2022 жылдың 2 ақпаны күні құрамында Ақтөбе облыстық сотының судьясы Е.Жапаров, сот отырысының хатшысы С.Сұлтанова қатысқан іс бейнеконференц байланыс арқылы қаралады. Сот отырысына әкімшілік жауапкершілікке тартылған Е.Тайпанов пен оның қорғаушысы А.Мурзағалиева қатысқан. 2021 жылдың 23 желтоқсан күні Ақтөбе қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Е.Тайпановқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы үшінші бөлігімен қаулысы шыққан болатын. Дыбыс және бейнежазу құралдарын қолдана отырып өткізілген ашық сот отырысында жоғарыдағы қаулыға қатысты Е.Тайпановтың шағымы қаралды.
Жүйкені құртқан жүктеме
Мына жүйке жұқарған заманда ең мықты, ең сабырлы, ең момын деген жандардың өзі іште жиналып қалған көп нәрсені бір-ақ ауыз сөзбен шығаратын кезі болатынын көпшілік мойындайтын шығар! Ұзақ жылдар құқық қорғау саласында, соның ішінде 20 жылдан аса сот саласында мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Еркін Жапаровтың аузынан сот отырысы аяқталып, бейнебайланыс тоқтатылғаннан кейін «әбден шаршаттың ғой, пидор» деген сөз шығып кетеді. Ол мұны әдейі біреуге қарата айтпаған, оның үстіне сот үдерісі үстінде емес, сот отырысы біткеннен кейін, бейнебайланыс әлдеқашан үзілгенде айтқан. Тек судья дыбыс-бейнежазу құралы әлі қосулы тұрғанын аңғармаған. Әбден шаршаған судьяның аузынан шыққан әлгі сөз таспада жазылып қалады. Мәселе, осы сот отырысы аяқталғаннан кейін, таспаға жазылып қалған боқтық сөзден шығады. Дыбыс және бейнежазба жүргізуді техникалық қолданудың ережелеріне сәйкес, жазбаны тараптар тек сот өндірісі және нақты деректерді анықтау мақсатында ғана пайдалануға болады. Соған қарамастан және қалай екені белгісіз, бұл аудиожазба Ratel.kz интернет-ресурсына жетіп, осы желі арқылы көпшілікке тарап кетеді. Сөйтіп, ұзақ жылдар сот саласында әділ әрі үлгілі қызмет еткен қазыны қудалау басталады.
– Осы күнге дейін мен ешқашан еңбек тәртібін, судьялық әдеп нормаларын бұзған емеспін. Атырау, Қарағанды облыстарында судьялық қызметте болдым. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталдым. ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі, «Үш би» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталдым. Ешқашан жемқорлық әрекет жасаған жоқпын, процессуалдық емес байланыстарға бармадым, көпе-көрінеу заңсыз қаулылар қабылдамадым, заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту немесе жауапкершіліктен босатуға жол бермедім, – дейді Ақтөбе облыстық сотының судьясы Еркін Жапаров. – Тайпановтың ісін қараған сот отырысы кезінде де мен еш артық сөз айтқаным жоқ, тікелей ешкімді балағаттамадым, былапыт сөз айтпадым. Мені қудалауға себеп болған сөздер процесс қатысушылары бейнебайланыстан ажыратылған соң айтылды. Менің сол күнгі абайсыздығым, сабырсыздығым шектен тыс шаршағандықтан деп ойлаймын. Себебі, 16 қаңтар, жексенбі күннен бастап, мен алқа төрағасы К.К.