Bek Air ұшағы апатын тергеу неге 5 жылға созылды?

Бас көлік прокуратурасы 2019 жылғы Bek Air ұшағы апатын тергеу неге 5 жылға созылғанын түсіндірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ведомствоның 2024 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысында айтылды.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, республиканың көлік инфрақұрылымының бір проблемасы — білікті мамандардың тапшылығы.

«Мысалы, көлік министрлігінің авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасы қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің әлсіздігіне байланысты 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшырауын тергеу 5 жылдан астам уақытқа созылды. Тергеу басқармасындағы 6 тергеушінің біреуі ғана жеткілікті тәжірибеге ие болды. Білікті кадрлардың тапшылығын Қазақстанның авиациялық әкімшілігі де бастан өткерген. Прокуратураның бірқатар ұсынуларынан кейін Көлік министрлігі 2024 жылы өз қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру және тағылымдама курстарын шетелде де ұйымдастырды, тергеушілер штатын құруға кадрлық тәсіл қайта қаралды. Бұл белгілі бір дәрежеде Ақтау қаласы маңындағы Әзербайжан әуе компаниясының соңғы апатын тергеудің сапасы мен деңгейіне оң әсерін тигізді», — делінген хабарламада.

Ведомство Bek Air әуе кемесінің апатқа ұшырағаны туралы сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталды, іс материалдарымен қылмыстық процеске қатысушылар танысып жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, Bek Air ұшағының әуе апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған еді. Ұшақ Алматыдан Астанаға (ол кезде Нұр-Сұлтан) бағыт алған болатын, бірақ ұшқаннан кейін бірден биіктігін жоғалтып, қоршауды бұзып, әуежай маңындағы екі қабатты коттеджге соғылды. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.

Ал 2024 жылғы желтоқсанда Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу қайтадан жүргізілуі мүмкін екені айтылған еді.

Қазақ-қытай инвестициялық форумын жыл сайын өткізу ұсынылды 

Мемлекет басшысы Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс екенін айтты. 

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді 

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді.

Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері жарияланды 

Қорғаныс министрлігі бүгін Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің толық тізімін жариялады.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды 

25 қыркүйек Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.