12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ, заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы: «ДЕМОКРАТИЯНЫ БІР КҮНДЕ ЖӘНЕ БІР АДАМ ОРНАТА АЛМАЙДЫ»

– Елімізде саяси дода – Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық басталды. Заңгер ретінде бұл шараның ойластырылмай қолға алынғанын айттыңыз. Шынында доданы ұйымдастыруға кететін екі ай мерзімде мәслихат пен Мәжілістің қызметін кім атқарады?

– Иә, таратуын таратып алдық, алайда алдағы екі ай ішінде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың күнделікті жұмысын кім атқаратыны басы ашық тұр. Парламент Сенатын қоспағанда, бүтіндей республика легислатура институтынсыз қалайын деп тұр. Ал мемлекеттік механизм мүлтіксіз жұмыс істеуі тиіс. Мұның шешімі қалай болмақ? Әдетте мұндай жағдайда заң шығару өкілеттігі мемлекет басшысына немесе атқарушы органға уақытша беріледі (французша «déléguer» – өткізіп беру, табыстау, аманаттау). Бірақ бұл өкілді орган таратылмай тұрып нормативті құқықтық акті қабылдау арқылы рәсімделуі тиіс еді. ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған кезде Республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беріп кеткен болатын. 1993 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы» заңның аясында Н.Назарбаев бір өзі Президент те болды, Парламент те болды, жалпы саны – 147 заң күші бар жарлық шығарды. Бұл өтпелі экономика кезеңінде туындаған көптеген сұрақтарды жедел шешуге айтарлықтай үлес қосты. Қазір Президентке заң шығару өкілеттігін беретін норма жоқ. Оны, нақтырақ айтсақ «Президентке оның бастамасы бойынша әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің дауысымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы» дейтін норманы 2017 жылы Конституциядан (53-б., 3-т.) алып тастадық. Сондықтан, Парламент Мәжілісі қайта сайланғанға дейін, Президент оның орнына заң шығару қызметін атқара алмайды.

