«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»

Экономиканың негізгі драйверінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялық ахуалды көтеру еліміздегі басым бағыттардың бірі. Бұл орайда саладағы заңнамалық реформалармен қатар жобаларды жүзеге асыруға назар аударылуы аса маңызды. Ақмола облысында кәсіпкерліктің керегесін кеңейтетін іргелі жобалар жүзеге асырылып, отандық өнім өндіруші бизнес қауымдастықтарға мол мүмкіндіктер ұсына бастады.

Солардың бірі «Бір ауыл – бір өнім» деп аталады. Аймақта бірегей өнімді іздеу, жергілікті тауарлар мен қызмет көрсету өндірісін дамыту, тек жергілікті шикізатты ғана пайдаланатын отандық өнім өндірушілердің бірлестіктерін құруға бағытталған жобаны жүзеге асыру мақсатында Көкшетау қаласында жоба аясында үлкен көрме ұйымдастырылды. Іргелі шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, облыстың әр түкпірінен жиналған бизнес қауымдастықтардың өкілдері мен кәсіпкерлер, құзырлы мемлекеттік органдардан қатысты. Облыстың ірі тауар өндіруші кәсіпорындарының басын қосқан отандық өнім түрлері топтастырылған ерекше көрмеге Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары мен Атбасар, Бурабай, Егіндікөл, Целиноград аудандарынан келген қырыққа тарта белгілі кәсіпкерлері өз өнімдерін жайғастырды. Қаздай тізілген ғажайып көрмеде адам өміріне қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы жергілікті еңбекқор кәсіп иелерінің қолының табы бар өнімдер. Жобада ұсынылған жергілікті өнімнің түрлері де сан-алуан. Алыстан мен мұндалап көрінген ары-бері өткен қала тұрғындарының назарын бірден аударған көрмеде нан және тәтті тоқаш өнімдерінен бастап, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері ұсынған ет пен сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, биошірінділер, әшекей бұйымдары, жиһаз түрлері, бөдене жұмыртқалары мен басқа да көптеген жергілікті шағын және орта кәсіпорындардың өнімдері ұсынылған. Жергілікті ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін ынталандыруға бағытталған көрме отандық кәсіпкерлердің арасында бәсекелестіктің артып оның нәтижесінде тұтынушыларға ұсынылатын өнімнің сапасын жоғарылату мақсат етіліпті. – «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті қолдауға әрі көтермелеуге бағытталып отыр. Биыл міне екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Өңірдің әр түкпіріндегі кез келген елді мекеннің өзінің бір бәсекеге қабілетті басымдығы болатынына сенімдімін. Яғни, жергілікті шикізатты осындағы жергілікті құзыреттілікті қолдана отырып көрмеге қатысатын әрбір кәсіпкер мен кәсіпорындар өз өнімдерін лайықты түрде ұсынуға үлкен мүмкіндік алғанын атап өткен жөн, – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов. Сан түрлі өнім түрлері қойылған көрме арасынан көпшіліктің назары Қосшы қаласының тұрғыны Гүлнұр Ақполатова әкелген бөдене жұмыртқасы өнімдеріне түсті. Көптің көкейіне қона бермейтін ерекше кәсіпке Гүлнұр Ақполатова өзінің жұбайы Асқармен бірге кірісіп бүгінде тұтас бөдене фермасын құрып үлгерген. Бір қарағанда бұл салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын педиатр-реаниматолог дәрігер маманы Гүлнұр Момынқызы бөдене фермасын құру идеясын өзі ойлап, ақыры өз бастамасын іс жүзінде жүзеге асырыпты. Алғашында екі мың бөдене жұмыртқасын сатып алған әйел инкубатор арқылы балапан шығара бастаған. Шыққан балапандарды барынша бағып-қаққанымен тек 200 бөденені аман-есен өсіп шығыпты.

