12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Біржан КӘРІБЖАНОВ, Алматы қалалық сотының судьясы:
«ҚАЗАҚТЫҢ ДІЛІНЕ КЕШІРУ, БІТІМГЕ КЕЛУ ТӘН»

Біржан Кәрібжановпен таныстығымыз Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья болып жүргенінде басталды. Ол кезде соттар БАҚ-тармен қоян-қолтық әрі сұранысқа сай, шынайы жұмыс істейтін. Әсіресе, аталған соттағы екі тілге бірдей жүйрік, өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар, өз ісін жетік білетін сауатты судьялар көз қуантып, көңіл толтыратын. Олар кез келген сұрағымызға мүдірмей жауап беріп өз тараптарынан ұсыныс айтып, саладағы мәселелерді терең қозғайтын. Біржан солардың бірі әрі бірегейі еді.
Анасы Аманғайша Кәрібжанованың айтуынша, 1971 жылы Абай Құнанбаевтың 125 жылдық мерейтойы болады. Сонда небәрі бір айлық Біржанын көтеріп, Қарауылтөбенің ұшар басына шыққан Аманғайша ана баласының аман-есен, халқына қызмет ететіндей нағыз азамат болып ержетуін, Абай атамыздың 150 жылдығында Біржанның бала-шағасы мен өздерін алып келуін нәсіп етуді Алладан сұрап, іштей тілек тілейді. Арманы орындалып, ақынның 150 жылдық мерейтойына Біржан ата-анасы мен отбасын өз көлігімен алып барады.
Халқымыз «Жазмыштан озмыш жоқ» демей ме? Жаратуышы Біржанға ырзық-несібе мен дәм-тұзын небәрі 51 жылға жететіндей етіп қана өлшеп беріпті. Біржан Кәрібжанов ең алдымен елжанды азамат, білікті судья, өз ісінің кәсіби шебері, «Қазақ қане?» дегенге «міне!» деп мақтана көрсететін замандасымыз еді. Ол өзінің аз ғана ғұмырында перзенттік борышын өтеп, ата-анасының ризашылығына бөленді, саналы ұрпақ тәрбиеледі. Еңбек еткен салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өнегелі ісімен үлгі болды. Амал нешік, сұм ажал осындай абзал азаматты нағыз толысқан шағында арамыздан алып кетті.
«Заң» Медиа-корпорациясының» ұжымы Біржан КӘРІБЖАНОВТЫҢ мезгілсіз қазасына орай ата-­анасының, жақындарының, әріптестерінің қайғысына ортақтаса отырып, «Заң» журналының бір санында шыққан сұхбатын назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

– Біржан Отантайұлы, елімізде соттардың мамандандырылуын, осыған қатысты жүргізілген реформаларды қалай бағалар едіңіз?
– Соттардың мамандандырылуы тәуелсіз мемлекетіміздің сот жүйесі тарихындағы ең ірі және нәтижелі өзгерістің бірі болды. Олай дейтінім, судьяларды арнайы сала бойынша істерді қарауға машықтандыру сапаны жақсартып қана қойған жоқ, сонымен қатар, жүйе жұмысын одан әрі оңтайландырды. Мысалы, кәмелеттік жасқа толмағандар істерін қарайтын сот 2003 жылы Алматы облысының Қарасай және Алматы қаласының Әуезов аудандық соттарында қанатқақты жоба ретінде қолға алынды.
Кәмелеттік жасқа толмағандар құқығының бұзылмауы жолында осы соттың судьялары нақты әрі нәтижелі жұмыс жасадық. Мысалы, ауыр немесе орта санатта қылмыс жасаған адамды тергеу кезінде сот үкімі шыққанша қамауға алатын. Қамау бала санасына қатты әсер етеді. Сондықтан, біз осы бапты ізгілендіруге қолжеткіздік. Бала аса ауыр қылмысқа барғанның өзінде оның жеке басын, отбасылық жағдайын ескеріп, қолхатпен бостандықта жүруін, яғни, оны ата-анасының бақылауына беру шарасын қолдандық. Осылайша, сол кездері кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтық саясатын жүргізудің жаңа үлгісі жасалды.