Соңғы конституциялық реформаға сәйкес Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулы шығару мүмкіндігі қарастырылған. Атап өтуіміз керек, бұл тәжірибе шетелде кең қолданысқа ие және қарқынды дамып келеді. Алайда, бұл, Конституция нормасына сәйкес қызметі тоқтамаған Парламентке қатысты ғана қолданылатын рәсім. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбай, Парламент оны кейінге қалдыра беретін болса, тізгінді өз қолына алып, заң күші бар қаулы шығара алады. Онда да Үкімет құзыретіне жататын сұрақтардан асып кетпейді. Өңірдегі мәслихаттар жергілікті атқарушы органдардың басшыларына – әкімдерге өз құзыреті аясындағы кейбір сұрақтарды, айталық салықтық, тарифтік, бюджеттік өкілеттіктерді беріп кетуіне болушы еді. Легитимді болуы үшін, жергілікті мәслихаттар мұндай шешімді тарамай тұрып қабылдауы тиіс. Осы аталған жайттар екі ай уақыт болса да мемлекеттік басқарудың жария мүддесіне айтарлықтай нұқсан келтіруі ықтимал. Барлық деңгейдегі атқарушы биліктің қызметі бір мезетте Парламенттің және мәслихаттың бақылауынсыз қалайын деп тұр. Мемлекеттік басқаруда қалыптасып отырған сұрақтарды оңтайлы шешу үшін және алдағы уақытта елеп-ескеру үшін келесідей ұсыныстарды береміз: – Парламент тараған жағдайда Үкімет өз құзыреті аясындағы сұрақтарды шешу үшін заң күші бар қаулыларды қабылдай алуы тиіс; – Президенттің, сондай-ақ, Парламенттің өз бастамасы бойынша мемлекет басшысына заң шығару өкілеттігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет; – Мәслихат тараған жағдайда, олардың өкілеттігін әкімдерге уақытша беру мүмкіндігін енгізу қажет. Мемлекеттік механизм мүлтіксіз жұмыс істеуі үшін – мемлекеттік басқарудың жария мүддесін уақытылы және дұрыс құқықтық қамтамасыз ету маңызды. – Мұндай сайлауларда әр партияның елге танымал өнер иелерін, спорт саңлақтарын, журналистерді бетке ұстауы әдетке айналды. Парламент жұмысына, заң сапасының төмендігіне қатысты сынның көптігіне осы жағдай түрткі болып отырған жоқ па? – Парламент ең бірінші заң шығарушы орган, сондықтан мұнда заңгерлер мен экономистер отырсын деген пікір бұрыннан айтылып келеді. Кейбір белгілі заңгер ғалымдар, тіпті, Конституцияға тікелей солай жазайық, депутаттан жоғары заң білімін талап етейік деген де болатын. Алайда, сайлаудың мұраты – ұту болғандықтан, бірінші кезекте халықтың дауысын жию маңызды. Сондықтан да өнер жұлдыздары мен танымал тұлғаларды жұмылдырып жатады. Өкінішке қарай, бұл заңның сапасына әсер етеді. Өйткені, қоғам өмірін реттейтін заңдарды қабылдау үшін заңгер болудың өзі жеткіліксіз, құқықтық қатынастың мәнін түсіну, заңи техниканы меңгеру қажет. Бұл көбіне тәжірибемен, ізденіспен келетін құқықтанушылық құзырет. Кезінде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Еркеш Нұрпейісов секілді заңгер-ғалымдар депутат болып тұрған кезде, сапасыз заңдардың өтіп кету мүмкіндігі аз еді. Алайда, заңның сапасы тек депутаттық құрамға ғана байланысты десек сыңар езу пайым болар еді. Шынайы көппартиялы саяси режим жағдайында, А.Смиттің «көрінбейтін қолы» сияқты сапалы заңдар өмірге өзі келе бастайды. АҚШ Конгресінің кітапханасы секілді, Парламент жанынан ғылыми-зерттеушілік және талдаушылық жұмыстарды жүргізетін күшті көмекші орган құруға болады. Мұндай жағдайда Парламент депутаты бірінші кезекте мықты саясаткер болуы, қоғам және мемлекет қайраткері болу талабы алдыңғы орынға шығады.

– Сайлау кезінде бақылаушы болып қатысатыныңызды білдік. Нені байқадыңыз, біздің азаматтар сайлаудағы өз мәртебесін сезіне алып жүр ме? Сайлаудың ұйымдастырылуы көңіліңізден шыға ма?

– Қазақстанда 10 100-дей сайлау учаскесі бар. Егер елдің болашағына бей-жай қарамайтын 10 мың азамат шығып, сайлау күні бір күнін қиып осы учаскелерде тәуелсіз бақылаушы ретінде таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін отыратын болса, демократияға бір табан болса да жақындайтын сәт осы. Одан кейін 5 жыл айғайлағаннан, сынап-мінегеннен ештеңе шықпайды. Бұл заңда белгіленген ойын ережесі. Құқықтық мүмкіндік. Өкінішке қарай, қоғамдық санада демократияны «сый» ретінде қарап, оны қайсыбір «герой» әкеліп тегін үлестіретіндей көреді. Антропологияда «карго культі» аталатын бұл масылдық сана аграрлы қоғамның белгісі ретінде сипатталады. Индустрияландыру процесі материалды өмірімізде жүргенімен, қоғамның ментальдылық жағдайы аграрлық әлемнен әлі алыстап кеткен жоқ. Қоғамның сайлауға селқос қарап, күрес жүргізбеуінің бір себебі содан – тіршілікті жобалап келтіргенімізбен, санада модернизация жүрген жоқ. Жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы соқтықпалы соқпақты эволюциялық дамудың жолымен жүріп жеткен адамзаттың ең ірі жетістігі. Осыдан жүз жыл бұрын, айталық 1916 жылға дейін АҚШ-та әйелдер сайлау құқығына ие болған жоқ. Көне замандарда мүліктік жағдайлары барлар ғана – мемлекеттік билікті қалыптастыра алды, дауыс беруде артықшылықтарға ие болды. Мүмкіндікті пайдаланбау, жұмсартып айтқанда, тоғышарлық. Өкінішке қарай, посткеңестік елдердегі саяси режимнің сиқы да авторитаризмнен аса алмай отыр. Бұл сайлау процесіне теріс әсер етуде. Әкімшілік ресурстардың жұмыс істейтіні көпшілікке белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың суперпрезиденттік республикадан – «Екінші Республикаға» өтеміз деуінің бір мағынасы осы: авторитаризмнен бас тартуға бағытталған конституциялық реформаны білдіреді. Демократияны бір күнде және бір адам орната алмайды. Сондықтан, азаматтық құқығымызды пайдаланып, сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтуіне өзіміз атсалысуға тиіспіз. Мен бақылаушы ретінде қатысамын деп шешім қабылдадым.

