12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор. Өкінішке қарай бұл саланың бағы қанша бағдарлама қабылданса да жанбай тұр. Агроөнеркәсіп саласының білікті маманы, тәжірибелі басшысы ретінде мұны қалай түсіндірген болар едіңіз?

– Иә , бүгінгі күні ауылда шешімін күткен мәселе көп. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда ондағы жағдай көш ілгері деуге болады. Мен өзім Ақтөбе өңірінде еңбек етіп, осы облыстан сайландым. Еңбек жолымды қатардағы ауыл шаруашылық маманы ретінде бастап, осы салада шаруашылық басшысы секілді түрлі қызметтерді атқарып, кейіннен аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет еттім. Сондықтан бұл өңірдің мән-жайы маған белгілі. Әлеуметтік мәселелерге тоқталатын болсам, бүгінгі күні аймақтағы ауылдардың 94,4 пайызы газбен, 99,6 пайызы ауыз сумен қамтылған. Енді әрине, жол жағдайы сын көтермейді. Өйткені, бүгінгі күні жолдың 70 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Бұл өте төмен көрсеткіш. Бірақ, көп мәселенің оңынан шешіліп жатқаны қуантады. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі шалғай аудандарда заманауи талаптарға сай фельдшер-акушерлік пункттердің ашылатыны туралы жақсы жаңалық айтты. Алайда, олқылықтар да аз емес. Кейбір өңірлердің елді мекендері әлі де газ, ауыз су, жолмен толық қамтылмаған. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде де шешуді талап ететін өзекті мәселе баршылық. Кешегі пандемия кезінде интернеттің нашар болуы мектептегі балалардың білім алу үрдісіне теріс әсер еткенін байқадық. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығының мекені ауыл болып отырғанын ескерсек, бұл үлкен әлеуметтік маңызы зор мәселе. Иә, бірнеше бағдарлама қабылданып, іске қосылды. Солардың бірі – Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы. Онда қойылған басты мақсат – еңбек өнімділігін 2,5 есе экспорт әлеуетін 2 есеге көбейту, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету. Алдындағы бағдарламалардың кейбір индикативті көрсеткішінің орындалмауына қаржы тапшылығы себеп.

– Сіздіңше бұл мәселені қалай шешуге болады? Қалай мамандарды ауылға тарта аламыз? Осы мақсатты көздеп, бізде «Дипломмен ауылға» атты бағдарлама да қабылданды емес пе?

– Мен өзім ауыл шаруашылығын мамандармен, оның ішінде ветеринарлармен қамтамасыз ету жөнінде үнемі мәселе көтеріп жүрмін. Ауыл шаруашылығын дамыту перспективалары мен оның экспорттық әлеуеті ветеринарияның жай-күйіне тікелей байланысты. Сапалы ветеринарлық қызмет болмайынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп ешқашан сейілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің және оның халқының қауіпсіздігі. Сондықтан, бүгінгі күні ауыл шаруашылығын осы мамандармен толыққанды қамтамасыз етуді қолға алып, оған қатысты барлық мәселені шешуіміз керек. Бұл салаға соңғы уақытта келіп жатқан маман өте аз. Осы жағдайды Сенаттағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері назарға алып, бірқатар шараға ұйытқы болдық. Мәселен, былтыр Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде кездесу өткізіп, маман дайындаудың өзекті мәселелерін талқыладық. Салаға мамандардың келмеу себебін анықтадық. Соның бірі әрі бірегейі десе болады, ол – ауыл шаруашылығы саласында оқитын студенттер шәкіртақысының аздығы. Мысалы, ұстаз, дәрігер мамандықтарында оқитын студенттердің бір айлық шәкіртақы көлемі – 58 800 теңге болса, ал ауыл шаруашылығы бағытындағы студенттердің шәкіртақы көлемі – 36 660 теңгені құрайды, яғни 38 пайызға төмен. Осылайша, аграрлық мамандықтарға талапкерлердің түсу саны да аз болады. Мұндай жағдайдан кейін жастардың ауыл шаруашылығына маман дайындайтын оқу орындарына көңілі қалап тұрса да бармасы анық. Үстіміздегі оқу жылында республика бойынша «Ауыл шаруашылық және биоресурстар», «Ветеринария» мамандықтарына бөлінген 2390 мемлекеттік тапсырыс толық игерілмеді. Бұған қоса, отбасылардың материалдық жағдайының төмендігіне байланысты оқудан кетіп жатқан жастар да аз емес. Бұның тағы да бір себебі студенттердің әлеуметтік қамтамасыз етілмеуі. Сондықтан жастарды бұл салаға тарту үшін оларды әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде шәкіртақы көлемін арттырып, студентті жатақханамен қамтуды қолға алуымыз керек. Негізі ауылды жандандыру мектеп қабырғасынан бастап кәсіпке бейімдеуден бастау алатынын ұмытпайық.

