spot_img
spot_img

БІРЛІГІМІЗ КӨПКЕ ҮЛГІ

Ұлан-ғайыр Қазақстан аумағында, бір шаңырақ астына топтасқан халықтардың бірлігі көптеген елдерге үлгі. Десе де, мемлекетті құраушы ұлттың ұлт болып сақталуы үшін сол халықтың тілі, ділі, мәдениетін сақтауға күш салу маңызды. Осылардың ішінде тілге баса назар аудару керек.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал», – деп, Үкіметке біраз тапсырма берген еді. Дегенмен, осы тұста тіл деп шырылдап жүрген қазаққа көмек беріп, біз илеп жүрген пұшпақ терінің бір ұшын илесіп жүрген ұлты бөлек болғанымен тілегі бір жандардың табылғаны қуантады. Сондай жандардың бірі Ақмола облысындағы «Мәміле» мемлекеттік тілді дамыту клубының негізін қалаушы Милана Тарасова.

Тілге деген махаббатымды мұғалімім ашты

Өзім Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ұялы ауылының тумасымын. Отбасым ауылдағы жалғыз орыс тілді үй. Сол себепті де мектеп жасына толған кезде сауатымды қазақ әліппесімен аштым. Дегенмен, бір үйдің орысша сөйлеп өскен екі қызы, қазақ мектебіне түсіп біраз қиналдық. Бірақ, ауылдастар, көршілер, мұғалімдер анама кеңестерін беріп, бізді оқытуда аянып қалмады. Анам бізге бар білгенін айтып, білмегенін ел-жұрттан сұрап, алып-ұшып жүріп бізді оқытты. Онысы зая болмады. Дегенмен, күндердің бір күнінде біз оқыған мектеп отқа оранып, жарамсыз күйге түсті. Бүкіл ауыл балалары көрші ауыл мектебіне қатынап оқуға тура келді. Әйтсе де жаңа мектеп жаңа мүмкіндіктер бере білді. Онда өзім сияқты өзге ұлт балалары арасында қазақ тілі бойынша ара-гідік олимпиада өтеді екен. Мен де қалыс қалмадым.

Оқуға деген құштарлығым әрқашан мені алдыға жетеледі. Сол кездері біраз биіктерден көріндім. Тілге деген махаббатымды сүйікті мұғалімім Гүлмира апай ашты. Әрқашан өз баласынан кем көрмей, бар мейір ілтипатын оқушысына төкті. Апайым қазір інілеріме де сабақ береді, ол кісіге деген алғысым ұшан-теңіз.

«Erekshe soile»

Мектептегі кезде Павлодар қаласындағы С. Торайғыров университетіне түсіп, диктор мамандығын алуды арман еттім. Бұл шешіміме ата-анам қарсы болды. Қарғадай қызын қараусыз өзге қалаға кімнің жібергісі келеді дейсіз. Солайша үйімнен алыс ұзамай да білім алуға болады деп Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов университетіне, филология факультетінің қазақ тобына түстім. Болашаққа қойған мақсатым үлкен еді. Арман-мақсат жолында алғашқы қадамымды көп ұзамай-ақ жасадым. Бірінші курстан бастап репетитор болып сабақ бердім. Сабақ бере жүріп, тіл үйренем деушілердің басын қосып өз сыныбымды ашамын деп бекіп алдым. Амалын етсең берекесін берер деп, екінші курсты тәмәмдаған соң, Көкшетау қалалық сотында толық емес жұмыс кестесімен аудармашы болып жұмысқа кірдім. Бар мақсатым аз-маз тәжірибе алып, азын-аулақ қаржы жию. Жаратқан тілеуімді берді. Ойлағанымдай ақша жинай алдым. Сонан соң алып ұшып кеңсе жалдап, өз бетімше «Erekshe soile» атты репетиторлық курс аштым. Курсқа өзге ұлт өкілдері де, қазақтар да қалмай қатысты. Әр жаңа лек келген сайын шыңдала түстім. Түрлі жаңа методикаларды дәрісіме қосуды әдетке айналдырдым. Сондағы ұққаным, оқушыларды ұлтына, діліне бөлмей бірдей тапсырма беріп, ынталандыру – ең ұтымды әдіс екен. Өйткені, бұл олардың арасындағы бәсекелестікті тудырып, үйрену барысын біраз жеделдетеді. Курстың атын «Erekshe soile» деп қойдым. Оның өз себебі бар. Байқасам әр ортаға келген сайын менің қазақшамды естіген жұрт таңғалысады, таңдай қағады. Қазақша білуім мені кез келген жерде өзгелерден ерекшелейді. Осындай жайттардан кейін, барлығын ой елегінен өткізіп, өзге ұлт өкілінің қазақ тілінде еркін көсілуінің өзі ерекше екен деген тұжырымға келдім. Артынша бұдан артық ат табылмас деп клубтың атын «Erekshe soile» деп қойдым.