– Балалар осы мүмкіндікті түсіне алып жатыр ма?
– Бес саусақтың бірдей еместігі секілді, балалар да әртүрлі. Яғни, қылмысты қайталайтындар да, одан сабақ алып, түзеліп кететіндер де бар. Тәжірибе барысында байқағаным, жас балалар қылмысты абайсызда немесе балалықпен жасайды. Кейбірі, тіпті, қылмыстық әрекетке барғанын да түсінбейді. Иә, кешірім алған жанның сол әрекетін екінші қайталамасына ешкім кепілдік бермейді. Дейтұрғанмен, қазақтың діліне де, мінезіне де кешіру тән. Мұны бабаларымыздың дау шешудегі көрегендігінен де көруге болады. Егер өз кінәсін мойындап, шынайы өкінсе, неге оған мүмкіндік бермеске? Қалай дегенде де, баланың өмірден өз жолын табуына қоғам болып атсалысқан абзал. Бұл мәселе тек сотпен ғана шешілмейді. Қуанарлығы, кәмелеттік жасқа толмағандардың қайта қылмысқа бармауы үшін қолданылатын пробациялық шаралар нәтижесіз емес.
– Судьялардың сотқа психологтар тарту, бала мен ата-­анасына көмек көрсетуді заңдық тұрғыда жолға қою бастамасын ең алғаш көтергені есімізде. Қазір бұл мәселе шешімін тапты ма?
– Сот тәжірибесіне психологтарды жұмылдыру кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың жұмысынан басталды. Сол кездері психологтар көмегімен баланың әлеуметтік портретін жасауға барынша көңіл бөлдік. Мұндағы басты мақсат – баланың өмірден өз жолын табуына көмектесу. Одан бері де бірталай уақыт өтті. Психологтар бүгінде тек аталған сотпен емес, жалпы соттармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мысалы, Алматы қалалық сотын алсақ, онда медиация заңын іске асыру аясында ашылған медиатор, психолог кабинеттері бар. Мұнда психологтар ақысыз еңбек етеді. Өйткені, тараптардың арнайы маманға жүгінуі даудың сотсыз шешім табуына тиімді әсер етеді. Бұл мәселеде айтарым, дауды сотқа дейін шешудің тиімділігі БАҚ-тар арқылы үздіксіз насихатталып, істің бітімгершілікпен бітуіне тек сот емес, сонымен бірге, барлық сала қызметкерлері, мысалы, кәмелеттік жасқа толмағандар ісінде қамқоршы­лық-қорғаншылық органдары баса көңіл бөлуі қажет.
Бүгінде еңбек дауларына қатысты келісім комиссиялары жұмыс істейді. Соған орай, комиссия құрамында арнайы медиатордың болуы заңмен міндеттелсе, біршама дау сол жерде шешілер еді. Мұндай шараның тәжірибеде өзін-өзі ақтары сөзсіз. Кез келген дауға медиаторлар мен психологтар көптеп тартылуы тиіс. Несиеге байланысты дауларды да аталған мамандардың көмегіне сүйеніп, бітімгершілікпен бітіруге болады.
– Шешім қабылдарда ең бірінші неге сүйенесіз?
– Әрине, заңдылық пен әді­леттілікке. Заңдылық деп отырғаным, біз заңсыз шешім шығармаймыз. Ал, әділеттілікке келсек, бір тараптың талабы заңға қайшы болғанымен, әділетті шешім қабылдау үшін даудың екінші жақпен өзара келісіп шешілуіне күш саламыз. Біреуді айыптап, жазалау соттың мақсаты емес. Негізгі мақсат – екі жақтың да ризашылығы арқылы әділдік пен заңдылықты орнату.
– Судьялар тәуелсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілді?
– Тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Тек соны бағалай білуіміз керек. Ең бастысы, судьялар тәуелсіздігі мен мәртебесі заңмен белгіленді. Тәуелсіздік судьяның тікелей өзіне байланысты екенін заманымыздың заңғар заңгері Салық Зиманов та айтып кетті. Бұл тұрғыда академик «Судья тәуелсіздігінің екі дұшпаны бар: судьяның өзі мен бас пайдасын көздеген күштер» деді. Бұл сөз кімге болса да ой саларлық.
– Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білмейтіндерді алмау қажет деген пікірге қалай қарайсыз?
– Дұрыс қараймын. Мемлекеттік тіл деген сөздің өзі осы тілді білу керектігін міндеттеп отыр. Сондықтан, мемлекеттік тілді білу – ол өз анаңа, атаңа, халқыңа деген құрметтің жарқын көрінісі дер едім.
– Ата-анаңыз қай салада қызмет етті, мамандық таңдауыңызда ол кісілердің қандай да бір ықпалы болды ма?
– Әкем Отантай Кәріпжанұлы – Семей қаласында «Абай» қорының президенті. Анам Аманғайша Кәріпжанова құқық қорғау органынан подполковник шенінде демалысқа шықты. Әкем облыстық драма театрда 21 жыл директор болды. Өмірінің 50 жылын қазақ өнеріне, оның дамуына арнады.
Әл-Фараби бабамыз айтқандай, адам баласына ең алдымен тәрбие керек. Үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу ата-ана тәрбиесінің жемісі. Бүгінгі күні жеткен жетістігім алдымен Алланың, сосын ата-анамның арқасы. Ол кісілерге мың алғыс. Менде үш жоғары білім бар. Алдымен Семей Технология институтында оқып, инженер-механик мамандығын алдым. Еңбектен қорыққан жоқпын, бұл мамандығыммен де біраз жыл жұмыс істедім. Екінші мамандығым – заңгерлік, яғни, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірдім. Үшіншісі – экономист. Жалпы, өз басым өмірде тәжірибе мен теория қатар жүру керек деп есептеймін.
Қазақта «Батамен ер көгерер…» дейді ғой. Мен де үлкендердің батасын көп алдым. Әкемнің айтуынша, атам баласының прокурор болуын қалапты. Бірақ, ол мәдениет саласын таңдаған. Әкем бірде «Балам, атаңның арманын заң саласына барып, сен орындадың» деді. Қазіргі жастарға, бауырларыма айтарым, таңдаған мамандығыңды сүюің керек, сонда ғана сенен мықты маман шығады. Абыройың да биік болады. Өз басым мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Айналаңдағыларға қолыңнан келгенше көмектесу жақсы қасиет. Заң саласында шәкірттерім де жетерлік. Хатшылықтан бастап, бүгінде судья болып жүргендер бар.
– Балалар тәрбиесінде неге басымдық бердіңіз?
– Алла берген екі ұл, бір қызым бар. Адамның атына да көп нәрсе байланысты ма деп ойлаймын. Атымды әкем Біржан салдың құрметіне қойған. Меніңше, «Біржанның» мағынасы біреу, «бір жан» дегенді білдіретін сияқты. Олай дейтінім, қарындасым Айжан кішкентай кезінде қайтыс болып, үйде жалғыз бала болып өстім. Әке-шешеме ертерек немере сүйдірейін деген оймен ерте отбасын құрдым. Ата-анама Нұржан, Мағжан, Аружан атты үш немере сүйгіздім.
Ұлдарымның тәрбиесіне қатаң қарадым. Олардың бос уақытын тиімді пайдалануын қадағалап отырдым. Нұржанымнан Төрежан атты немерем бар. Жұбайым Гүлжан Арабқызы ғылым кандидаты. Бала жетістігі ата-ананың бақыты ғой. «Отбасым – алтын қазығым» демекші, Аллаға шүкір, ата-анама да, балаларыма да ризамын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...