12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БИШІМБАЕВ СОТЫ: ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ

Өз әйелін айуандықпен өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан бұл процеске қазақстандықтармен қатар шетелдіктер де зор қызығушылық танытып отыр.

Мәселен, ол туралы әлемдік басылымдар Reuters, BBC, Deutsche Welle, Delfi, ресейлік ірі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Ресейлік журналист Ксения Собчак елімізге келіп, арнайы репортаж да жасап кетті. Қызығушылар қатары тек журналист, заңгер және белсенділермен шектелмейді. Әлеуметтік желілер де Астанадағы үдеріс туралы жазбаларға толы. Кафеде, қоғамдық көлікте, спорт залында, көшедегі қауымның аузында да процесс жайлы әңгіме. Ол бір мезетте әркім өз ракурсынан қарап, қоғамдық пікірдің көрігін қыздырумен қатар, біреулер үшін хайп жасап, танылып қалудың мүмкіндігіне жол ашқан жылдың ең үлкен шулы оқиғасы болып тұр.

Заң – өрмекшінің торы

Білікті адвокат, қоғам белсендісі Ләззат Ахатованың айтуынша, сот процесінің осынша резонанс тудыруының бірден бір себебі ерлерден зәбір көретін әйелдер көп. Ашық қаралып жатқан іс қоғамның жарылғалы тұрған сыздауығы секілді болды. Шерхан Мұртазаның «Заң – өрмекшінің торы, әлсіздер ғана тұтылып, күштілер құтылып кетеді» деген тәмсіліне сүйенген халықта экс-министр ақша беріп, жазадан тағы құтылып кетеді деген қорқыныш бар. Егер бұл қылмысты жай сантехник па, слесарь ма жасаса, қоғамда мұндай қызығушылық туындамас еді. Отбасылық жанжалдан ушыққан көп қылмыстың бірі болып, елеусіз қалар еді. Ал, сот процесін бақылап отырған адвокаттың бірі Джохар Өтебековтің айтуынша, резонанстың сыры жан түршігерлік кісі өлтіру, айыпталушының даңқы, гендерлік теңдікке деген жаһандық тенденция, процесті техникалық ұйымдастыруда. Сот алғаш рет бірнеше камера, жақсы дыбыспен тікелей эфирде өтіп жатыр. Қалай дегенде де бұл сот бұрынғыдан өзгерек. Мұны аталмыш факторлармен қатар, онда өз қызметін атқарып жатқан заңгерлер мен куәгерлер де ерекше етуде. Күдікті 44 жастағы Қуандық Бишімбаев – Назарбаев дәуіріндегі саяси элита мүшесі. Ол 90-жылдары сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабілетті жастарды әлемнің жетекші университеттерінде оқыту мақсатында қолға алған «Болашақ» бағдарламасының стипендианты. 2001 жылы Бишімбаев АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде магистр дәрежесін алып, Қазақстанға оралып, мансап жолын бастаған болатын. Бұл сатыда ол Мемлекет басшысының көмекшісі және Ұлттық экономика министрі қызметтерін атқарып, квазимемлекеттік қорлар мен құрылымдарды басқару құрамында болды. 2017 жылы Бишімбаев «Бәйтерек» ұлттық холдингінде жұмыс істеген кезінде жемқорлық жасады деген күдікпен тергеуге алынып, миллиард теңгені жымқыру схемасын ұйымдастырып, құрылыс компанияларынан пара алғаны анықталды. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім етті. «Шынымды айтсам, Қуандық Бишімбаев үшін қатты өкінемін. Біз осындай жастарды оқытуға ұзақ уақыт, ақша, ресурстар жұмсадық» – деген еді бұл оқиға туралы Нұрсұлтан Назарбаев уақытында. Бишімбаев кешірім сұрағаннан кейін рақымшылыққа ілініп, жаза мерзімі 10 жылдан төрт жылға қысқартылған болатын. Міне арада төрт жыл өткен соң экс-министр тағы да айыпкер орындығына отырды. Егер сол жолы жазасын толық өтеп шыққанда, ол мұндай қылмысқа барып, әйелінің қанын мойнына жүктемес пе еді?! Тағдыр дерміз мұндайда. Бірақ адамның өмір жолы бойдағы қасиеттердің көрінісі ғой.

