Жаңа Қазақстанды дамытуда сот жүйесінің атқаратын қызметі өте зор. Осы жүйеде функционалдық міндетімізге сай істеген және алдағы уақытта да заңнама шеңберінде жалғастыратын жұмысымызды дер кезінде жариялап, тиісті орындар мен жалпы оқырман қауымыға жеткізу үшін мерзімдік басылымдар қызметіне жүгінеміз. Сөз реті келгенде айтып өтсем, төл басылымымыз болғандықтан бұқаралық ақпарат құралдарының арасынан республикалық «Заң газетін» асыға күтеміз. Себебі, осы басылымда жарияланған мақалаларымыз арқылы да жұмысымыз бағаланады. Тұрақты оқырманы болғандықтан құқықтық мәдениетімізді дамытуда осы газеттен және саитынан көп дүниені оқып, білеміз.
Негізі заңды білу, сыйлау, құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениеттің бір тармағы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы арқылы өлшенеді. Қарапайым тұрғындар медиацияны татуласу деп қана түсінеді. Біле-білсек, бұл заман ағымына, уақыт талабына сай қоғамға енгізілген заңнаманың бір жемісі болып та саналады.
Заңның аты заң. Ол орындалуымен құнды.Сондықтан тұрғындарға баса айтып, толыққанды түсіндіретін жайт. Қандай да бір іс соттың қарауына түсті ме заңда белгіленген уақытында қаралады. Сондықтан талап арыз сотта қаралған соң сот хаттамасы толтырылып, қаралған іс сот мұрағатында бес жыл сақталып, мемлекеттік мұрағаттың сақтауына өткізіледі. Қандай да бір жағдаймен іс жойылуға жатса нақты датасы, себебі жазылған анықтама тиісті орындар сұрауына сай берілетінін де білген дұрыс.Сондықтан сотқа талап арыз түсіргенімен түрлі себептерге байланысты өзара татуласқан тараптарға алдағы уақытта олардың сотқа, осы мәселе туралы дау бойынша және осы негіздермен қайтадан жүгінуге жол берілмейтінін судья ескертіп, түсіндіреді.
Қарапайым тілмен айтқанда медиация дегеніміз, бітемгершіліктің заманауи атауы десек те болады. Міне, сол кезде жасалған қылмыстың ауырлығы, жеңілдігі, орта дәрежеде екендігі ескеріле бермейді. Терергеуші қылмыстық кодекстің тиісті бабымен айыптап, күдіктіні прокуратура органы арқылы сотқа жібергенде жәбірленушінің қорғаушысы «бітті.айныма. мына соманы аласың» деп тәптіштеп қойса құқықтық сауаты төмен азамат бірбеткейлікке басып тұрып алады. Сондықтан тараптар арасындағы қарым-қатынастарды реттеп, заңнама талабына сәйкес жүргізудің қағидаттары мен рәсімдерін медиаторлар заңды мәртебесіне сай айқындайды. Әлбетте, негізгі ұстанымы — екі жақты ортақ мәмілеге келтіру. Жоғарыда аталған заңның да басты мақсаты болып табылады. Нәтижесінде адами құндылықтар айтылып, түсіндіріліп екі жақ та ризашылықпен тарасады. Кезінде билеріміз бір ауыз сөзбен ел мен елді бітімге келтіріп татулықты сақтаған ғой. Бүгінгі қоғамда баса назар аударылмай жүрген саланың бірі медиаторлар жұмысы. Негізі медиатор екі жаққа да медиацияның рөлі және оның құқықтық әсерлері жөнінде толық мәлімет беруге міндетті. Қос тараптың да құқығы бірдей екенін және олардың бір-біріне сыйластықпен қарауы керектігін ұғындыра білген медиатор елге танылып, құрметіне бөленеді.
Тұрғындарға ескерте кететін бір құндылық — сот ғимаратының күту залдарында және интернет желісінде медиация туралы түсінік беретін банерлер толыққанды ақпаратпен қамтылған. Онда бітімгершілікті заңдастыратын бірден-бір жол медиация екені егжей-тегжейлі түсіндірілген.
Қорыта айтқанда, судьялық қызметімізде қаралатын көп істің бірі ғана бұл. Бірақ оған жете көңіл бөлу, әділ шешім шығару сауаттылықты талап етеді. Жұмыс тәжірибемізде тараптарды тең тыңдап қара қылды қақ жарғанда риза болғанын ең бастысы мойындағанын байқап та отырамыз. Нәтижесінде риза болып тарасады. Өйткені, бұл заң. Заңнан ауытқымау міндет болып табылады.
Бекболат Тажмұхан,
Алматы қаласы, Наурызбай аудандық сотының судьясы