– Сіз өзіңіз де заң жобаларын дайындау тобында болдыңыз. Заңдарды ширату үшін ұсыныс, тілектеріңізді айтып жатасыз. Жалпы, заң шығарушылар халықтың пікірін ескере ме?

– Әрине, халықтың талап-тілегі ескеріледі. Әсіресе, Парламенттегі жұмыс топтарында депутаттар айтуындай айтады. Заң жобаларының бәрін деп айтсақ болады Үкімет әзірлейтіндіктен, талқылау сол жерден басталады. Азаматтық қоғам өкілдері, сала мамандары қатысады. Мәселен, «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеу тобында 70-тен астам маман жұмыс істеді. Бастапқыда бақылау объектісі болып табылатын мемлекеттік органдардың мүддесін қорғаштайтын заң ретінде бой көрсетіп еді, талқылау барысында мағынасы қатты өзгеріске ұшырап, азаматтық қоғам мүддесін барынша ескеретін құжатқа айналды. Бір жағы «еститін мемлекет», «Жаңа Қазақстан» секілді саяси мифологемалар батылдық беруде. Десе де, Үкіметтің оң қорытындысын алмаған заң нормалары көп жағдайда жобадан алынып тасталып жатады. Бұл арада депутаттардың шарасыз екенін байқадық. Сондықтан да дегенін жүргізетін, Президент айтқан «ықпалды Парламент» құру үшін сайлаудың әділ өтуі маңызды. Қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын алдын ала талқылау мақсатында «Ашық НҚА» аталатын цифрлық жоба жұмыс істеуде. Халық пікірін сол алаңда еркін білдіре алады. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай белсенділік өте төмен.

– «Заңның қазақ тіліндегі нұсқасы түсініксіз болса, орыс тіліндегі нұсқасы назарға алынады» дегенді жиі естиміз. Мемлекеттік тілде әзірленген заңдар мен құқықтық актілер орыс тілінде дайындалған нұсқаларының қосымшасы секілді. Қазақстанның заңдары қашан қазақша жазылады?