– Саланың тартымдылығын арттыру үшін тиісті заңнамалық қолдаулар да қажет болар? Бұл орайда не атқарылды?

– Әрине, біз бір топ депутат «Ветеринария туралы» заңға түзетулер енгізу жөнінде бастама жасап, мамандарға қатысты бірқатар мәселені реттеуді көздедік. Өйткені, бүгінгі күні ветеринарлық дәрігердің жұмысы өте ауыр. Мысалы, ветеринарлық санитарлар резеңке етікпен қыс демей, жаз демей, профилактикалық жұмыстармен қатар ем-дом жасайды. Осындай бейнетті көріп жүрген төменгі буын мамандарының жалақысы 70-80 мың теңге. Ветеринарлық пункт бастығының алатыны 100-120 мың теңге. Мұндай жалақымен қалай өмір сүруге болады? Сондықтан мамандар ауылға барғысы келмейді. Егер жалақысы жұмысына сай болса, ешкім қашпас еді. Ауылды көтереміз десек, оған қажет мамандарды тартудың мүмкіндігін іске қосуымыз керек. Біз осыны аталмыш заң жобасында қамтып, шешуге тырыстық. Мысалы, Президент тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, соның арқасында ауыл мұғалімдеріне жағдай жасалып, олардың жалақысы көтерілуде. Осындай жағдай ауыл шаруашылығы мамандарына да жасалуы керек. Біз тиісті заңнамада ветеринарлардың жұмыс киіміне бөлінетін қаржы мәселесін де талқыладық. Бұған қоса, ветеринариялық станциялар мен пункттердің арнайы автокөліктері мен құрал-жабдықтары осыдан 9-10 жыл бұрын сатып алынған. Олардың пайдаланылу мерзімі әлдеқашан өтті деуге болады. Жұмыс процесінің төмен деңгейде ұйымдастырылуы, еңбек етуге қарапайым жағдайдың жасалмауы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың жұмысқа деген ынтасына мүлдем теріс әсер етеді. Жас мамандардың ауылдық жерде тұрақтамауына осындай факторлардың түрткі болып отырғаны анық. Ал маман мәселесі шешілсе, қазір ауылдың жағдайы едәуір жақсаратынына сенемін.

– Өкінішке қарай, субсидия нағыз қажет еткендерге бағытталмайды. Оны ұсақ шаруа қожалықтары емес, көбіне онсыз да жағдайы жақсы ірі бизнес құрылымдары алады дегенді естіп қаламыз. Бұл қаншалықты шындық?

– Бұл сөзіңізбен келіспеймін. Бүгінгі күні бәрі электронды түрде жүзеге асырылады. Мысалы, шаруа қожалығының басшысы субсидия алуға қажетті құжаттарды электронды түрде тапсырады. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда байланыс қызметі мен интернетке қолжетімділік болмағандықтан немесе арнайы маманның болмауына байланысты құжаттарды аудан орталығына апару қажеттігі туындауда. Иә, қазіргі таңда өнімнің 60 пайызға жуығы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілуде. Жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын азаматтар бүгінгі көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмайды. Сондықтан, менің ойымша жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң қабылдану керек. Екінші мәселе ірі шаруашылықтар. Кейбір ірі шаруашылық басшылары кездесу барысында ұзақ мерзімді төменгі пайызбен несие берілсе, субсидия алмас едік деген ұсынысын айтады. Мысалы, несие он жылға берілсе, шаруашылықты дамытуға үлкен мүмкіндік болар еді. Мен мұны құптаймын. Өйткені, субсидия қайтарымсыз қаржы болса, несие қайтып келеді. Демек оны, тағы да өзге шаруашылықтар үшін пайдалануға мүмкіндік болады. Бұрынғы КазАгро ұлттық басқару холдингі, соның еншілес Аграрлық кредиттік корпорация, КазАгроҚаржы компаниялары Байтерек холдингіне көшуіне байланысты бүгінгі күні ауыл шаруашылығының кейір мәселелерінің шешілуі кенжелеп қалып отыр. Осы олқылық жойылу үшін Аграрлық банк ашылса, жоғарыда айтылған шаралар жүзеге асып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына мүмкіндік туар еді деп ойлаймын.

– Ауыл шаруашылығы жалпы инвестициялық тұрғыдан тартымсыз ғой. Мәселе осында емес пе?

– Дұрыс айтасыз, агроөнеркәсіп саласы инвестициялық тұрғыдан тартымсыз. Өйткені, оның қайтарымының кепілдігі төмен. Ауыл шаруашылығындағы тәуекелді жағдайлар, қуаңшылық, егіннің шықпай қалу, малдың өлім-жітімге ұшырау қаупі бар. Шаруалардың өз бетімен кепілдік ұсынып, инвестиция тарту мүмкіндігі төмен. Мысалы, 10 млн несие алу үшін, оған құны 1,5 немесе 2 есе кепілдік ұсыну керек. Ауылда мұндай деңгейде бағаланатын мүлік көп емес.

– Десе де, субсидияға қатысты шаруалар арасында алаңдаушылық бар. Соның бірі субсидияны тек отандық ауылшаруашылығы техникасына беру қажеттігі жөніндегі сіздің бастамаңызға орай туындады. Шаруалар бұған қарсы, олар бұл қолдаудың тек шетелдік техникаға берілуін қалайды. Себебі, олардың сапасы жоғары, мүмкіндігі артық…

– Бүгінгі күні тозу деңгейі 76%- ға жеткен машина, трактор паркін жаңарту – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас факторы болып табылады. Әлемдік нарықтағы соңғы оқиғаларға байланысты импортталатын ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде отандық трактор және комбайн зауыттарында жасалған ауыл шаруашылығы техникасының құны орташа есеппен 24%-ға дейін қымбаттады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау қағидаларында көзделген техника бірлігіне субсидияларды есептеу үшін техниканың құны ескі бағалар бойынша есептелген. Осылайша, жоғарыда аталған мән-жайлар ескерілсе де, оларды жаңарту бойынша нормативтік көрсеткіштерге қол жеткізуге ғана емес, бар деңгейді сақтап қалуға да жағдай болмауы мүмкін. Өздеріңізге белгілі, 4 пайызбен жеңіл автокөлік сатып алу бағдарламасы іске қосылды. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға осындай шарттармен қаражат бөлуге қандай кедергі бары белгісіз.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау төңірегінде де базына көп…

– Иә, мұнда да өте үлкен мәселе бар. Үкімет бұл олқылықты облыс орталықтарында көтерме тарату орындарын ашу арқылы шешпек болған. Оған шаруалар өнімдерін өткізеді. Кейіннен бұл орталықтардан жуылып, тазаланып, сұрыпталып жан-жаққа таратылатын болады. Бұл азық-түліктің арзандығы мен молшылығына ықпал етеді. Бір қарағанда ниет дұрыс. Алайда, оларға барлық шаруаның өнімін жеткізу мүмкін бе? Осы жағы ескерілмеген сияқты. Шыны керек, жолдың қашықтығы, кейбірінің сапасының төмендігін ескерсек, бұл қағаз жүзінде қалатын іс. Облыс орталықтарының, аудан халқын азық-түлікпен, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азықтүлікпен қамтамасыз ету мақсатын да әр өңірде азық-түлік белдеулері құрылуы қажет деп ойлаймын. Сосын өндіру, тұтыну тепе-теңдігі қамтамасыз етілу үшін әр өңірде ауыл шаруашылық өнімінің тұтыну мен өндіру балансы болуы қажет. Яғни, қай өңір не өндіреді, қай өңірге қандай азық-түлік қажет? Жұмыс осының бәрі есепке алып жасалған жоспар негізінде жүруі керек. Сонда ғана шаруалар өнімін облыс орталығына тасып әуре болмай, аймақтар қажетін алысқа ұзамай сол жерден ала алады. Яғни, өнім өткізу, сатып алу олар үшін уақыт шығындап, қосымша қаржы жұмсайтын артық іске айналмайды. Тағы бір мәселе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына қатысты. Осы ұйымдар арқылы кейбір жерлерде сауда орындарына қаржылық қолдау жасалады. Мұндағы ниет азық-түлік бағасын арзандату. Алайда, ол орындалмады. Керісінше, көріп отырғанымыздай, қымбатшылық артып, инфляция өсуде. Демек, сауда орындарына беріліп жатқан көмек өзін ақтамауда. Сондықтан, бұл көмекті өнім өндіретін шаруаға берген дұрыс деп ойлаймын. Оларға алдын ала өнім көлеміне тапсырыс беріліп, сол өнімнің отыз пайызының қаржысы сол сәтінде берілуі қажет. Міндеттеменің орындалуы жүйелі түрде қадағалануы тиіс. Күзде өнім тікелей нарықтағы бағамен қабылданып, коммуналдық базарға өткізілуі керек. Ортаға делдалдар түсіп, тауардың бағасын қымбаттатуға жол берілмеуі тиіс. Бұл расында не қойын бағарын, не өнімін өткізерін білмей отырған шаруалар үшін үлкен көмек болып қоймай, базардағы нарықтың да тұрақтылығына, өнімнің молшылығына оң әсер етер еді.

– Бес жылдан астам уақыт Парламент Сенатының құрамында болдыңыз. Не тындырдыңыз?