Шегініс

Елдің жағасын ұстатқан оқиға өткен жылдың 9 қарашасында болды. Сол күні елордадағы БАУ мейрамханасына шақырылған жедел жәрдем отыздан енді ғана асқан жас әйелге еш көмек жасай алмады. Оқиға орнына дереу келген полиция Қуандық Бишімбаевтың қолына кісен салды. Содан бері қамауда отырған Бишімбаевтың бір айдан бері соты жүріп жатыр. Тергеу барысында Бишімбаевтар жанұясының бақылауындағы мейрамханада ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқаны белгілі болды. Осы үрдісте Бишімбаевтың өтініші бойынша қайғылы оқиғадан кейін өшіріліп, тергеу барысында қалпына келтірілген бенежазбадан оның әйелін қалай бетінен ұрып, қатты соққыдан еденге құлаған кезде аямай тепкені белгілі болды. Осындай айғақтарға қарамастан Бишімбаев өзін ақтаудың бар амалын жасады. Бұл орайда оның батыстан алған білімі, табиғатындағы зеректігі байқалды. Әсіресе, салқынқандылығы, Салтанатқа қатысты берген кейбір көрсетілімдерде күлкіге ерік беретіні таңғалдырмай қоймайды. Ал, барлық кінәні қайтыс болған Салтанатқа жауып, өз айыбын жеңілдетуге тырысуы еріксіз ашындырды.

Бишімбаевтың айтуынша, жанжал болған кеште Салтанат ішімдік ішіп, унитазға, одан соң плиткалы еденге құлап бетінен қатты соққы алған. Кейін ұйықтап кеткеннен кейін, оның бетінің дені көгеріп, ісе бастаған. Ұзақ уақыт оянбаған соң «көріпкел» досына телефон соғып кеңес сұрағанда, ол мұны мастықтың салдары, ішімдік уыты тараған соң оянады деп тыныштандырады. Ұйқы ұзаққа созылып, дене салқындап, иегін ашу әрекеті нәтиже бермеген соң, жедел жәрдем шақыртады. «Оны өлтірсем немесе қатты зиян келтірсем деген ниет болған жоқ. Мен өзімнің не істеп жатқанымды білдім. Сондықтан ішкі ұстамдылық пен сақтық сезімі болды. Бұл кезде сергек болдым, оның өмірлік маңызды жерінен ұрмадым. Жансыз жерлерінен бірнеше тептім», – деді ол сотта. Айтуынша, мұндай әрекетке баруына әйелінің шектен тыс қызғанышы, намысына тиіп, ызаландырғаны, анайы сөздермен жәбірлегені, ішімдікке әуестігі себеп болған. Салтанат Нүкенованың жансыз денесі табылған VIP кабина бейнекамералармен жабдықталмапты. Әйтсе де, сотта куәгерлік еткен сол күні мейрамхананың қабырғаларын сырлап жатқан жұмысшылардың бірі онда айғай мен күңгірт дыбыстарды естіп, қабырғаға бірдеңе соғылып жатқанын сезгенін айтты. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерде VIP кабинаның ванна бөлмесі есігінің сынғаны және перделердегі қан көрінді. Сот отырысы барысында бірінен соң бірі айқындалған айғақтар сотталушының моральдық келбетіне, ұстанымына қатысты көп жайдың бетін ашты. Ұялы телефондағы хабарламаларды оқып, жазылған бейнелерді жайбарақат көру, тыңдау мүмкін емес. Жұбайы өзінің соққысынан ес-түсін білмей жатқанда Бишімбаев жайбарақат тамақтанып, одан соң қыз-келіншектерге хабарлама жазып, олармен көңіл көтеруге ниет танытқан. Телефонынан табылған бейнежазбадағы әңгіме тіпті жаға ұстатты. Бишімбаев «мұны түсірген мен емеспін, оған менің дауысымды монтажбен қосқан» деп мойындамауға тырысты. Бұл бейнежазба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың жұршылыққа үндеу жасауына алып келді.

