ЕЛІМІЗДЕ БАСПАНАҒА МҰҚТАЖДЫҚ АЗАЙМАЙ ОТЫР. БҮГІНГІ ТАҢДА ӘРБІР БЕСІНШІ ОТАНДАСЫМЫЗДЫҢ БАСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚАТЫСТЫ УАЙЫМ БАР. МӘСЕЛЕН, РЕСПУБЛИКА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ 26 ПАЙЫЗЫ ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН АЛҒАН НЕСИЕСІН ҚАЛАЙ ТӨЛЕРІН БІЛМЕЙ АЛАҢДАСА, 14 ПАЙЫЗЫ МҮЛДЕ БАСПАНАСЫНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНА МҰҢАЯДЫ, АЛ, 22 ПАЙЫЗЫ ӨЗІНІҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАҒДАЙЫНА ҚАНАҒАТТАНБАЙДЫ. СЕБЕБІ, БЕС-АЛТЫ БАЛАСЫМЕН БІР БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРДЕ ТҰРЫП ЖАТЫР.
Біздегі қабылданып жатқан бағдарламаларда осы соңғыларының жайы үнемі назардан тыс қалады. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Тиісті заңнамаларда да бұл топтың әлеуметтік жағдайы ескерілмеген. Отбасын құрған жастардың үш-төрт жылда екі-үш балалы болып, сол кезде алған бір бөлмелі үйлері тарлық ететінін үкімет мүшелері де, депутаттар да ұмытқан. Осының салдарынан бүгінде біраз отбасы өз тұрғын үй жағдайларын жақсартудың еш мүмкіндігін таба алмай отыр.
Жуырда өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында осындай отбасылар үшін жағымды жаңалық айтылды. Үкімет тарапынан арнайы дайындалып жатқан заң жобасында ел азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуын көздейтін арнайы тетік енгізбекші екен. Жаңа талап бойынша баспанаға қол жеткізудің үш жолы ұсынылмақ. Таратып айтар болсақ, жалақылары өте аз, несие төлеуге мүлде жағдайы келмейтіндер үшін жалдамалы баспанаға қол жеткізетін болса, жалақысы орташа деңгейдегілер үстеме ақысы екі пайыз, одан артықтаулары үшін бес пайыз көлемінде ипотекаға үй алу мүмкіндігіне ие болады. Мұны жиында сенатор Нұрлан Қылышбаевтың сауалына орай Инудстрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек
Өскенбаев мәлімдеген еді. Оның сөзінен ұққанымыз бұл мүмкіндікке отандастарымыз Тұрғын үй жинақтау банкісінің «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қол жеткізе алады.
Жалпы елімізде азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында бір қатар нақты қадамдар жасалып жатыр. Мұны жиында, екінші оқылымда қаралып, қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң талқыланған сәтте аңғардық. Бұл құжат мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенаттың бір топ депутаттарының бастамашылығымен әзірленіпті.Сондықтан, жиында заң жобасын сенатор Әлімжан Құртаев таныстырды. Еліміздің бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасында үй бағдарламалары бойынша жұмыс істеп тұрған «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» операторларын тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіру көзделіп отыр. Құртаев мырзаның айтуынша, жалпы бұл операторлар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде мүмкіндігінше өздеріне жүктелген міндетті атқарыпты. Мәселен, 2000 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан ипотекалық компаниясының негізгі міндеті ипотекалық облигацияларды шығару арқылы екінші деңгейдегі банктерді қайта қаржыландыру болды. Осылайша бұл құрылым ипотекалық несиелердің ел азаматтарына қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана
қоймай, екінші деңгейлі банктерге бұл қарыздың тез қайтарылуына мүмкіндік туғызды. Оның ипотекалық қарыздар бойынша сатып алған талап ету құқықтарының жалпы көлемі 2001 жылдан бастап 2019 жылдар аралығында 224 млрд теңге болса, 2002–2019 жылдар кезеңінде шығарылған облигациялардың жалпы көлемі 306 млрд теңге, өтелген облигациялардың көлемі 149 млрд теңге, ал айналыстағы облигациялардың көлемі 67 млрд теңге болыпты. «Нұрлы жер» коммуналдық дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде 1 млн 67 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй немесе 18790 пәтер пайдалануға берілген. Сол секілді 2008 жылы құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Байтерек деволопмент» АҚ-ы бүгінгі таңда револьверлік қаржыландыру қағидаты бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «Нұрлы жер мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда. Бұл қосымша
ресурстарды бөлмей, жаңа құрылысты жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осының арқасында 2016–2019 жылдар аралығында 316 млрд теңгеге 1 млн 877 мың шаршы метр тұрғын үй немесе, 30324 пәтер тапсырылды. 2016 жылы тұрғын үй құрылысындағы үлестемелік салымдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ құрылғаны белгілі. Бұл ұйым тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік берумен айналысты. Осы ұйымның қызметі арқасында 2017–2019 жылдары
кепілдемелік міндеттемелер көлемі 154 млрд 700 млн теңгеге жетті. Кепілдік берілген тұрғын үй алаңы 927 мың шаршы метр 10831 пәтер болды.
Енді заң жобасы аясында осы ұйымдар біріктіріліп, еліміздің тұрғын үй нарығында бір ғана оператор әрекет етпек. Құртаев мырзаның айтуынша, бұл шара да елдегі тұрғын үйге қажеттілікті өтеу мақсатында қабылданған бағдарламалардың тиімділігін арттыруды көздейді. Шыны керек, бүгінде бұл ұйымдардың бір-бірін қайталайтын функциясы көп. Сонымен қатар әкімшілік шығындары да аз емес. Аталмыш құжат аясында
осы жағдайлар жан-жақты зерделеніп, үш оператордың жұмысы бір арнаға тоғыстырылмақ. Осының арқасында әкімшілік шығыстар 5 млрд теңгеден 8 млрд 700 мың теңгеге дейін, немесе 42 пайызға, сондай-ақ, қызметкерлер санын 311- ден 233 адамға немесе 25 пайызға қысқармақ. Бірыңғай оператор мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде құрылыс салушыларға несие беру, жеке құрылыс салушылардың кредиттерін
субсидиялау шараларымен айналысады. Заң жобасын талқылау барысында сөз алған сенаторлардың айтуынша, бұл құжаттың қабылдануы ел халқын сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бастамаларды одан әрі іске асыруға, оның ішінде құрылыс саласына қолдау көрсетуге, тұрғын үй нарығындағы және ипотекалық кредиттеудегі сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді өсуі үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА
«Заң газеті»