Елемесовтің өтінішімен, 28 қаңтарға дейін он үш күн бойы таңертеңнен түн ортасына дейін демалыссыз жұмыс істеп, митинг қатысушылары мен коменданттық сағат тәртібін бұзғандардың ісін қарап, олардың жазасын жеңілдетуге қарай жұмыс жүргіздім. Осы кезеңде 150 іс қарадым, түскі ас та ішпей түн ортасына дейін істеген күндерім де болды. Мұны бейнабақылау камералары және «Төрелік» жүйесіне енгізілген қаулылар арқылы тексеру қиын емес. Жалпы, 16 қаңтардан 7 ақпанға дейін прокурорлардың өтініші мен әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың шағымы бойынша 305 іс келіп түссе, мен соның 200-ден астамын қарадым. Өйткені, облыстық соттағы әкімшілік істерді қарау негізінен маған жүктелген. Бұл дегеніңіз, он үш күнде мен бүкіл 2021 жылы қараған істерімнің үштен бірін қарадым деген сөз, ал ол кезде ай сайынғы жүктеме 40 істен сәл-ақ асатын. Облыстық соттың бір судьясы үшін бұл аса шектен тыс жүктеме! Салыстыру үшін, 17-28 қаңтар күндері қылмыстық және азаматтық алқалардағы басқа судьялардың жүктемесі аптасына орташа 2-3 іс десек, маған түскен жүктеме нормадан 25 есе (!) артық. Сонымен бірге, егер прокурорлардың апелляциялық өтініштері бойынша түскен істерді қарау кезінде шешім шығаруда көп қиындық кезікпесе, қамаудағылардың шағымы бойынша ұқсас жағдайда айыпталғандардың ісін қарау кезінде прокурорлар одарды босатуға қарсы болды және бұл қосымша шиеленістер тудырды. 17 және 25 қаңтар, Е.Тайпановтың ісі қаралған күндері мен 30 іс қарадым. Барлық істер қамаудағы тұлғалар отырған жерде интернет-байланыс нашар жағдайда қаралды. Бұл да қосымша қиындықтар тудырды. Бұл – аса шектен тыс жүктеме және қамаудағыларды босату жөнінде шығарылған қаулылардың көшірмесін сол сәтте адамдар қамауда отырған орындарға жіберу қажет, оған да біраз уақыт кетеді. Оның үстіне қаулыларды қамауға алған бірінші сатыдағы соттың судьясы, қаулының көшірмесі ниеті жаман адамдардың қолына түссе, ыңғайсыз жағдайда қалмайтындай етіп дайындау керек. Сондықтан облыстық сот бірінші инстанциядағы сот қаулыларының заңдылығы мен дәлелділігін заңды дей отырып, сонымен бірге атқарылған мерзіммен шектеліп, құқықбұзушыны босату мүмкіндігін де заңды дейтіндей қорытындының болуы назарда ұсталды.
Міне осындай жағдайда істі қарауды кешіктіре берген Е.Тайпановтың жосықсыздығы шиеленісті жұмыс ырғағын әбден бұзды. Сондай-ақ, бұл жерде 2020 жылы облыстық соттың төрағасы міндетін атқарушы К.К. Елемесов және 2021 жылы 30 қараша күні алқа төрағасының ұсынысымен мен екі аптадан соң еңбек демалысынан шақыртылып жұмысқа қосылғанымды айта кету керек. 2021 жылы облыстық сот судьяларының орташа жүктемесі 100 істен аспаған жағдайда мен 450-ден аса іс қарадым. Еңбек демалысы кезінде толыққанды тынығу болмаған соң, 16-28 қаңтар аралығында он үш күн бойы тынығу мен тамақтану тәртібі бұзылғандықтан мен шектен тыс дәрежеде шаршадым, турасын айтсам, әрең жүрдім. Соның салдарынан менде гипертоникалық сырқаттың асқынуы белең алды, қандағы қант мөлшері күрт көтеріліп, тізе буынының артрозы асқынды және қатты ауырғанымды сезіндім. Соған қарамастан істерді апелляциялық өтініш түскен күні қарадым. Мысалы, 16 қаңтар, жексенбі күні – 10 іс, 17 қаңтар күні – 23 іс, 18 қаңтар күні – 50 іс, 19 қаңтар күні – 24 іс. 21 қаңтардан бастап жұмысқа қан құрамындағы қант мөлшерін түсіретін дәрілер қабылдап, ауруды бәсеңдететін екпе салғызып, таяққа сүйеніп келіп жүрдім. Сонда да стационарлық, тіпті амбулаториялық ем алуға кете алмадым. Бірінші сатыдағы сот судьялары, меніңше алқа төрағасы К.Елемесовтың тапсырмасын орындау үшін қамауға алуды заңсыз қолданып жатты. 5 қаңтар күні мен К.