«Мен кінәлі емеспін?»

Бишімбаев сотта Салтанаттың отбасынан кешірім сұрады. Ол әйелінің өліміне өзін кінәлі санамайтынын, бірақ өзін «осы жағдайларға қатысы бар» деп санайтынын айтты. Мұны естіп отырған марқұмның анасы шыдай алмай: «Мен қызымды көрген жоқпын. Оның бетін көрмедім. Олар маған көрсетпеді. Сіз оны бірнеше сағат бойы өлтірдіңіз. Сіз оны өлтіруге сегіз сағат жұмсадыңыз!» деп айқайлап жіберді. Ананың бұл жанайқайы талайдың жүрегін қан жылатқаны ақиқат. Бұл іс бойынша Бишімбаевпен бірге оның туысы, мейрамхана директоры Бақытжан Байжанов та айыпталды. Оған «Қылмысты жасыру» және «Аса ауыр қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметтері бойынша, Байжанов өліп жатқан Салтанаттың телефонын үйіне апарып, отбасы оның орналасқан жерін геолокация бойынша қадағаламау үшін, қызметкерлерге мейрамхананың бейнекамераларындағы жазбаларды өшіруді тапсырған. Сотта Байжанов та марқұмның туыстары мен отбасынан кешірім сұрады. Айтуынша, Салтанаттың ауыр халде жатқанын білмеген. Ол ағасының әйелін үнемі ұрып-соғатынын сезгенін, бірақ «қазақы менталитеті оның отбасылық қатынастарға араласуына жол бермейтінін» мойындады. Өзінің «әрекеттері мен әрекетсіздігіне» өкініш білдірді. Сот отырысында Салтанатты білетін құрбылары, әріптестері Бишімбаевтың әйеліне достарымен сөйлесуге тыйым салғанын, телефонмен жіберген хабарламаларын бақылап отыратынын, қызғанышпен талай рет қинағанын айтты. Салтанаттың ажалына себепкер болған соққының Бишімбаев сендіруге тырысқан ешбір өздігінен құлау салдарынан емес екенін сот сарапшысы Тахир Халимназаров сот отырысында қолмен қойғандай дәлелдеп берді. «Қарапайым тілмен айтқанда, бұл әдейілеп жасалған соққы. Адам өзі ес-түссіз болғандықтан, басынан мұндай жарақат алмайды» деді ол алқабилер алдында. Оның айтуынша, марқұмның мойнынан тұншықтырып өлтіру іздері табылған. Салтанаттың қанындағы алкоголь мөлшері шамалы екені де анықталды. Қысқасы, айыпкердің барлық кінәсі құқықтық тұрғыдан өз дәлелін тапқандай. Жарыссөз барысында екі тарап та өз айғақтарын айтып, әділ сот төрелігін күтетіндерін білдіріп жатты. Жәбірленуші тарап бұл қылмыстың қасақана жасалғанын дәлелдеуге тырысып, айыпкердің өмір бойы бас бостандығынан айырылуын талап етсе, қорғаушы тарап мұның абайсызда орын алғанын айтудан танбады.

«Ана ретінде бала тәрбиесінде жеңіліске ұшырадым»

