Алматы облысында көктемгі егіс жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Әсіресе, қант қызылшасына ерекше мән берілуде. Өткен жылы өңірде қант қызылшасы 14 000 гектарға себілсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 16 100 гектарға жеткізіледі. Жалпы бүгінгі күні облыс шаруалары 423,2 мың гектар жерді жыртып, 291,7 мың гектарға дән екті, соның ішінде 171,7 мың га дәнді дақылдар, 22,7 мың га дәндік жүгері, 40,4 мың га майлы дақылдар, 16,7 мың га картоп, 14,9 мың га көкөніс, 3,3 мың га бақшалық, 13,1 мың га мал азықтық дақылдар және 8,9 мың га қант қызылшасы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде басымдық берілетін дақылдардың алқабы мен өнімділігін дамытуға тұрақты мән беріледі. Мәселен, өткен жылы 14 мың гектарға қант қызылшасын, биылғы жылы бұл көрсеткіш — 16 100 га. Бүгінгі күні Ақсу ауданында тәтті түбір 1700 га себілді, Алакөл ауданында – 410, Көксу ауданында – 1600, Қаратал ауданында – 881, Кербұлақ ауданында – 60, Ескелді ауданында – 2100, Сарқан ауданында – 1470, Қапшағай қаласында – 480, Талдықорған қаласында – 182 га. себілген. Егіс науқаны жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Ведомствода айтылғандай, облыс шаруаларына тұрақты түрде көрсетілетін көмек ретінде «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ арқылы 548 ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін қант қызылшасының жоғары өнімділікті тұқымының 14,2 мың егіс бірлігі сатып алынды.
Өңірде жүгері алқабы да кеңейіп келеді. Егер өткен жылы «дала аруы» 81 728 га жерге себілсе, биылғы жылы 83 496 га жерге егілген.
Картоп егу де назардан тыс қалған жоқ, биыл 39 948 га. алқапқа картоп егіледі.
Биылғы жылы Алматы облысында жалпы егіс алқабы 966,5 мың га, өткен жылы бұл көрсеткіш 961,6 мың га болған еді. Алқаптарда 33,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді.
Атап өтсек, жыл басынан бері «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу бойынша 65 заем алушыға 767,7 млн. теңге сомасында несие берілді, қазіргі кезде соның жалпы сомасы 182,3 млн. теңгелік өтініші мақұлданды.