Қазақстан қоғамының бүгінгі даму бағыты – жас буынның әлеуетін қолдауға, олардың шынайы білім мен ғылым жолындағы ұмтылысын күшейтуге негізделуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты дәл осы ойды тереңдетіп, елдік реформалардағы жастар рөлін жаңа қырынан айқындап берді.
Президент атап өткендей, жастар виртуалды қиял әлеміне емес, нақты білім-ғылым жолына түсуі қажет. Бұл тұрғыда Абай университеті де өскелең ұрпақтың шынайы құзыретін дамытуға бағытталған іргелі жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді.
Мемлекет басшысы әскердегі жазатайым оқиғаларды өркениетті елге жат деп бағалап, «Армия жастарды нағыз азамат ретінде тәрбиелеуі тиіс» деген ой айтты. Бұл пікірді біз де толық қолдаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген еді. Шын мәнінде, бүгінгі жастарды қолдау – ертеңгі мемлекетті нығайтудың ең сенімді жолы.
Абай атамыз «Толық адам» ілімінде адамның басты қасиеті – еңбек, тәртіп, білім екенін негіздеді. «Талап, еңбек, терең ой – қанағат, рақым, ойлап қой» деді. Ал Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп рух берді. Бұл сөздер – бүгінгі буынның жүрегіндегі отты үрлеп, жауапкершілігін шыңдайтын ұлы үндеу.
Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенін ескерсек, білім мен қолдаудың өзі ұрпақтың мінезін тәрбиелеуге қызмет етуі керек. Президент жастардың «Қазақстан прайм-дәуірге қадам басты» деген пікіріне таңғалғанын айтты. Біз де жастарымыздың ел болашағына сеніммен қарағанына қуанамыз. Дегенмен, сол прайм-дәуірді жасайтын да – сол жастардың күнделікті еңбегі, оқуы, темірдей тәртібі.
Абай айтқан еңбек пен Мағжан айтқан сенім – бір арнада тоғысуы тиіс. Президент сөзі – осы жолдың темірқазығы.
Біз университет жастарының бойында отаншылдықты, тәртіпті, табандылықты дамыту үшін «Жасыл ел», «Таза Қазақстан», «Қарттарым – қазынам» секілді еріктілік бастамаларын қолдап, тәрбиелік идеологияны нақты істермен байланыстырып келеміз. Бұл жобаларда жастар көшбасшылық, әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық белсенділік құзыреттерін тәжірибе жүзінде дамытып жатыр.
Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір нақылы еске түседі: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке үйретпесе». Цифрлық қолдау платформалары мен әлеуметтік бағдарламалардың мәні де – жастардың алған көмегін, білімін, тәжірибесін қоғам игілігіне айналдыруына жағдай жасау.
Президенттің сұхбатындағы ең салмақты ойдың бірі – «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек ету» қағидасы. Бұл – тек ұран емес, өмір салты болуға тиіс. Біз университет қабырғасында осы мінезді қалыптастыруға бар күшімізді саламыз. Өйткені, болашақ биолог ретінде докторантурада экологиялық жауапкершілік ілімін жалғастырғысы келетін жастарымыз бар; ғылымдағы антиплагиат талаптарын жоғары орындап жатқан магистранттарымыз бар; ЖИ арқылы білім беру сапасын арттыруды талап етіп жүрген саналы студенттеріміз бар. Бұл – ел президенті сенім артқан, Абай мен Мағжан жырлаған нағыз жаңа буын.
Қорытындылай келе, шынайы білімге ұмтылған, еңбек пен тәртіпті серік еткен, ұлтқа қызмет етуді өмірлік миссия санаған ұрпақ – ел дамуының басты капиталы екенін айтқым келеді. Біз сол капиталды қолдау арқылы – Қазақстанның ертеңіне қызмет етеміз.
Рақымберді ҚАЖЫҒАЛИҰЛЫ, Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті директорының орынбасары, PhD