Ортам мен отбасым

Тағдыр қосқан құрбы-құрдастарым да, әкемнің достары да қазақы орта. Ата-анам қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды, жаңылысады, кейде тілдері келмейді. Бірақ бәрін жақсы түсінеді. Әдетте қазақша сұрақ қойсаң, орысша жауап қатады. Дегенмен, бірде мынадай қызық болған: «Қазақстан» телеарнасы «мен жайлы деректі фильм түсірейік», – деп ауылға келеді. Журналистермен оқу орнын, репетиторлық курсты аралай келе үйге түсеміз. Ата-анам шыр-пыр болып, ет асып, сорпасын сапырып, тәттісін даярлап дайындалып жүр екен. Менде келіп көзайым болып оларға болысып жүрмін. Бірде журналист азаматтармен әкемнің тілдесіп отырғанын көріп қалдым. Жай күндері шорқақ қазақшасына ұялатын әкем, бар қазақшасын салып әңгіме айтып жатыр. Сыртынан таңырқай, бір жағы тамсана қарап қалыппын. Кейін сұрасам «сен үшін ғой, қызым» дейді. Өмірімдегі ең асыл қазыналырым, мен үшін бәріне дайын. Жалпысында әпкем Анастасия да, інілерім де тілді жақсы меңгерген. Бұл оның жедел жәрдем станциясында экономист болып жұмыс істеуіне оң әсерін тигізді. Артымнан ерген бауырларым да бүгінде қазақ сыныптарында білім алуда.

«Мәміле» клубы

Клубты 2023 жылдың 13 қаңтарында аштық. Біздің Көкшетауда көбі орыс тілінде мәмілеседі, бірақ адамдардың тіл үйренуге деген құштарлығы уақыт өткен сайын артып келе жатқанын байқап, ой дәптеріме түртіп жүрдім. Осылайша облысымыздағы Қазақстан халқы ассамблеясына өтініш қалдырдым. Арада ұзақ уақыт өтпей, өтінішім мақұлданып, «Қоғамдық келісім» КММ жанында клубымыз ашылды. Бүгінде төрт топ бар. Аптасына бір рет «Достық» үйінде жиналып, бір сағаттан жұмыс жасаймыз. Жоғарыда айтқандай, бұнда да клуб мүшелеріне менің қазақша еркін сөйлегенім қызық. Олар да осындай деңгейге жетсек деп талпынады. Мұнда біз күнделікті тұрмыста қолданылатын тақырыптар жайын сөз етіп, еліміздің көрікті жерлерін, қазақтың салт-дәстүрлері жайлы сөз етеміз. Әсіресе, клуб мүшелері салт-дәстүрге қатысты тақырыптарды аса ыждағаттылықпен тыңдайды. Қала өмірімен өскен көп жандарға бұл таңсық дүние. Бүгінде көбісі біраз төселген. Түрлі іс шараларға жарыса ұлттық киімді киіп, ұлттық тағамдардың түр-түрін дайындап барамыз. Мен өз Отанымды сүйемін және әр ынта-жігері бар жандардың басын қосатын, қазақша әдемі және еркін сөйлеп, жазуға үйрететін өз мектебімді ашқым келеді. Біз, қазақстандықтар, мемлекеттік тілді білуіміз, қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуіміз керек, өйткені біз бір тату отбасымыз!

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...

Аумақтан тыс соттылық

         Аумақтан тыс соттылық турасында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне...

Сот тәртібімен банкрот деп тану ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы...

Судьялыққа адал қызметтің айшықты үлгісі

  Биыл Қазақстан Республикасының сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп,...