– Әрине бәрі бірден оп-оңай жүзеге аса қойды деп айта алмаймын. Біз түрлі сынақтар мен қателіктерді де бастан өткердік. Біртіндеп өзіміздің жеке дербес өндіріс орнымыздың жұмысын жолға қоя алдық. Жылдар бойы қажымай-талмай еңбектену мен төзімді тірліктің арқасында бүгінде өнімдерімізді «Samgau Qus» сауда маркасымен күн сайын екі мыңнан астам жұмыртқа өнімдерін жеткізетін SMALL және Gastronom дүкендер желісімен өнімдерімізді жеткізу жөніндегі келісімшарт жасадық. Сонымен қатар, бөдененің сүрленген еті, майонез өндірісі жолға қойылды, – дейді кәсіпкер Гүлнұр Ақполатова. Бөдене өнімдерін өндіруші компания өндіріс көлемін ұлғайтуға әрі шығарылатын өнім ассортименті мен брендін танымал етуге ниетті. Ал, Атбасар қаласынан келген Данияр Бисарин ұлттық стильдегі тері және ағаш бұйымдарын өндірумен айналысады. Кәсіпкер алғашқыда үстел, орындықтар, киім ілгіштер сияқты жиһаздар тіпті ағаштан күркелер жасау өндірісіне маманданыпты. Алайда, біршама уақыт халықтың сұранысын бақылап отырған қолөнерші жасайтын өнімдерін басқа арнаға бұрып садақ, қорамсақ, арбалет сияқты көпшілікке аса таңсық өнімдер мен әшекей бұйымдарын шығара бастапты. Көрмеге қатысушы қолөнершінің айтуынша қазіргі таңда арнайы тапсырыстардың көптігі сондай бәріне үлгеріп қанағаттандырудың өзі қиындай түскен. Жасаған бұйымдары қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие бола бастапты. Көрмеге қатысушылардың бірі – Нұргүл Омарова Көкшетау қаласының тұрғыны. Ол жиналған жұрттың назарына ұлттық стильде өрнектеліп сәнмен жасалған жаяулар жолына арналған қырлы тастар мен тақтатастардың алуан-түрлі сериясын ұсыныпты. Өз қызметіміздің бағытын таңдаудың алдында біз жұбайым екеуіміз ұзақ ойланып, ақылдастық. Біздің бастайтын ісіміз басқаларға еш ұқсамайтын болуы тиіс деп шештік. Біз ұлттық дәстүрлеріміз бен салтымыз бүгінгі қоғам өміріне де етене енгенін қаладық. Әрбір үйдің ауласында, көшелеріміз бен алаңдарда өзіміздің ұлттық ою-өрнектеріміз бейнеленіп тұрса әдемі әрі керемет емес пе? – дейді Нұргүл Омарова. Көрмеде өңірдің сұлу табиғаты мен алуан түрлі шөптерін қолданып түрлі өнімдер ұсынған кәсіп иелері де болды. Бурабай ауданының тұрғыны Гүлжан Болпанова емдік қасиеті бар өсімдіктер мен шөптерді аса көп білетіндіктен өз білімін кәсіпке айналдырған жан. Ол құрамында ауруға шипа болатын бал мен шайдың түрлері, Бурабай тауларынан теріп жинаған шөптерден дайындалған бальзам шипамайларын дайындайды. Ерекше кәсіп иесінің айтуынша оның балының ерекшелігі оның құрамында. Өйткені, Бурабай ұлттық паркінің флорасында 750-ден астам өсімдік түрлері өседі. Оның ішінде 20 түрі сирек кездесетін әрі қызыл кітапқа енгізілген жоғалып бара жатқан өсімдік түрлері екен. Сондай-ақ шамамен 80 түрі реликті көшеттер. Көрме барысында өңірдің әр түкпірінен кәсіп иелерімен ұсынылған жобаларды мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған жұмыс тобы бағалады. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңдерге қатысу үшін он бірдей жоба таңдалып алынды. Комиссияның анықтауымен ингуш халуасын өндіретін Көкшетау қаласының тұрғыны Роза Гатагажаева, женттің алуан түрлерін шығаратын Целиноград ауданының тұрғыны Бауыржан Жалғасбаев, Қосшы қаласынан келген бөдене өнімдерін өндіруші Асқар Ақполатов, түрлі шөптерден шай мен бал өндірісін жолға қойған бурабайлық Гүлжан Болпанова, ет өнімдерінің кең көлемді түрлерін шығаратын Көкшетау тұрғыны Карина Гаспарян, дайын таңғы астарды әзірлеу шебері қосшылық Совет Есхожин, қолдан сабын мен майшамдар жасауға машықтанған көкшетаулық Валентина Кляус, кір сабындарды қолдан дайындаушы көкшетаулық Нағима Умышева, қолдан тері және ағаш бұйымдарын шығарумен айналысатын атбасарлық қолөнерші Данияр Бисарин, құрама жем өндірісін ашқан аршалы ауданынан келген Айжамал Шәкірованың ұсынған өнімдері үздік деп танылып келесі кезеңге жолдама алды. Шараны ұйымдастыруды қолға алған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ақмолалық өкілдерінің айтуынша көрме қорытындысы бойынша комиссияның көңілінен шыққан үздік ондық өз жобаларын қыркүйек айында қорғайтын болады.

— Бүгінгі ұйымдастырылған көрменің қорытындылары бойынша комиссиямен анықталған үздік ондық өз жобаларын осы жылдың қыркүйек айында бренд-комитеттің алдында қорғайтын болады. Оны бағалау қорытындысымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үш финалисті таңдап алынады. Біз оларға жобаларын одан әрі сүйемелдеу, дизайн жасауға қатысты ақпараттық-консультациялық қолдау, өнімдерін қазақстандық және халықаралық сауда алаңдарына шығару және қаптама дайындауды қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек. Жоба аясында алдағы уақытта да ізденіспен өз ісін ашуға ұмтылған кәсіп иелеріне өз бизнесін одан әрі де дамытуға мол мүмкіндіктер берілмек. Бұл басқа да кәсіпкерлер қауымын ынталандыра түсетіні сөзсіз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...

Almaty Half Marathon 

МАССОВЫЙ СПОРТ В АЛМАТЫ СТАНОВИТСЯ ХОРОШЕЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ И КРЕАТИВНОЙ...

Согласно миссии ООН

В АЛМАТИНСКИЙ ВОЕННЫЙ ГАРНИЗОН С РАБОЧЕЙ ПОЕЗДКОЙ ПРИБЫЛ ЗАМЕСТИТЕЛЬ...