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері екі ғана заң қазақ тілінде әзірленіп, қабылданды: біріншісі – 1997 жылы қабылданған «Халықтың көшi-қоны туралы» заң болса, екіншісі, 2002 жылғы «Баланың құқықтары туралы» заң. Алдыңғысы қандас ағайынның көшіп келу мәселесін реттегендіктен болса, екіншісі – белгілі ақын Фариза Оңғарсынова апайымыздың азаматтығының күшімен дүниеге келген еді. Бүгінде, өкінішке қарай, қазақ тілі – заңды әзірлеу тіліне айнала алмай отыр. Қабылдау тілі Парламентте – қазақша және орысша жүреді. Заңнаманың, құқық қолдану мен қорғау тәжірибесінің мемлекеттік тілде толыққанды сөйлеп кете алмай отыруының басты себебі – қазақ тіліндегі юриспруденция сапасының төмендігі, сын көтермейтіндігі. Мұны бірінші кезекте – заң ғылымы, яғни, ғалымдар шешуі тиіс. 2020–2030 жылдарға арналған еліміздің «Құқықтық саясатында» бұл мәселе ретінде қарастырылмаған да. Қазақтілді заң ғылымына қолдау жасау қажет. Біріншіден, мұны ҚР Жоғарғы білім және ғылым министрлігі қазақтілді ғылыми жобаларға басымдық беру арқылы ұтымды шешуге болады. Екінші – Үкімет әзірлейтін заң жобаларына қазақтілді заңгер ғалымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде тарту керек. Бұл тек мәтін сапасының артуына ғана емес, сонымен қатар реттеліп отырған қоғамдық қатынастың мазмұнына да оң әсер ететін болады. Өйткені, олар заң тілін тек аударма тілі ретінде қарастырмайды. Қазақтілді зерттеуші құқықтанушылардың реестрін жүргізуді ҚР Әділет министрлігіне тапсыруға болады. Үшінші – Парламент заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеуі тиіс және «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын ұсынуы керек. Осы күні тек Үкімет ұсынған заңды қабылдаумен ғана айналысып отыр. Депутаттар тілдің мәселесін көп көтереді, бірақ өздері не мемлекеттік тілдің мәртебесін реттейтін заң жобасын ұсынбайды, не мемлекеттік тілде заң әзірлемейді. Бәрі Үкіметтің заңды әзірлеу жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуден басталады. Бізде орыс тілінде әзірлеп алып, сосын мемлекеттік тілге аудара салуға болады дейтін жаңсақ түсінік қалыптасқан. Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі туралы көп айтамыз, бірақ осы күнге дейін ғылыми негіздемесі тиянақты берілмей келеді. Біз оны келесідей тұжырымдап отырмыз: жалпы мемлекеттік билік органдары өз ішіндегі қарым-қатынасты тек мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс. Бұған конституциялық негіз бар: орыс тілі – Конституциялық Кеңес берген түсіндірмеге сәйкес «ресми» тіл емес. Демек, мемлекеттік тіл – негізгі тіл, орыс тілі негізгі емес тіл деп дедуктивті тұжырым жасауға болады. Мұндай тұжырымның практикалық маңызы – заңдарды тек мемлекеттік тілде әзірлеуге және қабылдауға мүмкіндік береді. Орыс тілі – жария биліктің халықпен байланыс орнатуда кемсітуге ұшырамай қатар қолдануға жататын (бірақ мемлекеттік билік органдарының өз ішінде емес) коммуникация құралы. Сондықтан заң бір – мемлекеттік тілде әзірленеді, екі – қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

– Конституциялық сот жұмысын бастады. Мәртебелі органға таңдалған заңгерлердің мемлекеттік тілді жетік білетіні аз. Жалпы, бізде қазақша ойлай алатын заңгерлер шынымен аз ба?