Бұл кезде де назарды ерекше аудартқан Бишімбаевтың өзі және анасы Алмира Нұрлыбекова болды. Бишімбаев өзіне тағылған айыпты «нақты айғақтардың болмауына байланысты» деп тағы да айды аспанға шығарды. Оның айтуынша, қазылар алқасы БАҚ пен әлеуметтік желілердің қатаң қысымымен шешім қабылдауға мәжбүр. Мұның бәрі алқабилерді шатастыру, сотқа қысым көрсету мақсатын көздейді. Сондықтан алқабилер ешкімнің жетегінде кетпей, шешім қабылдағанда объективті, әділ, адамгершілікті болып, өшпенділік пен жазалаудың соқыр құралына айналмауы керек. Осыларды айта келіп, ол «Сіздерге жеткен теріс пікірлер тұтқыны болмаңыздар. Бұрын кім болғаным, қандай қызмет атқарғаным маңызды емес. Мен осы елдің азаматымын және бейтарап әрі объективті сотқа лайықпын», – деді. Ал, Алмира Нұрлыбекова Салтанаттың анасынан кешірім сұрап, келіні үшін күнде дұға жасайтынын жеткізді. «Бұл біздің отбасы үшін қасірет болды, ешкімнің адам өмірін қиюға құқысы жоқ. Менің балам өз қылмысына лайық жазасын алуы тиіс. Бірақ жәбірленуші тарап менің балам жайлы теріс сипаттама берді. Оны қоғамның паразиті, ескі Қазақстанның адамы деп атады. Ол бәрінің айыбын арқалуға тиіс емес» деді. Ана ретінде бала тәрбиесінде жеңіліске ұшырағанын, өмірінің соңына дейін тәрбиедегі олқылықтың не екенін түсінуге тырысатынын айтып, бұл жағдайға өзін кінәлі санайтынын білдірді. Бір айдан астам уақыт әлем назарында болған соттың аяқталар күні де алыс емес. Соттың онлайн режимінде ашық өтуіне қатысты бүгінде әрқилы пікір айтылуда. Олардың бір парасы бұл үрдістің жұртшылықтың азаматтық белсенділігін, құқықтық сауатын арттырған шара болғанын айтса, енді бір парасы оның әдеттегі шоу екенін жарыса жеткізуде. Ал, сарапшылардың айтуынша, бақылау камерасындағы жазбалардың, Салтанаттың ағасы Айтбекпен арадағы хабарламаларының ашық көрсетіліп, оқылуы этикаға қайшы болды. Бұл жалпы қабылданған ережеге де сай емес. Өйткені, олар барлық ақпараттық шудан оқшауланбаған қазылар алқасының шешімдеріне теріс әсер етуі мүмкін. Сотты мұндай форматта ұйымдастыру Ақорда шешімі, ондағылар қоғамдағы наразылықты ескере отырып, «әділетті Қазақстанды» және сот жүйесінің жұмысын жақсы жағынан көрсетуді маңызды санады деп жатқан сарапшылар да бар. Сонымен қатар, қанды қаңтардағы наразылықтарға байланысты жабық сот процестерінен кейін елдің назарын тағы бір жаңалыққа аудару және халықтың Президентке деген наразылығын азайту мүмкіндігі деген пікірлер де айтылуда.

Құлбаева, Аймағанова, Халимназаров – өз істерінің шебері

Қалай дегенмен де бұл сот процесі қоғам үшін үлкен жаңалық болды. Ондағы әрбір фигура жұртшылықтың назарынан тыс қалған жоқ. Олардың арасында өздерінің ұстанымы, кәсіби деңгейі, азаматтық келбетімен көптің сүйіктісіне айналып кеткен тұлғалар да бар. Мәселен сот тізгінін қолға алған судья Айжан Құлбаеваның бейнесі қазақстандықтар былай тұрсын, шетелдіктердің жүрегінен жылы орын алғаны байқалады. Тіпті, ресейлік журналист Ксения Собчак өзінің репортажында «осындай судья Ресейде болса ғой» деп Құлбаева ханымға деген ерекше ілтипатын жасырмады. Айыптаушы тарап өкілі прокурор Айжан Аймағанованы Мәншүкке теңеп, халық батыры деп жатқандар аз емес. Елдің осынша ықыласы әсер етсе керек, прокурор ханым эмоцияға беріліп, занның емес, ақынның тілінде сөйлеп кеткен жайы да бар. Сот сарапшысы Тахир Халимназаровтың да жүрген жерінде зор құрметке бөлініп жатқанын ютуб арнасына жүктеліп жатқан бейнежазбалардан көріп отырмыз. Осы соттың барысында айрықша танылған, әрине, Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек болды. Онымен қатар Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым ханымның да журналистер мен блогерлер аяқ-қолын жерге тигізер емес. Ал, бұл оқиғаның ең үлкен нәтижесі – халық арасында «Салтанат заңы» деп аталып кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері қылмыстандырылған заңның қабылдануы еді. Өзінің оң және қайшылықты тұстарымен бұл құжат та бүгінде қоғамдық пікірдің өзегіне айналып тұрған жайы бар.

Сананы сілкінткен сот

Бишімбаев оқиғасы осылайша қоғамда үлкен жарылыс жасады. Сот процесі туралы әркім өз ракурсынан ой түйіп жатқанына еш күмән жоқ. Ашық соттағы ең үлкен сабақ – тәрбиесіз берілген білімнің қауіптілігіне қатысты болғаны анық. Осы сот арқылы ұят болады, обал болады, сауап болады деп үйрететін ұлттық құндылықтардың маңызы анық ашылғандай. Әрине, бір ғана Бишімбаевтың әрекеті бүкіл елге айна болмасы анық. Десе де, бұл үрдіс ұрпақ тәрбиесінде «қайда барамыз, неден қорқуымыз керек?» деген сауалдар төңірегінде ойлануға жетелеп, сананы сілкінтті десек артық айтқандық болмас еді. Бұл соттың ең үлкен жеңісі осы дегіміз келеді.

Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша үкім шықты

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Алқабилер алқасының үкімімен Қ.Бишімбаев жәбірленуші С.Нүкенованы 2023 жылғы наурыз айының ортасынан бастап 9 қарашаға дейін кінәліге материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану арқылы дене және психикалық зардап шеккені үшін (ҚК 110- бабы 2-бөлігінің 1-тармағы); сондай-ақ 09.11.2023 жылы С.Нүкенованы өлтіргені, яғни аса қатыгездікпен басқа адамды заңсыз қасақана өлтіргені (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы) үшін кінәлі деп танылды. Б.Байжанов 09.11.2023 жылы Қ.Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылды(Қылмыстық кодекстің 432-бабы). Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, дыбыс-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді Прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Жазалау туралы шешім Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағының санкциясында 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 432-бабының санкциясында 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сот Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-бөлігінің 2-тармағының негізінде Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың қауіпті қайталануын, сондай-ақ мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауын таныды. Айыптау қорытындысына сәйкес, Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешті. Алқабилер сотының үкімі: Бишімбаевты қылмыстардың жиынтығы бойынша 24 жылға бас бостандығынан айыруды; Байжановқа – 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру (ҚК 55-бабының 2-бөлігі ескеріліп) жазасы тағайындалды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

ҚҚС көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді?

Қосымша құн салығының көтерілуі тұрғын үй нарығына қалай әсер ететіні көпшілікті алаңдатып отыр.

Астанада қалдықтарды жинау мен шығарудың жаңа тарифі бекітілді

Астананың мәслихат депутаттары елордада қоқыс жинау және шығару тарифін бекітті.

Лифтідегі шабуыл: 5 жасар баланың жағдайы туралы не белгілі?

Елордалық тұрғын үй кешендерінің бірінде шабуыл жасалған бес жастағы бала бетінің жұмсақ тіндерінен көптеген кесілген жарақаттар алып, қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр.

14 ақпандағы ауа райы болжамы

Қазгидромет 14 ақпан, жұмада Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтетінін айтты.

Қоғамдық көліктердегі заңсыз төлемдер: жолаушылар не істеуі керек?

2024 жылдың 3 тамызынан бастап Қазақстанда қолма-қол төлем жүйесі ресми түрде алынып тасталды. Десе де, жолаушылар әлі де қолма-қол төлем қабылдайтын жүргізушілердің барын айтады. Бұл қаншалықты заңды? Мұндай әрекетті байқаған жолаушылар не істеуі керек?