Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы Семей полигоны жабылған 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялаған еді. Жақында Жапонияның Хиросима префектурасының губернаторы Хидехико Юдзаки Астанаға жұмыс сапарымен келіп, кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллинмен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай қйымдастырылатын іс-шаралар туралы пікір алмасқан болатын. Олар сондай-ақ, ядролық қаруды қолдануға тосқауыл қою және сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерге ерекше назар аударды.
Осы арада биыл құрылғанына 16 жыл толғалы отырған Ядролық қауіпсіздік жəне ядролық қарусыз əлем көшбасшыларының жаһандық альянсы (GAL) туралы да айтпай кетуге болмас. 2019 жылы «Астана» клубының бесінші отырысы барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған бұл ұйым соңғы жылдары сырт көзге жұмысы күрт бəсеңдегендей көрінгенімен, ғаламдық қауіпсіздік тұрғысынан маңызын əлі жойған жоқ. Өйткені Н.Назарбаевтың: «Біз ядролық қарусыздану туралы қолданыстағы келісімдердің эрозияға ұшырауын тоқтату қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз. Келесі жылы ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шолу конференциясы қарсаңында біз осы құжаттың негізгі ережелерін əмбебап ету қажеттігін растаймыз. Менің ойымша, Келісімнен шығу ЯҚТШ тараптары үшін халықаралық жауапкершіліктен құтылу үшін даңғыл бола алмайды жəне ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің деңгейінде тиісті қарарлармен нығайтылуы тиіс», – деген сөзі əлі өзекті күйінде қалып отыр. Оған Израиль мен АҚШ-тың биыл Иранды «ядролық қару жасауға қауқарлы» деген күдікпен бомбылауы нақты дəлел бола алады. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде əлемнің 45 елінен 100-ге жуық көрнекті саяси көшбасшы мен халықаралық сарапшылардың басын біріктіретін бұл ұйым тарапынан ешқандай алаңдаушылық болмады. Ал Ядролық қауіпсіздік жəне ядролық қарусыз əлем көшбасшыларының жаһандық альянсы құрылған кезде алдына ядролық қарудың таралуына жəне қолданылуына жол бермеу, ядролық қауіпсіздікті нығайту мақсатын қойған еді. Оны басшылыққа ала отырып, негізгі үш фокус-бағыт анықталған болатын. Олар: Ядролық қаруды бірінші рет қолданудың болмауы; Қауіпсіздіктің теріс сенімі, аймақтық жəне халықаралық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы практикалық қадамдар ретінде Антарктида, Ай, Теңіз түбі жəне Ғарыш кеңістігі сияқты географиялық негізде ядролық қарудан азат жаңа аймақтар (NWFZ) құру; Ортақ қауіпсіздік жəне адам қауіпсіздігі арқылы ядролық қарусыз жаһандық қауіпсіздікке қол жеткізу. Альянс сондай-ақ, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) сақталуын күшейтуге баса назар аударады жəне Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ТБКЖ) қатысушы болып табылмайтын мемлекеттерге қол жеткізу үшін мазмұндық жəне батыл күш-жігер жұмсайтынын жариялаған еді. Ядролық қауіпсіздік жəне ядролық қарусыз əлем көшбасшыларының жаһандық альянсының стратегиялық жоспарлау тобының мүшелері 2023 жылғы 6 желтоқсанда Венада өткен екінші кездесуінде барлық қатысушылар ядролық қаруды бақылауға алаңдаушылық білдірген. Онда Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф ядролық қауіп-қатерді төмендетуге ұмтылған барлық ұйымдардың «бір дауыспен» сөйлеуі өте маңызды екенін қоғам назарына ұсынды. Ал Ядролық қаруды таратпау жəне қарусыздану жөніндегі парламентарийлердің жаһандық үйлестірушісі Алин Уэр БҰҰ-ның Болашақ саммитінде GAL SPG ашық хатын бөлісуді жəне БҰҰ-ның 2030- 2045 жылдарға арналған орнықты даму мақсаттарының күн тəртібіне ядролық қарусыздану мен таратпауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды.
Қ.ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»