Өркениет көшімен алға жылжыған сайын азаматтардың да құқықтық сауаттылығы артып келеді. Осы тұрғыда дамыған елдердегі тәжірибеге сәйкес тиісті заңдар толықтырылып, дауды баламалы түрде шешу тәсілдерінің көкжиегі кеңейтіліп, медиация сынды ізгілікті заң тетіктері қолданысқа енді.
Дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда» деген аталы сөзі бар. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болса елімізде бірлік те, тірлік те болары сөзсіз.
Еліміздегі барлық азаматтардың құқықтары бірдей. Бүгінде біз – әлем мойындаған, әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар елміз. Сондықтан әлем елдері мемлекетімізден үлгі алуда, біз бұған қуанамыз. Айқын мақсатқа жетер жетістіктерімізді ортақ табыспен сәйкестендіріп, жұмыла жұмыс жасау әрбір қазақстандық үшін маңызды. Оны санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек. Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.
Міне, осы тұрғыда Медиация қызметі араздасқан ағайындарды бітімгерлікке, елді тату-бірлікке шақырады. Мәселен, медиаторлар кінәлі немесе кінәсізді іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды. Ал, мұндай жолмен түзілген келісім тараптар арасындағы байланысты одан әрі сақтауға, олардың өзара сыйластығын нығайтуға септігін тигізеді. Қазір барлық сотта арнайы медиация кабинеті бар. Онда іс жүргізуге қажетті барлық жағдай қарастырылған. Тағы бір атап өтетін жайт, кейбір қылмыстық істер де медиацияның көмегімен шешіліп жатыр.
Жалпы Медиация институты қазаққа бұрыннан жат емес, себебі медиацияның процедурасы біздің қазақ билерінің дауларды шешу тәртібіне ұқсас. Сол себепті, медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырады. Оның бірден-бір себебі – медиацияның бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталуы.
Тағы бір атап өтетін оңтайлы жақ – ол қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігі және уақыт үнемділігі. Мысалы, сотта іс ұзаққа созылады, ол тіпті бірнеше айларға созылуы мүмкін, сонымен қатар сот отырыстары бірнеше мәрте белгіленуі мүмкін, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі себепті кейінге қалдырылып қолайсыздықтар туындатады. Осы орайда медиацияның келесі ерекшеліктерін атап өтуге болады: тараптардың еріктілігі және жеңілдетілген шараның бейресмилігі. «Медиаторға жүгіну қажет пе, әлде жоқ па?» дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Медиация барысында тараптардың тең құқықтылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер де жүктеледі. Сонымен қатар, медиацияны өткізетін тұлға іс бойынша сот қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін тараптарға ашық айтады. Нәтежиесінде тараптар істің немен аяқталуы мүмкін екенін ескеріп, екінші тараппен келісімге келуге әрекет етеді.
Сонымен бірге Жоғарғы Соттың «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасына сай жүзеге асып жатқан «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы. Осы жоба негізінде сотқа арызданған біраз араматтарды бітімге келтіріп, судья екі тарапты татуластыруға, өзара ымыраға келуге шақырады. Мәселен, талап арыз қабылданғаннан кейін судья, яғни, талап қою соттың іс жүргізуіне алынғанға және істі қозғағанға дейін тараптарды татуласу рәсіміне қатысуға кеңес береді. Келіскен жағдайда тараптар татуласу рәсімінің түрін таңдап, ол туралы өтінішхатта көрсетеді. Бұдан соң судья азаматтық істі қозғау, істі сот талқылауына дайындау, тараптың өтінішхаты болған жағдайда қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарым шығарып, татуласу рәсіміне қатысады.
Қазір сот саласында қолданылып келе жатқан «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы арқылы жоғарыда атап өткендей біраз нәтижелі жұмысқа қол жеткізіп келеміз. Соттағы жүктемені құрап отырған істердің басым бөлігі татуласумен реттелуге жатады. Сондықтан мұндай даулардың көбейіп кету себептерінен анықтап, талдау жасауды одан әрі жандандыруға, татуласу орталықтары мен билер кеңесінің жұмысын да жетілдіруге сала мамандары мен сот қызметкерлері жан-жақты жұмыстар атқарып келеді.
Ал медиациялық келісімде судья татуластырушы тараптарға қойылған талаптардың шегінен шығу құқығын, жауапкердің қарсы шарттар қоюға мүмкіндігін жан-жақты түсіндіреді. Нәтижесінде өзара тиімді шарттар бойынша келісім жасалады. Өз кезегінде бұл тараптардың алаңдаушылық сезімін басып, ризашылыққа әкеледі. Мұндай жағдайда ұйғарымға шағым келтірілмейтіні анық. Медиацияның ең тиімді тұсының бірі соттар жүктемесінің азаюына оң әсер етуде. Сотқа даусыз істермен жүгінетіндер де жетерлік. Сондай кезде тараптардың өзара келісімге келуінде татуласу рәсімдерінің маңызы зор. Мемлекеттік баждың қайтарылуы да азаматтар мен заңды тұлғалардың дауды бітімгершілік жолымен шешуге ынталандырады. Әсіресе, жоғарыда аталған жоба аясында дау-дамайлар тез арада шешімін табуда. Жобаның басты артықшылығы да осында екенің айта кеткен жөн.
Жалпы, татуласу рәсімдерінің нәтижесінде талапкерлер құқықтары екі аптада қалпына келтірілді. Мұның өзі сотқа жүгінушілердің медиацияға деген оң көзқарасын қалыптастыруда. Бүгінде жобасы аясында соттарда медиация кабинеттері ашылып, судья медиторлар жұмыс істейді. Судья татуластырушы медиациялық келісімінің құқықтық күші сот шешімнен кем болмайтынына тараптар көзін жеткізеді. Егер екі жақтың біреуі келісімді орындамаса, екінші жақ оны мәжбүрлеп орындату үшін сотқа жүгіне алады. Осы орайда дауларды медиация заңымен шешудің де маңызы зор екенің көпшілік білгені дұрыс. Бітімгерлікке келетін кезде сот ешкімнің құқығына нұқсан келмеуін қарайды. Тараптар өзара келіскенімен, заңсыздық орын алса сот оны бекітпейді. Заңның жүзеге асуының өзі оны азаматтарға жеткізе, түсіндіре білумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, даулардың бейбіт жолмен реттелуіне көмектесу судьялар қызметінің бір саласы деуге болады.
Сонымен бірге қазіргі таңда онлайн-медиативтік келісім жүргізуге де мүмкіндік бар. Мұндағы мақсат – тараптардың татуласып, отбасында, өз ортасында бірлік-берекенің сақталуы. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші, татулық, бірлік, ынтымақты ата-бабамыз берік ұстанған. Бүгінде татулықты ту еткен ата-баба жолын жалғап, араздасқан тараптар мәселесін сотқа дейін Медиация тәртібімен шешіп, бітімге келуде. Осылайша тараптар арасындағы татулықты сақтап, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетуде Медиацияның маңызды зор десек, артық айтқандық емес.
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы
Темірбаев Тұрар Қайыркелдіұлы