– Біз өңірден сайланғандықтан, сол өңірге қатысты мәселелермен айналыстық. Бір топ депутатпен «Жайылымдық жерлер туралы» заң жобасына бастамашы болдық. Бұл құжат бүгінде Парламенті Мәжілісінің қарауында. Онда негізінен жайылымдық жерлердің тозуының алдын алу, қалпына келтіру, тиімділігін арттыру, жергілікті атқарушы органдарға құзыреттер беру мәселесі қамтылды. Мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі өткір тақырыптың бірі – жүнді қайта өңдеу мәселесін көтердім. Отандық тоқыма жүн өнімдерін өндірушілер күрделі шикізат тапшылығын бастан кешіп отырғанда, жүн өндірушілер қарапайым және тиімді технологияларға, сондай-ақ, өндірілген шикізатты қайта өңдейтін бизнесті қолдауға мұқтаж болып отыр. Жыл сайын елімізде 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Жүннің ең көп үлесін – шамамен 56% жеке қосалқы шаруашылықтар, 4% ауыл шаруашылығы кәсіпорындары және 40% шаруа және фермер қожалықтары өндіреді. Бұл ретте өндірілетін барлық шикізаттың шамамен 70% – Қазақстанда сұранысқа ие емес қылшықты және жартылай қылшықты жүн. Нақты тек биязы және жартылай биязы жүн ғана өңделуге жатады. Сонымен қатар, қойдың жүні – көнеден келе жатқан жылытқыш, ерекше микроқұрылымының арқасында тамаша табиғи балама минералды талшық, ауа өткізгіш, суыққа да, ыстыққа да төзімді. Жоғары энергетикалық шығындарды талап етпейтін, өзіндік құны төмен экологиялық шикізат. Құрылыс материал ретінде тек қана ішкі нарықта емес, шет елдерде де сұранысы бар өнімнің бірі. Қазіргі уақытта оларды өндіруге отандық инвесторлардың қызығушылық танытып отырғанын айтып өткен жөн. Жүнді қайта өңдейтін кәсіпорындарды аумақтар бойынша бөлуге, қылшықты жүнді терең өңдеу және одан мүлдем жаңа тауарларды – өнеркәсіптің барлық салаларында іс жүзінде пайдаланылатын, қосылған құны жоғары тоқыма емес материалдарды өндіру жөніндегі жаңа технологиялық өндірістерді салуға деген тәсілдерді мүлдем қайта құру қажет. Осы жұмыс барысында жүнді құрылыс материалы ретінде пайдаланатын Италия мемлекетінен арнайы кәсіпкерлер келді. Бұл ел оны жылу сақтап, ылғал жібермейтін қасиеті үшін құрылысқа кеңінен қолданады. Соның технологиясын елге әкелдік. Бұған дейін жүнді бастапқы өңдеумен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып, терең өңдеу шарасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асырған еді. Жуырда екі құзырлы орын өкілдерімен келіссөз жүргізіп, жүнді терең өңдеу бойынша өкілеттік Премьер-Министрдің қаулысымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Бұл өңдеу ісінің жүйелілігін, сапасын қамтамасыз етеді деген ойдамыз. Сонымен қатар, өнімінің өтпей қалып, өндірістің тұрып қалу қаупін ескеріп, оны субсидиялау мәселесін де талқыладық. Мұның сыртында мал тұқымын асылдандыру, үй жануарлары мәселелері бойынша заң жобаларымен жұмыс жүргізіп, ақырына дейін жеткіздік. Жалпы, заң шығару жұмысы оңай емес. Бұл белгілі бір мәселені шешу үшін депутаттық сауал жолдап қана қоймай, оның заң аясында шешілуіне ықпал ету. Яғни, тиісті нормаларды жан-жақты зерттеп, өзге заңнамалармен сәйкестікте, қаржылық шығынын есептеп, дәйекті түрде дәлелдеп заң жобаларына енуіне себепкер болу. Ал бұл үлкен білім, ізденіс пен тәжірибені қажет етеді. Сонымен қатар, халықпен тығыз байланыста болып, әрдайым мұң-мұқтажына құлақ сала білуіміз қажет. Халық дана, ести білсең, ынта танытсаң бәрінің жолын көрсетіп, дәл шешімін нұсқайды. Сондықтан жаңадан келетін депутаттар халыққа жақын болса деген тілегім бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Қырғызстанда TikTok-қа кіруге шектеу қойылды

Шешім шығаруға TikTok тарапынан "Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" ҚР Заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.

Жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін көлік жүргізушілері өмірінде не өзгереді?

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қандай өзгерістер енгізілді.

Синоптиктер алматылықтарға ескерту жасады

Қазгидромет Алматы мен тағы бір қала тұрғындарына қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Антикор: Қазақстанда 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 миллиард теңгеден 91,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.