Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселелері талқыланды

2026 жылғы 3 қыркүйекте Орал қаласында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Судьялар одағы мен Батыс Қазақстан облыстық сотының бірлесуімен  ұйымдастырылды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, өңірдің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарының құқықтану саласындағы ғалымдары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Досжан Әмір мемлекеттік тілдің сот жүйесінде және құқық қорғау органдарында заң талаптарына сәйкес толыққанды қолданылуы маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Конституция мен «Тіл туралы» заңға сәйкес Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Ал басқа тілге ауыстыру қажет болған жағдайда ғана, заңда көзделген тәртіппен оның нақты себептері көрсетілген уәжді қаулы шығарылуы қажет.

Досжан Әмір іс жүзінде бұл талаптардың толық орындалмай отырғанына назар аударды. 2026 жылдың 8 айында қаралған істердің небәрі 34 пайызы қазақ тілінде жүргізілгенін айтып, көптеген жағдайда іс жүргізу тілінің тиісті негізсіз орыс тіліне ауыстырылатынын атап көрсетті.

Сондай-ақ, бүгінгі күнгі заң талаптарына сай соттар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік тілде іс жүргізуге нақты басымдық беруі, ал мемлекеттік органдардың құжаттар мен анықтамаларды қазақ тілінде рәсімдеуге көшуі қажеттігін айтты.

«Біздің мақсатымыз – басқа тілдерді шектеу емес. Басты мақсат – Конституция мен заң талаптарын толық орындап, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іс жүзінде қамтамасыз ету», – деді Досжан Әмір.

Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданылуы қазақ тілін меңгеруге деген табиғи қажеттілікті қалыптастырады. Бұл өз кезегінде заң үстемдігін нығайтып, әділетті қоғам мен ұлттық тұтастықты қалыптастыруға ықпал етеді.

Досжан Әмір мемлекеттік тіл мәселесіне формалды емес, стратегиялық тұрғыдан қарау қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы нақты қадамдар елдің болашағы үшін маңызды екенін айтты.

Конференция барысында алғашқы болып Батыс Қазақстан облыстық сотының мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үйлестіруші судьясы Мағира Китарова «Мемлекеттік тілдің сот процесінде қолданылу мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданысын кеңейту, азаматтардың мемлекеттік тілде құқықтарын еркін жүзеге асыруына жағдай жасау және сот құжаттарының сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.

Әрі қарай облыс прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы қатысу басқармасының бастығы Бәйдібек Балабек құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл кезінде құқықтық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы әрі бірізді әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Ақсерік Әйтімов «Ғылым және білім саласындағы мемлекеттік тілдің маңыздылығы туралы» тақырыбында баяндама жасады.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұланбек Әбілқайыр полиция органдарындағы іс жүргізуде қазақ тілін қолдану, қылмыстық процестегі мемлекеттік тілдегі құжаттардың сапасын арттыру және қызметкерлердің тілдік сауаттылығын жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

Жиын барысында сот ісін жүргізуде қазақ тілін кеңінен қолдану, құқықтық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу, заң терминологиясын біріздендіру және мамандардың кәсіби тілдік деңгейін арттыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілде іс жүргізу тәжірибесін жетілдіру, қызметкерлердің тілдік біліктілігін арттыру және құқықтық салада қазақ тілін қолдануға қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстар айтылды.

Конференция қорытындысы бойынша құқықтық терминологияны біріздендіру, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған қазақ тілі курстарын тұрақты ұйымдастыру және мемлекеттік тілдегі электрондық құжат айналымын жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Қатысушылардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтіп, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі

Табиғатпен үндескен тәрбие: «Семей орманы» аумағында балаларға экологиялық экскурсия ұйымдастырылды

Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының...

Шетелдік гранттар туралы сұрақ баспасөз мәслихаты кезінде Төреғожинаны тығырыққа тіреді

Бүгін Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросында 2022 жылғы...

АДАЛ АЗАМАТ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Адал...

Бітімге келу – ұтымды шешім

Қоғамда адамдар арасында әртүрлі себептерге байланысты дау-дамайлар мен келіспеушіліктер...