашан шешілетіндігін болмаса мүлдем шешілмейтіндігін айтуға тырысамын. Себебі, кез келген көтерілген мәселенің артында үлкен жауапкершілік тұрады. Халық нақты жауап алған кезде ғана басшылыққа деген сенім артады. Құр уәде ешқашан абырой әкелмейді.
Халықпен кездесу барысында тұрғындарға ауылдағы қордалаған мәселелерді көтере беруін сұраймын. Мәселе сол уақытта шешімін таппағанымен, арнайы даму жоспарына енгізу арқылы шешімін табуы мүмкін. Мұндай мәселелер аз емес. Тұрғындар жиі көтеретін түңгі жарық, көшелерді асфальттау, таза ауыз су мәселелері кезең кезеңімен шешімін табуда. Кезекті бір ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бір қария біздің ауылға қашан кәріз жүйесі тартылады деген сұрақ қойды. Өте орынды сұрақы. Себебі, бүгінгі заман талабы соны қалайды. Бірінші кезекте аудан орталығын толық кәріз жүйесімен қамтамасыз етіп, кейін ауылдарға жоспар жасайтынымызды айттым. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы өсіп, тұрғындардың тұрмыс деңгейі жоғарлауына орай атқарушы билікке қойылатын талап та жоғары болатыны даусыз. Сондықтан, аудан әкімі лауазымын абыроймен атқарып, халықтың сенімінен шығу үшін аянбай еңбек ететін боламын.

Цифрлар мен Фактілер:
Ауданға осы жылдың 9 айында 19 млрд. 692 млн. теңге инвестиция тартылды.
Ауданның жер қоры 875 752 га. соның 199 802 гектар жері ауыл шаруашығы саласында пайдаланылады.
Аудан 3193 гектар жердегі өрік бақтарынан 19 520 тонна өнім жинап, республикада бірінші орында.
Ауданда 936 шаруа қожалығы әр гектарынан орташа 75 центнерден өнім алып, жалпы 43,5 мың тонна жүгері дақылын жинады.
Ауданда осы жылдың 9 айында 31,5 мың тонна ет,11,9 мың тонна сүт және 2,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Аудандағы сегіз шаруа қожалығы асыл тұқымды 739 бас ірі қара, 1555 бас асыл тұқымды қой өсіреді.
«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғат бағында 176,7 мың туриске қызмет көрсетілді. Соның ішінде 88,4 мың шетелдік туристер болды. Көрсетілген қызметтен 181 млн. теңге түсті.
«Арасан» ыстық су көздеріндегі 65 демалыс орнындағы 9 қонақ үйде 240 мыңнан астам туриске көрсетілген қызметтен 2 млрд. 300 млн. теңге түсті.
Әлеуметтік сала бойынша 1296 адамға 140,8 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Аудандағы 31 мектептегі 11088 оқушыға 1862 мұғлім білім береді.
Нұрбол Әлдібаев, «Заң газеті»