– Қазақ тілінде ойлай да, сөйлей де алатын, 11 судьядан тұратын Конституциялық Соттың құрамы толық жасақталды. Парламент палаталары – Сенат пен Мәжіліс 3 судьядан сайлады. Президент 4 судьясын өзі дербес және төрағасын Парламент Сенатының келісімімен тағайындады. Құрамына қатысты қысқаша келесідей пікір және болжам айтуға болады: 1) 11 судьяның – 3-і әйел (27%), қалған 8-і ер (72%) азамат. Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарының 30% әйелдер мен 35 жасқа толмаған жастардан қалыптасуы тиіс дейтін квотаның саяси мәнімен ұштасады. 2) Жастық құрамы бойынша негізінен 50-ден асқандар. Ең жас судья – 44-те. Судья болу үшін 40 жасқа толу шарт. 3) 5 судьяның (45%) ғылыми дәрежесі бар, 6 судья (55%) таза тәжірибеден келген мамандар. Әдетте демократиялық елдерде судьялар корпусының 90% академиялық ортадан келетін мамандар, бірақ жаңадан құрылып жатқан орган болғандықтан теория мен тәжірибе 50/50 болғаны дұрыс. Бұл бір жаққа тартып кетпеудің алдын алады. 4) Мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеру дәрежесінде мәселе бар. Судьялар корпусынан тек бірлі-екісі ғана мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде білуі мүмкін. Бұл бағытта қоғам тарапынан орынды сын айтылып отыр. Конституция нормасының құқықтық мәнін ашып, заңи мағынасына қатысты сот ұстанымын негіздеп жаза әрі түсіндіре алатын дәрежеде меңгеруді кәсіби деңгей деп қабылдаймын. Конституциялық сот өндірісінің тілі – алдағы 8 жыл бойына орыс тілі болайын деп тұр. Ал төраға екі тілді де кәсіби деңгейде білуі тиіс. «Әділетті Қазақстан» гендерлік теңдікте ғана емес, мемелкеттік тіл саясатында да әділетті болуы тиіс. 5) Құқық ғылымының мамандануы бойынша іріктеу жүруі керек еді. Жеке құқық саласының (цивилистиканың) айтулы өкілін көріп отырғаным жоқ. Жария құқықтың, соның ішінде әкімшілік, қылмыстық құқық мамандары жеткілікті қамтылған. Алайда, жетекші конституционалист мамандар енбей қалған (К.К. Айтхожин, Е.Б. Абдрасулов, С.К. Амандыкова, А. Караев және т.б.). Конституциялық Соттың құрамында – конституционалист маманның болмауы нонсенс. Бұл елеулі кемшіліктің бірі. Әзірге объективті ой-пікіріміз осындай. Конституциялық Соттың атқаратын жұмысы көп, түсіп жатқан жолданымдар қазірдің өзінде 500ден астам деп отыр. Адам құқығын қорғаудың беделді механизмі болғандықтан бұл жаңадан құрылып отырған органға тек сәттілік тілейміз.

– Өзіңіз заңгерлер дайындауда көш бастап отырған ҚазҰУ-да дәріс бересіз. Заңдардың сапасыз жазылуы, біліксіз тергеуші, адвокат, прокурорлардың көптігі осы жоғары оқу орнындағы білім бағдарламаларының әлсіздігінен емес пе?

– Заңдардың сапасы – заңгерлерді дайындауға да байланысты. Ресейдің университеттерінде дәріс оқыдым, сонда байқағаным «құқықтанушы-аудармашы» деген мамандық бар. Кейбірі тіпті арнайы магистратурада оқытылады. Өйткені, тікелей шетелдік заңнаманы аударумен айналысады және олар бойынша сараптамалық ақпарат дайындау құзыретіне машықтанады. Бізге де осы бағытта мамандар әзірлеу қажет. Бұл тек шетелдік заңнаманы ғана емес, отандық заңнаманның да мемлекеттік тілде сөйлеуіне айтарлықтай үлес қосар еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті заңгерлерді дайындауда қомақты үлес қосып келеді. Әсіресе, құқық қорғау органдарының белді қызметкерлері факультетіміздің түлектері. Кемінде 70% білім алушы қазақ топтарында оқиды. Сондықтан оқытушы-профессорлық құрам жақсы қалыптасқан.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»

Синоптиктер Алматы мен тағы 2 қала тұрғындарына ескерту жасады

Қазгидромет Алматы мен тағы екі қала тұрғындарына ескерту жасады.

Бишімбаевтың тағдырын негізгі үш сұрақ шешеді

6 мамырда өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін айтты. Бүгін, 10 мамырда сағат 10:00-де айыпталушылардың тағдырын шешетін сұрақтар құрылып, тұжырымдалады.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

Алматыда Жеңіс күні тойланды

Алматыда Ұлы Жеңістің 79 жылдығыyа байланысты негізгі мерекелік іс-шаралар 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта басталды. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Қазақ халқында «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді» деген даналық сөз бар. Дәл осы сөз бірінші «Халық Қаһарманы» атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың (25 мамыр 1924 – 24 қыркүйек 2013) болмысын баяндайтындай.