Елемесовке хабарласып, қоғамда әлеуметтік шиеленіс туындамасын десек, митингке қатысқан тұлғаларға қатысты әкімшілік тұтқынға алуды заңсыз қолданбау үшін бірінші инстанциядағы судьялармен тиісті жұмыстар жүргізу керек деген ұсыныс білдірдім. Себебі, кейін бұл істер әкімшілік жауакершілікке тартуды жеңілдету жағына қарай қайта қаралуы мүмкін. ӘҚБК-нің 43-бабы, ӘҚБК Ерекше бөлімінің тиісті бабында санкцияда ескерту түріндегі баламалы жауапқа тарту және айыпты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, соттарды құқықбұзушыға қатысты «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартуды қолдануға міндеттейді. Сот алқасының төрағасы менің бұл ұсынысымды елемегенімен тұрмай, «митингке қатысқандар толық жауапқа тартылуы тиіс» деді. Сөйтіп сот алқасының төрағасы бірінші инстанциядағы соттарға митингке қатысқандар және төтенше жағдай тәртібін бұзғандарға қатысты ең қатал әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берді. Мен мұны негізді түрде нық айта аламын, себебі мен қайта қараған істерде құқықбұзушылардың әрекетін де айыпты ауырлататын қандай да бір дәлелдеме жоқ. ӘҚБК-нің 43-бабы бұл редакцияда 2017 жылдың 28 желтоқсанынан бері қолданыста және семинар сабақтарында мен бірінші инстанция судьяларына Кодекстің бұл нормасы императивті сипатқа ие екенін және судьяның өз қарауына жатпайтынын дәйектілікпен түсіндіргенмін. Осы норманың бұзылуы ҚР Президентінің араласуына және Бас прокурорға қамауға алынғандарды айыпты ауырлататын жағдай болмаса, оларды босату жөнінде тапсырма беруге алып келді. Осыдан кейін 16 қаңтардан бастап түскен және апелляциялық инстанция соты тарапынан қанағаттандырылған прокурорлардың өтініштері мен құқықбұзушылардың шағымдары менің ойымның дұрыс екенін дәлелдеді. Ал алқа төрағасы маған прокурорлардан ба, әлде полиция тарапынан түзілген бе, олардың ойынша босатуға болмайтын тұлғалардың тізімін берген. Алқа төрағасына заң мен сот алдында бәрінің теңдей екенін ескерттім. Бұл тұлғалардың қамаудан және айыппұл төлеуден босатылуы прокуратура органдарының және сәйкесінше менің әрекетіме қатысты WhatsApp желісі арқылы маған: «Саған құрметпен қараушы едім, бәрін бүлдірдің» деген жазба жіберген алқа төрағасының наразылығын тудырды. Осылай мен облыстық сот басшылығының алдағыны болжай алмайтын әрекеті және прокуратура алдындағы жарамсақтығының тұтқынына айналдым. Мүмкін, келешекте қаңтар оқиғалары бойынша әкімшілік құқықбұзушылық істерін қайта қарау жеке зерттеудің нысанына айналар, себебі осындай істер бүкіл ел көлемінде қайта қаралуда. Бұдан он-он бес жыл бұрын мен бұл жүктемені қиналмай көтерер едім. Бірақ жасы 60-тан асқан, тұла бойымда сан түрлі сырқат пайда болған кезде өте ауыр екен. Шектен тыс жүктеме жүйкені құртып, сол сырқаттың кесірінен Е.Тайпановтың жүріс-тұрысынан, істеген әрекетінен шаршағандықтан, оған қатысты аузымнан былапыт сөз шығып кетті. Өйткені, Тайпановтың ісі 17 қаңтар 2022 жылы апелляцияға белгіленген еді. Бірақ оған істі қарау уақыты жөнінде нақты хабарланса да видеоконференц байланысқа шықпады, оның мүддесіне Д.Молдағалиева өкілдік етті. Мен оған ӘҚБКтің 748-бабының мазмұнын түсіндірдім және істі қарау кезінде қатысу құқығы бұзылмауы үшін істі қарауды 25 қаңтарға қалдырдым. Белгіленген күні Е.Тайпанов сот отырысы хатшысының бірнеше қайтара соққан қоңырауына бос еместігін, сот отырысына қатыса алмайтынын айтып: «менің қазір уақытым жоқ, басқа уақытқа қалдырыңдар!» деп өте дөрекі жауап берді. Нәтижеде сот отырысы 28 қаңтарға қалдырылды.
Бұл сөз қолданыста бар ма?
