Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Әрбір адамның мінезі, дүниетанымы және өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан, жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу – қоғамның болашағы үшін аса маңызды міндет.

Қазіргі таңда  өмір сүру салтының өзгеруі жастардың көзқарасына әсер етуде. Соған қарамастан, сыйластық, мейірімділік, жауапкершілік, үлкенді құрметтеу және кішіге қамқор болу сияқты дәстүрлі отбасы құндылықтары өз маңызын жоғалтпайды.

Мемлекет басшысының 2013 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Қазақстанның кәсіби және өзге де мерекелері тізіміне өзгерістер енгізіліп, қыркүйектің екінші жексенбісі«Отбасы күні» ретінде ресми түрде бекітілгені баршаға мәлім.  Ал 8 қыркүйекте Қазақстан халқы бұл мерекені өз тарихында ең алғаш рет атап өтті.

Алматы қаласының әкімдігі Президентіміздің отбасы институтын нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын, Отбасы күніне арналған мәдени-спорттық іс-шараларды, «Шаңырақ күні» аясындағы дөңгелек үстелдер мен форумдарды, сондай-ақ, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» отбасын қолдау орталықтары арқылы әлеуметтік-психологиялық қолдау жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы үлгілі отбасыларды анықтап, көпшілікке өнеге ету мақсатында өткізіледі. Байқауда отбасының бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы, еңбекқорлық, бала тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды сақтау бағаланады.

Аталған байқау отбасы институтын нығайтуға, адамгершілік құндылықтар мен жауапты ерлі-зайыптылықты дәріптеуге бағытталған ұлттық байқау. ҚР Тұңғыш Президенті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу туралы бастаманы алғаш рет 2013 жылы 6 желтоқсандаарнайы өкімге қол қою арқылы ресми түрде жариялады. 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл  шарада үлгілі, көпбалалы және еңбек династиялары марапатталады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан байқауда бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, үлкендерді сыйлайтын өнегелі әулеттер қамтылады. Оған отбасылар өз-өзін ұсыну арқылы немесе жергілікті әкімдіктердің, еңбек ұжымдарының жолдамасы бойынша қатыса алады. Үміткерлерге қойылатын басты критерийлер: мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылықта, ғылымда немесе зияткерлік салаларда жоғары жетістіктері болуы шарт. Онда қоғамдық пайдалы жұмыстармен немесе волонтерлік қызметпен айналысатын отбасыларға басымдық беріледі.

2014 жылдан бері бұл байқауға  жыл сайын  орта есеппен 2,5 мыңнан 3,5 мыңға дейін отбасы өтінім береді. Соның нәтижесінде  12 жылдың ішінде  оған еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Байқау тарихында көпбалалы отбасылардың қатысу белсенділігі 2 есеге, ал жас отбасылардың үлесі 1,5 есеге өскен. Онда теміржолшылар, мұғалімдер, кеншілер мен дәрігерлер сияқты бірнеше ұрпақ бойы бір кәсіпті нәсіп еткен еңбек әулеттері өте жоғары бағаланады және жиі жеңімпаз атанады.

Алматы қаласында 2024 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында Медеу ауданынан қатысқан Қабышевтар әулеті жеңімпаз атанып, Астанада өткен салтанатты марапаттау рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы жүлдесін алды.

Қабышевтар әулетінің теміржол саласындағы еңбек жолы 1932 жылдан басталады. Мұхамедсадық қария осы жылы теміржолшы мамандығын таңдап, 1968 жылға дейін елге адал еңбек етті. Оның өмірлік ұстанымы мен еңбекке деген құрметі кейінгі ұрпаққа үлгі болды.

Әке жолын жалғастырған ұлы Мұрат пен келіні Меңзипа теміржол саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Бүгінде бұл игі дәстүр үшінші буынға жалғасып отыр. Мұрат Қабышевтың ұлы Біржан мен келіні Айгүл,  қыздары Айгерім мен Әсел  де теміржолшы, олар ата кәсібін лайықты жалғастырып келеді.

Ұрпақтар сабақтастығына адалдық танытып, отбасылық құндылықтарды дәріптеген Қабышевтар әулеті – ата кәсіпке деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Осындай  әулеттер қоғамда адал еңбек пен өнегелі тәрбиенің маңызын айқындап, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар береді. Ал, 2025 жылы өткізілген байқауда Алматы қаласы бойынша 250-ге жуық отбасы қатысқан.

Жалпы алғанда «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі 11 қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Биыл өтінімдер қабылдау Халықаралық отбасы күні, яғни, 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізілді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің есебінше,  «Мерейлі отбасы – 2026»: байқауына биыл 3611 өтінім түскен. Оның 2024-і өз еркімен қатысуға өтінім берсе, 1583-і  жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың бастамасымен қосылған. Мұндағы негізгі мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттау және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту.  Отбасын қадірлейтін ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.

Ұлбала Әлішева

Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған нақты қадамар

Еңбекпен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Халықты тұрақты жұмыспен...

Еңбек құқығы Конституциямен қорғалған

Еңбек адамын қадірлеу әділ қоғам құрудың басты шарттарының бірі...

Демографияны көтеру басты басымдықтың бірі

 ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ХАЛЫҚ САНЫНАН, ЯҒНИ, ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМНЕН БӨЛІП ҚАРАЙ...

Мемлекеттік тіл – құқықтық мәдениеттің кепілі

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл....