12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АУЫЛ ОҢАЛМАЙ, ЕЛ ТОҒАЙМАЙДЫ

Бүгінде қалың елді алаңдатып отырған көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімі агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуында.

Қазақстанның ауылшаруашылық нарығының жетілуі бүгінде әлем үшін өзекті мәселе болып отырған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекет тәуелсіздігінің басты катализаторы болып табылады. Әсіресе, жерінің жағдайы ауылшаруашылығына бейім, атадан балаға жетіп келе жатқан мал өсірудің дәстүрі бар Қазақстан үшін бұл саланы дамыту кезек күттірмес міндет болу керек. Өйткені, ел халқының 40 пайызы тұрып жатқан ауыл экономикасының көтерілуі мемлекет үшін бүгінгі таңда бас ауруы болып тұрған бірнеше өзекті мәселені шешеді. Олар азық-түліктің молшылығы мен қауіпсіздігі, қайта өңделген өнімдер көлемінің арттырылуы, халықты жұмыспен қамту, әлемдік нарықта өз орнымызды ойып алу. Жалпы, елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында аз жұмыс жасалмаған сияқты. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында 10 стратегиялық бағдарламалық құжат қабылданды. Яғни, орта есеппен 2-3 жылда бір стратегиялық бағдарлама дайындалып іске қосылған екен. Соған қарамастан, бұл сала еңсе көтере алмай келеді. Бұған базардағы жағдай нақты дәлел бола алады. Онда саудаланып жатқан өнімдердің дені өзгенің өнімі. Статистикалық деректер бүгінде біз қорек етіп жүрген азық-түліктің 70 пайызына жуығы сырттан келетінін айтады. 40 пайызға жетер-жетпес өз өнімдеріміздің бағасына шаш жетпеуге айналған. Басқаны айтпағанда, ет бағасы шектен шығып тұр десек те болады. Осының салдарынан ата кәсібі малшаруашылығы болған қазақтың көптеген отбасылары үшін «ет жеп, тіс шұқу» түске кіретін болған. Сол секілді, сүт өнімдері де қазақстандықтар үшін қалтаға салмақ салатын өнімге айналды. Базардағы бұл тауардың көбі Қырғызстан, Ресей, Украинадан келіп жатыр. Олардың сапасының қандай екені жұмбақ. Киіміміз болса да сырттан тасымалданады. Міне, осылайша, төрт түліктің арқасында мол да таза азық-түлікті қорек етіп, иығы бүтінделген қазақ технологияның дамыған заманында осы бардың берекесін келтіріп, базарлай алмай отыр. Ең қиыны, тұрғындары жаппай көшіп кетіп, өлі мекенге айналып бара жатқан ауылдар саны жыл санап артуда. Неге? Мұның бірнеше жауабы бар. Біріншіден, агроөнеркәсіптік кешеннің материалдық-техникалық базасы уақыт талабына сай емес, екіншіден, табиғи және еңбек ресурстарының ұтымсыз пайдаланылуы. Үшіншіден, ұсақ тауарлық емес шаруашылықтардың ірі тауарлы шаруашылықтармен кооперациялану деңгейінің төмендігі. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы шикізатының өңделуіндегі кемшіліктер, «кеніштен тұтынушыға дейін» делдалдардың көптігі. Бесіншіден, ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізудің әлсіздігі. Алтыншыдан, инвестиция тартудың экономикалық тетіктерінің жеткіліксіздігі және агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдау шараларының өз нүктесіне жетпеуі. Осы ретте сала сарапшыларының сөзі барынша дәлелді және мәселені шешуге тұғыр бола алатыны даусыз. Біз пікірін сұраған бірнеше маманның айтқанынан түйгеніміз ауыл шаруашылығында ең алдымен ауыл кәсіпкерлерін, әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерін техникалық жарақтандыру және олардың қолжетімділігін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу, тиімді агротехнологияларды трансферттеу үдерісін жеделдету қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы – экономиканың инвестициялық тартымдылығы төмен саласы. Ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның жалпы көлемі 0,5 трлн теңге немесе оның жалпы инвестиция сомасындағы үлесі 5 пайыздан аспайды. Ауыл шаруашылығын инвестициялау көздері – лизинг және инвестициялық несие болуы мүмкін. Агроөнеркәсіптік кешенде кеңейтілген өндіріске мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы ресурстары, атап айтқанда, субсидиялау бағдарламасы аясында жеткіліксіз. Республикада ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы өнім құнының 5 пайызынан аспайды. Ал ДСҰ ережелері бойынша Қазақстанды тікелей мемлекеттік қолдаудың шекті деңгейі 8,5 пайыз болуы тиіс. Тағы бір шешуді қажет ететін мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ауыл кәсіпкерлері өнімін сақтамау, өңдеу және буып-түюдің болмауынан егіннің 40 пайызын жоғалтады. Ал жетекші шет елдерде бұл көрсеткіш не бары 10 пайыз деңгейінде. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және өндірілген өнімнің экспортын арттыру үшін барлық жерде логистикалық және көтерме тарату орталықтарын салу қажет. Сауда-логистикалық жүйенің дамымауы, тауарларды сату алдында дайындауға қажет инфрақұрылымның болмауы өнімді халыққа уақытылы жеткізу деңгейін төмендетеді. Осының салдарынан бөлшек сауда бағасының 70-75 пайызын белгілеп отырған «даладан тұтынушыға дейін» жүрген делдалдардың қатарын көбейтіп отыр. Дамыған елдерде олар бұл көрсеткіштің 25-30 пайызына ғана ие. Сондықтан заманауи «ақылды» қоймалар көптеп салыну қажет. Бұл аталмыш делдалдар санын қысқартады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өткізу өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығын 1,3 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сауда үстемесі 15-20 пайызға төмендейді. Сонымен қатар – агроөнеркәсіп кешенін заманауи инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі ауылдың бағын ашпай отыр. Бұл ретте аграрлық ғылымның тиімділігін арттыру қажет болса, қаржының жеткіліксіздігі оның да аяғын тұсауда. Ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыру көлемі 12 миллиард теңге немесе ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемінің 13 пайызын ғана құрайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өндірісте аяқталған ғылыми жобалардың нәтижесінің 8 пайызы ғана өндіріске енгізілген. Агроөнеркәсіп кешенінің мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін ғылыми жобалардың негізгі бөлігі агронеркәсіптік кешеннің белсенді қатысуынсыз мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Осының салдарынан ауыл шаруашылығы саласын коммерцияландыру және технологиялар трансферті төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте отандық шаруаларға тиімді технологияларды енгізудің қажеттігі айқын аңғарылады. Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы және өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда өндірісті білікті кадрлармен қамтамасыз етуге тәуелді екені белгілі. Осы тұрғыда Парламент Сенатының депутаты, Ауыл демократиялық халықтық партиясының төрағасы Әли Бектаевтың пікірі еріксіз назар аудартады. Әли Әбдкәрімұлының айтуынша, Еуропаның ортасында орналасқан Голландия деген мемлекеттің жері 41 мың шаршы метр яғни, біздің Алматы облысының бестен бір бөлігі ғана екен. Бірақ солай бола тұра Голландия жылына 50 млрд АҚШ долларына ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайды. Ал біз бүкіл Қазақстан болып 5 млрд доллардың өнімін шығарамыз. Голландияның министрлік басшылары мұның сырын, аграрлық ғылымның жақсы дамығанымен байланыстырыпты. Өкінішке қарай, бұл мәселе де Қазақстанда күрделі болып тұр. Себебі, еліміздің жоғары және арнаулы оқу орындары ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандарын даярлауды едәуір қысқартты. Мұның өзі ауылды кадрлармен қамтамасыз етуді анағұрлым қиындатты. Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлардыкі 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейді. Сондықтан аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы қазақстандық жоғары оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру уақыт күтпейді. Мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу де бұл мәселені тиімді шешеді. Тұтастай алғанда, ауылдың жайы ертеңгі стратегиялық бағдарламаны емес, бүгінгі нақты практикалық іс-қимылды қажет етеді. Өзінің былтырғы халыққа арнаған жолдауында Мемлекет басшысы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты міндеті – елді негізгі азықтүлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» екендігін айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Атап айтар болсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 90 пайызға жеткізу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 3 есеге ұлғайту, агроөнеркәсіп кешеніне инвестицияны 4 есеге арттыру бағытында жұмыс жүргізу қажет. Бұл ауылшаруашылығын жүргізудің үлкен әлеуеті бар еліміз үшін ауыр жүк емес. Керегі тек саланың осал тұстарын дұрыс айқындап, тиімді шешімдер қабылдау, оларды адалдықпен жүзеге асыру. Бұл тұрғыда агроөнеркісіптік кешеннің жанашырларын, білікті мамандарын, тәжірибелі ғалымдарын, тәуелсіз сарапшыларын ортақ іске барынша тартып, олармен қоян-қолтық жұмыс істеудің қажеттігі айқын көрініп тұр.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Олжас Бектенов су тасқынына қатысты тексерулер туралы айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.