Негізінде, менің айтқан сөзім жөнінде Д.Молдағалиева мен Е.Тайпанов 7 ақпан күні аудиожазбаның көшірмесін алғанға дейін білген жоқ. Оларға процестің дыбыстық жазбасына қолы жеткен біреу хабарлаған деп ойлаймын. Менің бұл ойымды Ratel. kz интернет-ресурсында жарияланған «Актюбинские судьи сливают друг друга» деген жарияланым да дәлелдейді. Менің жіберген ағаттығым әлеуметтік желіде жарияланымдардың пайда болуына және кейбір ұнамсыз пікірлердің айтылуына себеп болды. Бірақ, сонымен бірге құқықбұзушының жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын, әрекетін қаралап, менің атыма білдірілген жақсы лебіздер де өте көп. Олардың арасында Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жанар Исаның ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов мырзаның атына жазған хатындағы «Судья Е.М.Жапаровтың заңды және әділ шешімі Грузия азаматының көзінше Қазақстанның сот жүйесінің имиджін нығайтуға өз септігін тигізді деп ойлаймын» деген, Иса Момбаевтың «Өте ақылды судья, егер екі ең түсініксіз істі бір іске біріктірсе, сүтті судан өте ептілікпен ажырата алады» деген, Әділбек Жиенбаевтың «Еркін Жапаров өте сауатты маман және әрқашан заңдылық пен әділдікті сақтайтын терең парасатты, өзгелердің тағдырына бей-жай қарамайтын адам» деген сияқты жүздеген пікірлерін келтіруге болады.
Базына
Соған қарамастан Сот жюриі 2022 жылдың 16 маусым күні «Еркін Жапаров былапыт сөз айтып, судьялық этиканы тұрпайы түрде бұзды» деп айыптап, қызметінен босату жөнінде шешім шығарады. Ол негізінде бұл сөзді ешкімге қарата айтпағанын және ыңғайсыз оқиға бейнебайланыс үзілгеннен кейін орын алғанын айтады. Тіпті, бейнебайланыс кезінде әдейі айтылғанның өзінде судьяның аузынан шыққан «пидор» деген сөз әдеби қолданыста бұрыннан бар. Оған мысал, 1973 жылы жарық көріп, Нобель сыйлығын алған Александр Солженицыннің әйгілі «Архипелаг ГУЛАГ» шығармасында бұл сөз бірнеше жерде кездеседі. Сондай-ақ, Леонид Габышевтің «ОДЛЯН или воздух свободы» деген кітабында да қолданылған. Бұл кітап үшін ол КСРО Ішкі істер министрлігінің арнайы сыйлығын алған. Станислав Говорухин түсірген «Асса» кинофильмінде де осы сөз айтылады. Бұл фильм кезінде «Кинотавр» байқауына ұсынылған. Ожегов пен Шведовтың «Толковый словарь русского языка» сөздігінде «педераст» сөзінің ұғымы берілген. Бұл сөз Андрей Белыйдың «Меж двух революций», Пришвиннің «Лес» атты кітабында да кездеседі. Тіпті Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 104-бабының түсіндірмесінде 1997 жылға дейін болған. Соған қарағанда, аспан аударылып жерге түсетіндей жағдай орын алмағаны көрініп тұр. Мұның бәрі, онсыз да елімізде сотқа деген сенімге, соның салдарынан мемлекеттік билікке деген сенімге сызат түсіп тұрғанда, соттардағы онсыз да аз білікті билерді қудалаудың мысалы іспетті. Ең өкініштісі, өмір бойы адал қызмет етіп, әділ би атанған, ешқашан артық дүние жимаған, денсаулық жағдайы, әбден шаршағанына қарамай, өз жұмысын заңға сай және асқан жауапкершілікпен атқарып келген білімді, білікті маман еріксіз шығып кеткен бір ауыз былапыт сөзіне бола қызметтен босатылғалы тұр! Оның үстіне, зейнеткерлікке шығуына да екі жылдай ғана уақыт қалыпты. Обал-ақ!
Президент пайымы
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында отандық БАҚ жайлы: «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды», – деген еді. Ал 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында: «Қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен барлық судьяның мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», – деді. Демек, қазіргі күнгі қазылар қауымының құрамы Мемлекет басшысының көңілінен шықпайды деген сөз. Ендеше осы тапсырма жедел іске асырылса екен! Әйтпесе, онсыз да аз әділ билерді қудалап, Әділетті мемлекетті қалай құрамыз?!. Облыстық сот басшылығы бұл судьяны еңбек демалысынан шақыртып алып, мұрнынан қан аққанша аямай жұмысқа салды. Енді бір сөзге бола біржола құтылғалы отыр. Бұлардың әрекеті «есектің еңбегі адал, еті арам» немесе «Мавр өз ісін атқарды, енді ол кетуі керек», дегендей болып тұр. Осыған байланысты Жоғары сот кеңесі бұл мәселеге жеткілікті назар аударып, тиісті шешім қабылдайды деп сенеміз. Өйткені, бұл Кеңестің мүшелері сот жұмысының қиындығын жақсы білетін білімді, білікті, мол тәжірибеге ие, қандай жағдайға да түсіністікпен қарай білетін адамгершілігі жоғары азаматтар екеніне шүбә жоқ!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, журналист


